ЖҮРЕГІНДЕ СЫРЛЫ АҒЫН САҒЫНЫСҚАН
(Бекжан Әшірбаевтың «Айбергенов атындағы сағыныш» кітабы хақында)
Соңғы жылдары қазақ поэзиясы туралы айтылып жатқан әр алуан пікір де, ой да көп. Қалай десек те, бүгінгі поэзия тоқтап қалған жоқ, қайта қарқынды дамуда. Қазіргі өлең өлкесінде болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтар жайында нақты бірдеңе айтудың өзі қиын. Қазір бір ақынның шығармасын алып оқып, келесі біреуімен салыстырып қарауға да үлгермейсің, одан да жаңа, одан да тың, өрнегі өзгеше өлеңдер бірінен кейін бірі ғаламторды жаулап алуда. Бажайлап қарасақ, бәрі де оқылып, поэтикалық кеңістікте өз орнын тауып, қалың оқырманнан бағасын да алып жатқандай.
Қазіргі ақындардың шығармашылығы баяғы кеңес дәуіріндегідей бір қалыпқа салып зерттеп, бір ғана өлшеммен таразылай салуға көнбейді, ақындар қаламынан туған шығармаларды бір ұстаныммен, бәрінің басын біріктіретін бір үрдіспен зерделеуге де мүмкіндігіміз жоқ. Тек қана оларды бұрынғы дәстүрлі поэзияға қатыстылығы тұрғысынан салыстыра отырып, бағалауға болатын сияқты көрінеді. Сондықтан қазіргі ақындарды шартты түрде екіге бөліп қарастыруымызға болады: біріншілері – бұрынғы дәстүрді жалғастырушылар, екіншілері – авангардист-экспериментшілер.
Қазіргі қазақ поэзиясында сол бұрынғы дәстүрді жалғастырушылар қатарында өзіндік үнімен, ерекше болмысымен көзге түсіп жүрген ақындардың бірі – Бекжан Әшірбаев. Оның шығармаларын оқи отырып бүгінгі дәуірмен емен-жарқын араласқандай, замандастармен риясыз сыр бөліскендей, қапияда кездескен достарыңмен ортақ бір әңгімеге еніп кеткендей күй кешесің. Оның өлеңдерін бірден қабылдай қою қиын, басында біз күтпеген тақырыпта әңгіме бастап кеткендей, енді бірде айналасындағылардың бәрін мысқылдап, күлкіге айналдырып отырғандай, кейде тіпті бір-екі ауыз сөзімен-ақ терең ойға жетелеп бара жатқандай сезімде отырасың. Әр сөзін, әрбір ойын сан алуан құбылтып, өзгертіп отырады, автордың не айтқысы келгенін ұғу үшін ойлану керек, оның әр сөзінің, әр тіркесінің астарында өзгеше мағына жатады, онда мазмұндап айта салу деген көп кездеспейді.
Бекжан шығармаларының тақырыбы да әр алуан, бірақ барлық өлеңдерінің айтар ойы бір арнада тоғысып жатқандай әсер қалдырады. Мысалы, оның өлеңдерінен бұрынғы лирик ақындардағыдай кейбір заттар мен құбылыстардың сыртқы түрін бейнелейтін (пейзаждық) суреттерді кездестіре алмайсыз. «Менің алибиім», «Үлкен шамның жарығы», «Ақын тағдыры», «Айбергенов атындағы сағыныш», «Өмірбаян», «Талғам траекториясы» т.б. өлеңдерінің мазмұнына көз жібере отырып ақынның тақырыпты алыстан іздемей-ақ, өмірдің өзінен алып қоя салғанының куәсі боламыз.
Қазір қаламгер еркіндігі дегенге көбірек мән бере бастағанымыз рас. Оны кез келген қолына қалам ұстаған ақын-жазушының іштей сезінетініне де күмән келтіре алмаймыз. Еркіндік – өнер адамы үшін өз ойын, айтпақ болған идеясын, өзі сенген көркемдік шындықты қорғай алуы. Сенім болмаған жерде көркем туындының өмірге келе қоюы да екіталай. Сол шығармашылық еркіндікті Б.Әшірбаев та өзінше пайдаланған. Сол еркіндікті сезінгендіктен де оның шығармалары басқа ақындардың өлеңдеріне көп ұқсай бермейді. Ойы да, стилі де өзгеше. Ел тәуелсіздігі – қазір әрбір қаламгер үшін басты тақырып дейтін болсақ, соның айналасынан туындайтын шешімі табылмай жатқан әлеуметтік мәселелер, еліміздегі бай мен кедей болып жіктеле бастаған топтар арасындағы бітіспес қайшылықтар, капитализмнің негізгі сипаты болып табылатын бәсекелестік, жердің жекеменшікке өтуі, бұрын қазаққа оншалықты етене бола қоймаған сауда-саттық, діни көзқарастар арасындағы тартыс, қылмыстың сан түрінің пайда болуы, жаһанданудың кейбір көріністері, мистикалық оқиғалар желісі, сан алуан адамдар мінезі және т.б. барлығы жеке тақырыптар деңгейінде көтеріліп, еркін жазылуда. Бекжан осынау қат-қабат өмір шындығын өзінше топшылап, өзіне ғана тән стильмен, өзі жиі қолданатын әр алуан көркемдік құралдарды пайдалана отырып реалистікпен суреттейді.
Ақын жырларында қазіргі көпшілік ортада пайдаланатын сөздер жиі ұшырасып отырады. Оның себебін ақынның айтыс өнерін қатар алып жүргенінен болар деп болжаймыз. Бекжан Әшірбаев – айтыста өзіндік із қалдырған талант иесі. Сондықтан кейде көпшілікті елең еткізер ойнақылыққа, юморға көп мән беріп жатса, ол ақынның аудиторияны өзіне бағындыруға бағытталған әдісі деп түсінгеніміз абзал. Бекжан қазіргі заман ақынының бейнесін «Айбергенов атындағы сағыныш» деген ертеректе жазылған лирикасында былайша суреттейді:
Ақын аты – ар-ұяты әр ұлттың,
Бәдiк сөздiң өтiмi аз баяғы.
Тынымсыз боп кетерi бар шабыттың,
Жас баладай ендi шыққан аяғы.
Мұнда сөздердің сұлу ұйқасы ғана емес, іштегі ой орамдарының терең тынысын да айқын аңғарамыз. Расында да ақын сөзді екшеп пайдалану, ойды поэтикалық суретке айналдыруда бұрынғы дәстүрлі сүрлеуден шығып, өзгеше қалыпқа түскенін реалистікпен ұтымды жеткізген. Бұл – ақынның поэзия туралы өз ойы, өзіндік ұстанымы. Шабытты аяғы енді шыққан балаға теңеуі де бұл жерде орынды деп ойлаймыз. Бекжан Әшірбаевтың лирикалық шығармаларын оқи отырып, оның туындыларының мазмұнынан өзіміз өмір сүріп жатқан бүгінгі заманның сыры мен сипатын, қоғамның әр алуан құбылыстарын, адамдардың бойындағы сан қилы мінез бен ерекшеліктерді жазбай танимыз.
Мысал қылып жеңісін әр,
Мені біреу теріс ұғар.
Эпизодтың актеріміз,
Режиссерге реніші бар.
Тозақты айтса шара қалмай,
Қорқамыз шын сабақ алмай.
Маньяктың құрбандары,
Тізімінде бар адамдай.
Бекжан өлең ұйқасына да ерекше назар аударып, әр соңғы буынның қиыннан қиысқанына барынша мән беретіні байқалады. Жоғарыда мысалға алған өлеңдегі «жеңісін әр», «теріс ұғар», «реніші бар» деген ұйқас түрлері соған дәлел. Оның өлеңдерінде күнделікті халық аузында қолданылып жүрген, көбіміздің санамызға сіңіп кеткен сырттан енген сөздердің өзі орнын тауып, қаланған кірпіш сықылды ойды айқын жеткізу үшін нақты қызмет атқарып тұрады. Жалпы, Бекжан поэзиясына тән бір ерекшелік ол заман талабына сай тілімізге еніп жатқан неологизмдерді өлеңдерінде құлпыртып сәтті пайдаланады. Тағы да, «Уәде» деген өлеңінде Бекжан:
Сезімді қымтап үйрен,
Бар онда неше бұрау.
Баянсыз бұл фәниден,
Файлдай өшеміз-ау?!.
«Файлдай» деген теңеуді қазақ ақындарының өлеңдерінен сирек ұшыратамыз және бұл сөздің қазақша баламасы да жоқ. Қазіргі күні бәріміз күнделікті өмірде жиі қолданып жүрген «файл» сөзін өлең өрімінде ақын сәтті қолданған. «Күліп оян ұйқыңнан» өлеңіндегі қосарланған сөз арқылы жасалған «сайт-сана» деген эпитеттің де бүгінгі поэзия үшін жаңалық екенін атап өткеніміз дұрыс.
Оп-оңай жиналар жоқ бедел,
Лүпілге тәуелді сайт-сана.
Қазіргі ойлау жүйеміздің өзі ғаламторға тәуелді заманда санамыздың сайтқа айналып бара жатқаны да – шындық. Жалпы, халық қазір барлық ақпаратты сайттан ғана қарап, оны есте сақтауға самарқау болып алдық. Алла берген есте сақтау қабілетімізді сайтқа сеніп әлсіретіп алғандаймыз, соның көмегіне жүгінуге дайын тұрамыз.
Мысалы, «Мейірім алгоритімі» деген лирикасында:
Айналаңды жарық етші туғанындай ай жаңа,
Ауыт басқан ағайынға түсіндірші жай ғана.
Жүрегінің орны қалған аяймын мен жандарды,
Өзін-өзі жек көретін қарағанда айнаға.
Лирика қазақ поэзиясында көп кездесе бермейтін он бес буындық өлең өлшеміне құрылған. Шығарма мазмұны да адам бойындағы психологиялық құбылыстардың бір сәтін ғана бейнелеуге арналған. Бұл жерде «ауыт» сөзі – қате басқан, шалт басқан, қия басқан, шектен шығып кеткен деген мағынадағы сөздердің орнына синоним ретінде алынған. Бірақ оны қате қолданған деуден аулақпыз. Бұл сөз күнделікті спортта жиі естіп жүрген сөзіміз және ол қазіргі оқырман үшін түсінікті. Ал екінші жағынан, лирикалық мәтіннің аз да болса юморлық сипатын күшейтіп тұр. Бұрын поэзияда қолданбаған соны сөз, тың ұғым. Оқуға оралымды, оқырманға ой саларлық ойнақылығы да бар. Мұндай басқа тілден енген немесе халықаралық терминдерді өз шығармаларында ұтымды пайдалану Бекжан поэзиясында жиі көрініс береді.
Оның шығармашылығынан туған жыр жауһарлары – бүгінгі күннің биік эстетикалық талғамы мен талабына толық жауап беретін, көркемдік жағынан жоғары деңгейге көтерілген өлеңдер. Ақын алғашқы жырларынан-ақ өзіне тән стиль іздеуімен, өлең өріміндегі өзгеше өрнек нақышымен, сан алуан құбылған тілімен, сыршыл сазымен поэзия әлеміне еркін еніп, қазақ ақындарының керуеніне келіп қосылды. Жыл өткен сайын Бекжан Әшірбаевтың ақындық болмыс-бітімі өзге қаламдастарынан дараланып, шеберлігі шыңдала түскені оның көркем туындыларынан айқын аңғарылады.
Тарлық бiтiп, тас атпадым тасадан,
Ақ парақпен алысу бұл – әдiл iс.
Бiр анығы, менен ақын жасаған,
Айбергенов атындағы сағыныш!
Сағыныш. Бұл сөздің мағынасын Т.Айбергенов өз лирикасы арқылы халық жадында ерекше көркем де эстетикалық ұғым ретінде қалыптастырып кетті. Расында да сағыныш Төлеген ақынға ғана тән ұғым сықылды. Бекжан ақын да өз өлеңінің атын «Айбергенов атындағы сағыныш» деп қойыпты. Бір қарағанда, күнделікті қолданыста кездесе бермейтін тіркес секілді көрінгенмен, оны поэтикалық еңбектерде аллюзия деп атайды. Сағыныш десек, Айбергеновтің есімізге түсетіні шындық, яғни Бекжанның бұл өлең жолдарынан Айбергенов шығармашылығын, оның көркемдік шеберлігі мен ой қорыту әдісін меңзейтін ишараны, стилистикалық фигураны пайымдай аламыз.
Соғатын желдей жәдиде тарпаң,
Тасбауыр тағдыр айбат қылады.
Карта ойнағалы казино барсаң,
Ол қайта сенi ойнап тынады.
Тартса да көне көңiлдiң бөзi,
Тiршiлiк үшiн сана күресер.
Күрделi емес – өмiрдiң өзi,
Күрделi одан алатын әсер…
Өлең мазмұны ақынның өзіндік дүниетанымына, рухани және материалдық мәдениеттерді жете білуіне, бір-біріне жақындамайтын тегі басқа, мазмұны қарама-қайшы құбылыстарды орайластырып, жымдастыруға, бір-бірімен сәйкеспейтін ұғым-түсініктерді қатар қойып, шебер қиюластыруға құрылған. Лирикаға тән нәзік сезімді, оқырман жан дүниесіне тез әсер ететін ойнақы ой мен антонимдік мәндегі қарама-қарсы ұғымдарды өлең идеясына сәйкестендіре алып, авторлық идеяны айшықты жеткізу үшін ұтымды пайдаланады. Шығармашылық тұлғаның басты ерекшелігі – айтпақ болған философиясын көркем де кестелі тілмен жеткізе білуінде. «Карта ойнағалы казино барсаң, Ол қайта сенi ойнап тынады» немесе «Күрделi емес – өмiрдiң өзi, Күрделi одан алатын әсер…» деген өлең жолдары өзінің айтпақ болған өзгеше орамдағы ойымен оқырман есінде ұзақ сақталары сөзсіз.
Бекжан лирикасын жалпылай қарастырғанда, мейлі ол қай тақырыпты жырламасын, идеялық мұраты көбіне белгілі бір философиялық арнаға келіп тоғысып жатады. Сергек сезімді ақын айналадағы өмір құбылыстарынан басқаларға байқала бермейтін кереғарлықты немесе керісінше бітіспес қайшылықтардың өзінен тегі бір туыстықты, бірлік-бүтіндікті тауып, сол арқылы өз ойын айшықты түсіндіруге шебер. Нені, қандай тақырыпты жырламасын, өнердің өмір танытушылық қасиетін, яғни шындыққа эстетикалық қатыстылығын есінде берік ұстаған ақын шыншылдық биігінен батыл да байсалды сөйлейді. Ақын сезімі субъективті көңіл күй шеңберінен шығып, көбінесе типтік деңгейдегі, жалпыға ортақ көңіл күй әуенін уақыт рухына сәйкес баяндауға бейім тұрады. Әрине, мұның бәрі – біздің Б.Әшірбаев шығармаларын бір қарап шыққанда түйген ойымыз ғана.
Қорыта айтқанда, Бекжан Әшірбаев – қазір нағыз толысқан, ойын поэзияда көркем жинақтап айтуға төселген ақын. Оның туындыларында дәуір шындығын поэтикалық тілмен бейнелей алатын ойнақылық та, ойлылық та бар. Бүгінгі заман шындығын, замандастар мінезін, олардың психологиялық болмысын таныту жолында Бекжан ақынның әлі талай сұлу да сырлы дүниелер жазарына күмәніміз жоқ.
Жолдасбек МӘМБЕТОВ,
Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың филология
факультетінің доценті, ф.ғ.к.