АҚ БҰЛТТАРДАЙ АҚ ПЕЙІЛ ЖЫРЛАР (ақын Саят Қамшыгердің «Биші қайыңдар» жыр жинағы туралы)
10.10.2023
1905
0

Өткен жылы мемлекеттік бағдарламамен жарық көрген кітаптар қатарында ҚР Жазушылар одағының мүшесі, «Серпер» жастар сыйлығының иегері Саят Қамшыгердің «Биші қайыңдар» жыр жинағы да бар. Қолымызға алып оқып шыққан соң, азды-көпті пікір жазуды жөн көрдік.

Саяттың лирикасында табиғатқа құштарлық, азаматтық сарын, имандылық-адамгершілік бастаулары туралы толғаныстар басым болып келеді. Өлеңдердің өзін көбірек сөйлету үшін, шумақтардан үзінділерді келтіре кетейін.
Кітаптың атына арқау болған «Биші қайыңдар» өлеңінде:
Толқыған аздап жайым бар,
Әрқайсың бейне сүйгенім.
Сендерді көріп, қайыңдар,
Менің де келді билегім… –
деп көңілі масайраған ақын, енді бір сәтте сәл мұңайғандай болады:
Жылдардың жүгі мойнымда,
Жыр жазу менде сиреп тұр.
Даңғаза әуен қойнында,
Замана мынау билеп тұр.
Даңғаза әуенге еліре билегендер биші қайыңдардың сұлулығын қайтсін, сөз тыңдайтын құлақтарды даңғаза әуендер бітеп тастаса, ақынның жыр жазуы сиремегенде қайтеді?! Әйтсе де, өлеңнің соңы көтеріңкі көңіл күймен түйінделеді:
Бітсе де бір күн жол мына,
Аспайын және саспайын.
Құласаң қайта орныңа,
Өседі жаңа, жас қайың!
Саяттың сырт елдерге сапарға шыққанда алған әсерлерінен туған жырларына бұл кітабында көбірек орын беріліпті. Бірыңғай теңеулерге негізделген «Елазық теңеулері» өлеңінде:
Шайырларың «екмек» турар
пышақтай,
Бұл Елазық ашылған кең құшақтай.
Әрбір түрік әуежайға ұқсайды,
Әр «мусафир» ұшып келген ұшақтай, –
деп, түрік бауырларының қонақжайлығына ризалығын жеткізеді де,
Мына бес күн бес тал «лукум» –
сарқыттай,
Мына бес күн бір жылдан да артықтай.
Біз келгенде қарсы ала бер, Түркия,
Отыз ғасыр мызғымаған Харпуттай! –
деп аяқтап, жолсапар жырын тың формамен өрнектейді.
Осы үлгімен жазылған «Алматылық теңеулер» өлеңін алып қарайық. Ақын әуелі үлкен қаланың кейбір кемшіліктерін теңеулер арқылы астарлы әзілмен түйреп өтеді:
Кей сәттерде тығырыққа тірелем,
Төле биде кептелген көп көліктей…
Немесе:
Анау жігіт тауда өскен құлжадай,
Темекісі ТЭЦ-те тұрған мұржадай.
Ерте тұрып келе жатсам жұмысқа,
Мега жақта маң-маң басқан мырзадай.
Тағы бірде:
Абыр-сабыр болып жатсам метродай,
Құламасам болды бір күн көпірдей.
Ақын өзі тұратын қаланы сынай отырып сүйеді. Өзін соның бір бөлшегі сезінеді.
Бұл қалада бақытты күй кешемін,
Көшелермен бұлттай болып көшемін.
Күннен-күнге Алатаудай тыныстап,
Мың жасаған Алматыдай өсемін!
Автордың Мекке-Мәдинаға умра қажылығына барған сапарында туған жырлары жеке топтама ретінде ұсынылыпты. «Пайғамбар мешітінен қайтқанда» деген өлеңінде:
Ақын болып келген ем,
Құл боп кетіп барамын, –
дейді. Бұл жердегі құл деген сөзді тосырқамау керек. Құлқынның құлы болу бір басқа, ал имандылық жолында Жаратушыға құл болу, керісінше, рухтың азаттығына бастайтын жол. Осы топтамада «Қағбаның титтей құстары» деген өлең бар. Онда ақын Қағбаның маңайында ұшып-қонып жүретін құстарға да мән беріп қарап, «Меккеде еркін ұшатын неткен бақытты құстар еді» деп тебіренеді.
Биіктен міне, көрдіңдер,
Меккеге ел-жұрт жетуде.
Қай жақтан сендер келдіңдер,
Қағбаны тауап етуге?
«Қағбада» деген өлеңінде қасиетті мекенге барудың мұсылман үшін жай бір саяхат емес, үлкен жауапкершілік екенін, сол жауапкершілікті өмір бойы адал арқалап жүруі керек екенін жүрегімен сезінген ол Қағбамен қимай қоштасады:
Анау жанға қарасам, бәрінен де
жырақ тұр,
Кеткеннен соң Қағбадан бізге де көп
сынақ тұр.
Менің алаң жүрегім тапқан еді
тыныштық,
Қимай тұрмын Қағбаны,
Жаным менің жылап тұр…
Жайшылықта біз тауларды биік деп есептеп, одан жоғары тұрған аспан мен ақ бұлттарды бағаламаймыз. «Ұшақтағы ой» деген өлеңінде аспан құшағына енген жолаушы ақын:
Биік деген таулардың төмендігін
Сездіруге ақ бұлттар керек екен,
– дейді.
Сүйіспеншілік сезімі туралы жырларға көз салайық. «Тәтті елес» деген өлеңі:
Менің қозы – көңілім
Сен жақта жүр жайылып.
Жаны жақсы көретін адамды сағынған көңілін сол жаққа барып жайылған қозыға теңейді. Қозыдай момын әрі бейкүнә сезім. Абайдың «адасқан күшік секілді, ұлып жұртқа қайтқан ойымен» үндеседі. Абай демекші, Саят «Мұң» деген өлеңінде «біздің мұңымыз Абайдай дараның алтын басындағы мұңға қарағанда түймедей» деп, «ел-жұрт аманда да ұлы мұң ақын жүрегіне ұя салмай қоймайтынын» айтады:
Ұрын кеп еді мұң маған,
Ұйқыдан тұрды санам да.
Оңаша қалып мұңаям,
Мұң болмайды екен жаманда!
Күні кешегі коронавирус індеті де ақын қаламынан тыс қалмай, бірнеше өлеңіне арқау болыпты. Соның бірі – «Бүгінгі күй» деп аталады. Кең далаға сыймайтын қайран қазақтың өздігінен үйіне қамалып, есіктес көршіге де әлеуметтік желімен көңіл айтқан кездерін суреттейді. Әсіресе ойын балалары құлдыраңдап еркін жүре алмай, мазасыз күй кешкені анық. Осы жағдайды сезімтал жүрекпен аңғарған ақын:
Сәбилерге не дейміз ояна сап,
«Жеңдік пе» деп «вирусты», сұрап тұрар? – дейді.
Осы тәрізді «Қауіп» деген тағы бір өлеңінде ол «тәжвирустан гөрі мәңгүрттену індетінің мың есе зардабы көп екенін» ескертіп өтеді. Ал «Карантинде» деген өлеңінде «адамдар бетперде кигенімен, қоғамның бетпердесі шешіліп жатқанын, шаш ал десе бас алушылықтың» бар екенін шынайы жеткізеді.
Саят Қамшыгер кейінгі жылдары аудармашылықпен де өнімді шұғылданып, арғы-бергі шетел ақын-жазушыларының шығармаларын сәтті қазақшалағаны белгілі. Әсіресе түркітілдес туысқан халықтардың қаламгерлерімен тығыз байланыс орнатып, әдебиетті насихаттауға зор үлес қосып жүр. Адал жүректен шыққан аңқылдақ жырларымен танылған Саят Қамшыгер әлі де ізденіс үстінде, алдағы уақытта да жаңа қырларымен жарқырап көріне береді деп сенеміз.

Қайырбек ШАҒЫР,
ҚР Жазушылар одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір