Бішкекте қазақ-қырғыз зиялыларының ІХ форумы өтті
Қырғызстан астанасындағы Ұлттық тарих мұражайында «Мәдени дипломатия бауырластықты нығайту жолында» қазақ-қырғыз зиялыларының ІХ форумы өтті. Іс-шараға Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Нурланбек Тургунбекуулу, Қырғыз Республикасы президентінің кеңесшісі Аслан Қойчиев, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, екі елдің зиялы қауым өкілдері, қазақ диаспорасы және жастар қатысты.

Құттықтау сөз сөйлеген Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Қырғызстан зиялыларының алдында тұрған маңызды міндеттерге тоқталды.
— Екі елдің әдебиеті мен өнерін насихаттауға басымдық беру керек. Бұл жұмыс аясында белгілі ақын-жазушылардың дәрістерін ұйымдастыру орынды болар еді деп ойлаймыз. Мәдени мұралар мен әдеби шығармаларды цифрлық кеңістікте сақтау өте маңызды. Осы мақсатта біз ғылыми еңбектердің электронды нұсқаларын жасау, виртуалдық мұражайларды және т. б. жобаларды ұйымдастыруды ұсынамыз. Өз тарапымыздан аталған бастамаларды іскер асыру үшін қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Сенат төрағасы.
Кездесу барысында екі елдің шығармашылық қауымдастығы екі ел арасындағы терең тарихи-мәдени байланыстарға негізделген қазақ-қырғыз мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтағы оң үрдісті талқылады.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов өз сөзінде ғасырлар бойы екі халықтың қаламгерлері бір-біріне ықпал етіп, ортақ идеяларды жырлап, өзара рухани байланыстарды нығайтып отырғандығын, қазақ пен қырғыз халықтарының ауыз әдебиеті мазмұны мен түрі жағынан өте ұқсас екендігін айта келіп, бүгінде екі ал арасында өрбіп жатқан әдеби байланыстарға тоқталды.
– Қазіргі кезеңде де қазақ пен қырғыз әдебиетшілері, жазушылар одағы, баспалары бір-бірімен шығармашылық байланыстарын үзген емес. Кітап аудармалары, бірлескен конференциялар, фестивальдар – бәрі де халықтарымыздың достығын одан әрі тереңдетуде. Сөзіміздің дәлелі ретінде республикалық «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының 2022 жылғы шығарылымдарын толықтай қырғыз әдебиетіне арнағанын айтсақ та жетіп жатыр. Аталған басылым «Қырғыз әдебиеті» айдарымен жыл бойы қырғыз қаламгерлерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, үзбей жариялап отырды.
Бұдан өзге «Түркі әлемінің әдебиеті» атты тарихи-мәдени, рухани байланыстарды нығайту жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Жобаның басты мақсаты – түркі елдері әдебиетінің ең үздік шығармаларын қазақ тіліне аударып, шығару. Шығармалар 1991 жылдан, яғни туысқан мемлекеттер Тәуелсіздік алған кезден кейін жазылуы шарт, сөйтіп, біз ол елдердің советтік дәуірдегі социалистік реализм дәстүрлерінен арылған, жаңа заман әдебиетін өз оқырмандарымыздың игілігіне айналдырмақпыз. Қазіргі таңда үш мемлекет – Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстандағы Жазушылар одақтарымен тиісті меморандумдарға қол қойылып, алдын ала дайындық жұмыстары атқарылды. Әр елден 52 автор, барлығы 156 қаламгер қамтылып отыр. Басқа да түркі елдерінің шығармашылық одақтарымен келіссөздер жүргізілуде, – деді Басқарма төрағасы.
Мереке Әбдешұлы қазақ-қырғыз зиялыларының ІХ форумына қатысушы зиялы қауым өкілдері алдында өз ұсынысын тастады.
– Осы орайда, сол тұстағы төрт миллион қазақтың екі миллионын құрбан қылған, миллионға жуық адамның шекарадан асып кетуіне себеп болған жаппай ашаршылық жылдарын айтқым келеді. Бұл нәубет пен зұлматқа толы жылдар ағайын екі халық үшін де тарихтың азалы парақтары болып қалмақ. Туған жерімен қоштасқан талай қазақтың Новосібір, Барнаул, Кемерово жақта жанын баққаны мәлім. Бұдан өзге қаншама халық Өзбекстанда, Түрікменстанда, Қарақалпақстанда аман қалды. Біраз ел Алатаудан асып Қырғызстанда пана тапты.
Осы қиын-қыстау кезде ашаршылықтан көз ашпаған қазақтарға жәрдемдесіп, қол ұшын созған азамат қырғыз үкіметінің басшысы Жүсіп Әбдірахманов болатын. Сол тұста астық дайындау жоспарын орындап, шолақ белсенділік танытпай, азық-түлікті орталыққа жібермей, өз елінде алып қалған, осылайша, Қырғызстанда ашаршылық зұлматын азайтып, 200 қазақ отбасын ашаршылық нәубетінен аман алып қалған Жүсіп Әбдірахмановтың ерлігін қазақ халқы ұмытпайды.
Айтулы қазақ ақыны Ығылман Шөреков: «Ел қамын жеген ерлердің, Сөз білген жанда хақы бар» деген екен. Осы ретте, Астана мен Алматы қалаларында елінің қамын жеген ер – Жүсіп Әбдірахмановтың ескерткішін орнату керек деп санаймын. Бұл екі халықтың өткен тарихы үшін де, мәңгілік достығы үшін де маңызы зор ескерткіш болар еді, – деді М.Құлкенов өз сөзінде.
Форумға қатысқан қазақстандық арнайы делегация өкілдері сонымен қатар Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, А.Осмонов атындағы Ұлттық кітапханасында 2020 жылы ашылған Абай Құнанбаев атындағы Қырғыз-Қазақ мәдени орталығында болып, әдеби жәдігерлермен, кітап қорымен танысты.
Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі