Қошан және «інжу-маржан» эпопеясы
01.04.2025
72
0

Қойшығұл Мұстафаұлының ел үшін, халқы үшін атқарған радио шығармашылық еңбектерінің бүгінгі таңда кесек-кесек тақырыптарға бөлініп, ғылыми талданымға енер уақыты жет­ті. Әр кезеңнің өз батыры болады. Қойшығұл Мұстафаұлы да өз заманының ой батыры, сөз батыры деуімізге негіз бар. Дәуірдің аумалы-төкпелі толқынында жүріп, республикамыздың түкпір- түкпіріндегі тар кезеңнің тасасында қалған әнші-жыршылардың өмір-тарихы мен күйші – керуеншілердің алапат замандарда алыстап кеткен рухани жәдігерлерін, ел-жұрт мекені мен аты-жөндеріне де­йін ел игілігіне қайтарып, мәдени-рухани мұрагерлік тұрғысынан қайта жаңғырт­ты. Қазақ радиосының «Алтын қорына» қосқан «Інжу-маржан» сериялы хабарлары қоғамдық-әлеумет­тік ғасыр құндылықтарының мәні орасан әрі ұлт қамы, келешек үшін бағасы ұшан-теңіз.
Осы орайда, Ұлт­тық құрылтайда «Ата-бабадан қалған мәдени мұраны заман талабына сай жаңғыртып, әлемге насихат­тау қажет», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев».
Әркімнің қолынан келе бермейтін мұндай ұлт­тық ар-намыс сипаты бар тақырыпқа белсене кірісіп, азамат­тық қадамға барудың өзі қилы дәуірде қиынның – қиыны. Соған қарамастан, идеялық көркемдігі жоғары, ел тұтастығына арқау болатын, эстетикалық әрі поэтикалық сабақтастыққа бай, мұрағат­тық өлшеусіз мұраның болашаққа дәнекерлік тәлім- тәрбиелік маңыздылығына баса назар аудара отырып, зерде сәулесіне салуы Мұстафаұлының ұрпақ алдындағы аса жоғары алғыстың – алғысы. Жастар мен студент­тердің оқу-білімге, ізденіске деген құлшынысын оятатын рухани қазына.
Қойшығұл Мұстафаұлының Қазақ радиосындағы «Інжу-маржан» тақырыбының өзі – адамгершілік пен ізгіліктен туындаған, халқына ілтипаты мол тақырып. Бұл тақырыптың жанданып, ел ішінде талқыға салынбастан, тыңдарманның қызығушылығын бірден арт­тыруы, Қазақ радиосының абыройын жоғарылат­ты.
Бала күнінде ақсақалдардың әңгімелерін үзбей тыңдап, жадында сақтап, өз алдына ой топшылап, жиған-тергенін жүрегіне түйіп есейді. «Үйге жиналған ақсақалдардың айтатыны арғы-бергі тарих, одан қалса қисса-дастандардан үзінділер, би-шешендердің сөздері, тыңдасаңыз дария дарқан мол байлыққа кенелесіз де қаласыз. Зерде- жадыңыз мықты болса тоқып отырсаңыз болғаны», – дейді Қошекең «Тіленшінің Қарақасқасы» әңгімесінде.
Міне, сол бала кез­де естіген әңгімелерді есті азамат бәрін санасына түйіп, ақылмен өрбіте білді. Оқыды, білім- ғылыммен айналысып, шығар тауының басына қарап, төңірегін шолды. Сонау ақсақалдардың айт­қан өмірнама әңгімелерін жадында қайта жаңғыртып, бағзы мен баяғының, ауыз әдебиетіндегі дүние­нің шынайы құбылысына өзінше жаңа арна, жаңаша түрен тарт­ты.
Дәуірлер мен замандардың шаңына көміліп, бар мен жоқтың дүниесіне айналған рухани жәдігерлердің халықтық, әлеумет­тік сипатымен баяндалған дала данышпандарының дауылпаз үндеріне іздеу салды. Кімдерге? Әрине, ел мен жерді, ұлт­тық қасиет пен дәстүрді, ұрпақ пен ұлылықты қорғау идеологиясына іздеу салды. Батыр би-шешендер мен дауылпаз жыршы-термешілерді, күйші-толғаушылар мен сал-серілерді. Солардың елдің, ұрпақтың қамы мен амандығы үшін айт­қан асыл сөз, аманат, тілектерін қиянат­тан алып шығып, бүгінгі ел жұртына, радио тыңдарман қауымына «Інжу-маржан» ретінде табыс ет­ті. Бұл Қойшығұл Мұстафаұлының әдебиет­тану ғылымына қосқан зор үлесі болды. Бүгінгі дәуірдің рухани шығармашылық ізденісі мен қолданысына айналған, ұрпақ сабақтастығының дәнекеріне айналған «Інжу-маржан» радио хабары тегіне тартып, тектілігіне бекіген Қойшығұлдың ар-намысы мен абыройын биіктен таныт­ты. Бұл өз алдына ауыз әдебиеті үлгісінің зерт­теу нысанына айналары да сөзсіз, әрі ұлт­тық әдебиетіміздің зор қорының тарихи танымын және бабалар ғұмырының елімен бітеқайнасқан тағдырын да аша түседі. Ата-бабалардың өсиетнамаларын, толғау-жырларын жинақтап қана қоймай, оны қазақ радио-үнжариясы арқылы насихат­тауы, азамат­тың қажырлы еңбегі мен қайсар мінезін нақыштап тұр. Біз естіп, білмеген термешілер мен абыздардың айт­қан батыл сөздерін батырлық танытып, жарық дүниеге шығарды. Олардың өз дәуірінде төккен шумақтары қай заманда да маңызын жоймақ емес.
Қалай айт­қанда да, Қойшығұл Мұстафаұлының шығармашылық стилі қалыптасқан шебер айташы және редактор ретінде радио эфир өнімінің өнер жанрына өзгеше сипат беріп, қазақ радиосына заманауи бетбұрыс жасады. Ауыз әдеби мұраны игерудің жаңа тәсілінің, жаңаша бағыт-бастауының негізін қалады. Кезінде саяси кінә арқалап, қуғын-сүргін зобалаңына ұшыраған жыршылар мен термешілердің ақын-толғаушылардың жұлдызын жағып, жанарын ашты. Бұл қоғамның мәдени қалыптасуына, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің артықшылықтарын тануға, оның ұлт­тық идеялық мазмұнын тереңнен бағалауға жол ашты.
Оның Бұқар жырау, Үмбетей, Тәттіқара, Ақтамберді, Сәт­тіғұл, Майкөт, Сүйімбай, Жамбыл, Кенен, Сәбит, Оразбай, Алмас Алматов, Жеткізген Сейітов, Амандық Көмеков, Элмұра Жаңаберген, Ұлжан Байбосынова, тағы басқа ақын-жыршы, термешілер туралы жасаған сүйекті хабарлары, қазақ өнерінің ұлт­тық құндылықтары мен этностық және эстетикалық идеяларын қайта жаңғырту үлгісі болып танылады. Ғасырлар бойғы қазақ мәдениетінің моральдық құрылымының мол мұрасы мен дәстүрлі шығармашылық өнерінің бүгінгі болмысын қалыптастырды. «Күш атасы қонған ер» тақырыбындағы белдесудің «беламаны» Балуан Шолақ жөніндегі радиошығарылымында да балуанның образы көз алдыңа келіп, оның бет­тілігі мен батырлығы, қайтпас алғырлығы ел мұраты үшін күрескерлігін айтпай-ақ айқындап тұрады. Қойшығұл Мұстафа Зарлы туралы Қазақ­станның халық
артисі, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбай: «…Билер жөнінде хабар жасау үшін бұған үлкен батырлық керек. Өйткені бұл өте күрделі тақырып….Тарих бұрмалағанды кешірмейді. Қоятын сұрақтарының мазмұны да, қасиеті де ғибратқа толы. Менің Қошанға соншалықты риза болатыным, хабар жүргізуі елден ерекше, тіліміздің шұрайлығын пайдалана біледі … Мына бір тіркестеріне тамсанбай қоймайсыз. «Бұл хабарымызды көшкен сағымдай мұнартқан, бағзы заман тарихынан қозғап, ел болуды көксеп, тебінгіні терге шірітіп, терілігін майдан ерітіп, ат үстінде күн кешіп, ел бірлігінің бүтіндігіне қызмет жасаған пейілдің мұхитынан ой мен сөздің лағыл дүрлері төгілген, ақыл-ойдың қазынасы, шабыт­танса қара сөздің өзін жақұт жырға айналдыратын «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» бабаларымыздан бастау алған, дара да дана билерімізге арнасақ деп отырмыз» деуінде үлкен мән жатыр», – дейді.
Расында, Қошекеңнің сөз саптауы мен дауыс ырғағының үндесуі, оның дарындылығын, мінез ерекшелігі мен шығармашылық ізденісін және өнерге, елге деген азамат­тық, парасат­ты сезімін ашып тұр. Себебі оның таланты шынайы әрі ғылыми нақтылыққа негізделген. Ғасырлар бойы жасап келе жатқан жыр- дастандар ұлт­тың өлмес қайнар көзіне, таусылмас рухани өзегіне, жеті атасына жегілген, алпыс екі тамырына телінген тарихи да тауқымет­ті тағдырлар көшкіні, көркем ойлардың көшірмесі.
Сондай-ақ журналист, жазушы, көсемсөзгер Құдиярбек Ағыбаев: «Белгілі журналист Қошан Мұстафаұлының есімін бүгінде республикамыздың бүкіл тыңдарман қауымы жақсы біледі,
радиохабарларын тыңдап шығып, таң- тамаша күйді бастан өткердім, рақат сезімге бөленіп отырған жағдайым бар. Шынымды айтсам, оның Жамбыл Жабаевтың 153 жылдығына арналған Қабан жырау (Қабылиса Асан) туралы (екі хабар) Сәбит Оразбаевтың жыршылық- жыраулық творчествосы туралы жасаған хабарларын тыңдап, радионың терме-толғаулар жанры әлеміндегі өзгеше стиль­дегі тыңдаушысын бей-жай қалдырмайтын тосын қолтаңбасын, жарқырай көрінетін авторлық ізденісін байқадым. …Әдеби музыкалық хабарлар жанрының көркемдігіне терең бойлап, оның қыр-сырын жетік меңгерген, заман талабына сай айшықты сөз өнерімен түрлендіре білетін шешен әрі шебер радиожурналист екен», – деп бағалап келеді де, оның ізденіс тәжірибесін былайша жіктейді;
– бірінші – тарих қазынасын терең ақтарып, өте құнды деректерді іздеп тауып, жинақтаудан жалықпайды;
– екінші – әр хабарының көркемдік деңгейі жоғары. Тілі шұрайлы;
– үшінші – хабарды автордың өзі жүргізеді. Даусы радиоэфиріне, тыңдаушы құлағына жұғымды, сенімді, еліктіріп әкетеді;
– төртінші – әдебиетші-ғалым. Тарихты зерт­теуші;
– бесінші – «Мәдени мұраға» қатысты деректер өте көп;
–…алтыншы – әр хабарын жыраулық мектеп өкілдерінің шығармашылығы туралы дыбыстық оқулық құралы деуге болады.
– жетінші – сұхбат жүргізудегі шеберлігі – ізденгіштік, шешендік.
Мысал келтірсек, «Көне күнді жібіту үшін, су бүріктік», «Қария жырдың бастау бұлағы – қарт Қаратаудың жақпар тастарын көтеріп, жыраулық өнер туралы әңгімемізді бастасақ», «Еуропадағы әні сұлу ел – Италия десек, Еуроазиядағы ең әні сұлу ел – қазақ елі ғой», – деп Рахманқұл Бердібай ағамыз айт­қандай», «Дала сахнасын тербеткен»… міне, осылайша, өрнекті де кестелі ой орамдары жалғасып кете береді. «Теңіздің дәмі тамшысынан белгілі» демекші, Қошан Мұстафаұлының хабарларынан алынған бұл тіркестердің әрқайсысы бір-бір тақырыптың жүгін көтеріп тұр десек, артық айт­қандық емес», – дейді қаламгеріміз.
Сондықтан, Қошекең өзінің бойында бар серілік қасиетінің сабақтастығын ұлтымыздың дәстүр келбетінен тапты. Шын өнер адамының өткенге деген ілтипат сезімін бағалай отырып, рухани шығармашылық талабының арқасында талантын да таныт­ты.
Өркеш-өркеш таулардың биігіндей.
Қойнауы тұнып тұрған бабалардың
жыр-күйіндей.
Асқар Алатау тұр, Қаратау тұр.
Басқа таулар да тұр мүлгіген.
Ғасырлардың құпиясын,
Абыздардың, алыптардың баршасының бәрін құшақтап.
Тереңінде жасырылған сал-серілер,
Қыр гүліндей құлпыртып ән салған.
Бабалардың үні тұр күмбірлеген жыр
гаухарлар,
Қолға түспес қырдың сұлу киігіндей, – демекші,Қойшығұл Мұстафаұлының радиохабарларының эссе-сөзгерлігі, шешендік тапқырлығы мен шеберлік тәсілдері дыбыстық сөз саптаулары және замандар келбетінің бейнелік сипатындағы медиамәтіннің маңызы ілгеріден дамып келе жатқан әдеп-ғұрып пен дәстүрлі өмірдің үлгісін көз алдыңа әкеледі.Талайды тамсандырып, «шіркін, сөз маржан дүние-ай!» дегізді.
Сондықтан да осындай ұрпаққа қанат бітіріп, ұлылықтың ұлт­тық ұлағатын танытатын «Қойшығұл Мұстафаұлының «Інжу-маржан» хабарлары өз алдына дербес кітап болып жарыққа шықса, оқырман тарапынан да ризашылық тауып, тіпті оқу құралына айналдырса жалпы көпшілік үшін, студент­тер мен ізденушілер үшін, жоғары оқу орындарының ұстаздары үшін де маңызы зор рухани құрал болмақ.

Молдахан Кәріпбайұлы,
филология ғылымдарының кандидаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір