ТАРИХИ ФИЛЬМДЕР ТАРИХЫМЫЗДЫ ТӘЛКЕККЕ ТҮСІРМЕСІН
«Біз үшін өнер атаулының ішіндегі ең маңыздысының бірі – кино» деген сөзі еске түскен сайын арғы татар Ұлан шалдың Ульянов боп кеткен ұрпағы Ленинді әулие демеске лажың қалмайды екен. Неге десеңіз, бүгінде кітап оқығаннан гөрі алты әлемнің қым-қуыт қызығын алақандай телефонға телміріп көретін ХХІ ғасыр пендесінің екінші бір ермегі – кино екені оның әлгі айтқанын растап-ақ отыр. Сол киноңыздың, әсіресе адамның парық-парасат жүйесіне ми арқылы тікелей әсер ететінін, кешелі-бүгінгі ғалымдар айтудай-ақ айтқан. Өйткені кітап оқып отырған адам ондағы әр кейіпкердің жүріс-тұрысының, іс-әрекетінің, сөз ләмінің бәрін көз алдынан өткізіп, кейін оны ми арқылы ой көзімен қарап, талдап, парықтап отырады екен. Ал сол сәтте ондай экранда болып жатқан бүкіл іс-әрекет кино көріп отырған адам ойлануға мұрша бермей, бірінен соң бірі тура миға барып сіңіп, тұрақтап қалады екен.
Міне, сондықтан да егер біз қысқа күнде қырық құбылып тұрған мына заманда қазақ деген ұлтымыздың да, Қазақстан деген еліміздің де бүгінгі һәм, ертеңгі де ұрпағын саламат күйде сақтағымыз келсе, қазіргі заманауи құбылыстардың зәредей болса да ғанибетін ғана пайдалануды естен шығармауымыз парыз. Ал ол істің бүгінгі ең маңызды құралы – кино десек, оған дауласудың еш қажеті жоқ.
Обалы не керек, Мәдениет министрлігі әнебір жылдары «Рухани жаңғыру» аясында Қазақ хандарының небір тар жол, тайғақ кешкен сәттерін көрерменге паш етуді «Қазақфильм» киностудиясының жауапкершілігіне жүктеген болатын. Өте құптарлық жайт, бірақ ашығын айтсақ, халқымыздың төл тарихы жайлы фильм түсірерде ол фильм ұлттық тарихи тұлғаларын досқа күлкі, дұшпанға таба етпеуін, ол киноны көрген қазақ әлем алдында, міне, мен осындаймын деп кеудесін намыс пен қуаныш кернеп тұратындай болуын қатаң ойластыру басты парыз болуы керек-тұғын.
Әттең, әттең!..
…Сонымен, әнебір кезде Астана қаласының Сарыарқа кинотеатрында «Алтын тақ» атты фильмнің көрсетілімі болып өтті. Уақиға желісі Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» кітабынан алыныпты. Сценарий авторы – Смағұл Елубай, режиссері – Тимур Жақсылықов, Рүстем Әбдіраш.
Кино далада қатын-қалаш, бала-шаға, кемпір-шал шұбырып көшіп бара жатқанынан басталады да, сол шұбырынды өмір фильмнің соңына шейін созылады. Кіммен кім соғысып жатқанын айыру да оңай емес, қазақтардың үстіндегі киімдері де өте сұрқай, жұпыны, жүріс-тұрыстары мүшкіл, аш-жалаңаш, әйтеуір Шейбан шахтан бір жапырақ жер берші деп жалынушы Керей мен Жәнібек сұлтандар. Шейбан шахтың ХV ғасырдағы әдет-ғұрып бойынша сұлтандарды қабылдағанда қатындарын қасынан тастамай қатар отырғызып қоймағанын көкірек көзі ашық көрермен біледі. Ал бұл фильмде солай Шейбан шахқа құмай тазы, қыран бүркіт және тоқалына сұңқар сыйлап тұрып, Жәнібек сұлтан сол тоқалға қырындап жүр. Ал ханның тоқалы бөтен еркекпен оңаша қалуы «өліммен тең» екенін сценарий авторы не режиссер білмеуі, барып тұрған сорақылық.
Шейбан шахтың немересі Шахмұхаммед Жәнібек сұлтанның ұлы Қасымды көре салысымен бүгінгі қазақ тенгристеріне ұқсап: «Армысың, Қасым!» деп қояды. Соны көріп отырып мына фильмді жасаушылар ол заманда мейлі хан болсын, мейлі қараша болсын «Ассалаумағалейкүм» деп қана және қолын кеудесіне, жүрек тұсына қойып амандасатынын білмейтін болғаны ма, әлде бұл фильмде исламды насихаттаушы боп кетпейік деп қорықты ма екен деген ойға кеттік. Мұндағы кейіпкерлердің бір-бірімен сөйлескеніне қарап, сценарий авторы мен режиссер әр заманның сөйлеу стилі болатынын да білмейтін болғаны ма деген ойға кеттік. Бұл таңданарлық жайт емес пе?! Мына қызықты қараңыз: Шахмұхаммед асау атпен Шейбан шахтың ақ шатырына шауып кіргенде, риза болған атасы Шейбан шах немересіне «мысығым-ау» дегенін естігенде, имандай шынымыз есімізден танып қала жаздадық. Орыс қатындары баласын еркелеткенде ілуде бір «котик мой» дейтіні бар. Шахтың сол немересі түспегір орыс тоқал қатыннан туған күннің өзінде ХV ғасырда Шейбан шах оған «мысығым-ау» деуі, мүмкін бе? Бұл не деген зердесіздік, тарихқа, ұлт тарихына деген неткен жауапсыздық? Әлде осының бәрі әлдебір есеппен әдейі жасалып отыр ма?
Әдетте, патшалардың, хан-сұлтандардың жанында кем дегенде бірнеше көкелері, алып кел, шауып келушілері жүреді. Қалай екені қайдам, фильмде аңшылыққа шыққан Шейбан шах абайсызда арыстанмен жалғыз өзі қалып қояды да кенет Жәнібек сұлтан арыстанды өлтіріп, Шейбан шахты ажалдан аман сақтап қалады. Тасада тұрған біреуге Шейбан шах ымдайды, ол Жәнібек сұлтанды садақпен атып жаралайды. Әлгіні Керей сұлтан садақпен, сосын, Шейбан шах қанжар салып өлтіреді, түйеге мінген бір ақсақал үн-түнсіз дала кезіп жүр. Ел көшіп жатқанда бір кемпір бата береді. Кешіріңіздер, қазақтың арғы-бергі тарихында мұндайда ақсақал, би атаулы қырылып қалған болмаса еш уақытта кейуана ақ бата бермеген. Елде еркек жоқ болғанда ғана амалсыздан қарт ана бата беретін болған.
Сондай-ақ қазақ би-шонжарлары Шағатай ұрпағы Есенбұғадан жер сұрап баруға кеңескенде, керей мен уақ, албан, суан, дулат, шапырашты, жалайыр, арғын, найман, қоңырат екі сөзінің бірі «Жетісу» дей береді. Ал бір елдің патшасы Шах Мұхаммед «Шаруаң болмасын», «Қолым тимей жатыр» немесе «Шаруа бастан асып жатқанда шақырып, мені ойнап жүр деймісің?» – деп ұрысып тұрғанын көргенде, сол жерде ішімізді басып күлгенімізді көрсеңіз ғой… Әйтпесе сценарий авторлары ХV ғасырдағы хан тұқымын осы күнгі бір мекеменің бөлім бастығынша солай сөйлетіп қойса күлмегенде қайтесің?! Қазекем «ұйқы арсыз, күлкі арсыз» дейтін еді, сол жерде қалай күліп жібергенімізді де аңғара алмай қалдық.
Ал Қобыландының жалғыз өзі баса- көктеп атпен Шейбан шахтың ордасына кіріп барып: «Кәрі түлкі» деп балағаттауы – оның ерлігі емес, барып тұрған көргенсіздік, бассыздық. Өйткені шахтың ордасына ешкім атпен баса-көктеп кіре алмайды. Солай кіре қойған адам ол жерден аман шықпайды да.
Ноғайлының қызы Сәруар бике босанып, нәрестенің атын Асан ата (Асан қайғы болса керек) Шалкиіз деп қояды. Бұл жері шындыққа жанасады. Шалкиіз бабамыз 1465 жылы дүниеге келген.
Сүйінші сұрап келген қыз балаға ақша лақтырған Ноғайлының басшысы Мұса Қазтуғанмен тартысып, ақыры Қазтуған ел-жұртын бастап, Керей мен Жәнібекке қарай ат басын бұрады. Қазтуғанның туған жылы белгісіз, бірақ қайтыс болған жылы анық 1698 жылы деп жазылған. Сонда 1458 жылдары болған уақиғалардың арасында Қазтуған не істеп жүр? Әлде Қазтуған аңыз-деректерде пәленбай мың жыл жасайтын дию-перілердің біріне айналып кеткені ме?
Сонымен, сығандарша шұбырған жұрт ақыры Алмалық қаласының билеушісі Шағатай ұрпағы Есенбұғаға барып жер сұрайды. Өз жерін өзі сұрап жүрген десеңізші?! Бұл көріністе де сценарий авторына ХV ғасырда Есенбұғамен «Армысың, Хан ием!» деп амандасқанды қай атаңнан көріп ең» деп айтатын дені дұрыс бір қазақтың болмауы өкінішті-ақ!
Шахбудақтың жері Жаһанбике бақилық болды деген хабарды естіген туған сіңлісі Аққошы Бұрындық пен Қасымды, сосын оншақты қатынды ертіп, қайтадан Шейбан шахтың ордасы Сығанаққа аттанады. «Әй, Бұрындық, кілең қатындарды ертіп әкеліпсің» десе, анау: «Ә, Мансұр басыңды допша домалатайын ба?» – деп ХХ ғасырдың рэкеттерінше сөз саптауына қарағанда, мыналар со заманда домалатып резинадан доп жасап алып теуіп ойнаған ба демеске лаж қалмайды екен. Шахмұхаммед олар менің туыстарым деп босатып жібереді. Оны естіген Шейбан хан ашуға булығып, Қазтуғанды ұстап дарға асыңдар деп бұйырады.
Ол хабарды Сұңбалақ құс жеткізеді. Бұрындық пен Қасым бастаған қол барып Қазтуғанды құтқарады. Сөйтіп жатқанда, ойраттар келіп, қазақтардың арасында қақтығыс басталып кетеді, ақырында ойраттар қашады. Керейді хан етіп ақ кілемге көтеріп хан сайлайды, осылай кино аяқталады.
Міне, ХV ғасырдағы төл тарихымыз хақында түсірілген фильмнің сиқы осы. Ал тарихты, тұлғаларымызды дәл бұлайша сайқымазақ, бұлайша надан күйге түсіру, фильмді сондай бейәдеп, бейхабар түсірушілерге тапсыруды қылмыс десек артық бола ма қайдам, әйтеуір мына фильм – ұлттық тарихымызға да, ұлттық қолөнерімізге де жасалған үлкен қиянат.
Мәскеуден тәуелсіздік алғаннан бері қазақ киносы дүниеге әкелген туындылар туралы алуан-алуан пікірлер, көзқарастар аз айтылған жоқ. Әсіресе қазекемнің көп фильмдері әлі де орыс тілінде түсірілетіні – адамның ұяттан қызармаған жерін қалдырмайтын өрескелдік. Бұл да әлі де болса құлдық психологиядан арыла алмай жүргеніміздің бір дәлелі шығар, сірә? Әсіресе бүгінгі жарық көріп жатқан фильмдердің көп орайда ұлттық болмысымыздан, ұлттық тәлім-тәрбиеден, ұлттық рухтан алшақтап, шығандап шығып кететіні туралы көп айтылуда. «Келін», «Қайрат чемпион», «Аңшы» фильмдеріндегі ұлттық намысты таптап, халқымызды ең бір жабайы мақұлық қып көрсететін, әлем алдында ұятқа қалдыратын көргенсіздіктер талай-талай ашу-ызаға толы әңгімелерге арқау болды. Бірақ оған құлақ асып, бұнымыз қате болды деген фильм түсірушіні көрген де, естіген де емеспіз. Тіпті ондай аталы сөзге ашу шақырып бұл фильмдер шетелдерде жоғары баға алуда деп өршеленіп кететіндерін де көрдік. Осылай дегенімде әдебиеттен де, өнерден де ілім-білімі мол бір ғалым досымның қазіргі қазақ киносы хақында айтқаны әлі есімде:
– Жарайды, сен айтып отырған фильмдер ұятсыздықты, жабайылықты насихаттайтыны анық көрініп тұр. Бірақ сен бүгінгі жас-кәріңді де, ертеңгі ұрпағыңды да намыссыз, санасыз ұлтсыз, дінсіз дүбәра бір тірі жанға айналдыруды, жымысқылықпен жүзеге асырып жатқан фильмдерді шынымен білмейсің бе? Тәуелсіздік алдық деп ұлардай шулаған сонау алғашқы жылдары түсірілген әнебір «Перекресток» деген сериалсымақты-ақ алып қарашы, алысқа бармай-ақ. Қаншама эфирлік уақытты алатын, қаншама қаржы жұмсалған, не өз тілі жоқ, не діні жоқ, бір-бірімен тек орысша сөйлесетін, біз қазақпыз ғой деген сыңар ауыз сөзі жоқ, сол «Перекрестоктың» өзі-ақ қазақты ұлттық нышан дегеннен жұрдай дүбәра халыққа айналдыруға молынан жетіп жатқан жоқ па?! Абай Қарпықов деген қазақ түсірген бұл телехикая әлі де көрсетіледі. Бұл фильмнің жаңағылардан айырмашылығы осы заман адамдарын суреттеген болып отырып, қазақтың тілін, салт-дәстүрін, ұлттық тәрбиесін сақтамай-ақ бүкіл қазақ елі де, қазақтың қаласы да, даласы да, байлығы да өзге жұрт атаулыға ортақ екенін және орыс тілі деп аталатын бір ғана ортақ тілі бар әрі мәдениетті, әрі өркениетті аты-жөні жоқ ұлт боламыз дегенді қазақтың жас ұрпағының санасына білдірмей, сіңіретінінде», – деп еді досым. Содан бері теледидардан қазақтар түсірген басқа да «заманауи» сериалдарды көрген сайын досымның сол айтқаны есіме түседі. Әсіресе «Құдалар» деген хикаясымақтағы қандай жағдаят болып жатса да түрі еш өзгермей беті мен көзі не күлмей, не жыламай қимылсыз сазбеттеніп тұра беретін, актерлік шеберліктен жұрдай, тек орысша, не екі сөзінің бірі орысша жандарды көріп отырып бүгінгі қазақ осылай кете берсе, көп ұзамай кімге, қандай тіршілік иесіне айналарын ойлап зәрең ұшады. Ал арғы-бергі тарихымызда болған, мұрағаттарда аты-жөні жиі кезедесетін тұлғаларымыз туралы түсірілген фильмдер ше? Кітап бетін ашпайтын бүгінгі қазақ баласы соларды көріп болған соң:
Ой, Абылай, Сартай, сұлу Жібегің осы болса… десе не бетімізді айтамыз? Әңгімені, «Қыз Жібек» фильмінен бастап көріңізші. Қыз Жібектің әкесі Сырлыбай, Кіші жүздің беделді биі. Ол Ресей елшісі Тевкелектің бүкіл арам пиғылы қазақ жерін орыстарға қосу саясаты екенін түсініп, оған қатты қарсылық көрсеткен. Фильмде бұл туралы ләм-мим жоқ. «Қыз Жібек» жырының екінші бөлімі ел қорғаны болуға, отаншылдыққа, жаугершілікке толы пәрмені күшті пафоспен жырланады. Мұнда Қыз Жібек ата-баба үрдісімен Сансызбайға әмеңгерлік жолымен жеңгелей тиген әйел ғана емес. Ол – әрі ана, әрі сүйікті жар, әрі Сансызбайға қосылып, Қорен қалмаққа қарсы азаттық күресінің белді тұлғасы ретінде керемет көркемдікпен суреттелетін еді. Мәскеудің көңілін табу үшін баспадан шыққан эпостан да, операдан да, фильмнен де Сансызбайдың, яғни, әмеңгер күйеудің «көзін құртқан соң» фильмдегі Қыз Жібек те бұл қасиеттерінен жұрдай етілді. Сөйтіп, қазақтың ең бір ұрпақшылдық, тәрбиешілік, әйел затының ұлттық үрдіске адалдық туралы мәңгі үлгі-өнеге болуға жарарлық бұл рухани асыл қазынасы оңбаған, керітартпа, «ұлы орыс халқы» бастаған жарқын өмірге қайшы жабайылық деп түсіндірілді. Ақырында, бүгінгі ұрпақ Бекежан деген бір қанішер деп білетін болды да, ал ел үшін, жер үшін, қазақ ұлты үшін жанын жалау етіп жүрген Сансызбай деген болғанынан бейхабар, тіпті оның есімін естімеген ұрпаққа айналды. Қыз Жібек ару о заманда бұ заман мұсылман қазақ халқы естімеген өзін-өзі өлтіруші, бүгінгі теледидар тілімен айтқанда суицид жасаушы болып шықты. Бұл сол кезде ата-баба аруағынан, Қыз Жібектей ананың аруағынан қорықпай, Мәскеудегілердің қас-қабағына жетім күшіктей жәутеңдеген Қазақстан басшылығының тапсырмасымен жасалды. Бұл фильм Мәскеудің миллиондаған қазақты әдейі жасалған ашаршылықпен қыруы мен саяси қуғын-сүргін заманынан қырық жыл өткен кеңшілік заманда түсіріліп жатқанына қарамастан, бұл ерсілік туралы сол кездегі ең аузы дуалы Сәбең, Ғабеңдер бір ауыз қарсы сөз айтпағанына ренжиміз. Тіпті қуғын-сүргін кезеңдер өтіп, «халық жауы» атанғандар ақталғаннан кейінгі жылдары да сол кезде абырой-атағы жер жаңғыртып тұрған атақты жазушыларымыз бүкіл орта жүзге ардақты Науан хазіретті бүгінгі ұрпаққа сұмпайы, жексұрын қып, ал Ресей отаршылығына қарсы күрескен әрі көсем, әрі әулие Көтібар батырды әулекі, жынды-сүрей біреу қып көрсетті. Бұл – өз алдына бір әңгіме. Ал өз тізгініміз өз қолымызға тиген соң түсірілген «Көшпенділер» ше? Бұл фильмнің ұлттық рухтан мүлде алшақ жатқан тұстарын, нақты тарихи тұлғалардың түр-тұлғасы ашылмағандығын, өзге де қыруар кемшіліктері мен ерсіліктерін, біреулер 30, біреулер 40 миллион доллар деп жүрген оған жұмсаған қаржы-қаражаттың қайда ғайып болғанын айтпай-ақ қоялық. Ал мұндағы Абылайдың кісі күлерлік түр-түсін, хан деуге келмейтін жүріс-тұрысын айтпағанда, сол Абылай ханның қыздың астындағы атқа мінгесіп қашып бара жатқанының өзі-ақ ақылға сыймайтын, қазақ тарихында өз орны бар атышулы ханды қорлауға мол жетіп жатқан жоқ па? Келіссеңіз де, келіспесеңіз де дәл осы эпизод Голливудтың бір еркектің қасында міндетті түрде не бір әйел не бір негр қолдан жасалған қияметті бірге көріп, шырылдап жүретін шым-шытырық фильмдерінен көшірме деуге әбден болады. Көшірсе көшірсін, бірақ қазақтың Абылайдай ханы түгіл жай еркегі басына қанша күн туып жатса да, қатынның артына мінгесіп жаудан қашпайтынын режиссер Т.Теменов білуге міндетті еді. Жалпы, «Қазақфильм» түсірген бұл «Көшпенділердің» не тарихи, не көркем, не аңыз фильм екені түсініксіз. Кезінде ол туралы талай-талай пікір айтылғанда бір ақсақал деп жүрген актеріміз «О-ой, бұл фильмнің прокаты керемет болайын деп тұр» деген, «сәуегейлігі» де құр сөз болғанын көріп отырмыз.
Осындайда «фильмдерімізді түп-түгел түкке тұрғысыз етіп ауызды қу шөппен сүрте бермейік, «Жау жүрек мың бала» ше? Дегендерді де естіп қап жүрміз. Ендеше, сол «Жау жүрек мың балаға» кеңірек тоқталайық. Әп дегеннен айтарымыз, бұл фильмнің басты кейіпкері Сартай батыр тарихта өз орны бар, үлкен тұлға болған. Ол туралы мұрағат деректері де жеткілікті. Бірақ ол мына «Жаужүрек мың бала» фильміндегідей 16 жасында опат болған жоқ. Ол – жасы 90-нан асып өз ажалынан өлген әрі батыр, әрі би болған адам. Бұл фильмді қоюшыларға осыны және оның жанындағы 1000 баладан тұратын жасақ туралы айтқанымызда «о-ой, бұл көркем фильм ғой» деп бет бақтырмады. Бұл білместікті жуып-шаю үшін ғана айтылған сылтау ғана. Өйткені егер ол жай көркем фильм болса, оның басты кейіпкерінің есімін Сартай демей басқаша атап және мың бала деген сөз де болмауы керек еді. Ал мына күйінде бұл фильм Сартай батыр мен ол құрған мың баладан тұратын жасақ туралы тарихи шындыққа қанша қайнаса да сорпасы қосылмайтын дүние. Сондықтан бұл фильм жоңғарға да, Ресейге де тәуелсіз азат ел болу үшін қан төккен Сартай мен оның достарына, яғни аруақтарға жасалған үлкен қиянат болды.
Сонымен, әуелі Сартай батыр кім екеніне тоқталайық. (Оның Жылқайдар, Жылқаман, Бүкірек батырлар сияқты қандыкөйлек достары жайлы мұрағат деректеріне сәл кейінірек тоқталамыз). Сартай батыр есімі кіші жүзге аян Әйтеке бидің үзеңгілес серігі Байжан бидің баласы еді. Шежіре бойынша Байжан кіші жүз жақайым руының Ақбура аталығынан. Осы Ақбураның кіші әйелінен Асан, Асаннан Қосқұлақ, одан Байжан, Байжаннан Сартай туады. Батыр әрі би болған Сартай 1711 жылы туып, ұзақ ғұмыр кешіп дүниеден өткен. Оның 16 жасында мың баладан жасақ құрып, Әбілхайыр ханның әскеріне қосылып жоңғарларға қарсы, кейін Ресей басқыншылығына қарсы күрескені туралы жазба мағлұмат өте көп. Бір ғана Тевкелевтің «Күнделігінде» Сырлыбай (Қыз Жібектің әкесі), Сартай бастаған Кіші жүз шекті руының жігіттерінен қатты қауіп-қатер төнгені туралы жазбалар бар. Бір ғана мақалада Сартай батыр туралы толып жатқан тарихи, мұрағаттық деректерге түгел тоқталып шығу мүмкін емес. Ол туралы осы Тевкелевтің күнделігінде әлденеше рет, Дэвид Кэстльдің жол жазбасында, 1732–1817 жылдар аралығындағы Ресей мұрағаттарындағы құжаттарда, әсіресе хаттар мен сирек кездесетін әдебиеттерде, Ә.Кекілбаевтың «Үркер», Ю.Сергеевтің «Петербургский посол» романдарында жақайым руының Сырлыбай, Сартай, Байғара, Бәби, Жылқыаман, Жылқыайдар, Бүкірен батырлар, қарақалпақ Оразай, Нияз сұлтан, Таймас (башқұрт) тархан, тама Есет, табын Бөкенбай батырлар, билер туралы деректер өте көп. Ал Сартай батыр туралы атақты ақын Нұрмағамбет Қосжанұлы (Бөлебайұлы деп те айтылады) дастан жазғаны үшін 1937 жылы атылып кетті. Өйткені ұлт азаттығы үшін ғұмыр бойы жанын шүберекке түйіп өткен осы бабаларымызбен бірге Сартай батыр да Ресей тарихи оқулықтары мен көркем шығармаларында «ұры-қары», «баскесер», «қарақшы» деп көрсетілген. Иә, Ресей – Ресей болғаннан бастап күні бүгінге шейін бауырлас халықтарды бір-біріне айдап салумен келеді. Орыстар 1733 жылғы башқұрт Таймас батырға 3000 адамдық әскер беріп кіші жүз жеріне жорыққа аттандырғанда оларды Сартай мен Жылқыаман бастаған қазақ жастары ойсырата жеңеді. Бұл туралы 1734 жылғы 1 мамырда И.Крыловтың Анна патшайымға жолдаған ақпаратында да көрсетілген дейді тарихшылар. Осы «Сартай батыр» дастаны марқұм әрі тарихшы, әрі журналист-жазушы Өмірзақ Долымбетовтің жетекшілігімен 1996 жылы «Санат» баспасынан жарық көрерде өзім оған редактор болған едім. Әттең, билігі жағынан да, батырлығы жағынан да, Ресей отаршылдығына қарсы күрескерлік жағынан да исі қазаққа ортақ тұлға ретінде төбемізге көтеруге әбден лайық тұлға Сартай батыр Байжанұлы бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның ұлттық идеологиясында өз биігіне көтеріле алмауы жаныңды күйдіреді.
Иә, «Жаужүрек мың бала» фильмі қазақтың ұлттық салт-дәстүріне, ұлттық тәрбиесіне, дүниетанымына деген қарама-қайшылыққа тұнып тұр. Әрине, өмірде не болмайды, бәрі болады. Қазақта қыз бала ата-анасының үйінде отырып буаз болып қалуы болды ма, болмады ма кім білсін. Ал бола қалған жағдайда ондай қауесет о заманда масқаралық, азғындық ретінде о шеті мен бұ шетіне ұшқан құстың қанаты талатын қазақ даласына тарап кетер еді. Осы «Жаужүрек мың балада» әлі тұрмысқа шығып, басқа үйдің босағасын аттамаған Зере қыз Сартайдан екіқабат болып қалады. Мейлі, әрі желдің өтіне, жаудың бетінде жүрген Сартайдай батырдың күні ертең қаза болуы мүмкін екенін ескерген қария бұл екеуінің болашақта ерлі-зайыпты болуына батасын берген-ақ делік. Бірақ бата екі жасқа бүгіннен бастап төсекке жатыңдар, ата-баба салтын осылай бұзып, басқаларға, ертеңгі ұрпаққа бетсіздік үлгісін көрсетіңдер деген сөз емес.
Фильмдегі тағы бір сорақылық мынау: Фильмнің соңында Сартайдан ауыраяқ болып іші кәдімгідей білініп қалған Зере шаңырақ тігіп жатады. Бұл қанша жерден символикалық сәт десеңіз де, қазақ ұлтының қалыптасқан үрдісіне (традициясына) ашықтан-ашық қайшылық, тіпті қарсылық дер едік. Өйткені қазақ – қазақ болғалы үй тіккенде, әйелге шаңырақ көтертпейді. Үрдіс бойынша «Бисмиллаһи ир рахмани ир рахими» деп алып шаңырақты қарулы ер-азаматтар бақанмен көтереді. Ондайда шаңырақ құлап не бір жағына жантайып кетпеуі керек. Ол жаман ырым деп есептеледі.
«Қыз Жібек» фильмінде Бекежанға Үш жүздің әр ақсақалы өз жүзінің атын атап тұрып «Өлім!» деген жазасын айтатын еді де, сосын, бірнеше қатын-қалаш Бекежанның бетіне бір-бір түкіріп өтеді. Жырды былай қойғанда осы фильмнің өзінде де Бекежан – ел қорғап жүрген батыр. Ендеше, қанша қылмысты болса да қазақ қатындарына батырдың бетіне түкіртпейді. Шаңырақты да көтертпейді. Ал Үш жүздің ақсақалының әлгіндей «миссиясы» жырдан мүлде алшақтап, жай «жүзге бөлгеннің жүзі күйсін», «бірлік болмай тірлік болмас» деген сияқты әлдекімдер ойдан шығарған арзан ұран-мақалды дәрітпеудің өте орашолақ түрі. Мұны айтып шегініс жасаған себебіміз, осындай арзан ұраншылдық «Мың балада» да көрініп қалады. Мұнда бірнеше балаң жігіт «біз мына жерденбіз» деп, енді біреулері өздерінің ру, тайпасының атын атауы да біздің кино түсіру кезінде де ұраншылдық саясатқа түсіп кететінімізді аңғартып қалады.
Әрине, белгілі бір шығарманы, не тарихи уақиғаны сахнаға шығарғанда, киноға түсіргенде оның толық өз қалпын сақтап қалу – қиынның қиыны. Алайда негізгі желіден ауытқып, басты кейіпкердің жаратылысын, тарихи желіні ту-талақай етіп өзгерту – қай жағынан да ақтауға келмейтін әрекет. Ал біздің режиссерларға осылай десең, «бұл көркем фильм» немесе «көркем сахналық дүние» оны қалай түсіру, қалай сахналау өз еркімде дегенге шейін барады. Бар айтар дәлелі де, уәжі де сол ғана. Оған көп ретте шығарма авторының келіспей, режиссермен керілдесіп жатқанын да көріп жүрміз. Бұл жерде біздің айтпағымыз мынау: Егер ұлттық тарихта аты-жөні әйгілі тұлғалар туралы фильм түсірілетін не сахнаға шығарылатын болса, олардың өмір жолынан бастап ақтық демі біткенге шейінгі тағдырын, азды-көпті ғұмырындағы мінез-құлқын, мақсат-мұратын қолдан келгенше ешқандай заман желісінің ығына қарай бұрмай, әр режиссер өзінше «шешім шығармай», қолдан келгенше тарихи шындықтан тым шығандап кетпеуге күш салса екен дегіміз келеді. Ал өйтуге болмаған жағдайда Абылайды «Көшпенділердегідей» аласұрған, қатынның артына мінгескен қашақ; Науан қазіретті – қатігез, жауыз; ел қорғаған әрі би, әрі батыр, әрі әулие Көтібарды жындысүйер, алаңғасар; Қыз Жібекті суицид жасаушы; Сартайды қыршынынан қиылған бозбала көрсеткеніміз де жетер; Қазтуғанды өзінен бірнеше жүз жыл бұрын өмірден өтіп сүйегі қурап қалған Жәнібек пен Керейдің замандасы қылып, бір фильмдерді алдағы уақытта осы күйінде көрсете бересің бе? Ау, азат ел атанғанымызға 34 жыл болғалы тұр. Ең болмаса, ұлттық тарихымыз алдағы ұрпақты туған ұлты туралы ақиқаттан адастырмай осы фильмдерді сәл де болса жөндеп иман-таразыға келтірейік те. Тұлғалардың аты-жөнін өзгертіп беру керек шығар? Әйтпесе мұндай тарихи тұлғаларымызды осындай көркем фильмдерден, ал «Ер Төстік» пен «Алдар көсені» мультфильмнен ғана көрген бүгінгі, ертеңгі ұрпақ «әкелеріміз аузынан тастамайтын ата-бабамыздың түрі осы-ақ па?!» деріне сөз жоқ.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау: ата-бабамыз ғасырлар бойы, әсіресе соңғы 400 жылда азаттық үшін кіммен, қай елмен көп арпалысты? Бүгінгі көптеген ұрпағымыздың ана тілінен, ұлттық намысынан айырылуына қай ел, қай ұлт себеп болды? Міне, осыны тарих оқулықтарында да, кинода да, тіпті мультфильмдерде де ашық айтпай, әлі де күлбілтелеп, сипақтаудан арылмасақ, ұлтымыздың ұлттық санасы ұйқылы-ояу күйінде қала береді.
Жан-Мұрат САХИ
ПІКІРЛЕР1