Бинали Йылдырым қазақ жазушыларымен жүздесті
25.02.2025
72
0

Алматыда Түркі мемлекеттері ұйымының Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Түркияның бұрынғы Премьер-министрі, мемлекет және қоғам қайраткері Бинали Йылдырым Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкеновпен және Одақ мүшелерімен кездесті.

Ресми қабылдау барысында тараптар қазақ-түрік әдеби байланысын нығайту, түркі әлемінің мәдени бірлігін тереңдету және рухани мұраны сақтау мәселелерін талқылады.
Жиынның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов Бинали Йылдырымның түркі халықтарының ынтымақтастығына қосқан зор үлесін атап өтті:
– Біз Түрік елін ерекше қадірлейміз, оның ішінде, сіздің еңбегіңізді де жоғары бағалаймыз. Қазақтың зиялы қауымы, оның ішінде, жазушылар сізге деген құрметін білдіру үшін жиналып отыр. Сонымен қатар қазақ халқы түркі халықтарының әдеби мұрасын кеңінен таныстыруға ден қойып отыр. Қазіргі таңда Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Татарстан сынды бауырлас елдердің белгілі қаламгерлерінің туындылары қазақ тіліне аударылып, баспаға дайындалуда. Бұл – ортақ мәдени кеңістігімізді нығайту жолындағы маңызды қадам.
Биыл қасиетті Маңғыстау өлкесінің жүрегі – Ақтау қаласы Түркі әлемінің астанасына айналды. Бұл – барша түркі жұрты үшін тарихи оқиға. Алдағы жылдың сәуір айында осы құтты мекенде тағы да жүздесеміз деген үміттеміз.
​Өз кезегінде Бинали Йылдырым түркі елдерінің рухани жақындасуының маңыздылығына тоқталып, әдеби және мәдени ынтымақтастықты дамытуға қолдау білдіретінін жеткізді:
«Түрік пен қазақ мәдениетінің байланысын тереңдетуге баса назар аударуымыз қажет. Әсіресе екі ел арасындағы әдеби және шығармашылық қарым-қатынасты нығайту маңызды. Жазушылар мен мәдениет саласының өкілдері осы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Сонымен қатар ортақ әліпбиді қолдау аясындағы бастамаларды дамыту арқылы көптеген жетістіктерге жете аламыз. Басты мақсат – қазақ пен түрік халықтарының бір-бірін аудармашысыз түсінетін деңгейге жетуі.
​Осы мақсатта Түркі мемлекеттері ұйымы, Ақсақалдар кеңесі және басқа да жауапты мекемелер өзара тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет. Бірлігіміз бекем болса, болашағымыз да жарқын болмақ», – деді өз сөзінде.
​Кездесу барысында белгілі күйші Шәміл Әбілтай түркі халықтарының рухани мұрасын дәріптейтін «Тұран» күйін орындады. Сондай-ақ көрнекті ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ұлықбек Есдәулет түркі халықтарының мәдени ынтымақтастығы мен әдебиетінің дамуы жайында ой қозғап, жүрекжарды пікірін білдірді.
​Қазақтың дәстүрлі қонақжайлығын көрсетіп, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов Бинали Йылдырымның иығына шапан жапты.
​Бұл басқосу – қазақ-түрік достығының және түркі әлемінің мәдени-рухани байланысының нығаюына бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Кездесу соңында тараптар болашақта осындай игі бастамаларды жалғастыруға уағдаласты.

Қазақстан Жазушылар одағының
баспасөз қызметі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір