Тарих тереңінен маржан сүзген
Бүгінде біздің Бекең – Қазақстанның Құрметті жазушысы, Парасат, Құрмет ордендерінің иегері, көрнекті қаламгер Бектұр аға Төлеуғалиұлы қос қапталына мол қазына теңдеген қатепті қара нардай маң-маң басып сексен бес деген кемел, қария жастың қыр желкесіне шығып отыр. Ағамыздың қалам ұстаған көп ағайыннан ерекшелігі – жазу өнерінің ұңғыл-шұңғылын үйрететін шеберлік мектебінен өткен кәсіби әдебиетші емес, талабымен тас жарып, ұлы музаның қасиетті табалдырығын аңсарлы махаббатпен имене аттаған парасат иесі.
Бекең – балалығын соғыс өрті шарпыған шерлі ұрпақтың өкілі. Тәй-тәй басып талпынған шағында майданға аттанған әкенің елес-бейнесі ең болмаса есінде де қалған жоқ, мәңгілік жүрегіне байланған сағынышты өксікпен өзіне шақырып, Варшавадағы Бауырластар зиратында жатыр. Сөйтіп, жесір ананың аузымен тістеп жүріп жеткізген жалғызы, сол кездегі өзінің замандастары секілді, қабырғасы қатпай жатып-ақ еңбекке ерте араласады. Қайда барып, не істесе де талапты, іскер, адалдығымен төңірегіне сүйкімі артып, аз жылда ел аузындағы айтулы азаматтардың біріне айналады. Мамандығы бойынша, инженер-механик һәм кейіндеу Москвадағы Шверник атындағы Кәсіподақтардың жоғары мектебін тамамдап, экономист мамандығын алған. Әр жылдары қатардағы механиктен бастап, бас инженер, кеңшар директоры, Маңғыстау аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, ауыл шаруашылығы саласы бойынша облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы сияқты лауазымды қызметтер атқарған.
Тіршілік қамы, уақыт талабы өмірін басқа арнаға бұрып жіберсе де, әдебиет оның бір бүйірінде жатқан аңсары еді, шөліркеп кеп бас қойған кәусарындай, сырлы, сиқырлы сөздің сыңғыры жанын арбап, небір асқақ қиялдарға шарықтататын. Құймақұлақ, қағылез жігіт қызмет бабымен қазыналы Түбектің ой мен қырын шарлап жүріп, көкірегі шежіре көнекөз қариялардың аузындағы есті сөз, ескі әңгімелерді тыңдаудан әсте жалыққан емес. Малшының қараша үйі, геологтердің дүңгіршегі, пішенші қосында таңды-таңға ұрып айтылатын жыр-дастандар талай-талай тарихтың басын шалып, замана көшіндегі небір тағдырлардың өшіп бара жатқан елесін тірілтетін.
Ат тұяғының дүбірі, алдаспанның шыңылымен тарихы жазылған қазақ даласының қай пұшпағы да тұнған сыр, тылсым жұмбақ қой. Сөз қадірін бір кісідей білетін Бекең аңыз әлдилеген қасиетті өлкенің әр тасы, әр қиясы шерткен шежірені жастайынан жаттап өскені мәлім. Абыз қариялардың таңдайын сауып ұзақ түндер тыңдаған қилы әңгіме, қисса-хикаялар шерткен түрлі тарих маржандай тізіліп, жүрегінің түбіне қаттала берді. Ел-жер тарихына, әдебиетке деген осынау құштарлық жылдар өте келе еріксіз қолына қалам ұстатқан еді. Әуелгіде тарихи шағын этюдтар, әңгімелер, өзі қоян-қолтық араласып жүрген күнделікті өмірдегі түрлі әлеуметтік мәселелерді қозғайтын өткір мақалалар жазып, мерзімдік баспасөзде көріне бастайды. Олардың қай-қайсысы да деректерінің сонылығы, танымдық сипатының тереңдігі һәм өзектілігімен ерекшеленетін. Әсіресе Махамбеттің күрескерлік жолын кеңінен қамтитын көлемді зерттеуі, Олжас Сүлейменовтің әйгілі «Таңбалар тілі» кітабы туралы талдау мақаласы немесе өзімен сыныптас болған заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев жайлы «Біздің балалық шағымыз» дейтін естелігі оқырманның зор ықыласына бөленді. Осылай қалам қарымын шағын жанрда сынап көрген жазушы бірте-бірте көркем прозаға ден қояды.
Әдебиетке елуді еңсеріп барып бет бұрса да, Бекең аз жылда өндіре жазып, талай-талай татымды туындыларымен деректі прозамызға олжа салды, қаламымен тарихқа тіл бітірген санаулы саңлақтардың қатарына қосылды. Бір-бірімен өзектес жүлге тартқан «Балдағы алтын ақ болат», «Адай тарихы сыр шертеді», «Бас сардар» тәрізді тарихи-деректі романдары таным көкжиегімізді кеңейткен, шын мәніндегі құнды дүниелер екені даусыз. Солардың ішінде, «Бас сардар» романының алатын орны ерекше, тақырыпты ашу, деректерді жүйелеу, дәуір тынысын сезіну секілді түрлі компоненттерді шебер қиыстыру тұрғысында жазушының қалам қарымын танытқан біршама сәтті туынды дер едік.
Шығарма жоңғар басқыншыларына қарсы халықтық ұлы жорықта кіші жүз қолын басқарған бас сардар Ер Шотанның қаһармандық өмір жолын арқау еткен. Ғасырлар бойы жұлқысып, екі қолы жау жағасында өткен қазақ халқының тарихында небір ерен көкжал баһадүрлер болған. Өкінішке қарай, солардың көбінің есімі аталмай тасада қалып, тарих жадынан өше бастады. Белгілі бір аумақтағы ру-тайпалардың аңыз-шежіресінде дәріптелгені болмаса, хатқа түсіп, былайғы жалпақ жұртқа кеңінен насихатталмай келеді. Солардың бірі – адай руынан шыққан Жары Шотан Назарұлы. Шотан – тарихымызда қанды әріппен жазылған әйгілі «Бұланты», «Аңырақай» шайқастарынан бастап, ең ақыры 1771 жылғы торғауыттарды қазақ жерінен түре қуатын «Шаңды жорыққа» дейін қатысып қол бастаған сардар. Әйткенмен Шотан батыр туралы тасқа түсіп таңбаланған тарихи деректер тым тапшы, тіпті жоқтың қасы. Ә. Кекілбаев «Үркер», «Елең-алаң» романдарында Шотанның Әбілқайыр қолының ішінде Адай жасағын басқарып, Бұланты,
Жайық бойындағы, Аңырақай даласындағы жоңғарға қарсы соғысқа қатысқаны туралы мағлұмат келтіреді. Сондай-ақ белгілі ақын Қаржаубай Рейімбекұлының «Ер Шотан» атты көлемді дастаны да бар. Бірақ бұл шығармалардың қай-қайсысы да ел аузындағы аңыз-әңгімеден бастау алғаны мәлім.
«… Баяғының аңызы,
Айтсаң кірер маңызы…
Көбі жалған, көбі шын,
Көпшіліктің көңілі үшін
Көтермелеп айтамыз,
Көкжал Ердің жөні үшін…» (С.Қаралаев) демекші, ауыздан-ауызға жеткен ескі аңыз-әңгіме, жыр-хиссалардың үстемесі көп, дәйегі көмескі екені ешқандай талас тудырмаса керек. Әу баста болғаны рас болғанымен уақиға келе-келе айтушылардың көңіл ауаны, пайым-түсінігі, ақындық шалықтауларына қарай, түрліше құбылып танымастай өзгеріске ұшырайтыны табиғи құбылыс. Сондықтан оны көп ретте тарихи шындықтың нақпа-нақ баламасы деп қабылдау қиын. Бұл ретте автордың Шотан батыр туралы ел аузындағы жыр-аңыздың бір жақты ізімен кетпей, реалистік портрет жасау үшін ұзақ ізденгені көрініп тұр. Шындықты шаңнан аршып, кейіпкерлердің іс-әрекетін нақты өмірге барынша жақындатуға тырысқан. Өзі айтқандай, батырдың қазіргі көзі тірі ұрпақтарымен жүздесіп, іштеріндегі сөз білетін қариялардан көп сырға қанық болады.
Жазушы романға Шотанның өмірін арқау ете отырып, бүкіл бір тарихи кезеңге барлау жасайды. Түрлі кейіпкерлердің ішкі қайшылыққа толы ой-сезімі, іс-әрекеті арқылы сол заманның жанды бейнесін көз алдымызға тосады. Роман адай руының шежіресін, оның ішінде, Шотанның тікелей ата-тегін түптеп тарататын қызықты деректерге толы көлемді кіріспеден басталады. Мифтік сюжеттердің молынан кірігіп, оған қоса зерттеуші ғалымдардың дәйекті пікірлері тарихи параллель ретінде жанама өріліп отыруы, шығарманың танымдық һәм көркемдік құндылығын үстей түскен.
Бағзы қазақтың түсінігінде жаратылысы өзгеше жандардың тағдыры әлдебір тылсыммен тамырласып жататыны белгілі. Романда Шотанның дүниеге келу тарихы ел аузындағы аңыз үлгісінде өрбіп, қызғылықты оқылады. Назардың бірінші әйелі Құбажан алты жыл құрсақ көтермей жүреді. Бір күні бәйбіше түс көріп, түсінде Қыдыр ата аян береді: «Шырағым, кейінірек құрсақ көтересің, оған дейін енеңе айтып, Назарды қалаған қызына үйлендір. Жыл өткен соң ұлды болады, баланы өзің етегіңе салып ал, атын Шотан қоярсыңдар», – дейді. Сөйтіп, Назар Айболат байдың Мақпалжан деген қызына құда түседі. Мақпалжан көп өтпей жолбарыстың жүрегіне жерік болады. Назар бастаған алты жігіт аңға шығып, лапылдаған өрттей қып-қызыл жолбарыс пен ақбөкеннің текесін атып әкеледі. Жолбарыс пен текенің жүрегін жеті күн бойы қуырып жеген соң, Мақпалжанның талғағы тарқапты. Ай-күні жетіп босанған бойда баланы өз бауырына басқан тұмса Құбажанның тас емшегі иіп қоя беріпті. Шотан күн санап өсіп, айрықша күш иесі болады. Сегіз жасында шу асауды үйретіп, ат құлағында ойнайды. Маңғыстауда Қыдыр көрген үш Назардың бірі осы Шотанның әкесі Жары Назар деп аталады. Шотанның он үш жасында Назардың үйіне ақ түйе мінген, ақ сақалы беліне түскен бір қария келіп қонады. Үй иесі құдайы қонақты құрақ ұшып күтеді. Бұл рамазан айының Қадір түні еді. Қарияның тегін адам емесін білген Назар ертеңінде таңғы намазды бірге оқып болған соң, төрт баласын қарттың алдына әкеп бата сұрайды. Әрқайсының болашағын болжай келе, Шотанды көргенде: «Мына бала жүрекжұтқан батырдың өзі болады, еліңді жаудан қорғайтындардың біреуі – осы! Аллаһу акбар, әмин!» – деп өзі де, есік алдында шөккен ақ атаны да сол сәтте көзден ғайып болады. Таң-тамаша болған Назар көргенін ағасы Бектеміс ахунға айтқанда, ол кітап ашып: «Үйіңе Қыдыр ата қоныпты, әулетімізге Қыдыр дарыды. Бозқасқа шалып, садақа бер», – деген екен.
Романдағы этнографиялық суреттер де әсерлі айшықталған. Есейіп, ат жалын тартып мінген Шотанмен бірге біз де баба дәстүріміздің уызы шайқалмаған сонау көшпенділердің ғажайып әлеміне саяхат шеккендей боламыз. Аламан, күрес, көкпар, қыз қуу, жамбы ату, алтыбақан сияқты жігіттің мәрттігі сыналар сайыстың бәрінде де Шотанның мерейі үстем боп шығады. Сөйтіп, астындағы Шұбары бәйгенің алдын бермей, белдескенін жығып, қолдасқанын ықтырып, он жеті жасар бозбаланың аты аспандап тұрады айналасына.
