МАҒЖАННАН ҚАЛҒАН МАРЖАН СӨЗДЕР
03.07.2023
644
0

«Ақындардың ақыны», «түркі дүниесінің Мағжаны» аталған Мағжан Жұмабай­дың 130 жылдық мерейтойы Қызылжар өңірінде аталып өт­ті. Ақын тойына Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей елдерінен арнайы шақырылған меймандар келіп қатысты.
Қазақ мемлекетінің еңсесі тіктеліп, іргесі кеңіген сайын есімі әлемге әйгіліне түсер ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі – Мағжан болары даусыз. Мағжан – көп палитралы қалам­гер. Ол сырлы, тұнық лирикалық өлеңдер жазды, соңына поэма-дастандар қалдырды. Қазақ прозасында жауһар дүниеле­рімен көш бастап, саяси-әлеумет­тік, ғылыми мақала­ларымен де ұрпаққа үлгі боларлық сара жол салып кет­ті.
Төмендегі мақалада Мағжан­ның әр жылдары баспасөзде жарық көрген мақалаларында айтылған ойлары мен маржан сөздері теріп алынған. 

Мағжан Жұмабайұлының шығармашылығы, қоғамдық қызметі отандық тарихымыздың белесті кезеңдерімен тамырласып жатыр. Омбыда құрылған қазақ жастарының «Бірлік» (1914) ұйымының елдік мүддесімен бітеқайнасқан қызметі Ақмола облыстық қазақ комитеті, Алашорда Білім комиссиясындағы әлеумет­тік жұмыстарымен ұшталды. «Алаш» партиясының Омбы облыстық комитетіне мүшелігі 1918 жылғы большевиктер ойранында Омбы Кеңес Атқару Комитеті қаулысымен тұтқындалып, Омбы абақтысына қамалуына негіз болды.
Ақын 1918 жылы Омбыда өткен қазақ жастарының бірінші съезіне қатысып, «Алаш» жастарының тұңғыш қоғамдық-саяси басылымы «Жас азаматқа» қалам қайратымен қолдау білдірді. Газет­те басылған «Жастарға» өлеңінің кіріспе сөзіндегі: «Жастар! Алда жүрген, Алаш жолына аянбай қызмет қылған адал жүрек ағалардан үлгі, өрнек алыңдар. Елдіктен, ерліктен айырылып, екі жүз жылдай еңсесі түскен елді ойлаңдар. Күнді – түн, жақынды – жат, пайданы – зиян деп жүрген, толық саяси құқықтарын іздеп алуға ержетіп, есі кірген елді ойлаңдар!» – деген пікірімен ұрпақтар сабақтастығындағы парыз бен қарыз ұғымын безбендеді.
Қазақ журналистикасының дамуына тер төккен дарын 1919 жылдары бастапқыда «Кедей сөзі» 1921 жылдан «Бостандық туы» атауымен жарық көрген басылымда 1922 жылғы мамыр айының басына дейін еңбек ет­ті. «Кедей сөзінде» «Теңдік», «Автономия кімдікі?», «Бостандық туында» «Екіден – бір», «Қазақ оқығандары», «Бірінші май мейрамы», «Жазылашақ оқу құралдары һәм мектебіміз», «Сайлау» мақалалары жарияланды.
Аталған мақалаларындағы «Айлы, күнді, қанды от­ты тарихы бар; кең, бай, терең тілі, әдебиеті бар; басқаларға үйлеспейтін төресі, шаруасы бар – қазақтікі. …Жүз жылдар орыс ақсүйектері мен байларының тепкісінде елдігін ұмытпаған Алаштікі. «Аязды күні айналған, Бұлт­ты күні толғанған, Құрығын найзадай таянған, Қу толағай жастанған», Ер қазақтың автономиясы бұл!» («Автономия кімдікі?»), «…Біздің алдымызда екі ғана жол бар. Азат­тық, не құлдық…» («Екіден – бір»), «Оқыған адамдарда ең бірінші қасиет­ті сипат сол: оларда дүниеге қараған белгілі көзқарас болады, нық бекіген мақсаты болады, айнымайтын бір идея меншіктейді» («Қазақ оқығандары») іспет­тес нақылдарынан елшіл ақының өршіл рухын сезінеміз.
«Қазан төңкерісінің нәтижелерін қазақтың мойнына қамытша кигізе салуға болмайтынын» («Қазақ оқығандары») ашып айтқан Алаш ардақтысы 1922 жылы мамырда аштықпен күрес жөніндегі Ақмола губерниялық (Петропавл) төтенше комиссия төрағасының орынбасары қызметін атқара жүріп, панасыз жетім қалған қазақ балаларын қамқорлыққа алу ісіне ұйытқы болды. Көкшетау уездік Атқару Комитетінің мәжілісін өткізуімен аштарға көмек көрсету шараларын ұйымдастырады (Қараңыз: Тайшыбай З., Мәлікова С. Мағжан – «Кедей сөзі» мен «Бостандық туында» // Солтүстік Қазақстан. – 2019. – 19 қараша).
«Тегінде «тағдыр жазған» жолымен қалтақтап келе жатқан қазақ елі Россия революциясы толқынының екпінімен кете барып, қанша ұт­ты, қанша ұтылды, бұл істері жұмбақ, анық шешуін тарих берер» («Жазылашақ оқу құралдары һәм мектебіміз») деген Мағжан Ақмола губерниялық «Мир труда» газетінде (1922.11.07) жарияланған орыс тіліндегі «Сарыарқадағы аштық» мақаласымен қазақ қасіретіне барша қоғам назарын аудартып, жанайқайын жеткізді (Қараңыз: Тайшыбай З. Мағжанның Қызылжары. – Астана: «Астана полиграфия», 2008.).
«Аштықтың ауыртпалығынан ауыл құрып барады, ал қазақ халқы адамдық бейнесінен ада болуда… Сарыарқаның жан күйзелісіне құлақ салып, қазақ халқының ауыр ыңырсыған, азалы үнсіздігін түсінетін кез келді» (Сарыарқадағы аштық) деген толғанысымен қазақ қайғысына егіліп, «Құр көз жасымен не біткен? Алма өзі ауызға қашан түскен?» (Сайлау) деп қорғансыз елінің әлеумет­тік серпілісі мен сана сілкінісіндегі жауапкершілігін бағамдады. «Ер болып үйренуден адамға ер болу керек деген құр сөз пайда бермейді. Ерлікке іспен үйрету керек» (Педагогика) екенін байыптады.
Тұңғыш редакторы Сұлтанбек Қожанұлы болған «Ақ жол» (1920-1926) газетінде «Сырдағы Алашқа», «Тірі бол!», «Алатауда», «Шойын жол», «Архимед пен біздің батыр» (Қазақтың оңай олжашыл, табаншалы тентектеріне), «Әже», «Жылқышы», «Қоңыр жыр», «Жердің жұмырлығы», «Ескі Түркістан», «Еділде», т.б. өлеңдері, «Қазақ-қырғыз елінің тұрмысын, жол шарасын сурет­теген һәм басқа ауызда жүрген әдебиет­ті жинау үшін программа», «Бернияз Күлеев» азанамасы, «Жеті батыр», «Базар жырау» мақаласы, М.Горькийден аударған «Сұңқар жыры», «Ана» шығармалары, Иса Тоқтыбайұлы шығарған «Шолпан» (1922-1923) журналында «Шолпанның күнәсі» әңгімесі, «Батыр Баян», «Қорқыт» поэмалары, Халел Досмұхамедұлы басшылық еткен «Сана» (1923-1924) журналында «Ақан сері», «Ақан сері сөздері» мақалалары жарияланған санаткер «Елдің елдігін сақтайтын – әдебиеті, тарихы, жол-жорасы» (Әбубәкір ақсақал Дибаев) екенін үнемі назарда ұстады.
«Ақан сері», «Ақан сері сөздері», «Жеті батыр», «Базар жырау» әдеби мақалаларының көркемдік-эстетикалық өрісі құнарлы да қазыналы нақыл сөздерімен көмкерілген.
«Жүйрік жел ұшпай тұра ала ма? Жүйрік жүрек құшпай тұра ала ма? Жүрек сүюі болмаса, салқын, бос қуысқа айналмай ма?! Жиһанда жалғыз мәңгі нәрсе махаббат емес пе, өлген махаббат екінші түрде, екінші түсте қайта тірілмек емес пе?!» (Ақан сері).
«Дүниеде күшті нәрсе екеу-ақ қой: өлім һәм махаббат. Адам өзгені айналып өтсе де, өлім мен махаббат­ты айналып өте алмақ емес» («Ақан сері»).
«Өмірді өлеңмен ғана емес, өзінің өмірімен сурет­тей білу – ірі жанды адамның ғана қолынан келмек» («Ақан сері»).
«Өзінің ауыз әдебиетін негіз қылмай, ешбір елдің жазба әдебиеті өркендемек емес. Біздің де жазба әдебиетіміз ауыз әдебиетін негіз қылуға міндет­ті. Алдымен сабақты шет­тен емес, өзінен алуға міндет­ті» («Базар жырау»).
«Біздің қазақ әдебиетінде берік негіз – бұрынғы әдебиетіміз арқылы ғана салынбақ. Бұрынғы әдебиетімізде еліміздің жүз жылдар, мың жылдар бойы жүрген жолы, көксеген арманы, ел жолында күрескен ерлігі, шеккен зары, төккен жасы – қысқасы, еліміздің өткен өмірі тасқа басылғандай өлең болып өлшеніп, жыр болып құйылған» («Жеті батыр»).
Мағжанның Халел Досмұхамедұлы төрағалық еткен Ташкент­тегі «Талап» мәдени-ағарту ұйымындағы ғылыми-шығармашылық ізденістері де жемісті болды. Бұл кезеңде бастауыш мектепте ана тiлiн оқыту, бала тәрбиесіне арналған еңбектері жазылды. «Балаларға базарлығым» (өлең) (Мәскеу, 1925), «Өлеңдер жинағы» (Ташкент, 1923) басылды.
Абайдың ақындық қуатынан нәр алған Мағжан сөз зергері поэзиясынан дәріс оқыды. Атап айтқанда, «Ақ жол» басылымының «Талап» төңірегінде» хабарламасында (№281. 1923.7.03) Қазақ-қырғыз институтының залында Мағжан Жұмабайұлы Абай өлеңдерінен дәріс оқитыны айтылса, шара барысы «…Мағжан баяндамасы осы күнге дейін Абай жайынан сөйленіп жүрген сөздердің ең тұнығы деуге болатыны» (№288.1923.29.03) байыпталды («Ақ жол». Көптомдық. 10-том /Құраст. Х.Есенқарақызы. Төте жазудан транскрипциялаған: Ғалымбек Елубайұлы, Ғалым Қасымханұлы. – Нұр-Сұлтан, «Алашорда» қоғамдық қоры, 2020. Т. 10. – 2020. 283-бет).
Мағжан Жұмабайұлы – әлемдік әдебиет­тегі символизм, сентементализм ағымдарын, романтизм әдісін қазақ сөз өнерінде орнықтырған классик. Ол «Қорқыт», «Ертегі», «Оқжетпестің қиясында», «Қойлыбайдың қобызы», «Батыр Баян», «Жүсіп хан», «Өтірік ертек» поэмаларымен эпикалық жанрда поэманың ықшам формаларын қалыптастырды.
«Ұшы қиыры жоқ сары дариядай Сарыарқаның ортасында аралдай көгерген Көкшетау, Абылайдың ордасы құрылған, Кенесары, Наурызбайға Отан болған Көкшетау алаштың ақындығының да ордасындай жер еді» («Ақан сері») деп, асыл сөздің ордасын дөп баса танытқан тарланның «Оқжетпестің қиясы» – азат­тық пен дербестік, ерлік пен өрлік, қайсарлық пен ар-намыс рәмізі болған Кенесары Қасымұлын қастерлеуден туған поэма. «Жүсіп хан» (шын ертек) – зерт­теушілер Ш.Елеукенов, М.Қойгелді анықтағанындай, қазақ әдебиетінде Сталин бейнесін сомдаған кесек дүние болуымен дараланады. Ақынның қан құмар жендет­тің «шараптан ылғи шала мас» күйін пернелеуі Сталин үзеңгілестері естеліктеріндегі қоғамдық шындықтан алшақ кетпейді (Қараңыз: Сталин. Большая книга о нем. Лица. Эпизоды. Факты. – (Москва: «Издательство АСТ», 2014.) кітабының «В винном погребе генсека» тарауы).
