Қазақ прозасындағы ұлт зиялыларының тұлғасы
11.06.2024
529
0

Жас ұрпаққа өткен кезеңнің тарихын жаңаша пайымдауға мүмкіндік беретін ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларының тұлғасы егемендігімізді алғаннан бастап поэзиялық, драмалық және көлемді прозалық шығармаларда өзіндік өрнегімен кеңінен көрініс таба бастағаны белгілі. ХХІ ғасыр басындағы шағын әңгімелерден де осы үрдісті кез­дестіреміз. Бұл тарапта Қабдеш Жұмаділовтің «Ақынның ақырғы күндері» (2000), Мұхтар Мағауинның «Нала» (2001), Шәкен Күмісбайұлының «Қанмен жазылған заң» (2017), т.б. әңгімелерді атауға болады. Қаламгерлер ұлт зиялыларының бейнесін образдау арқылы еліміздің азат­тық жолындағы сан қилы оқиғаларды олардың тағдырымен байланыстырып, шығарма арқауына негіз етіп алады. Заман шындығын көрсете отырып бүгінгі ұрпаққа ой тастайды. Ең ғажабы, Сәкен, Сұлтанмахмұт, Барлыбек сынды тұлғаларды басты нысанаға алған бұл әңгімелерде Алаш көсемдері ерекше аталып, еңбектері айшықталған.
Қ.Жұмаділовтің «Ақынның ақырғы күндері» әңгімесінде ұлт үшін жанын пида еткен зиялылар өмірінің түрмедегі азапқа түскен соңғы күндерімен таныс боламыз. «Ел басына тағы бір апат­тың төнгені анық. Астары арыда, зілі тереңде. Бұл жолғы нысанасы – зиялы қауым», – деп түйін түйген жазушының бір ғана Сәкеннің тағдырын емес, қазақ халқы үшін орны бөлек барша ұлт зиялыларының тағдырын ашына сипат­тап отырғаны айрықша көрініс тапқан.
Шығармада: «Ақын өр еді, тәкаппар еді. Көрген адамның көзі тояр сымбат­ты еді. Қазір содан жұрнақ та қалған жоқ. Қыры сынып болған. Абақтының алғашқы күндері осындай қыр сындыруға, тұтқынды кісілік қалыптан айыруға жұмсалады екен», – деген жазушының алғашқы баяндауынан-ақ ақынның алдағы күндерінің тозаққа айналатынын оқырман бірден сезінеді, жаны ашиды. Туындыда жазалаушылардың бейнесі де сұмдық көрініс тапқан. Жала жапқан тергеушілердің іс-әрекеті былай тұрсын, ұрып-соғушылардың өзін жазушы: «Босағада НКВД-ның қарғылы төбеті, аты – қазақ, заты – ібіліс Дәуқара манадан бері бұйрық күтіп тұрған-ды. Кісі сабау­дың теңдесі жоқ шебері…» немесе «Әлдекім қалың ұлтанды шойтабан етікпен тепкілей бастаған…» – деп сипат­тап, ақынның қаншалықты қорлық көргенін жеткізген. Бұл арада қазақты қазаққа айдап салу шындығы да қалыс қалмаған. Ке­йінгі жастардың саяси санасының дұрыс қалыптасуына ықпалы зор бұл мәселеге қаламгердің үлкен мән беруі де өз орнымен сәт­ті шыққан.


Сәкеннің түрмедегі тергеушіге берген жауаптарынан оның қазаққа тән өр мінезі, қайсарлығы таныла түседі. Өзінің елінде құрған Кеңес өкіметі өзіне қазылған ор болды. Сәкен қаншама рет сол Кеңес өкіметін құруға атсалысқан адам екенін айтса да одан әрі қылмыскер болды. «Жапон тыңшысы», т.б. жалалармен 58-статьяның барлық тармақтарын иеленеді. Ақын шығармалары арқылы өзінің қарсыластарына сес көрсеткісі келген еді, бірақ онысы да өзі ойлағандай емес, керісінше болып шығады.
Тергеуде көрген азабын ойлағанда өзіне қол жұмсап өлгісі келгенмен реті келмей, мойынға тағатын жіп немесе қолын кесетін темір сияқты зат­тардың болмауы да ақынды тұншықтыра түседі. Бостандықта жүргенде еш ажалдан қорықпайтын өр тұлғалы Сәкен Сейфуллин абақтыда өлімге асығады.
Жазушы ақынның есіне алдымен Мағжанды түседі. «Мағжан қалай тауып айт­қан:
«Мені де өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!» – деген жолдар қазір мұны бесік жырындай тербетеді. Ит тірлікте кімнің қадірін кім білген, қайран Мәкең дәнішпан екен ғой. Өзі айт­қандай, «Күннен туған, Гүннен туған пайғамбар». Айтпақшы, сол Мағжан да қайта ұсталған сияқты. Оның бостандыққа шыққанына жыл толды ма, толмады ма? Бір мәрте жазасын өтеп қайт­қан ақынды қайта қамағаны несі екен? Секем алғаны, соңғы сұрақтың бірінде Мағжанның аты шығып қалды. Ол да, сірә, «Жапонияның шпионы» болса керек». Міне, осы тұста оқырманға қазақ поэзиясының «пайғамбары» Мағжанның да түрмеде көрген азабы елестейтіні сөзсіз. Бұл тарапта әңгімедегі: «Әт­тең, дүние-ай, басқа азамат­тардың да көрген күні осы шығар», – деген пайымдау да жеткілікті.
Сондай-ақ шығармада ақын Бейім­бет Майлин мен Ілияс Жансүгіровті де ерекше есіне алады. «…Осыдан бір ай шамасы бұрын Бейімбет­ті көріп қалды. Мұны сұраққа әкеле жатқанда, оны екі жендет екі қолтығынан алып, шала-жансар күйінде дәлізде сүйреп барады екен. Қайран, Би-ағаң! Бір жылы туған төл еді… қой аузынан шөп алмас момыным-ай! Саған мынадай зауал туғанда, басқамызға не жорық. Былтыр жазда ең алдымен ұсталған Ілияс еді. Ол байғұс не күйде жүр екен. Қалың пұшпақ, қайрат­ты еді. Бірақ мынадай қанды қасапқа қалай төтеп берсін-ау! Өзінің «Құлагері» сияқты Батыраштың балтасынан мерт болатын шығар». Осындай қысқаша штрихпен-ақ Бейімбет пен Ілиястың бар болмысын толық ашып қана қоймай, өзіне тән суреткерлік қырларымен Қ.Жұмаділов момындық пен қайрат­тықты қатар ала отырып сол қоғамды сынға алады. Қалыпты талабы жоқ, тәртіпсіз дегенге саяды. Мағжанның түрмеге қайта түсуі де – жазушы үшін әділетсіз. Тағы бір ескере кететін жайт, Дулат Исабековтің «Жүз жылдық махаббат» пьесасындағы Мағжанның А.М.Горькийге жазған хатында «…Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, т.б. ұлт мақтаныштары бұл күнде жазықсыз жапа шегуде», – деп беріліп, мұнда да Ілиястың есімі алдымен аталады. Тарихи деректерге сүйенсек, Ілияс Жансүгіров 1938 жылдың 26-ақпанында, Бейімбет Майлин 10-қарашада, Сәкен Сейфуллин 1939 жылдың 25-ақпанында жазаланған деп көрсетілген. Демек, «ең алдымен ұсталған Ілияс еді» деген Қ.Жұмаділов те, Д.Исабеков те осы тарихи мәлімет­терге сүйенген тәрізді. Сондай-ақ ескере кететін тағы бір жайт, Қ.Жұмаділовтің осы «Ақынның ақырғы күндері» әңгімесіндегі С.Сейфуллиннің Сталин, Голощекиндермен кез­десуіне қатысты ой-толғамдары мен деректері қазақтың белгілі тұлғасы Қаныш Сәтбаев туралы жазылған «Академиктің көз жасы» деген әңгімесінде де қайталанады. Бәлкім, репрессия ғана емес, аштыққа ұшыраған халықтың тағдырына да тікелей себепкер болған өзге ұлт басшыларының саяси пиғылын аша түскісі келген шығар.
Қ.Жұмаділов осы әңгімесінде саяси қуғынға түскен қазақ зиялыларының ішінен алаш рухты тұлғаларды ерекше көрсетуге тырысады. Туындыда: «Ұлт­тың көсемдері… Бір есептен, ана Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжандардың армандары жоқ. Өз ұлтының бостандығы үшін күресті. Сол жолда басын берді. Ары – таза, жолы – сара. Нағыз құрбандар деп соларды айтса болады. Ал қызыл коммунистер кімнің құрбаны? Сонша шапқылағанда тапқан олжасы осы ма?» – деген кейіпкердің ішкі монологы арқылы Алаш қайраткерлерінің есімі ардақталып, олар ақын көзқарасымен құрмет­теледі. Мағжанмен байланысына қатысты тергеуші сұрағына жауап бергенде Сәкеннің: «Ондай бәтуаға келіп, сонау қиырдағы Жапониямен тіл табыссақ, арман не?!» – деуінен ұлт­тық мүдде тұрғысынан онымен бір екені де ашық байқалады. Осы тұстағы қаламгердің «…армандары жоқ», «…арман не?!» деген шешімдерімен М.Мағауинның «Нала» әңгімесіндегі Сұлтанмахмұт­тың аузымен айт­қызған: «Миллет­тің мүддесі жолында жапа шеккен адамда арман жоқ!» – деген тоқтамы өзара үндестік тауып жатыр.
М.Мағауинның «Нала» әңгімесіне келсек, мұнда Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ақындығымен қоса азамат­тық тұлғасы қатар өрбіген. Жазушы басты тұлғаның өмір жолын сипат­тауда ақынның күнделігіндегі, өлеңдері мен «Айқапқа» шыққан жазбаларындағы деректерді негізге алып, көпшілікке белгілі осы тарихи шындықтарды көркемдікпен шебер үйлестіре білген.
Қаламгер Сұлтанмахмұт­тың ел үшін жасаған жарқын бейнесін сомдауда оның «Шоң» серіктестігін құруға ұмтылған тұстарына да басымдық береді. Әңгімедегі: «…Қазір бүкіл қазақ еңсесін жазып, елдік жолын таңдады. Алаштың жоғын жоқтаған азамат­тар шықты. Әлихан төре Петірборға, ақ патшаның дәрге­йіне де­йін барды. Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетін шығарып, атаның аруа­ғын қайта көтеріп отырды. Міржақып Дулатұлы «Оян, қазақ!» – деп жар салып тұр. Осы ұлы дүбірге сіздер де үн қосыңыздар. Соның әуелгі бір жоралғысы – «Шоң серіктігі», – деп тәмамдады сөзін», – деген баяндауда өз ұлтының болашағы үшін алаңдаған ақынның биік тұлғасы бүгінгі жас буынды сүйсіндіреді. Сонымен бірге әңгімеде үш мәрте сөз етілген Алаш қайраткерлері жайлы деректердің біріншісін осы тұста аңғарсақ, қалған екеуі Сәдуа­қас мырзамен диалогында бедерленген. Ал мұндағы деректердің ішінде «ақ патшаның дәрге­йіне де­йін барған», яғни 1905 жылғы бірінші мемлекет­тік Думадан басталған Алаш қозғалысын «ұлы дүбірге» балауы жазушы сөз саптауының салмағын арт­тыра түседі.
Шығармада Сәдуақас мырзаның «Айқап» пен «Қазақ» арасындағы келіспеу­шіліктің мәнісін кекесін түрде сұрағанына ақын тұшымды жауабымен тосқауыл қояды. Бұл арада екінші рет аталған ұлт зиялылардың ішінде «оқыған, көргені көп, есті кісі» Мұхаметжан мырзаға ілтипаты да, «Әлихан төре негіздеп, Ахмет Байтұрсынұлы шығарып отырған «Қазаққа» берген көзқарасы да оқырманға сенімділік ұялатады. Өйткені бұнда: «Алаштың болашағы туралы пікір жарыстыру ғана» деген тұжырым бар. Ал үшінші рет аталып өтетін Алаш зиялылары туралы деректерде олардың патша заманында да тар қапасқа түскенінен хабардар етіледі. Жазушы мұны алаштықтардың ұлт үшін жасаған әрекетін жақтырмай айт­қан Сәдуақас мырзаның сөздері арқылы былай өрбітеді: «– Сол Әлихан төре мен Ахмет, әлгі… Дулат­тың баласы… Мадияр дегені, әсіресе… осылар бір пәлеге ұшыратпаса нет­ті! Ақ патшаның әмірі қат­ты, құрығы ұзын. Не бітіреміз деп ойлайды, қайда барамыз деп ойлайды. Ормандай көп орыстың мұртын балта шаппайды. Бәрі де бос әурешілік!
Сұлтанмахмұт осы кез­де ғана байып­тады. Садуақас мырза жай ғана қаба сақал емес, орыс сақал екен. Бетіндегі бар түгін орыстың мұжықтары сияқты, еркін жіберген…». Осы арада назар аударатын тағы бір жайт өзге елдің жыртысын жыртқандарды тұспалдап сынау аңғарылады, яғни өз ұлтына жаны ашымайтын қазақтың төресін орыстың мұжығымен қатар алған қаламгердің «орыс сақал екен» деген емеурінінен-ақ ащы мысқыл айқын көрініп тұр. Сонымен, әңгімеде: «Әлекең бастаған Алаш азамат­тары», – деген құрметпен қатар, олардың негізгі мұраты да толық ашылған. «– Онда анау Ахмет Байтұрсынұлы апта аралатпай неге түрмеге отырып жүр? Газет тоқтап қалды, Ахаң қамаққа алынды деп жар салып жатқан өздері емес пе! Ал, бір рет айыбын төледі. Екінші рет мүсіркеді. Ақыр түбі не болмақ?» – деген Садуақас мырзаның күмәні де, «– Миллет­тің мүддесі жолында жапа шеккен адамда арман жоқ!» – деген Сұлтанмахмұт­тың жауабы да нанымды. Қай қоғамда болмасын, жас буынға зерделі ой салып, олардың тарихи санасының қалыптасуына ойшылдар мен зиялылар тағылымының ықпалы күшті болатыны белгілі.
Осы орайда ұлт зиялысы Барлыбек Сырт­тановтың өмір жолы, өз ұлтына жасаған адал қызметі жайлы жазылған Ш.Күмісбайұлының «Қанмен жазылған заң» әңгімесінің де өнегесі мол. Әңгіменің соңғы бөлімінде қаламгер басты кейіпкердің тұлғасын аша түсу үшін Бақытжан Қаратаев, Мұхамеджан Тынышбаев, Жақып Ақпаев, Көлбай Төгісов, Абдолла Теміров сынды ұлт зиялыларымен қарым-қатынасын шынайы сурет­теп, олардың қазақ балаларын оқыту мәселесіндегі қызметімен қоса, тұңғыш қазақ заңының жобасын талқылауына үлкен ден қойған. Кейіп­керлердің әңгімелесуінде 1911 жылға де­йінгі ұлт зиялыларының арасында болған түрлі жиындарды (Дума, 1905 жылғы Оралдағы бес аймақтың делегат­тары бас қосқан жиын, т.