Бұл кез қазақ халқының Ақтабан шұбырындыға ұшырап, басына нәубет төнген шақ еді. Әз-Тәукенің тұсында «Жеті жарғы» жасалып, елді басқарудың заңдық негіздері түзілгенмен, айналадағы анталаған жаудан қорғанудың дипломатиялық тұрғыдан да, әскери тұрғыдан да қам-харакеті жасалмады. Кез келген қолайлы сәтте тап беруден тайынбайтын ежелгі жау қалмақ-жоңғардың мылтық-зеңбірек сияқты от қарумен жасақталып жатқаны ескерілмеді. Тәуке өлген соң, Қазақ Ордасының береке-бірлігі кете бастайды. Тақтан дәмелі хан-сұлтандар өзара қырқысып, жібі бос, жігерсіз Болат ханды мойындамайды. Іс жүзінде, Әбілқайыр хан, Батыр хан, Сәмеке хан, Әбілмәмбет хан, Жолбарыс хан, Барақ сұлтан «бас-басына би болып», тұтас қазақты жеке-жеке билеп-төстейді. 1723 жылы Цебан Рабдан бастаған қалмақтың қалың қолы тұтқиылдан лап қойғанда, бір тудың астында біріге алмай берекесі қашқан қазақ тұрымтай тұсына, балапан басына, сай-сайды сағалап шілдің құмалағындай шашырап жоғалады. Бұл тұста елді бірлікке, ерді ақылға шақыратын данагөйдің бірі – Әйтеке би дүниеден озған. Оны елу алты жасында Әли сұлтан, Уәлибақы, Садық қожа дейтін үш қаскөй у беріп өлтіреді. Бүкіл оңтүстік өңір жаудың қол астында қалды. Орта жүздің қалың елі Ертістен сыпырыла төңкеріліп, Арқаға қарай жосыды. Айла тапқан Әбілқайыр хан «жерден айырылсақ та, елден айырылмайық» деген ақылмен кіші жүздің басым бөлігін бастап, Еділ-Жайық бойына ығысты. Ел басына күн туған осындай алмағайып сәтте, Отан үшін жанын шүберекке түйіп талай баһадүрлер атқа қонғаны белгілі. Соның бірі – Ер Шотан. Романда Шотанның асқан қайраты, соғыс ісіне жетік ақыл-айласы, жүрек жұтқан өжеттігі шайқас үстінде шеберлікпен суреттеледі. Он сегіз жасар баһадүр Әбілқайырдың қолымен бірге тұңғыш рет Қарақұмдағы қанды шайқасқа қатысады. Шотанның жекпе-жекке шыққан сәтін автор былайша бейнелейді: «… Қалмақ жағынан астындағы атынан өзі үлкен, қалқаны шаңырақтай, басы қарақазандай біреу тебініп: «Осында Саурық бар ма? Батыр болса, жекпе-жекке шықсын, қорықса, ең мықтысын жіберсін!» – деп айқайды салып ортаға шыға келді… Саурық: «Көптен бері жекпе-жекке шықпай арқам құрысып жүр еді, Құдай бергенін қайтып алмаса, желкесін үзіп келейін!» – деп атына міне бергені сол еді, қалың қол шу ете түсті. Оқша ұшып бара жатқан адам ба, әлде шұбар жолбарыс па, айырып болғысыз зымыраған біреу жеткен бойда қалмақты ат үстінен қағып түсірді. Қайта айналып барып кесіп алған қалмақтың басын Саурықтың алдына тастады да, ортаға сіңіп жоқ болып кетті…» Жаудың он мыңнан астам шерігін тар шатқалға қамап жер жастандырған осынау қанды шайқаста, жас Шотан қамысты жапырған құйындай жолындағысын оңды-солды жайпап, теңдесіз ерлік көрсетеді. Қас батырдың сұрапыл қайраты, ақыл-айласына тәнті болған Әбілқайыр хан оны кіші жүз жасағының бас сардары етіп тағайындайды.
Әбілқайыр «Шотанның қолындағы найзаны көріп: «Тым ұзын екен, салмағы қандай?» – деп қолын созды. Шотан ат үстінде тұрған Әбілқайырға жақындап кеп найзасын ұсынып еді, әуелі оң қолымен көтеріп барып, екі қолымен ұстады да: «Мынаның салмағы екі пұттан кем емес-ау», – деп таңданыс білдірді. Сабының жуандығы кез келген адамның уысына сыймайтын, ұзындығы да бес құлаштан кем емес болатын.
Әбілқайыр ауырсынып тұрған найзаны бір қолымен лып еткізіп алды да, бұрылып жүре берді…» – деп, жазушы Шотанның жаратылысы бөлек, ерекше қайрат иесі екенін шағын детальмен ишаралайды.
Шығарма қазақ тағдыры сынға түскен сұрапыл кезеңнің қилы суретін көз алдымызға тосады. Соғыс даласындағы мың-сан қол бір-бірімен бетпе-бет келіп, өліспей беріспеуге бекінген баталиялық шайқастардың панорамасы барынша әсерлі де нанымды айшықталған. Ақ найзасын жауға сілтеп жанталасқан батырлардың қаһармандық қимылы, ел тізгінін қолына ұстаған хан-сұлтандардың түрліше әрекеттеріне куә бола отырып, тұтас бір дәуірдегі қазақ қоғамындағы қалыптасқан тарихи-әлеуметтік ахуалға молынан қанығамыз. Ақтабан шұбырындыдай зобалаңға тап болатындай қазақтың басына не күн туды, қалайша бұл кепке ұшырады деген сауалға жазушы жаны қинала жауап іздейді. Романдағы жарқын образдың бірі – Әбілқайыр хан бейнесі. Халық тағдыры талқыға түскен тайғақ кешу сәтте ел тізгінін қолға алып, тар қыспақтан жол тапқан зор қайраткер тұлға екені тарихтан белгілі. Үш жүздің әскерін басқарып, «Бұланты», «Аңырақай» шайқастарында қалмақ қолын ойсырата талқандап, қазақ жеріндегі азаттық соғысының тағдырын шешуге өлшеусіз үлес қосқан адам. Алайда Әбілқайырдың ел алдындағы күн санап өскен абырой-беделін көре алмай, ішін қызғаныш өртеген өзге хан-сұлтандар арам пиғылмен ағайын арасын ала тайдай бүліктіріп лаң салумен болады. Береке-бірлікке көнбей, әрқайсысы әр жаққа бұра тартып, «жау жағадан алғанда, бөрі етектен» тартқанның керін құшады. Елдің іші – бітпес дау, сырты – анталаған жау, осындай қысылтаяң сәтте жұртының бұлыңғыр болашағына алаңдаған Әбілқайыр басқа жол таппай, амалсыздан Ресей патшасынан пана іздеп, дәргейіне жүгінуге мәжбүр болады. Бұл әрекетін, әрине, көп қазақ құптамайды. Әсіресе ілікке сылтау іздеген жымысқы хан-сұлтандардың көктен сұрағаны жерден табылып, қағанағы қарық болғаны анық. Ресей патшалығы өз қол астындағы бодан халықтардың көркейіп-гүлденуіне ешқашан мүдделі болған емес. «Ләббай, тақсыр!» деп тізерлеген кіріптар құл керек. Олардың қуатты ел болып күшейіп кетуінен сескенетін. Сондықтан іргелес ұлыстарды бір-біріне айдап салып, не бір халықты өз ішінен ірітіп үрит соқтап, қырық пышақ қырлыстырып қою, олардың қанға сіңген ежелгі әдеті еді. Сол жымысқы саясатты жүргізген губернатор Неплюев қазақ шонжарларының арасындағы алтыбақан-алауыздықты білген бойда бықсыған шоқты көсеп, отқа май құя түседі. Неплюевке арқа сүйеген қандықол Барақ сұлтан ақыры қапысын тауып, Әбілқайырды қапияда мерт қылады. Азуы алты қарыс хан ұрпағы әке кегін сұраусыз жіберсін бе, өзі де жыл өтпей Шотан бастаған батырлардың қолынан ит өліммен ажал құшады. Сондай-ақ Абылай, Саурық, Бөгенбай, Қабанбай, Атағоз сынды халық жадындағы белгілі тұлғалар соғыс сахнасында сирек көрінсе де оқушы есінде қалатындай аз сөзбен-ақ ұтымды бедерленген.
Роман соңында шүйгінді өріс, кең шиыр іздеген Ер Шотан адай елін Маңғыстауға қоныстандырып, ірге бекітеді. Жауға найза сілтеген білек күшін енді қараша жұрттың күнделікті тіршілік қамына жұмсайды. Үстірттің жері қуаң, жетпіс бес құлаш шыңыраудан құдық қазып, кенезесі кепкен мал-жанның таңдайын жібітеді. Халықтың алғыс-дұғасымен баракат ғұмыр кешіп, қария жасына жеткенде дүниеден озады-дүр.
Шығарманың көркемдік орындалу тәсіліне түрліше пікір айтуға болар, бірақ халқының өткеніне бей-жай қарамайтын бүгінгі ынталы ұрпақ үшін танымдық һәм тәлімдік мәні зор екені даусыз. Ең бастысы, асыл бейнесін шаң басып тарих жадынан өше бастаған даңқты баһадүрімен қазақ қайта қауышты, Ер Шотан тайшұбарымен дауылдатып ортамызға оралды. Әне, ол қанжығалы Бөгенбай, қаракерей Қабанбай, табын Бөкенбай, Саурықтармен бірге ақ найзасын сермеп тарих сахнасынан бізге қол бұлғап тұр. Ер Шотанның аруағына сөзбен ескерткіш соққан Бекеңдей жанкешті жазушының басты туындысы – «Бас сардарын» ерлікке пара-пар еңбек, тарихи романдар галереясының жаңадан қосылған жарқын бір беті десек, асыра айтқандық болмас.
Тұрысбек СӘУКЕТАЕВ