«Алқа» – Алаш қалам қайраткерлерінің шығармашылық еркіндік, ой-сана азат­тығы ұстанымының алдаспаны. Мағжан хас өнерге қиянат жасап отырған қара дүрсін пролеткультшілдік таяздыққа қарсылығын «Қысқасы, қазақтың шын ақыны ешбір уақыт­та аты мықтыны мақтаған емес. «Байтаққа пана болған» мықтыны мақтаған. Ылғи қарадан шыққан қазақтың ақыны еш уақыт­та қарасын ұмытқан емес. Өткеннің бәрін өртеп жібереміз дей бермей, мұны біз де ұмытпауымыз керек» («Базар жырау»), «Елін сүйетін әрбір алаш баласының ерінбей, қажымай, бұрынғы әдебиетімізді жинауға міндет­ті екендігі, ұлт үкімет­теріміздің баспасөз мекемелері елдің жанына үйлеспейтін «айқайларды» бастыра беруден тыйылып, шын әдебиет өрнектерін, бұрынғы әдебиетімізді жинап бастыруға борышты екендігі күндей ашық нәрсе болуға тиіс» («Жеті батыр») деп жеткізді.
«Бір ұлт­тың тілінде сол ұлт­тың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр» («Педагогика») деген қалам қайраткері ұлт тілін сақтаудың маңызын тереңнен түйсінді. «Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ. Ұлт­тың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу. Ұлт­тың тілі кеми бастауы ұлт­тың құри бастағанын көрсетеді» («Педагогика»), «Дұрысы, мектебімізде ана тілі әлі дұрыс негізге құрылған жоқ. Осы күнгі мектеп баласы ана тіліне өзінің тілі емес, мұғалімнің тілі деп қарайды» («Бастауыш мектепте ана тілі»), «Мектептегі ана тілі – барлық білімнің негізі һәм басқышы» («Бастауыш мектепте ана тілі») деген алаң көңілін айтқанда, көркем аудармалары, ғылыми еңбектерімен қазақ тілінің сарқылмас әлеуетін еселеуде аянып қалмады.
Санқырлы дарын иесінің көркем аудармалары «Қыр баласы» (Әлихан Бөкейхан) тілімен айтқанда: «…Крыловтың мысалдарын «Қырық мысал» қылып, қазақ баласының аузына шайнап салған терең ақын Ахмет, Пушкин мен Лермонтовты өз орнында құрдасы болып қазақ еліне жем қылған Абай. Осы екеуімен бір дәрежеде қазақтың кестелі сөзін қолданып, Горькийдің 5 ертегісін қазақ тіліне аударған Мағжан болды» (Қараңыз: Қыр баласы. «Сұңқар жыры» М.Горькийден // «Ақ жол» («АҚ ЖОЛ». Көптомдық. 23 том / Құраст. Х.Есенқарақызы. Төте жазудан транскрипциялаған: Ғалымбек Елубайұлы, Ғалым Қасымханұлы, Үсен Жанбайұлы. – Нұр-Сұлтан, «Алашорда» қоғамдық қоры, 2020. Т. 23. – 2020. 27-бет).
Мағжан орыс жазушысы Вс.Ивановтың «Бала», «Темірбай», «Сай» шығармаларын аударуға қаламгерлік мақсатпен барды. Қазақ жерінің тумасы Вс.Иванов – халқымыздың саяси-әлеумет­тік тыныс-тіршілігінен хабары мол жазушы. Сталинизм жылдары жариялануына тыйым салынған «Бала» әңгімесінде дүрбелең жылдары қазақ ауылының ақ пен қызыл талан-таражына, зорлық-зомбылығына түсуі сурет­телсе, аштықтан қырылған қаймана елдің жай-күйі, бауырға бауыр қастық қылған заман қасіреті «Сай», «Темірбай» әңгімелерінде бейнеленді. (Жұмабаев М. Шығармалары (әдеби басылым). 2-том: Әңгіме, ғылыми еңбек, мақалалар, аудармалар, жарияланбаған өлеңдер / Құраст. Сәндібек Жұбаниязов.– Алматы: Жазушы, 2013. – 376 б.).
Мағжан – Алаш ренессансын тудырған толқынның белді өкілі. «Оқу құралдарының мінезі – мектеп мінезінің айнасы» деген оның «Бастауыш мектепте ана тілі» (1923), «Сауат­ты бол» (1926) әдістемелік оқу құралы, «Педагогика» (1922) еңбегі терең тамырлы қазақ руханиятын қайта түлетуімен тұғырлы.
«Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізге құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, сау, берік һәм өз жанымызға (қазақ жанына) қабысатын, үйлесетін негізге құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серт­тесуге болады. Сондай негізге құра алмасақ, келешегіміз күңгірт», «Еліміздің саяси ынтымағы һәм шаруашылық тұрмысын жаңа жолға қоймақшы болғанда да біз еліктеу ауданында жүрміз. Қазақ жанын қайшылап отырып, жат қалыпқа салмақшымыз. Жат қалыпты қазақ жанына қабыстыру, яки жаңа қалып жасау тәжірибесіне кірісуіміз қарадай қорқытады. Мектебімізге негіз салғанда біз тағы осы жолға түсіп кетпесек игі болар еді» («Жазылашақ оқу құралдары һәм мектебіміз»). Міне, Мағжан «Тәрбие төрт түрлі: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі һәм құлық тәрбиесі. Егерде адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғанын» («Педагогика») түйгенде, қанат­ты сөзге айналған қазыналы ойларымен қайта өрлеу өзегі гуманизм қағидат­тарына табан тіреп отырды. Жас өскіннің жан әлемін нұрландырып, сұлулық үйлесіміне жетелейтін кіршіксіз тазалықты әспет­теді. Мәселен, бір ғана «Педагогика» еңбегіндегі төмендегі ділмәр сөздерінің тылсымы жан толқытпай қоймайды!
«Тәрбиеден мақсұт – адамды һәм сол адамның ұлтын, асса барлық адамзат дүниесін бақыт­ты қылу. Ұлт мүшесі әрбір адам бақыт­ты болса, ұлт бақыт­ты, адамзат дүниесінің мүшесі әрбір ұлт бақыт­ты болса, адамзат дүниесі бақыт­ты».
«Балаға өш алдырып үйретпеу керек. Адамнан, малдан өш алу былай тұрсын, жансыз нәрседен де өш алдыру дұрыс емес».
«Баланы ұру, соғу ісі – адамшылыққа ұнамайтын іс. Ұрылып, соғылып тәрбие қылынған бала жанының бар жақсы мінездерінен, ақылынан, есінен айрылып, миғұла болады. Өтірікші, алдауыш болады. Су жүрек, жасқаншақ болады».
«Ішкі сезімдердің адам үшін ең қымбат­тары – сұлулық һәм құлық сезімдері».
«Жаратылыс сұлу. Бала сол сұлу жаратылыстың құшағында болсын».
«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны істейді. Тазалыққа үйренген бала таза болады. Былыққа үйренген бала былық болады».
«Баланы сұлу искусствомен терең таныстыру керек. Бала неше түрлі сұлу үндерді естісін. Неше түрлі сұлу түрлерді, түстерді көрсін. Сұлу сөздер, сұлу өлеңдер жат­тасын. Түрлі музыка құралдарының әуендерін тыңдасын, сурет салып үйренсін, ән салып, музыка құралдарын ойнап үйренсін. Міне, осыларды естісе, баланың сұлулық сезімдері өркендейді».
«Міне, кімде-кім өзін сүйсе, туысқандарын сүйсе, өз елін сүйсе, әсіресе біткен адам баласы бауырым деп білсе, сол адамды ізгі деп атаймыз».
«Әрбір халық бір-біріне жау болсын деп ұғу қате, адам өз халқының адамдарын сүюінің үстіне басқа халықтардың адамдарын да сүюге міндет­ті. Міндет­ті ғана емес, еріксіз сүймек. Жер жүзіндегі адам адамды сүймек. Бұл – адамның жаратылысындағы негізгі мінез».
Қорыта айтқанда, Мағжанның маржан сөздері халқымыздың рухани дамуы мен қоғамдық кемелденуінде ұстанар темірқазық, сарқылмайтын құндылықтар қайнары болуымен қастерлі. Осынау асыл мұра исі қазақ баласын елдікке, адамгершілікке, еңбекке, ұлт­тық тәлім-тәрбиеге ұйыстырар саф қасиетімен мәңгілікке ұласа бермек.

Сағымбай Жұмағұл,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ профессоры, ф.ғ.д.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір