ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУІ
31.01.2023
289
0

Жуырда Қырғыстан елінде Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына арналған қазақ-қырғыз зиялыларының VII форумы өтті. Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының спикері М.Әшімбаев, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Қырғыз Республикасы Жогорку Кеңешінің төрағасы Н.Шакенов, Қырғызстанның Мемлекеттік хатшысы С.Касмамбетов және қос елдің зиялы қауым өкілдері бас қосқан жиында қазақ пен қырғыз халқының тарихи, мәдени және рухани байланысын нығайту, оны дамыту, Шыңғыс Айтматовтың шоқтығы биік шығармаларының таусылмас нәрін жас ұрпақ санасына сіңіру туралы терең сөздер қозғалды.

Қырғызстанға ресми сапары аясында Мәулен Әшімбаев бастаған Сенат делегациясының мүшелері Қырғыз елінің президенті Садыр Жапаровпен кездесті. Сондай-ақ Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына арналған VII қазақ-қырғыз форумына қатысты. Жиналғандар арасында екі елдің ақын-жазушылары, тарихшылар мен Айтматовтың шығармашылығын зерттеуші ғалымдар бар. Мәулен Әшімбаев өзара қарым-қатынасты нығайтуға үлес қосқан қырғыз зиялыларына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан алғыс білдірді. Бірқатар қайраткерге еліміздің мемлекеттік наградаларын табыстады. Сенаторлар қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, хәкімнің рухына тағзым етті.
«Сапар аясында бірқатар кездесулер өткіздім. Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хат­шысы Сүйүнбек Касмамбетовпен кез­десіп, екі елдің арасындағы тығыз байла­ныс­ты онан әр бекіте түсетін ортақ жобалар туралы сөз қозғадық.
Мемлекеттік хатшыға шақыруымды қабыл алып, Астана қаласында алғаш рет өткен Орталық Азия медиа форумына белсенді қатысқаны үшін ризашылық білдірдім. Сондай-ақ Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Максутовпен кездестім.
Қазір ақпарат саласында екі елді біріктіретін бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Қырғыз Республикасының аумағында «Қазақстан» корпорациясының «Qazaqstan International» және «Balapan International» атты екі телеарнасы таратыла бастады.
Әріптесіммен бірге ақпарат, ортақ телевизиялық контент жасау, креативті индустрия саласында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаластық», – дейді Дархан Қуандықұлы, сапар жайлы тарқата жазған сөзінде.
Келелі кездесуде білім және ғылым тақырыбы да талқыланды. Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқитын Қырғызстан азаматтары үшін квота саны ұлғаяды. Сонымен қатар Бішкекте әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филиалы ашылатын болды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір