«Ұлт зиялыларының басын қосқан бірегей ұйым»
Қазақстан Жазушылар одағының ел өміріндегі тарихи орны, рухани кеңістігіміздегі маңызы баршаға мәлім. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы ұйымның кезекті XVI құрылтайына құттықтау хатын жолдады.
Құрметті қаламгерлер!
Сіздерді Қазақстан Жазушылар одағы құрылтайының басталуымен құттықтаймын!
Жазушылар одағы – қазақ руханиятының қара шаңырағы, ұлт зиялыларының басын қосқан бірегей құрылым. Шын мәнінде, қазіргі заманғы қазақ әдебиеті мен қаламгерлеріміздің қасиетті ордасын бөле-жара қарау мүмкін емес. Ғасырға жуық тарихы бар ұйымда төл мәдениетіміздің дамуына ерекше еңбек сіңірген біртуар тұлғаларымыздың ізі қалған. Жаңа толқын сол ұлыларымыздың ұлағатты жолын лайықты жалғастырып келеді.
Әдебиет – ұлттың айнасы. Онда халқымыздың бүкіл болмысы, жан дүниесі түгел тоғысқан. Көркемсөз жұртымыздың тарихи жады мен рухани құндылықтарын сақтауға, тамыры берік әрі санасы сергек ұрпақ тәрбиелеуге тікелей ықпал етеді.
Ұлттың өсіп-өркендеуі үшін, ең алдымен оның мәдениеті дамуы керек. Төл әдебиетімізді заман талабына сай жаңғыртып, көкжиегін кеңейте түсу – маңызды міндет. Осы орайда бір елге ғана емес, жалпы адамзатқа ортақ мәселелерді көтерген кесек туындылардың қажет екені анық. Мұндай шығармаларды дүниеге әкелуге ақын-жазушыларымыздың қарым-қабілеті әбден жетеді деп ойлаймын.
Қалам – киелі құндылық. Сөз құдіреті халықты ыдырата да, біріктіре де алады. Біз қазіргі жаһандану дәуірінде өзге өркениеттерге жұтылып кетпей, егемен ел әрі дербес ұлт ретінде сақталудың қамын ойлауымыз керек. Сондықтан барша қаламгерлеріміздің бірлікті ту етіп, ел мүддесі жолында ұлтты ұйыстыруға адал қызмет етуі өте маңызды.
Бүгінгі алқалы жиында салмақты ой, салиқалы пікір айтылып, сөз зергерлерінің шығармашылығына тың серпін беретін жаңа үрдістерге жол ашылады деп сенемін.
Халықтың рухын көтеретін тың туындыларымыз көп болсын!
Құрылтай жұмысына табыс тілеймін!
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Жазушылары одағының XVI құрылтайы 12 мамыр күні Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында (Алматы қ-сы) ұйымшылдықпен өткені белгілі. Құрылтайға Алматыда тұратын қаламгерлер мен облыс орталықтарынан, шет аудандардан келген ақын-жазушылар – жиыны бес жүзден аса делегат қатысты.
Жиын барысында ТҮРКСОЙДЫҢ аясында құрылған түркі дүниесі Жазушылар одағының Төрағасы болып бекіген ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулетке қаламгерлер атынан рақмет айтылып, иығына зерлі шапан жабылды.
Жазушылар одағы басқармасының жаңа құрамы бірауыздан белгілі жазушы Мереке Құлкеновті басқарма төрағалығына сайлады. Құрылтай соңында делегаттар Қазақстан Жазушылар одағының XVI құрылтайына қолдау білдірген мемлекет басшысына жеделхат жолдады. Жеделхатта былай делінген:
Қазақстан Республикасының
Президенті Қ.К.Тоқаевқа жеделхат
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Қазақстан Жазушылар одағының кезекті XVI құрылтайы жоғары деңгейде өтті. Жиында қаламгерлер шығармашылыққа қатысты өз ойларын ортаға салып, Жаңа Қазақстанда ұлттық әдебиеттің алар орны ерекше екенін атай отырып, рухани дамуы бағытын байыта түсу үшін қоғамға ойлы, көркем шығармалар ұсынатындарын жеткізді.
Қаламгерлерге қолдау көрсеткеніңіз үшін сізге үлкен рақмет!
Қазақстан Жазушылары одағының XVI құрылтайы