Ғашықтықпен тербетіп жанымды өлең…
18.02.2025
219
0

Қайырбек АСАНОВ

Бірнеше жыр жинақтарыың авторы, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның Құрметті жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қайырбек Асанов 80 жасқа толып отыр. «Қазақ әдебиетінің» қара шаңырағында 24 жыл лауазымды қызмет атқарған ағамызды мерейлі жасымен құттықтай отырып, бір топ өлеңін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

РЕДАКЦИЯДАН

Қайырбектің Күләшқа, Күләштің Қайырбекке арнаған әдемі жырлары бір шаңырақтағы екі ақын бірігіп, 1989 жылы шығарған «Сен жанымда жүрсең» деп аталатын махаббат тақырыбында көрініс тапқан. Көптеген жігіттер мен қыздардың, жас жұбайлардың қолдарынан түспей, қайта-қайта оқылып, жатталып, көптеген отбасыларда бойтұмардай сақталып келе жатқан аса сәтті, бағалы сол жинақ оқып шыққан адамдардың ыстық ықыласына ие болғанымен, поэзия сыншылары мен әдебиет зерттеушілері тарапынан әлі күнге лайықты бағасын алған жоқ.


Болат БОДАУБАЙ

  

Менің көп жылдарым газет пен журнал жұмысында өтті. Бұл өзі – қияметі мен қызығы қатар жүретін ғажайып өмір. Журналистиканың шекпенінен көптеген талантты ақындар мен жазушылар шынығып шықты. Солардың бірі – ақын Қайырбек Асанов.

Шерхан
МҰРТАЗА

Қадірлі Қайырбек, «Тұңғышың» шық тамшысындай жүректен мөлт етіп түсе қалған екен, адалдық ақ сезім, шындық бар, сол мені толғантты. Жақсы ойлар бар, әдемі теңеулер бар. Құлынды, тайлы болып, тұяқты тұлпарлыққа шабыт – досымыз бастай берсін.

Кәкімбек САЛЫҚОВ

Жандар едік бұрын мүлде белгісіз,
Ғашық болып қалдық неге сенгісіз?
Екеумізде екі тағдыр болатын,
Бақыт құсы екі бөлек қонатын.
Тұла бойым тұнып тұрған мейірім,
Көл-көсір боп кеткен неге пейілім?
Ғұмыр бойы көрмегендей қыз демін,
Жалын-шоққа күйіп-жанып төзбедім.
Мың рақмет, назы бөлек көріктім,
Сезімімді күншуақ боп еріттің, –
дейді ақын. Міне, ғашықтық жыры. Міне, нағыз өзіміздің Қозы-Көрпеш – Баян сұлуымыз немесе Төлеген – Қыз Жібегіміз. Қайырбек – Күләш жырларының құдіреттілігі сол, бір шаңырақтың астында отырып, жыр күмбезін күңірентіп, өз әшекейімен көріктендіргенінде жатса керек.

Сейфолла ОСПАНОВ

Қайырбектің күллі ақындық жолына талдау жасауды мен мақсат тұтқан жоқпын. Менің ойым – іні-дос, ақын Қайырбектің қаламынан туған шығармаларының ішіндегі, әсіресе менің жүрегіме жылы тиген, көңілімді баурап алған махаббат тақырыбына арналған жырлары туралы бірер ауыз лебізімді білдіру еді. Оның сан алуан тақырыпқа жазылған жырларының ішінен сол таңғы шықтай мөлдір, шынайы жыр жолдарына оқырман қауымның назарын тағы да бір мәрте аудару болатын. Өйткені махаббат жырлары – Қайырбек поэзиясының өзекті саласының бірі. Ал махаббатты жырлаған ақын әрқашан да жасара бермек, шабыты шарықтай бермек. Оған Қайырбектің «Махаббатым – мәңгі жыр» деген өз сөзі дәлел.

Қайрат ЖҰМАҒАЛИЕВ

Ата-баба дәстүрін жалғау үшін

Тағдырын туған жердің ойға аламын,
Ұлымын жомарт, дарқан бай даланың.
Күн сайын жапырақтай жайқаламын,
Аруын құшып-сүйіп, аймаладым!

О бастан сұлу Сырдың түлегімін,
Кеудемнен құстай ұшқан тілегі мың.
Туған жерім – мәңгілік ыстық ұям,
Лүпілімен бір соққан жүрегімнің!

Ана тілім – ол менің асыл мұрам,
Өзге тілді қалайша басындырам?!
Өнерім өз басыма жетіп жатыр,
Өн-бойымды толқытып, тасындырған!

Тыңдап өскем халқымның өсиетін,
Салтым бар сәлемдесіп бас иетін.
Ата-баба дәстүрін жалғау үшін,
Күресемін қастерлеп қасиетін.

Біздің балалық

Елде өстік, елде ойнадық еркелеп,
Тұратынбыз тәт­ті ұйқыдан ертерек.
Ата-ананың тыңдаушы едік айт­қанын,
Жұмсап, ұрсып жатпаса да желкелеп.

Сабақтан да қалмаушы едік ешқашан,
Қуат­танып кетуші едік жасқаса.
Ойынды да ұмытпаушы ек күн сайын,
Көңілімде болмаушы еді басқаша ән.

Достығымыз ғажап еді бәрімен,
Ертекті де айтушы едік әріден.
Жаз жайлауға шығушы едік қуанып,
Саф ауасын артық көріп дәріден.

Тату-тәт­ті болатын-ды бар адам,
Ризығын жинаушы еді даладан.
Ата-әжеміз намаз оқып бес уақыт,
Бізге бақыт тілеуші еді Алладан.

Таза ұстап ауланы да, үйді де,
Тыңдаушы едік күмбірлеген күйді де.
Жамап-жасқап жұпынылау киімді,
Ұмытпаушы ек кешке жақын биді де.

Біз осылай болашаққа бекіндік,
Ел ішінде еңсе тіктеп жетілдік.
Жұрт қатарлы адам болсақ екен деп,
Бір Алладан тіледік те, өтіндік.

Бастан өт­ті жоқшылық та, тақ-тұқ та,
Басылғандай көңілдегі аптық та.
Шүкір дейміз, мынау жақсы өмірге,
Шүкір дейміз, келіп қалған қарт­тыққа.

Тілек

Түтінін түзу шығарсын жерде әр үйлер,
Жердегі барлық жақсылықтарым
дами бер.
Қуанып қалам ойнап жүргенде сәбилер,
Бейбіт күндердің бесігі болшы, Жер Ана!

Табиғат­тың мен де – кішкентай
ғана бөлшегі,
Көтеріп жүргім келеді ылғи еңсені.
Ерлікпен ғана қорғасам деймін, ел, сені,
Бейбіт күндердің бесігі болшы, Жер Ана!

Жүрегім сыздар естісем суық сөзді мен,
Бар әлі елдер құтылмай жүрген езгіден.
Жанымды қалай жаһанға түгел сездірем,
Бейбіт күндердің бесігі болшы, Жер Ана!

Қалалар тұрсын аман-сау осы қалпында,
Өмір ғой мынау айырбастамайтын
алтынға.
Қажетсіз маған қошеметің де,
даңқың да…
Бейбіт күндердің бесігі болшы, Жер Ана!

Таңырқап, бір сәт үңілші сонау тарихқа,
Тарихтың көзі қашан да, қалқам,
халықта.
Тіршілік мына адаммен ғана жарықта,
Бейбіт күндердің бесігі болшы,
Жер Ана!

Ойымды құптап тұрғандай заңғар
тау менің,
Бағасы қымбат Күннен құйылған
сәуленің.
Кешіп тұр дүние керемет, ғажап дәуренін.
Бейбіт күндердің бесігі болшы, Жер Ана!

Арулар-ай

Жыр құмар сұлу Сырдың бозбаласы ем,
Жайнаған Жамбылдың да өз баласы ем.
Дүние қандай ғажап баяғыдай,
Тараздың таңдары– аппақ, қыздары
– әсем!
Жаныңа шат­тық болып толатын да,
Басыңа бақыт болып қонатын да,
Шығыстың шайырлары жырлап кеткен,
Сұлулар сақталғандай сол қалпында!