б.) тақырып етіп қозғағанын назарға салуы да Алаш қозғалысының алғашқы нышандарынан белгі береді. Туындыдағы: «…Айтпақшы, саған Әл-Ағаң (Әлихан)өзіңе бір үлкен шаруаны табыстапты ғой. Сол құжат жазылса, алға қойған ісіміздің жетекшісі болар, – деді ол Барлыбекке бұрылып. – Қазақша жазылуы міндет­ті. Қалай дегенде, Барлыбек бауырым, сен Санкт-Петербург императорлық университетінің шығыстану факультетін үздік бітірген қазақ емессің бе?» – деген Бақытжанның сөзі арқылы басты тұлғаның сол уақыт­тағы Санкт-Петербургте оқыған санаулы ұлт зиялыларының бірегейі ретінде мақтанышпен ескертілуі сәт­ті шыққанымен, Ә.Бөкейхановты «Әл-Ағаң» деп алуы оқырманға түсініксіздікті тудыртады. Екі тұлғаның да туған жылы (1866 ж.) кейбір деректерде бірдей. «Қазақ» газетінде (1915 ж. №95, 96) көңіл білдіру мақсатында басылған М.Тынышбаевтың «Барлыбек Сырт­танов» ат­ты мақаласында да: «…Ғалиханға жолығып, көп сөйледік» деп һәм өзге сондай сөздерді айтып, маған хат жазды» («Қазақ» газеті. 1915 жыл. Алматы: Елтаным, 2017. 28-б.) – деп көрсетіліп, атымен атайтыны Барлыбектің өз сөзімен дәлелденіп тұр. Әрине, қаламгерлердің де тарихи деректерге сүйене отырып жазатыны анық. Бәлкім, осы мақаладағы: «Сырт­тан батырдың үшінші баласы Барлыбек 1867- жылы туды…» («Қазақ» газеті. 1915 жыл. Алматы: Елтаным, 2017. 21-б.) – деген деректі негіз еткен болар. Немесе Ә.Бөкейхановты ел ағасы болып қалыптасқан қырынан танытқысы келуі де мүмкін. Өйткені шығармада: «Өзіңе үлкен шаруаны табыстапты», – деген емеуріні оның ұлт көсемі ретіндегі тұлғасын аша түседі. Сонымен бірге «Сол құжат жазылса, алға қойған ісіміздің жетекшісі болар» дегенді Бақытжанның аузымен айт­қызу арқылы Барлыбектің де ұлт мүддесіне қосқан өлшеусіз үлесін нақты айқындап беріп отыр.
Осы әңгімеде сипат­талған Алаш зиялысы М.Тынышбаевтың бейнесі де өзі жазған мақала мазмұнынан алыс емес. Б.Сырт­тановтың өмірбаяны, тұтас болмыс бітімі, қызметі, елге және өзіне жасаған жақсылықтарын барынша қамтыған мақаласында М.Тынышбаев: «Барлыбек марқұм әлі келгенше қазақты ілгері бастыруға һәм жан-жақтан қорғау­ға көп тырысты», – деп оның ұлтына сіңірген еңбегін әділ бағалаған еді. Сондай-ақ «Науқас болып, қан түкірді…» деген мәліметі де осы көркем шығармада былайша сурет­теледі:«Он тоғызыншы бап: «Жердің кені, суы, көлі, һәм таулары қазақ елінің игілігінде». Барлыбек сәл тоқтап еді, Бақытжанның: «Бауырым, ары қарай оқы»,– деген дауысы естілді.
Сол сәт Барлыбекті оқыс жөтел ауыз жаптыртпай, қолорамалымен тұмшалап аузын басып, есікке қарай ата жөнелді. Ақ параққа жалма-жан үңілген Бақытжан мен Абдолланың қағазға шашыраған қан түйіршіктеріне көзі түсіп абдырап қалды. Бұл 1911 жылдың 13-маусымы еді».
Жалпы, ұлт зиялыларының тұлғасы сомдалған қандай шығармаларды оқысақ та олардың үлгілі істерін қаламгерлер мейлінше шынайы насихат­тап отырған. Әрине, ұлт­тық мүддені сезінуде жас ұрпаққа өткен тарихын, елі үшін құрбан болған зиялылар тұлғасын біле түсу – асыл парыз.

Күнімжан ӘБДІҚАЛЫҚ,
профессор
Жанат АЛИЕВА,
Қазақ Ұлт­тық қыздар педагогикалық
университетінің аға оқытушысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір