Тарихымызды тұғырлайық, ағайын!
Біз күні кешеге дейін өткен ғасырлардағы тарихымызды үш мыңжылдықпен ғана шектеп келгеніміз белгілі. Ол дәуірде тек «аспан асты» Қытай елі біздің бес мыңжылдық тарихымыз бар деп айтып жүрді. Әрине, ол заманда біздің жазба дерегіміз де, қазба дерегіміз де толықтай зерттелмей жатқанымен қатар, саяси тұрғыдан шектеулер де аз болмағанын несіне жасырамыз. Әйтпесе өте көне тарихымыз бола тұра, айналасын айбарымен ықтырып салтанат құрған хандық дәуірімізді бар-жоғы бес ғасырмен шектемес едік.
Бүгінде қазақтардың жылқыға тұңғыш ер салып, атқа мінгенінің дәлелі, Әлемдік ғылымдар мойындап отырған Көкшенің Айыртауындағы бесмыңжылдық тарихы бар ежелгі Ботай қонысының дронмен түсіргендегі көрінісі
Хандық дәуірдегі тарихымызды Жошы ұлысынан бастауға тәуекеліміз жетпесе де Ақ Орда кезеңінен бастасақ болар еді. Тәуелсіздігімізге тәубе дей отырып, кейінгі жылдары археология ғылымының табыстарының арқасында бірінен-бірі асып-түсіп жатқан «Алтын адамдардың» қазақ жерінің әр түкпірінен табылуы біздің де мыңдаған жылдарға иек артқан тарихымыздың бар екенін көрсетіп берді. Тарих ғылымдарының патриархы, біртуар ғалым Әлкей Марғұлан: «Тарих ғылымдарының атасы – археология», – деп бекер атамаса керек. Біздің жыл санауымызға дейінгі бірнеше мыңжылдықта ұлан-ғайыр қазақ даласын ерте көшпенділер мекендегеніне ұлан-ғайыр даламыздағы шөгіп жатқан обалар дәлел бола алады. «Үржар ханшайымы», «Тақсай ханшайымы» сияқты археолгиялық қорымдардан бөлек, қазақ ғылымына тың серпінді жаңалықтар әкелген «Алтын обалар» аталынып кеткен оңтүстікте Есік қаласы жанынан, батыста Аралтөбеден табылған, Ақтөбеде «Тасқопа» маңынан табылған сақ көсемдері, шығыста сақ-түркі жұртының ата қонысы – Алтай өңірінен табылған Берел қорғандары, Шілікті жазығындағы «Бәйгетөбеден», Елеке сазы алқабынан, Орталық Қазақстанда «Талды» қорымынан, солтүстікте Көкше өңірі, Айыртау топырағынан табылған Ботай қонысы сияқты қорғандардан осы дәуірдің көне мәдениет ескерткіштері – археолгиялық артефактілер тарихымызды бірнеше мыңжылдықтарға тереңдеткені бүкіл әлемге әйгілі.
Сонау ғұндар дәуірінен бастау алған көне тарихқа көз салсақ, белгілі ғалым, сыншы, аудармашы Сәйділ Талжановтың зерттеулері бойынша дүниеге мәлім ғұнның қолбасшысы Атилла жорығы төртінші ғасырда Тайға (Тоғай) арқылы терістік Қазақстан үстінен өткен екен. Бұл өлке – кейінгі ғасырларда Қимақ хандығы, Жошы хандығы, Ақ Орда хандығы, Қазақ хандығы алғаш мемлекет ретінде ту тіккен, Абылайды хан көтерген, Кенесарының ізі қалған дегдар мекен, бітімі бөлек бекзат өлке. Талайлардың таңдайын қақтыратын мөлдір шалқар сулары, тамаша көлдерімен, шоқ-шоқ болып өскен ақ қайыңды сұлу ормандарымен, айбыны асқақ әсем тауларымен көз тартып, көңілді баурайтын жер ардағы. «Елім-ай»әні арқылы Алты алашқа ұран болған, «айбынды ордабасы» Қожаберген жыраудың, «туабітті ақылман» Тоқсан бидің, «өлеңге тоқтамаған» Шал ақынның, «серілердің түп атасы» Сегіз серінің, Алты алаштың мақтанына айналған Шоқанның, саңлақ ақын Сәкен Сейфуллин «ағызған қызыл тілден шекер балды, қазақта кім білмейді Біржан салды», деп жырға қосқан алаштың ән атасы Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайдың, айтыстың ақ берені Орынбай ақын туған өңір – бұл! Абылай ханның жорықтас серіктері мен батырлары жауды қуған сайын дала да осы өңір. Дүниежүзі ғалымдарының ықыласы мен назарын аударып отырған бес мыңжылдық тарихы бар Ботай қонысы да осында. Қорытып айтсақ, кешегі Шоқан мен Мағжанның, Сәбит пен Ғабиттің ізбасары сынды кейінгі Сафуан мен Кәкімбекті туғызған киелі топырақ талант туғызбай тұра алмайды, қасиетті орын бос қалмақ емес. Алайда қазақтың қадау-қадау ұлт зиялыларының кіндік қаны тамып, арқаның ән мектебін қалыптастырған, сал-серілердің ізі қалған киелі мекен қазіргі уақытта мүлде өзгерген. Кешегі тұтас ұлтқа серіліктің символы атанған Ақан серінің «Қоскөліне» бұдан басқа лайықты жер табылмағандай кеңес дәуірінің аяқ кезіне қарай уран қалдығы төгіліп, киелі көлдің жанын қоныс еткен қазақ ауылы тұтастай ірге көтеріп көшіп кетті. Қазақтың түп-тамыры ауылмен біте қайнасқан десек те, сонау тоқсаныншы тоқырау жылдарында көп ауылдар қотарыла көшіп, үйлерінің орнында үйінділері ғана қалды. «Ұлтарақтай болса да, Атақонысы – жер қымбат», – деп отырған қаншама қазақ ауылдары қаңырап, босап қалды. Жан ауыртып, жүрек сыздатар осындай сұмдық көріністер туралы мен кезінде «Қазақ әдебиеті» газетіне жазған да болатынмын.
Бір кездері базары тарқамаған Қызылжар, Көкше өңірлері Кенесары ханның басынан бақ тайған заманнан бастап берекесі кете бастады. Ел тағдырын, ұлттың тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ тарихының әр белесінде тұлғалық деңгейге көтеріліп, ұлтқа тұлға болған, тарихта есімдері қалған сан мыңдаған батырлар бар. Кеңестік дәуірде «біртұтас совет халқын» құру идеолгиясы жанып тұрған кезеңде, қазақ тарихында «Қарақасқа атты Қамбар батырдан» басқа батыр қалмай, Кенесары көтерілісі басылғаннан кейінгі кезеңде Арқа жұртының атқа мінген бетке ұстарларының бәрі де шеттерінен (Иманжүсіп, Балуан Шолақ, Мәди, Кейкі батыр т.б.) «бұзақы», «ұры», «баукеспе», «конокрад» атанған кезең де аға ұрпақтың есінде болар. Бұл кезең туралы торғайлық арқалы ақын Ғафу Қайырбеков іште қайнап жатқан қыжылын жырға қосып:
«Әлі күнге бір сұрақ мен аңғармаған,
Сұрап келем ақылды адамдардан:
Өзге жұрттың хандары керемет боп,
Біздің хандар қалайша жаман болған?!» –
деп өлең жазғаны үшін замандастарының айтуы бойынша Кеңес дәуірінде сардар басы саудаға түсіп, біраз қуғын көрген де екен.
Ақан ауылында көшкен жұртты тоқтату үшін заманауи жобамен салынып, кәдеге жарамай қалған құрылыс нысандарының бүгінгі көрінісі
1819 жылы Уәли хан өлгеннен кейін орыс патшалығы хан сайлауын тоқтатып, 1822 жылы шыққан «Сібір қырғыздарының Жарлығы» бойынша хандық жүйені жойды. Енді бас көтерер батырлардың жоқ екеніне көзі жеткен патша билігі «бөліп ал да, билей бер» деген басқару тәсілін қолданып, кіші жүзде екі хандық (Әбілқайыр, Бөкей хандығы) құрған болса, орта жүз руларын да екі хандыққа бөлу (Абылай сұлтанның баласы Уәли хан және Барақ сұлтанның баласы Бөкей хан) саясатын ұстанған болатын. Алайда ол екі хан да бірінен соң, бірі қайтыс болған соң, соны сылтау еткен патша билігі енді орта жүзді сегіз бірдей округтерге бөліп тастады. Ежелгі қазақ қоныстарын Ертіс, Тобыл, Есіл т.б. да ірілі-ұсақ өзен бойлары мен көлдерін бойлай ресми мәліметтерде «горькая линия», ал ел аузында «қасірет белдеуі» атанған әскери казактар бекіністерімен құрсауланған әскери шептер желісін әрбір отыз, қырық шақырым аралықта пошта бекеттерін салып, жергілікті қазақтарды қыспаққа ала бастады. Ол бекеттерде өзінің маңызы мен көлеміне қарай отты қарумен жарақтанған әскери құрылымдар қызметі сақадай сай болып күзетте тұрды.Патша өкіметі 1868 жылы қабылдаған «Уақытша ережеде» қазақ жері Ресей мемлекетінің меншігі деп жаряланған еді. Арада ширек ғасырдай уақыт өткеннен кейінгі «Далалық ереже» бойынша қазақ жері, ормандары орыс мемлекетінің меншігі болып жарияланып, кейіннен «қырғыздар көшіп-қонып жүрген жер мемлекет меншігі» деп біржолата бекітіп тастады. Жалпы, қазақ жерлерін Ресей патшалығы тарапынан отарлау тарихын зерттеушілер екі кезеңге бөліп қарастырады. Оның бірінші кезеңі – әскери күшін қолдана отырып, қазақ жеріне әскери бекіністер арқылы отарлау болса, екіншісі – өлкеге орыс шаруаларын қоныстандыру арқылы жүргізілген еді. Осы кезеңді сәтті пайдаланған орыс империясы Ресейдің ішкі жағынан қарашекпен киген орыс мұжықтарын қазақ жеріне топ-тобымен қоныс аударуға мәжбүрлей бастады. Қазақ жерлеріне құр сүлдері жеткен келімсек мұжықтар, «переселендер» қаптай көшіп, ежелгі қазақ қоныстарына таяу ең шұрайлы, сулы да нулы жерлерді қалағанынша иемденіп, жер атауларын өз қалауларынша өзгертіп, уақыт өте келе өздерін осы жердің автохтонды тұрғыны, байырғы аборигендері ретінде сезіне бастағаны да осы тұс. Елді мекеннің көл жағасына орналасуының да өзіндік себептері бар. Өйткені шабатасын сүйреткен қарашекпенділер қазақ даласының құнарлы жеріне, өзен көлдерінің маңайына үйір болған. Орманында тұнып тұрған саңырауқұлағы мен жеміс-жидегі, көлінде толған балығы бар болса, оларға одан басқа не керек? Есесіне Ресей отаршылары қазақты көлді, көгалды жерлерінен бездіріп, шөлді аймаққа қуып шықты. Еркінсіген патша өкіметі қазақ жерлерін отарлауды үдетіп, жан-жақтан құрсауларын тарылтып қыса түсті. Ресейдің ішкі өңірлерінен өз беттерімен ағылған мұжықтарды тәртіпке салып басқару үшін патша өкіметі ежелден орта жүз рулары қоныстанған жерлерге Ф.А.Щербина, В.С.Скрыплев, В.Кузнецов, П.А.Хворостанский басқарған экспедициялар шығарып, олардың басты мақсаты жөнінде: «Было решено посылать ходоков (ішкі жаққа сыймай еріксіз өз беттерімен жер ауған мұжықтарды осылай атаған) в Азиатскую Россию (сол кездің өзінде-ақ меншіктене бастаған) для искания, осмотра и зачисления – свободных казенных земель», – деп жазып, қазақ даласының басы артық «бос жатқан» жерлерін анықтау және жаңадан келетін переселендерге алдын ала қазақ жерін бөліп беру екенін айқын көрсетеді. Қазақтың кең байтақ жерін табиғи-географиялық, шаруашылық, ру-тайпалық құрылымын зерттеу арқылы қазақтардың дәстүрлі мал шаруашылығына, көшіп-қонуына қажетті жер мөлшерін анықтап, қалған жерлерді қоныс аудару қорларына аудару болды. Сондықтан бұл экспедициялардың мақсаттары тек біреу ғана, яғни Патшалық Ресейдің қазақ жерлерін отарлауының «ғылыми негізін» жасап, «заңдастыру» болғаны бүгінгі күндері айқындалған. Бір сөзбен айтқанда, бұл экспедициялар қазақ жерлерін отарлауға ғылыми негіз жасап берді. Осылайша, қазан төңкерісіне дейін ғасырлар бойы жайлаған миллиондаған десятина қазақ жері «артық жер» болып жарияланып, қара шекпенді шаруаларға, казактарға бөлініп берілді. Тек қана осы экспедициялар «еңбегінің» нәтижесінде, қазақтардың ұпайынан ондаған миллион десятина жер алқабы казак әскери әкімшілігі мен келімсектерді орналастыратын учаскенің басқаруына берілген. Қарт қаламгер Сапабек Әсіп өзінің «Қатерлі дерт, қалжыраған халық» деген кітабында, бұл туралы: «Егер Ресей империясы қазақтың 45 миллион десятина, яғни 65 миллион гектар жерін тартып алмаған болса, олар соншалық аштық апатына ұрынбаған болар еді. Ұрынған күннің өзінде шығыны Украинадағыдай, 8-10 пайыздан аспас еді», – деп жазып, қорытынды жасайды. «Егеменді Қазақтан» газетінің 1992 жылдың 11–15 қыркүйек күндеріндегі үш нөмірінде қатарынан Қазақстан Республикасының халық жазушысы Иван Шеголихиннің «Өткен күндер мен келер күнге көз салсам» атты мақаласы, дұрысында, өткен күн мен келер күн туралы толғанысы жарияланды: «Өзгерістердің қалай құбылғанына қарамастан, орыстардың есінен шықпауы тиіс бір нәрсе бар: бұл жер – қазақтардың ежелден келе жатқан атамекені, ал біз оған қалай десек те кейінгі кезде келгеніміз ақиқат. Шынымды айтайын, осы жағдайды оңайлықпен мойындағың келмейді-ақ.
Тек орындары ғана қалған көшкен ауылдардың жұртында Кеңес дәуірін еске түсіретін мынадай ескерткіш белгілер әлі тұр
Бүкіл өмірің туған жеріңнен тыс, тағдырдың жазғаны шығар, жат өлкеде өткенін біреудің аузынан есту әрі тосын, әрі күйінішті. Ал біз болсақ, өз ата-аналарымыздың бұл өлкеге қашан және қалай келгенін де ұмыта бастаған едік. Енді амалсыз сұрастыруға, білуге, ақталуға тура келіп отыр. Әрине, жалпы алғанда, орыстар өздерінің бір кезде Ресейден ауып келгенін түгел біледі, өздерінің әртүрлі кезеңдерде келгендері бәрінің де есінде. Көпшілігі өз еріктерінен тыс зорлықтың салдарынан келуге мәжбүр болды», – деп ағынан жарылып, ақиқатын айтқан екен.Патша өкіметі қазақ жерін әкімшілік жүйе бойынша бөліске салу нәтижесінде ежелгі қазақи топонимдік атаулар да адам танымастай өзгеріп, көпшілігі қоныс аударған келімсектер атымен аталынып кетті. Жалпы, топонимика саласындағы атаулардың ішінде саяси тарихтың ықпалына көбірек түсіп, өзгеріске жиі ұшырап жататын түрі – елді мекендер атауы. Елді кім билесе – сол, өз билігін заңдастырудың, яғни мойындатудың бірден-бір құралы ретінде, өзінің жүргізіп отырған саясатына ыңғайлап, елді мекендердің атауын өзгертуге тырысады. Қарастырылып отырған ауданның елді мекендері атауының үстірт өзгеріске ұшырап, көне заманнан қалыптасып қалған тарихи атаулардың жойылып кетуі ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы патшалық Ресейдің Қазақстанды өз құрамына енгізіп, отарлап алу барысында жаппай орын алды. Нақтылай айтқанда, елді мекендер атауын жаппай өзгерту – қазақтан жерді тартып алып, оған келімсектерді қоныстандыру саясатын заңдастырудың ең төте және сенімді құралына айналды. Оған осы күнге дейін сеңі бұзылмай тұрған елді мекен атаулары куә. Солтүстік аймақтардағы қазіргі жер атаулары – Антоновка, Аксеновка, Береславка, Высокое, Всеволодовка, Воскресеновка, Горное, Грачевка, Гусаковка, Елецкое, Заря, Карловка, Казанка, Карсаковка, Кирилловка, Комаровка, Качиловка, Карасевка, Кругловка, Кутузовка, Константиновка, Колесниковка, Красногорка, Лавровка, Лобаново, Матвеевка, Междуозерное, Наследниковка, Новоукраинка, Новосветловка, Никольское, Орловка, Рузаевка, Цуриковка, Целинное, Юдинка т.б. (бұл бір ғана Айыртау ауданындағы елді мекендердің толық қамтылмаған атаулары. Бүкіл өңір түгілі бір ауданды толықтай қамту мүмкін емес) деген сияқты славян тілді этнотопонимдердің көбесі сетінемей, іргесі сөгілмей әлі күнге дейін тұр. Міне, осылайша, терістік Қызылжар, Көкше өңірлері жер атаулары жағынан Ресей империясының бір аймағына айналғандай болып тұр. «Байырғы атаулардың бағы жанар күн қашан туар екен?!» деп халықтың көңілі алаң болуда. Клара Әмірқызының «Атақоныс ақиқаты» өлкетану жазбасы мен жергілікті өлкетанушы Байкен Көбеевтің «Жас қазақ» газетіне шыққан танымдық мақаласында келтірген мәліметтері бойынша, «Боровое» көлінің әу бастағы атауы – «Әулиекөл», «Чебачье» деп жүргені кәдімгі – «Айнакөл». Жер бедерінің дәл сипатын беретін қандай жарасымды атаулар. Жалпы, әр нәрсені ырым ететін қазақ бауырына басқан жер-суының атын да қадірі мен қасиетіне, өңі мен түсіне қарап қойған ғой. Көл суымен бетін жуған адамның бағы жанады деген ырым бар. Бертінде ғана Саумалкөл атанған аудан орталығының бұрынғы атауы – Володаровский. Білдей бір ауданның атын иеленген Володаровский ақ қашып, қызыл шапқан аласапыранда Саумалкөлдің іргесінен топырақ бұйырған ақтың солдаты екен. Қай еңбегі сіңгенін кім білсін, жетпіс жыл бойы әлгі аудан Володаровскийдің атауын иемденіп келген. Қазір бұл аудан «Айыртау» ауданы деп аталады, түйенің қос өркешіндей болып алыстан менмұндалап тұрған тауды жергілікті қазақтар Айыртау деп жүрсе, ал кешегі келімсек мұжықтардың ұрпағы әлі күнге дейін өздеріне ыңғайлап «Два брата» деп қойған атын ұмытар емес. Жергілікті жыр жампозы, көрнекті ақын Кәкімбек Салықов өзінің «Асыл аймақ – Айыртау» атты өлеңінде:
«Айыртау – асыл мекен арқадағы,
Бал кәусар жан баурайды тау самалы.
Қиядан қос өркешті көз шалғанда,
Аңсаған ата-анаңдай қарсы алады», – деп жырлаған «ұлылар елі – серілер жері» атанған киелі теріскей өңірдің «бір кем дүниесі» де осы болар.
Осы тізімді әрі қарай жалғастырар болсақ, Новоникольскінің – Қояндыкөл, Новоселовканың – Жалтыркөл, Веселоенің – Балапан, Быстримовканың – Жалпаққарағай, Граниновканың – Тақыржыланды, Михайловканың – Жыланды, Меньшикованың – Қарағайлысай, Новомарковканың – Үшаша, Спасскоеның – Сарымсақты аталғаны туралы нақты деректер бар. Ақкөл ауданындағы Урюпинка ауылы ілкі заманда Шолаққарасу аталған екен. Ресейдің Волгоград облысындағы Урюпинск қаласынан қарашекпенділердің жайлы жер іздеп, үдере көшіп келулеріне байланысты бұл жер Урюпинка аталған. Әйтсе де, ескі атауы біраз уақытқа дейін жойылмай, Сосновка-Урюпина деген қосарлы атпен аталған. Ново-Рыбинский ауылының байырғы атауы – Шортанкөл. Михаиловка ауылы Мойылды өзенінің жағасынан ірге тепкен. Өзен аңғарындағы Михайловканың әуел бастағы есімі Мойылды екені ешбір талас тудырмайды. Новочеркасск елді мекенінің бұрынғы атауы – Шаншар, ал Камышенка ауылының бұрынғы атауы – Балықты. Бұл елді мекен, жер атауларының өзгеруі кеңес дәуірінде де жалғасып, ұлғаймаса азайған жоқ. Патша өкіметі тұсында жергілікті жер атаулары орысша аударма түрінде немесе патша ағзамның атымен байланысты болса, енді Кеңес өкіметі дәуірінде бұған қосымша пролетариат «көсемдерінің» аттарын әр аймақта жарыса беру қалыпты жағдайға айналды. Көкшетаулық тарихшы Қадіржан Абуевтің зерттеулері бойынша, Көкше жерінің сәні болған Саумалкөл – Кривое озеро, Карасу – Карасевка, Ақсу – Белое, Шағалалы – Чаглинка, Үлкен өзен – Большой изюм, Тайынша – Красноармейск, Қызылжар – Красный Яр, Қойтас – Гагарино, Қостомар – Костомаровка, Жарқын көлі – Светлое, Бүркітті – Орловка, Арай – Заря, Көкалажар –Гавриловка, Егіндіағаш – Восточное т.б. болып шыға келген. «Қопа» көлі жағасындағы ауыл 1921–1936 жылдар аралығында «Молотов» атындағы коммуна болып аталынып, кейіннен «Политотдел» ауылы болып өзгертілген.
Міне, бұл тізімдерді соза берсек таусылмайды, арнайы зерттесек бір кітапқа жүк болары сөзсіз. Ол үшін мемлекеттік деңгейдегі ғылыми жоба аясында кешенді зерттеулер қажет. Көкшелік ақберен ақын Баянғали Әлімжанов «Көкшетау картасына көз салсақ» деген толғауында:
Елді мекен,
Қазаққа Киров қорған болды ма екен?
Чапаевты көкседік кегін қуып,
Гагарин осында кеп қонды ма екен?
Даланың ыстығына күйіп Щорс,
Буденный суығына тоңды ма екен?
«Айтайын шындықты ашып шақ
келгендей,
Жеріме хақы бар ма ат бергендей?
Заураловка деп ат қойыпты,
Көтеріп Орал таудан ап келгендей.
Донской, Невскийге совхоз бердік,
Ел қорғап олар біздің жақта өлгендей.
Антонов, Алексеев, Николаев,
Қазаққа көңілін көп бөлді ме екен?
Чехов пен Максим Горький
Көкшетауды,
Мағжаннан артық жырлап
берді ме екен?» –
деген жыр жолдарында «біртұтас совет халқын» қалыптастырып, «коммунистік қоғам» құрамыз деген жылдар елесінің шежіресі мен шері жатыр. Келімсектер тобыры көбейген сайын қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары аяққа таптала бастады. Жердің шұрайлысын, судың тұнығын иеленген мұжықтардың келуімен, тұрғылықты халықтың үлес салмағы бірден азайды. Мәселен, тарихшы Н.Е.Бекмаханованың зерттеулері бойынша, тек қана 1897–1915 жылдар аралығында қазақ жеріне бір жарым миллион адам қоныстанған екен. Өзге ұлттың біздің жерімізде басым болуы сол кезеңнен басталғаны ақиқат. Ал біз болсақ, тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асса да, өз қандастарымызды атажұртына қосу үдерісін осы межеге жеткізе алмай жүрміз. Ашығын айтқанда, бұдан бір ғасыр бұрын патша билігі жүзеге асыра алған шараға біздің билік әлі жете алмай келеді. Қазіргі уақытта қазақ даласының солтүстік өңірі депопуляция (жергілікті халық санының азаюы) кезеңін бастан өткеруде. Бұны жақсы құбылыс деп айта алмаймыз.Жалпы, орыс адамдарының қазақ жеріне қоныстану тарихын қорытындылар болсақ, оның салдары күні бүгінге дейін («әлі де бұл жерлер ежелден біздің атақонысымыз деп жүргендер аз емес») жойылған жоқ. Кешегі Хрущев бастап, Горбачев, Солженицындер жалғастырған «сара жолдар» әлі де әр бес жыл сайын жоспарлы түрде бас көтеріп қоятыны бүкіл елге белгілі. Петропавл қаласына барсаңыз Ресейге келгендей күн кешесіз, теміржол вокзалы көршіміздің заңымен (қазақ тілі былай тұрсын, тіпті жолаушылар пойызының уақыты да Мәскеу уақытымен көрсетілген) қызмет көрсетеді. Қала атауы қазаққа «Қызылжар» атауымен танымал болса да, солтүстік қақпамыз аталған Петропавл және Павлодар қалалары екі жүз жылдан аса уақыт өтсе де сол қалпы, мызғымай тұр. Патшалық кезең келмеске кеткен совет дәуірінде де (дегенмен де тарихқа жүгінсек, Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің қаулысы бойынша кеңес өкіметінің алғашқы кезеңдерінде елді советтік сипаттағы әкімшілік бөліністерге сай бұл аймақты «Қызылжар округі» деп атаған екен, бірақ көп ұзамай белгісіз себептермен қайтадан бұрынғы атауын қалдырған) өзгермеген қала атаулары қазіргі жаңарған жаңа Қазақстан дәуірінде де өзгермейтін тәрізді. Сондықтан да еліміздің солтүстік аймағында этнопоулизм амбициясы көзге ұрып тұр. Қазіргі күнде ресейліктердің (сыртқысы бар, ішкісі бар) Қазақстанда болып жатқан барлық тірліктерге (экономикалық, әкімшілік, әлеуметтік т.б.) араласа беруді әдетке айналдырып алды. Этнопоулизм – халықтың арасында іріткі салатын өте қауіпті дерт. Этнопоулизм бар жерде, ешқашан да ұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Олар өз халқын жұрттың бәрінен үстем, биік тұрған халық деп ұғынады, ал Қазақстанның этнодемографиялық қазіргі жағдайында этнопоулизмге жол беру – бұл да өте қауіпті құбылыс.Қорытып айтқанда, көп сөздің түйіні:
«Еділ, Жайық екі өзен,
Талсыз болар деймісің.
Көкшетаудың көп көлі,
Елсіз болар деймісің», – деп Ақтанберді жырға қосқандай ел – жерсіз, жер – иесіз бола қоймас. «Бірақ елсіз жер жау шақырады» дегендей, теріскей өңірде қазақтар үлесінің аз болуы өз алдына бөтен тілдегі жер атауларының саны басым жерде бөгде жұрттың рухы көтеріліп, керісінше, жергілікті халық өз жеріңде өзі өгей баланың күйін сезінері сөзсіз. Өкінішке қарай, бізде әлі күнге дейін тәуелсіздік психологиясы толық қалыптаспаған. Әлі күнге дейін «Ресейден бөлініп, Ресейден алыстасақ құримыз» деген отарлық санадан арылған жоқпыз.Қалай десек те, тарихы терең, тұғыры биік атажұрт, қойнауы құт берекеге толы, кербез сұлу Көкше жерінің бүгінгі келбеті осындай болып тұр. Француз ғалымы Фрэнсис Фанон: «Азаттық алған, яғни жаңа дәуірді бастан кешіп отырған елдің отарлаушылар қалдырған басты белгісі – тілінің бөлінуі, өздерінің маргиналдануы мен патологияға ұшырауы және құлдық психология кебін киюі», – деп тұжырым жасаған екен. Фанонның айтуынша, қоғамның негізі қатынас құралына айналып отырған отарлаушы елдің тілі – отарланушыға әлі де болса күш кімнің жағында екенін аңғартып тұратын басты белгі. Ал біздің терістік өңіріміздегі негізгі қолданыста жүрген тіл, ол – орыс тілі екені көпке белгілі.
Дәуренбек Ескекбаев,
тарих ғылымының
кандидаты