Сырларын дүниенің ұғып бәрін,
Не деген ерекше еді қылықтарың.
Гүлдей жайнап, қаланың көркі болып,
Аман-есен жүріңдер, тұнықтарым!

Бір сәтке ақын жүрек қиналғандай,
Тағдырдан бір тамаша сый да алғандай.
О, Тараз, күндей нұрлы құшағыңа
Әлемнің бар сұлуы жиналғандай!

Астасып табиғатпен көркем көлі,
Көңілдің желбірейді желкендері.
Арулар, өздеріңе байланысты,
Тараздың бүгіні мен ертеңдері!

Төгіліп аш беліне бұрымдары,
Құлпырып кеткендей-ау бүгін бәрі.
Қазақтың қасиетін болашаққа
Жеткізіңдер, Тараздың сұлулары.

Туған жерім –
тағдырым!

Кіндігім кесілген жер – ардағымсың,
Тереңөзегім – сен менің ар‑намысым.
Мақтанам сенде туып-өскеніме,
Сен барда жаман болмас алдағы ісім.
Сен – менің бақытымсың басымдағы,
Жанымның жайқалатын жасыл бағы.
Әлемнің қай жерінде жүрсем-дағы,
Қалмайтын Күнімсің сен қасымдағы.

О, менің ыстық мекен, кең тұрағым,
Жанымды тербеткендей көк құрағың.
Өзіңдік тартылысқа бағынам да
Жылына екі-үш рет кеп тұрамын.

Сен – менің дем алатын тынысымсың,
Байлыққа бастау болар ырысымсың.
Жол ашқан жақсылық пен ізгілікке,
Перзентің саған арнап жыр ұшырсын!

Тағдырмен тайталаста сан құладым,
Кей сәт­те жұлдызың боп жарқырадым.
Киелі, туған жерім, жете берсін,
Ғасырдан ғасырларға шалқып әнің!

Тараз түні

Серуендеген қыз-жігіті оңаша,
Тараз түні таңғажайып, тамаша.
Салқын кештің самалымен тыныстап,
Қуат­танып, қуанасың балаша!

Жүрегіңде махаббат­ты жырлатып,
Қасыңдағы сүйіктіңнен сыр тартып…
Таңның қалай атқанын да сезбейсің
Ұлы сезім үнсіз ғана тіл қатып.

Әт­тең, әт­тең, аялдамас уақыт­ты-ай,
Таң атпай-ақ қоя тұрса сәл құйт­тай.
Мына түнді қиып кету қиын ғой,
Жұлдыздары жарқыраған жақұт­тай!

Сол бір түнді-ай самал желі есілген,
Ләззат алған айсыз сұлу кешіңнен…
Сүйіктіңмен үнсіз ғана ұғысқан,
Тараз түні кетпес мәңгі есімнен!

Рухы биік қала

Сұлу Тараз, қызығам келбетіңе,
Жайқалады гүлдерің тербетіле.
Мені сендей құрмет­теп, еркелетіп
Қарсы алатын қала жоқ жер бетінде!

Жарасады «өзімнің өлкем» десем,
Ағып жатыр Таласың көркем де, әсем.
Күнге ұмтылған гүлдей боп қол созасың,
Болашағы бақыт­ты ертеңге сен!

Көшелерің тап-таза, жарық екен,
Балдыздарды әзілмен қағып өтем.
Адамдары мейірбан, жандары ізгі,
Бір мақсатқа жұмылған халық екен!

Жасыл баққа бөленген қала қандай?!
Болашақтың кірпішін қалағандай.
Айша бибі рухы аласармай,
Пәк махаббат Таразға тарағандай!

«Аялайтын сен – менің бағым» деп ем,
Ғашықтықпен тербетіп жанымды өлең.
Қырық жыл бұрын келгенде осы жерге,
Тараз қызын мәңгіге «жарым» дегем!
Сұлу Тараз, қызығам келбетіңе,
Жайқалады гүлдерің тербетіле.
Мені сендей құрмет­теп, еркелетіп,
Қарсы алатын қала жоқ жер бетінде!

Үшаралға

Үшарал –
Құт­ты мекен Таластағы,
Мейірім
Төгіп тұрған көк аспаны…
Берекесі кетпеген бейбіт өмір,
Бір Алланың бұл елге қарасқаны!
Бір мейрам –
Осы ауылға әр барғаным.
Естен кетпес
Сүйсініп, таңғалғаным.
Мен үшін өмірімнің мағынасы –
Үшаралдың қызына жар болғаным!

Табиғаты
Тамаша тәңір берген…
Шұғылалы,
Шат­тықты таңын көргем.
Ақындар мен атақты майталмандар
Шыққан екен осынау дарынды елден!
Сәт сайын
Жақсылыққа кезігерсің,
Боямасыз
Өмірдің өзі дерсің.
Осы бір шағын ауыл қариялары –
Баяғы даналардың көзі дерсің!

Нұрланып
Таң бозынан төбе, бет­тер,
Гүл түстес
Ұшып жүрер көбелектер.
Көктемнің хабаршысы сияқтанып
Мешітке ұя салар дегелектер!

Кетпейді
Көркем сурет әлі есімнен.
Көктемде
Көк құрақтан ән есілген.
Сөнбейтін отттары да ошағының
Жайлауында мыңғыртып мал өсірген!

Болған емес,
Түні де тым қараңғы,
Ай туғанда
Айнала нұрланады.
Үшарал – жері жомарт, киелі өлке
Кеудемде күмбірлеген күй қалады!

Мейірімді
Жүздеріне Күн нұры өтіп,
Бірін-бірі
Аялар үлбіретіп.
Балдыздарым сыпайы қарсы алады,
Барғанымда сырғасы сыңғыр етіп!

Қалайша
Қуанышыңнан тыс қаламын.
Мен сенің
Топырағыңнан күш аламын.
Сенде өткізген күндерге риза болып,
Шексіз алғыс айтамын, Үшаралым!

Ұмтылып
Ұлы істердің өріне шың,
Мейманға
Шын пейілмен төгілесің.
Қалың ел, қай

Таңмен бірге
таласып оянамын

Келмейді ешбіріңе өкпелегім,
Кеудемді мазалайды от­ты өлеңім.
Кінәм да жоқ ешкімге арта-тұғын,
Кей жылдарым өт­ті деп текке менің.

Есейдім, енді білдім барлығын да,
Санамды жақын етіп нәрлі ұғымға.
Ертемен тұрып алып, өлең жаздым,
Жанарымды толтырып таңғы нұрға.

Алар бір күн өлеңім өз бағасын,
Өлең жазып не керек озбағасын?
Сұлулыққа оранған мына әлемнің
Мүмкін емес шабыт­ты қозғамасы.

Ей, өмір, ұқтым сенің күйіңді әсем,
Сыңғырла көкірегіме құйыл да сен.
Бір жақсылық көрмесем адамдардан,
Мен ешқашан өзіңе сыйынбас ем.

Болашаққа өлеңім сәлем берер,
Арман бар ма таңдантсам әлемді егер?!
Тарих бетін ақтарып қараса ұрпақ,
Жыр жазғаным менің де дәлелденер.

Еш нәрсем жоқ халқымнан аянатын,
Қазынасын түгелдей жаяр ақын.
Жүрегім бар өмірге сергек қарап,
Таңмен бірге таласып оянатын.

Қиянат­тан қалады жанымда түн,
Сәл нәрседен, замандас, тарылма тым.
Аямашы жылы сөз, мейіріміңді,
Егер де жүрсін десең бабында ақын.

Шуақ толы жанымнан күн өремін,
Ренжісем, бір сәт­те түнеремін.
Бақыт­ты боп өтер ем бұл өмірде,
Мәңгілік боп қалса егер бір өлеңім.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір