Маржан ЕРШУ, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымының кандидаты: «Әдебиет пен өнер ел мен елді жақындастырады»
08.12.2024
436
0

    – Маржан, тегі қыпшақ мажар ғалымы, аты мәшһүр түрколог Қоңыр Иштван Мандоки туралы жарыққа шыққан «Қыпшақ Қоңыр» ат­ты жаңа кітабыңызбен танысып жатырмыз. Бір кез­де қазақ жерінен Батысқа қарай үдере көшкен қыпшақтар тарихына аз-кем тоқталып өтсеңіз.
– ХІІІ ғасырда Каспий, Арал, Балқаш, Қара теңіз жағалауын мекендеген түркі тайпаларының мекені Дешті қыпшақ немесе Қыпшақ даласы деп аталғаны мәлім. Тарихшылар Сарайшық қаласының пайда болуын ХІІІ ғасырда Шыңғыс хан мен Бату хан шапқыншылығымен байланыстырады. Ал кейбір зерт­теушілер Сарайшықты ХІІ ғасырдағы қыпшақтардың қаласы деп жазады. «Алтын Орданың қол астында әртүрлі көптеген ру-тайпалар болды. Олардың ең көбі қыпшақтар еді. Екінші, өлкені жаулап алушы, үстемдік жүргізуші моңғолдар және сол моңғолдарға еріп келген басқа ру-тайпалар да жергілікті халықтарға сіңісіп, араласып, қыпшақ болып кет­ті. Үшінші, Алтын Ордада мемлекет­тік басқару істеріне қыпшақтар көп араласты. Осы айтылған жағдайлардың салдарынан Жошы ордасы Алтын Орда, кейде Қыпшақ ордасы болып аталып кет­ті. Алтын Орданың негізгі ресми тілі, әдеби тілі – қыпшақ тілі болды» деп жазады түркітанушы ғалым Бейсенбай Кенжебаев «Түрік қағанатынан бүгінге де­йін» ат­ты кітабында. Орта ғасырларда Орталық Азия, Кавказ бен Азов , Каспий теңізі маңынан келген тұтқын қыпшақтардың тұқымы болып табылатын Мысырдың мәмлүктері де қыпшақ тілінде сөйлеген. Мысырда Сұлтан Бейбарыс бабамыз бастаған мәмлүктер патшалық құрған кезеңде, 1517–1811 жылдар аралығында қыпшақ тілі араб тілімен тең қолданылған. ХІІІ ғасырдан бастап, ХІІІ ғасырдың екінші жартысында түркі және моңғол жұрт­тарының шығу тегі, шежіресі туралы жазған парсының әйгілі жылнамашысы Рашид ад-Дин өз шежіресінде былай деп жазды: «Моңғолдар алан өлкесіне келген кез­де, ол жердің халқы қисапсыз көп еді, аландар қыпшақтармен қоян-қолтық бірігіп, моңғол әскерлерімен шайқасты. Екі жақ та жеңіске жете алмады. Сонда моңғолдар қыпшақтарға: «Біз бен сіздер бір тайпадан тараймыз. Бір халықпыз. Алаңдар болса бізге жат, біз сіздермен келісімге келіп, өзара тиіспеу туралы шарт жасайық, қалауларыңызша алтын мен киім-кешек береміз», – деп көп дүние жіберді. Қыпшақтар майдан даласын тастап, өз мекендеріне қайт­қан соң, моңғолдар аландарды тізе бүктірді. Қырды, жойды. Моңғолдар енді күтпеген жерден бейбіт шартқа сеніп, тып-тыныш өз өлкелеріне қайта оралған қыпшақтарға жойқын шабуыл жасады. Қолға түскендердің бәрін өлтірді. Өздері бергеннен екі есе дүние, мал-мүлікті жинап алды. Тірі қалған кейбір қыпшақ ауылдары орыс еліне ел ауа көшті».
Аландар деген – Кавказ бойын мекен еткен түркітілдес халықтар. Рашид ад-Диннің шежіре кітабында жазылғандай, «ел ауа көшкендердің» ішінде ХІІІ ғасырда моңғол шапқыншылығынан күйрей жеңіліп, Еділ, Жайық, Ертіс бойы­нан қырық мыңдай қолымен қашып келіп, Карпат тауының қойнауында орналасқан Дунай жағалауындағы Мадияр корольдігінің сол кез­дегі IV королі Бэладан қоныстанатын жер сұраған қыпшақ ханы Қотан бар еді. Сол кез­дегі мажар тарихшыларының жазуы бойынша, Түркі Арпад әулетінен шыққан IV король Бэла Қотан хан бастап келген қырық мың қыпшақты жылы шыраймен қабылдап, «ой, бауырымдап» қарсы алып, жер береді. Осы тарихи оқиғаға байланысты Мажарстанның Карцаг (Қарсақ) қаласында ескерткіш орнатылған. Қыпшақтар жауынгер халық еді, сондықтан Венгрия корольдігінің төрт-бес ғасыр бойы әскери қорғаны болды. Мажар қыпшақтары арасынан мықты қолбасшылар, батыр жауынгерлер шыққан. Осылайша, ХІІІ ғасырда моңғол шапқыншылығынан күйрей жеңіліп, «ел ауа көшкен» қалың қыпшақ жұрты Еуропадағы Карпат тау­ларының қойнауындағы мажар даласына қоныстанып, сол жақта мәңгі бақи тұрақтап қалады. Бір таңғаларлығы, бұл тайпа сол заманнан бастап өзінің қыпшақ деген атауын сақтап қалған. Мажарстан жерінде Үлкен қыпшақ, Кіші қыпшақ деген жер атаулары әлі күнге де­йін бар. Жеті ғасыр бұрын тарихтың тәлкегімен Мажарстанға (Венгрия) орын тепкен қыпшақтар сол кез­дегі тілін, әдет-ғұрпын, салт-санасын біраз уақыт сақтап келген. XIX ғасырдан бастап қыпшақ тілі ұмытыла бастаған. Мажарлардың ауыз әдебиетінде ғана қыпшақ тілі ескірмейтін ескерткіш болып қалған.

– Қыпшақтардың «мадиярлар» немесе мадиярлардың «қыпшақтар» деп аталатыны жөнінде тарихи деректер бар. Еуропада мажарларды «венгрлер» дейді. Мадиярлар өзінің шығу тегі туралы зерт­теуді қашан бастаған?
– Шығыс пен Батысты байланыс­тыра­тын Орталық Азия өлкесі ерте кез­ден мадияр ғалымдардың, тарихшы, лингвист және мәдениет­танушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. XIX ғасыр мадиярлар үшін өзінің шығу тегін іздестіру ғасыры деп есептеледі. ХІХ ғасырдың басынан бастап, Мажарстанның баспасөз бет­терінде мадиярлар мен қазақтардың туыстығы туралы алғашқы жазбалар жариялана бастаған. Ең алғаш 1835 жылы Шам­уель Брашшаидың «Қырғыз-қазақтар» ат­ты еңбегі жарық көреді. Мағлұмат­тарға толы бұл еңбек жарық көргеннен ке­йін мадияр ғалымдарының қазақ табиғатына, қазақ топырағына қызығушылығы артып, зерт­теу жұмыстарына құлшына кіріседі. Зерт­теуші ғалымдардың арасында алғаш рет ортаазиялық түркі тілдерін жүйелеген ғалым Дьердь Алмашидің есімі құрметпен аталады. Дьердь Алмаши 1900 жылы Орталық Азияға жасаған саяхатының нәтижесінде, жазылған «Азия жүрегіне саяхатым» ат­ты кітабында Орталық Азия халықтарының, соның ішінде, қазақтардың өмірі, тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, наным-сенімдері, қолөнері мен фольклоры туралы деректер келтіріп, қазақ деген халықтың өзгелерге ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктері барын, мысалы, жеті атаға де­йін қыз алыспау, рулық шежіренің қатал сақталуы туралы жазған. Иштван Вашари Алтын Орда тарихын зерт­теп, көптеген түркі мәдени-тарихи лексикасының этимологиясын ашты. Арминий Вамберидің 1863–1864 жылдарда Орталық Азияға жасаған сапары туралы кітабы ағылшын тілінде жарық көргеннен ке­йін, оның аты еуропалықтарға мәшһүр болды. А.Вамберидің алдында Орталық Азияға ат­танған ағылшын саяхатшылары – Конноли мен Стоддар мақсат­тарына жете алмай, қайғылы қазаға ұшыраған еді. Вамбери кітабында қазақтың көшпелі тұрмыс-тіршілігін, қонақжайлылығын, этнографиялық байлығын сурет­тей келіп, «қазақтардың музыка мен поэзияға құмарлығы ғажап, олардың бойында ақсүйектік тәкаппарлық та бар» деген деректерді де келтірген екен.

– Осы арада Қоңыр Иштван Мандокиді қазақ топырағына, түркология саласына тартқан қандай күш деген сұрақ туады?
– «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, Қоңырдың жүзден астам ғылыми мақалалары, екі докторлық диссертациясы, қырық мың сөзден тұратын диалектологиялық сөздігі түркітануға қосылған сүбелі үлес болды. Добружа татарлары, қазақ, ноғай, татар, қарашай, балқар, құмық, қырғыз, башқұрт, қарақалпақ, Қазан татарлары, алтай, якут, өзбек сияқты түркі халықтарының тарихы мен фольклорына қатысты еңбектері де түркітанушылардың ғана емес, әлем халықтарының назарын аударды. Қоңырдың ғылыми зерт­теу нысанының бағыт­тары тыңнан салған түрендей мәнді де, маңызды болды. ХІІІ ғасырда тарихи себептермен Мажарстанға, Тиса мен Дунай арасындағы өлкеге қоныстану арқылы аман қалған Қоңырдың ата-бабаларының тегі қыпшақ болатын. «Балам, сенің тегің – қыпшақ, тамырың – Ұлы далада. Қолың жетсе, шығыстағы арман болған байтақ өлкеге бар. Жеті ғасыр бұрын өмірден өткен арғы аталарымыздың өсиетін ұмытпа», – деп әкесі Шандор Мандоки Қоңырдың кішкентай кезінен құлағына құйып отырған. Қоңыр Иштван Мандоки түркі халықтарының тілі мен тарихын зерт­тей келе, «атажұртым – қазақ жері» деген тұжырым жасаған. «Мажар тілі – бұл түркі тілдерінің диалектісі. Түркі тілдерімен ұқсас 2000 сөз бар. Ал қазақ тілімен ұқсас 1000-нан аса көне түбір бар» деп жазды Қоңыр Мандоки өз еңбектерінде.
Қазақ­станды картадан көріп, ата-бабаларының Отаны болған байтақ өлкенің топырағын басу асыл арманы болды. Қоңыр Қазақ­станға келуді жиырма жыл армандады. Мәскеу оған Қазақ­станға баруға виза бермеді. Талай жыл тауы шағылды, бірақ үмітін үзбеді. Ақырында, жиырма екі жылдан ке­йін Қазақ­станға келіп, тарихи Отанымен байланыс орнат­ты. Тарихтың қатал сынағы әсерінен, Еділ, Жайық бойынан ел ауып, Еуропада қоныс тепкен қыпшақ бабаларының тасқа жазған арманын жеті ғасырдан соң қайта жалғап, атажұртқа табан тіреп келуі, екі елдің арасына алтын көпір орнатуы, Қоңыр Иштван Мандокидің тарихи ерлігі еді. Өткен ғасырдың 70-жылдары Қоңыр қазақтың рухани әлемінде құбылыс болды. Әдебиет пен өнер ел мен елді жақындастырады. Қазақ әдебиеті мен мажар әдебиеті арасындағы байланыстың орнауына да Қоңыр Иштван Мандоки көп еңбек сіңірді. Будапештен жетпісінші жылдары мажар тілінде қазақ ақындарының «Дала қырандары» ат­ты антологиясының жарыққа шығуына себепші болған Қоңыр еді. Бұл антологияға Абайдан бастап, Олжас Сүлейменовке де­йінгі ақындардың жырлары енді. Қазақ ертегілері мен қазақ әңгімелерінің мазмұнды жинақтарының мажар тілінде жарық көруі де – Қоңырдың маңдай тер еңбегі. Мажар халқын қазақ ауыз әдебиеті үлгілерімен, Абай, Махамбет, Жамбыл, І.Жансүгіров, Н.Байғанин, Ы.Алтынсарин шығармаларымен таныстырып, ғылыми-танымдық мақалалар жазып, мажар баспасөзінде жариялады. Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабы мен «Бәйгелі сәйгүлік» деген атпен танымал қазақ жазушыларының әңгімелер жинағын мажар тіліне аударып, аударма саласында да сан салалы қызмет ет­ті. Еліміз тәуелсіздігін алған тұста, Қоңыр қазақ қоғамындағы мәдени істерге белсене араласып, Қазақ­станға жиі келіп тұрды. Қазіргі «Қазақ тілі» қоғамы дәл осындай атауға ие болуына тікелей Қоңырдың ұсынысы себепкер болғанын бүгінде екінің бірі біле бермес. «Қазақ тілі» қоғамын құру мәжілісінде қоғамның атын қалай атаймыз деген сұрақ көтерілгенде, елдің біразы «Ана тілі» қоғамы болсын дейді. Сонда Қоңыр: «Ана тілі деген – жалпы түсінік, ал қазақ тілі деген – жалқы түсінік, ана тілі көп, әр халықтың өз тілі – ана тілі. Ал қазақ тілі әлемде жалғыз. Сондықтан қоғамды – «Қазақ тілі» деп атаған дұрыс», – деп өзінің батыл пікірін айт­қан. Осылайша, «Қазақ тілі» қоғамы болып аталып кеткен екен.

– Қазақ­станмен байланыс орнатқан соң, атын Қоңыр деп өзгертіп алған белгілі ғалым өзін қазақ жеріне жерлеуді тірісінде өсиет еткен екен…
– Иә, азан шақырып қойған аты – Иштван. «Иштван Мандоки Тоқсоба» деп те жазған өзінің ертеректегі жазбаларына. Қыпшақтардың Тоқсоба руының Құлан әулетінен шыққан Қоңыр деген кісі батырлығымен аты шыққан адам болыпты. Тоқсоба – он екі ата Байұлы, Байбақты ру бірлестігінде бар ру. Тоқсобалардың атақонысы қазіргі Батыс Қазақ­стан облысы, Жымпиты ауданының аймағы деп айтылады. Қоңыр Иштван Мандокидің өзі сол Тоқсобадан шыққан Қоңыр батырдың ұрпағы боламын деп жазған. Ол өзінің азан шақырып қойған Иштван деген атына Қоңыр бабасының атын екінші есімі қылып паспортына жаздыртып алып, қазақ табиғатына жақындығын бір таныт­ты. Қоңыр, осылайша, ата-бабасының табиғатымен табысқандай болды. Ата-бабасының Мандоки атанып кетуі, Мандық деген сөзден шыққанын да жазған. Ол отбасымен Қазақ­станға көшіп келуді жоспарлап жүрген арманына жете алмай кет­ті. Қоңыр Иштван Мандоки Алматы іргесіндегі Кеңсай зиратында жерленді.
– Сіз Астанада тұрасыз, кітабыңыздың кейіпкерлері – мажарстан­дықтар. Бұл кітапты жазуды жоспарладыңыз ба, әлде мажарлар тарапынан тапсырыс болды ма? Биыл Қоңыр Иштван Мандокидің 80 жылдығы тойлануда.
– Бұл кітапты жазуды жоспарлаған емеспін. Тапсырыс та болған емес.
2015 жылы ҚР Ұлт­тық академиялық кітапханасының сол кез­дегі директоры Үмітхан Мұңалбаева мені Будапешт академиялық кітапханасымен өзара ынтымақтастық байланыс орнату мақсатында іссапарға жіберген еді. Осы атақты кітапханамен өзара ынтымақтастық байланыс та орнатылды. Өзіміздің Айша Мандоки апамыз – Барыс «мажар-қазақ» қоры төрағасының орынбасары, екі ел арасындағы мәдени елшідей. Ол кісі маған ақыл-кеңесін айтып, көп көмек берді. Ертеректе Айшаның әкесі Мақсым Өтеулі әкем Аманқос Ершуовтың жыр кітабын Қоңырға беріп:
«Ақ бұлт­тар, қара бұлт­тар, ала бұлт­тар,
Байқасақ аспанда да алалық бар.
Біреуде қарт та болса шалалық бар,
Біреуде жас та болса даналық бар», – деп жырлаған Аманқос Ершуов деген мықты ақынымыз, өзімнің сыйлас туысқан інім еді. Аманқостың өлеңдерін мажар тіліне аударып жіберші», – деп тілегін айт­қан екен. Қоңыр бұл сөздерді құп алып, асықпай қолға алам деп жүргенде, өмірден өтіп кет­ті. Бірақ көзі тірісінде Қоңыр ағамыз сексенінші жылдардың ортасында Мюнхеннің «Азат­тық» радиосынан Аманқос Ершуовтың шығармашылығы жайлы хабар дайындатқан еді. Будапештке шақырту жіберіп, мені бір айдай қонақ қып күтіп, құрмет­теген Айша апайдың бауырмалдығына дән ризамын. «Әкем Мақсым Өтеулінің «Аманқос інімді ұмытпаңдар, кітабын аударып таратыңдар» деген сөзі Қоңыр екеумізге аманат­тай болған еді. Аманқос ағамыздың қызы болған соң саған құрметім ерекше»,– деп Айша апай сол барған сапарымда, Будапештегі Обуда аудандық әкімдігінің мәдени орталығында «Ерік Құрманғалиев», «Аламан» ат­ты кітаптарымның таныстырылымын ұйым­дастырды. Бұл кешке шығыстанушы ғалымдар, мажарлық қаламгерлер қатысты. Кешті түркітанушы-этнограф Давид Шомваи Кара жүргізді. Сегед университетінің Алтаистика кафедрасының түркология факультетінің студент­теріне қазақ тілі курсынан сабақ беріп, қызмет етіп жатқан ғалым, ақын Раушангүл Зақанқызы қонаққа шақырды. Пойызбен Сегед қаласына бардым. Барысымен Раушангүл, Сегед университетінің кітапханаларын аралат­ты. Содан соң: «Қазір сабағым бар, бүгінгі сабақты сен өткізші», – деді. «Елтану курсы» бағдарламасы бойынша, «Батыс Қазақ­стан аймағы. Тарихи ескерткіштері мен тарихи тұлғалары» тақырыбында сабақ өткіздім. Арасында Раушангүл аударма жасап тұрды. Ақмешіт-Бекет Ата, Сарайшық, Қараой, Қарашүңгіл, Теңіз кен орны т.б тарихи орындар мен Сұлтан Бейбарыс, Исатай-Махамбет, Құрманғазы, Дина, Хиуаз Доспанова, Асалы – Көкетай, Сүйінғара батырлар, Ерік Құрманғалиев т.б тарихи тұлғалар және олардың өз шығармашылығымда көрініс тапқаны туралы айт­тым. Бекет ата туралы деректер айт­қанымда, студент­тер шуылдасып кет­ті. Не болды деп түсінбей қалсам, Бекет ата шынымен өмірде болған ба, әлде аңыз ба деп жамырасып сұрап жатыр екен. Бекет ата өмірде болған адам, өмір сүрген ортасы мына жерлер деп Қазақ­стан картасынан Атырау, Маңғыстау аймағын көрсеткенімде, олар таңғалып, тағы да Бекет ата туралы әңгімелер айтыңызшы деп сұрап жат­ты. Айша апай Будапеште музей-көрмелерге апарып, таныстарына мені: «Қазақ­станнан келген ақын сіңлім. Бірнеше кітаптары бар», – деп таныстырып жүретін. Сондай бір кез­десуде, этнограф Эмоке деген бір ханым маған: «Қазақ халқының аруақты әулиелері мен бақсылары туралы кітап жазу жоспарыңызда жоқ па? Бұл бізге қызық тақырып», – дегенде ойланып қалдым. Мажарстанда «Лакителек халық институты» әлем халықтарының тілдері мен мәдениетін оқып-үйретуді қолға алған. Жаз айларында шағын курорт­ты Лакителек қалашығында оқу-тынығу лагері жұмыс істейді екен. Осы лагерьдің шақыртуымен барып, қазақтың салт-дәстүрі мен этнографиясынан сабақ жүргіздім. Бір сабақты қазақтың күй өнеріне, киелі аспабы домбыраға, күй тұлғаларына арнадым. «Фолиант» баспасынан шыққан «Дина – Dina» ат­ты қазақша-түрікше альбом-диск кітабым жақсы көрнекі құрал болды. Мажар студент­теріне Қадыр Мырза Әлидің домбыра туралы бір шумақ өлеңін айт­тым:
Екі ішектің бірін – қат­ты,
Бірін – сәл-пәл кем бұра.
Нағыз қазақ – қазақ емес,
Нағыз қазақ – домбыра.
Олар бұл өлеңді ұнатқандары соншалық, жат­тап алды. Будапештің өзінен және басқа қалалардан жиналған бұл қауым біраз жылдан бері қазақ тілі мен мәдениетіне құмар жандар екен. Көбісінің атасы не анасы жағынан қыпшақ қанды болып келеді, содан болар, балаларына «Қазақ­станда қыпшақтар тұрады екен, қазақ тілін үйреніңдер», – дейді екен.

– Қоңыр Иштван Мандоки туралы кітап жазу осы сапардан ке­йін туған ой ма?
– Менің көше атын жат­тай алмайтын әдетім бар. Былай жүрем, сосын, оңға қарай бұрылам, одан ке­йін ана жерден солға кетем деп, жолды есіме солай сақтап аламын. Бірде Будапешті аралап жүріп, Айша апайдың үйін таппай, адастым. Жолда әсем ғимарат­ты көрдім. Дүкен! Ештеңе сатып алмасам да, ішін аралап көре­йін, жылдам шығам деп ойлағам. Ол өзі төрт қабат­ты екен. Бәрін көрмей қалай кетесің?! Дүкендегі қызыл-жасыл дүниені тамашалап жүргенде, сыртқа шықсам, кеш қарайыпты. Енді қайт­тім?! Жолдан адастым. «Қайдан келдім, неге келдім?» деп егіліп жылап келем көшеде. Көзден жас, арқадан тер төгілді. Не үйдің адресін білмеймін, не телефон жоқ, не тіл білмеймін. Енді қайт­тім деп, көше кезіп жүре бердім. Будапеште түрік дүкені, кафе-ресторандарының баршылық екенін көргенмін. Не болса да, алдымнан бір түрік кез­дессе екен деп тіледім іштей. «Түрікке кез­дессем, тілдесіп, полицияға барам. Одан Елшілікке хабарлассам, олар мені Айша апайға табыстайды ғой» деп ойлап келем жанұшырып. Жарқыраған шамдар арасынан «Искендир» деген жазу көрінгендей болды, солай қарай жүрдім. Бір үлкен үйдің ортасынан аса бергенде, о, тоба, аяғым алға баспай, қалшиып тұрып қалдым. Жүре­йін десем табаным жерге жабысып қалғандай, аяғым қозғалмайды. Ертегілерден оқитын едік қой, пәлен деген жерге келгенде, ат аяғын баспай тұрып қалады. Сол жерде мыстан кемпір не дию отырған екен деп. Қай-қайдағы есіме түсіп, жүрегім қысылып, тынысым тарылып кет­ті. Біт­тім, қазір көк тасқа баспен құлаймын деп ойладым. Содан ғажап көрініс болды, Құдайдың құдіреті-ай! Басым еркімнен тыс жоғары көтеріліп, артқа қарай сәл шалқайды да, оңға қарай бұрылды. Қас-қағым сәт! Шашын сол жағына қарай қайырған, көзілдірікті, ақ шашты бір ер адам маған мейірлене күлімсіреп қарап тұр, жан-жағына ақ күмістей сәулелі жалын шашқан шарайнаның ішінен! «Бұл кісіні танимын ғой, қайдан көрдім?!» деп таңғалып, мен де көз алмай қарап тұрдым. Бір кез­де жаңағы айна сурет алыстап-алыстап көз алдымнан жоғалып кет­ті. Мен әлі қарап тұрмын. Қайдан көрдім деп есіме түсіре алмай, музей-үйге ілінген Қоңыр Иштван Мандокидің ескерткіш тақтасына қарап, қатып қалыппын. Ескерткіш тақтаның үстінде жарық шам, одан жоғары Мажарстанның туы тұр. Қат­ты қорыққаннан есім кіресілі-шығасылы жандай тұла бойым қалшылдап кет­ті. Бар білгенім «біссімілла, біссімілла» дедім. Бұл жерге келгенбіз. Айша апам мені бұл үйге әкеліп көрсеткен, содан қазіргі тұрып жатқан үйіне барғанбыз. Сол жолды есіме түсіріп ап, эмоцияға берілмей, тез үйді тауып алуға тырыстым. Келсем, Айша апам есіктің алдында тұр. Мазасызданғаннан екі көзі шарасынан шығардай боп кетіпті. «Сен қайда жүрсің? Сағат төрт­те келем дедің ғой?!» – деп ұрсып берді. «Ойбай, мен адасып кет­тім ғой. Содан Қоңыр ағам жол тауып берді», – деп, мен жолда көрген бейнетім мен ғажайып көріністі айтып жатырмын. Менің сөзіме Айша апай да таңғалды. «Жеті нан пісірейікші», – дедім. Аллаға шүкір, өзім үйді тауып келгеніме сондай қуанышты едім. Көрген сол құбылысты түсінбедім. Елес десем, елес емес. Өңім десем, түс сияқты. Бір тылсым жұмбақ. Сол күні дастарқан басында отырып, «Мен тақырып таптым, Қоңыр Иштван Мандоки туралы кітап жазам», – дедім. Менің өмірлік қағидам – «Жақсылыққа – жақсылық». Мен қиналғанда, ол кісінің рухы маған жол көрсет­ті ғой, мен де қарыздар болып қалмауым керек, сол үшін жазуым керек деп ойладым. Сол күннен бастап, Қоңырдың өміріне деген қызығушылығым арта түсті. Деректермен таныса бастадым. Бірақ бұл процесс біраз жылға созылды. Қоңырдың жазған еңбектерін, хат­тарын, ол туралы жазылған деректерді оқып зерт­тей бастадым. Естеліктерге де қат­ты мән бердім. Қандай характерлі адам? Не ғажап қасиеті бар? Өмір тарихы қандай? Әлгі көрген көрініс сурет көз алдымда тұрды. Бұл не жұмбақ? Осындай сұрақтар қанша жыл миымда қайнап жүрді. Осы жылдар ішінде тек Қоңыр Иштван Мандоки туралы жазуды ойлап жүрдім десем, ол жалғандық болар еді. Орхан Памуктың «Сезім музейі» романы, аударма, «Қожанасыр жырлайды» аударма, «Кітапхана педагогикасы: Ертегітерапия» әдістемелік құрал, ноғай ақыны Кадрия Темірболатованың өлеңдері, аударма, «Бопай ханым» поэма, «Дина» драма, «Шығармашылық лаборатория», «Атырау Маржандары», «Білезік» ат­ты кітаптарымды жазып шығардым, белгілі композитор Арман Жайымның «Қайран Нарын» операсының либрет­тосын жаздым. Әкем, ақын Аманқос Ершуовтың балаларға арналған үш кітабын баспаға дайындадым, одан басқа толып жатқан жұмыстар да болды. Бірақ Қоңыр тақырыбы ап-ауыр бір мұң болып, маза бермейтін. Егер мен Будапешт көшесінде адасып кетпесем, Қоңыр Иштван Мандокидің ғайыптан пайда болған суретін көрмесем, ол туралы жазбас едім ғой. Кітабымда Қоңырдың дүниеге келген сәтінен бастап, дүниеден өткеніне де­йінгі өмірі мен осы шақтың оқиғалары қамтылады. Тоғыз жыл армандаған кітабымды жазып шықтым. Өзім де таңғалам, бұл кітабым Қоңыр Иштван Мандокидің 80 жылдығына жақсы тарту болғалы тұрған сияқты. «Қыпшақ Қоңыр» ат­ты кітабым «Кемел-Кітап» баспасынан шықты. Кітапта Қоңыр Иштван Мандоки мен тілші-ғалым, атыраулық Оңайша – Айша Мақсымқызының сан тарау өмір жолында тоғысқан тағдыры, махаббаты, еңбек жолы, арман-мұраты және түркі дүниесінің алыптары мен тарих шежіресі туралы баяндалады.

– Әңгімеңізге рақмет, Маржан, шығармашылық табыстар тілейміз!

Сұхбат­тасқан
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір