Қаламгердің сырлы әлемі
20.11.2024
277
0

Алпыстың асуына көтеріліп отырған қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, әріптес сіңлім Роза Мұқанованың шығармашылығындағы кейіпкерлерінің жан дүниесінің ерекшелігі жайлы айтуды жөн санадым. Олай дейтінім, жазушы өз кейіпкерлері туралы жылы сөзді осындай мерейлі күні естімесе, қашан естімек? Роза қаламынан туған әңгімелердегі әйелдер келбеті бізге етене таныс әрі өзіміздің көкейіміздегі, санамыздағы ойымызбен, мүддемізбен үндесіп жатқанымен оқырманын баурап алады, осынысымен қымбат.

Қаламгер шығармашылығын шартты түрде екі кезеңге бөліп қарауға болатын сияқты. Қазіргі оқырмандарға оның театрларда қойылып жүрген драмалық шығармалары кеңінен танымал. Әр драматургиялық шығармасы көпшіліктің шынайы қошеметіне, жоғары марапатқа ие болғаны да әділетті.
Мен жазушы Розаны алғашқы әңгімелері арқылы таныған едім.
Өзінің туындыларында әйел сезімінің ұңғыл-шұңғылына дейін жіті үңіліп, қалам тербегені оқырманның ішкі әлемін де бір тербеп өтетіні анық. Өйткені ол сезімдер бізге де, сізге де жат емес. Ондағы суреттелген оқиғалар сіздің де басыңыздан өтуі бек мүмкін. Қызғаныш, қызығу, өкіну, кекшілдік, есе қайтаруға ұмтылу сияқты адамды түрлі әрекеттерге бастайтын ішкі күш әркімде болатыны рас. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ әркім өз ішкі сезім күшін қалай басқара алады? Роза әңгімелері осындай тылсым жайларды алдымызға жайып салады.  
Роза әйел сезімінің тереңдегі құпия сырларын ашуға ұмтылады дедік. Біз енді осы сөзіміздің дәлелі болатын әңгімелеріне тоқталмақпыз. Оның ертеректе жарық көрген әңгімесінен оқыған бір сөз тіркесі есімде қалып қойған еді. Сол сөздерді үнемі есіме алып жүретінмін. Розаның бір кейіпкері: «Ненің ләззатын көп көрсең, соның азабын бір тартасың», – дейді. Осы «Жаралы сезім» әңгімесін оқығанда, Розаның жап-жас кезінде-ақ адам табиғаты туралы ащы шындықты қалай дәл жеткізген деп ойлаған едім.
Қаламгердің абыройлы жасқа келіп отырған мерейлі шағында жасы үлкен әріптес апасы ретінде, бір ауыз жылы сөз айтуды жөн көрген соң оның бұрынырақта жарық көрген екітомдық әңгімелер жинағын қайта оқып шыққым келді. Розаның біз сөз еткелі отырған тақырыптағы әйел бойындағы қым-қиғаш сезімдерінің жетегінде жүрген шағын суреттейтін «Жұмбақ сезім» әңгімесі бар. Әңгімеде Мөлдір есімді әйелдің бастан кешкен махаббат хикметтері суреттеледі. «Жұмбақ сезім жарқ етіп, бой көтерген болса, онда әйел қасіреті, әйел тауқыметі басталмақ екен» деп басталады әңгіме. Қырықтан асқан сұлу әйел жиырма бес жастағы жас жігітке ғашық. Әйел жанының қос жарылуы… Бір жағында – отбасы, бір жағында – ғашық жігіт Қалиы. Осыдан кейін-ақ оның өз ойымен арпалысы сізді еріксіз баурап, оқуға ынтықтырады.
Әрине, Роза қаламынан туған кейіп­керлерінің бәрі де өзін-өзі жеңген кемеңгер әйелдер еді деуге де келмес. Осындай қарама-қарсы ойға жетелейтін бір әңгіме бар. Ол – «Сормаңдай» әңгімесі. Бұл әңгімеде Бану атты келіншектің махаббаты сөз болады. Оқиғаның желісі де қызық.
Басты кейіпкер – Бану да бастан әр қилы кезеңді өткереді. Мұстафа Бануға қызығатын, кейде біртүрлі елжіреп, құмартып жақсы көріп, анау Болатханнан туған баласынан, әлі есін білмейтін Азаматтан да қызғанатын. Мұның бүкіл ішкі дүниесін жаулап алған осы Бану болатын. Тек көңіліне күдік ұялатқан жай – Мұстафаның үдеп бара жатқан көкжөтелі. Бұл дерт Бануға қосылғаннан кейін ғана өрши түсіп, қаншалықты сергек болайын десе де еңсесін бір көтертпей қойды. Нау­қастанған соң жұмысы да берекесізденіп кетті. Әншейіндегі төгіліп жататын Мұстафаның табысы да саябыр тауып, оның өзі дәрі-дәрмегімен, емделуімен, ара-тұра шипажайға емделуге кететін болды. Көкірек ауруы емге көнбеді. Бану екеуі қаншалықты тіршіліктің жалына жармасқанымен, күйдім-сүйдім деп бірін-бірі махаббатқа бөлегенімен тағдырдың сыбағасы басқа екен. Банудың көкірегін бір өкініш оты сонда кернеді. Азаматты, Үрия­ны, сосын, мына әлі есін білмейтін кішкентай Жазирасын аяды. Бұл аяғанымен тағдыры аямаса, не істесін? Мұстафа сол дерттен көз жұмған соң, Бануға енді мына балаларды қалай өсіріп, оқытамын деген ой маза бермеді. «Әйел тағы да тіршілікке ұмтылды. Мен – әйелмін. Ал әйел қашан да жылылықты, өзіне қамқорлықты іздейді. Мен қаралы күйден жалықтым» деп өзінен-өзі ақтала бастады. Оның ойының бұлай бұзылуына Мұстафаның жолдасы үйлі-баранды Ғалымжан себепкер еді. Соңғы кезде бұның үйіне келгіштеп, басу айтып, көңілін сергітіп жүретін. Алайда сөйте жүріп, келіншектің көңіліне өз сүйіспеншілігін де жеткізіп үлгерген еді. Банудың енді осы жақсы үміттен айырылғысы келмеді. Араларындағы жақындық күн санап ұлғая берді. Енді оны жасырудың қажеті де болмады. Ғалымжанмен асығыс бас құраған Банудың аяғы ауыр еді. Дүниеге Айдар атты ұлы келді. Бану осылай қысқа уақытта үш күйеуге тиіп, бес баланың анасы атанды. Алайда балаларын аналық мейірімге бөлей алды ма? Шығарма желісін ары қарай оқыған оқырман үлкен ой түйеді.
«Жаралы сезім», «Сормаңдай» әңгімелеріне қатысты қаламгер тек сезім сергелдеңіне түскен тағдырлар туралы ғана жазады екен деп ойлауға әсте болмайды. Жазушының мөп-мөлдір адами іңкәр сезімін ауыздықтап, албырт көңілін жеңе алған ғажап бір кейіпкері бар. Ол «Үркек керім» әңгімесіндегі – жап-жас Жамал. Роза шығармашылығындағы жарқын әңгіменің бірі – осы «Үркек керім». Автордың сөзімен айтсақ, сондағы Жамал – қалқа бала.
Біршама жыл бұрын Роза екеуіміз қызметтес болған едік. Бірде жұмыс бөлмесіне кіргенімде, ол:
– Апай, мен бір жаңа әңгіме аяқтап едім, оқып берейін бе? – деді ізетпен жымиып.
– Қане, оқи ғой, – деп, өзім жайланып отырдым.
Ол сонда компьютерде терулі тұрған, әлі қағазға беттеліп түспеген «Үркек керім» әңгімесін оқып берген еді. Туынды маған қатты әсер етті. Тілінің шұрайлылығы, кейіпкері мен табиғатты суреттеудегі шынайылығы мен шебер үйлесімділігі еріксіз баурайды екен.
Әңгімеде Ақан серінің егде тартқан шағындағы жан тебіренісі суреттеліп, оның қайғы-мұңының жаңа әннің тууына себепші болғаны айтылады. «Есейген күйдің күйігі басқашалау болатынын» сері енді мойындағандай.
Ақтоқтыдан кейінгі сөнген, өшкен сезімі қайта тұтанғандай. Алайда Жамалдың көңілінде не барын кім білген?..
Жап-жас Жамал қыздың бойындағы қандай тектілік, әр нәрсенің соңын болжаған қандай әулиелік?! Оның өз албырттығын жеңіп, ел арасына іріткі салар бейсауат сөзді дер кезінде тыя алғаны жалғыз менің ғана емес, қалың оқырманның қай-қайсысына да ой салғаны анық. Ғибраты мол шығарма…
Розаның енді біралуан әңгімелері тақуа, мінәжатшыл жандардың жан дүниесін ақтара жазуға бағытталған. Мысалы, «Күнә» әңгімесіндегі Ақбаянды алайық. Әңгіме: «Өзін-өзі жазалаудың жолын таппай қамығып, тұншығып күн кешкен бұл байғұс», – деп басталып, сіздің бар ықылас-ынтаңызды баурап алады. Жетпістен асқан кейуана неге өзін күнәһар санайтынын білмекке қызыға оқи бастайсыз.
«Он алты жасында келін болып табалдырық аттаған Ақбаянды ел-жұрты жақсы-ақ қарсы алған еді. Енесі – байдың бәйбішесі, бетті кісі екен. «Жалғыз ұлдың қатынын қазан-ошаққа жұмсап, майлық етпеңдер. Сендерден артылатын шаруа жоқ», – деген оның кесімді сөзінен кейін ол үй шаруасына көп араласпады. Отауында отырып қайын сіңлісінің жасауына арнап іс тігеді, көрпе-жастығын кестелейді. Бұл оның ең бір бақытты, уайымсыз, қамсыз шағы екен, енді ойлап отырса. Сол жарқын да қуанышты күндері демде қара түнге ауысып, бүгінге дейін созылып келіпті. Бәрі байдың тоқалының есікті жұлқи ашып кіріп, мұны жер-жебіріне жете тілдеуінен басталыпты».
Осылайша, тартысты өрбитін шығарма ары қарай тіптен шиеленісе түседі. Қып-қысқа әңгіменің жүгі батпандай ауыр. Дегенмен Роза шығармашылығында әйелдің күнәһарлығынан гөрі жасампаздығын суреттейтін тұнық сырға толы әңгімелер көп. Оның екі әңгімесінде киелі күшке ие «Құдірет-Кие» ұғымы бастан-аяқ сипатталады. «Құдірет-Кие» әңгімесінде құдіретті күшке – ана ғана ие. «Ана ғана үкім шығарады. Ана ғана қиянаттан қорғайды. Ана ғана жазалай алады» дегендей кесімді шешімдер оқиға түйінін шешуде Шыңғыстай қаһарлы ханды да бетінен қайтарып, бас игізеді. «Мұң» әңгімесінде, «Құдірет-Кие» ана рухы бейнесінде көктен қарап, жылап тұрып сүйікті пенделерін ағат жолға түсуден, адасудан қорғап, бөгет жасағысы келеді. Оның құдірет күші пендесінің ойы мен пиғылының тазаруына, Алланың бұйырт­қан тағдырына бас июге бастағандай. Бұған қалай сенбессіз?
Розаның кейіпкерлерінің арасында хақ жолына шынайы берілген, ғибадаты мен мінәжатына тақуа жандардың барын бұған дейін де айтып келеміз. Сол пікірімізге тағы бір кейіпкердің аузынан шыққан «Пайғамбардан қалған сөз» деген тәмсілді қоса жазғым келеді.
Оның «Өмір солай» драмасындағы Хадиша: «Иә, Аллам! Өмір сүру мен үшін қайырлы болғанға дейін ғұмыр бер. Өлім мен үшін әлдеқайда қайырлы болған сәтте жанымды ал. Мен осы дұғаны қайталап айтып отырамын», – дейді.
Оған құрбысы Рысты кемпір:
– Қандай әділ сөз, қандай ақиқат сөз мынауың, – деді Хадиша:
– Ойбай, менікі емес, пайғамбардыкі дедім емес пе саған.
– Өмірдің азабын көргеннен гөрі қияметтің ғажабын, қызығын көрген жөн-ақ қой…»
Иә, Розаның бұл тәмсілді екі кейуана кейіпкерінің аузымен айтқызуы «пенде баласы, екі дүниенің қызығына лайық өмір кеше біл» дегенді білдіріп тұрғандай деп қабылдадық біз.
Тақуалық тақырыбында қаламгердің тағы бір жақсы әңгімесі бар. Ол – «Монастырь» деп аталатын әңгімесі. Бұл шығармасында жазушы Роза Мұқанова Исус үмбеттері, мойындарына айқыш таққан үлкен ана мен монастырьға жаңадан келген жас әйелдердің ішкі тілеулері туралы әңгіме өрбітеді. Үлкен ананың өз дініне деген ішкі беріктігі соншалықты мықты. Монастырьда тұратын жандарға қойылар талапқа сай, ол өзін-өзі іштей тұншықтырып, бүкіл сезім атаулының аузын буып тастаған. Ол қазір бас
монахиня, сондықтан жас монашкалар оны «Үлкен ана» деп атайды. Жазушы бұл әңгімесі арқылы тақуалық жолдың да пенденің ішкі сенім беріктігіне байланысты екенін ұқтырғысы келгендей. Құдайдың сүйікті құлы болудың қиындығын меңзегендей…
Таяуда Роза маған жаңадан жазған «Бағира-Шер» атты әңгімесін жіберген екен. Жаңа дүние оқуға жаным құмар мен,бірден оқи бастадым. Менің бір шығарма жайлы пікір жазғанда, мазмұнын айта отырып талдайтын әдетім бар. Бұл жолы да оқырманға түсінікті болуы үшін мазмұнымен таныстыра кетуді жөн көрдім.
Әлқисса, сонымен, әңгімеде жастары жерортаға келген отбасы туралы сөз болады. Жасаған Иенің жазмышы болар, олар немере-шөбере көретін жасқа келсе де әлі перзентсіз еді.
Әңгіме аяқталғанда көңілімде қалың мұң қалды. Кіп-кішкентай тіршілік иесінің табиғатына озбыр қиянат жасайтындай қаталдық, жауыздық әйелге қайдан келген? Әлде перзентсіз болғанының ашу-ызасы ма екен? Әлде бәрін білуші де, көруші де құдіретті Алла оның бойындағы ішмерез қаттылықты біліп, бала бермеген бе екен? Ол арасы Аллаға ғана аян. Біздікі – пенденің сөзі.
Қаламгер бізге осы әңгімені жаза отырып, әйел бойындағы қатқыл сезімнің опа бермесін айтқысы келген болар деген ой түйдік. Әңгіменің аяғына шыққаннан кейін әйелі озбыр, күйеуі көнбіс әлгі отбасының ары қарай да бақытты күн кеше беретініне көңілімде күмән пайда болды…
Ылайым, біз қателескен-ақ болайық…
Қажырлы қаламгер Роза Мұқанова қандай тақырыпқа қалам тербесе де, әр туындысы – көркем дүние, оқырманы тұшынып оқитын туынды болып шығады, әрі әр шығармасында ғибрат аларлық бір түйіні болады, ол сізді әртүрлі ойға жетелейді, бей-жай қалдырмайды. Шығарма мұраты да, жазушы мерейі де осы болса керек.
Қарымың талмай жаза бер, қазақтың қайсар қызы! Оқырманың сені күтеді.

 

Шәрбану БЕЙСЕНОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір