Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ: БІЗДІҢ ШЕДЕВРІМІЗДІ ӘЛЕМ ОҚЫРМАНДАРЫ ҚАЛАЙ ТАНЫП-БІЛМЕК?
27.01.2025
808
7

Жер шарының тұрғындары – күллі адам баласы қазір қоғам дамуының өте бір күрделі кезеңінде тұр. Тіпті дуалы ауыз, алпауыт саясаткерлердің сипат­тауынша, қазір адамзат­тың позитивті дамуына, өркениет­тің жойылуына ғана емес, ғаламшарымыздың өзіне де қауіп төніп тұрса керек. Дәл қазір өзгермелі әлемдегі сондай саяси-әлеумет­тік, қым-қиғаш оқиғалардың шиеленісіп, экологиялық мәселелердің ушығып тұрғанына қарамастан, әлемнің әр түкпірінде жер шарының, адамзат­тың тағдыры мен болашағына, бейбіт өмірін сақтау мен бақуат­ты тіршілігін қамтамасыз етуге байланысты, тіпті адамзат­тың әдебиеті мен өнеріне, рухани өнеріне қатысты әлемдік басқосулардың толассыз өтіп жатқанын білеміз. Сондай жиынның бірі өткен жылдың соңында Таиландта ұйымдастырылды. Дүниежүзі ақындары бас қосқан «Әлем ақындарының VII кезекті поэзия фестиваліне» елімізден талант­ты ақын, әйгілі аудармашы Дүкен Мәсімханұлы барып, қатысып қайт­қан болатын. Аталған әлемдік әдеби жиынның мәні мен маңызы туралы Д.Мәсімханұлын әңгімеге тартқан болатынбыз.

– Аға, өткен жылдың соңында Таиландта өткен «Әлем ақындарының VII кезекті поэзия фестиваліне» қазақ ақыны ретінде арнайы шақырылып, қатысып қайт­қаныңызды білеміз. Ең әуелі осы әлемдік әдеби басқосу туралы тарқатып айтып бересіз бе? Жиынға қанша елдің ақындары қатысты? Олардың ішінде есімі әлем жұртына танымал қандай қалам иелері болды?

– Өткен жылы қазан айында қазақ ақыны ретінде «Әлем ақындарының VII кезекті поэзия фестиваліне» арнайы шақыру алдым. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақ­станнан ақын Ұлықбек Есдәулет екеуміз шақырылған екенбіз. Алайда ақын Ұлықбек Есдәулет мырза дәл сол күндермен тұспа-тұс келген Қазақ­стан Жазушылар одағының 90 жылдығына, өзінің 70 жасқа толу мерейтойына байланысты қатыса алмады.

Ал біз 2024 жылдың 13 – 19 желтоқсан күндері аралығында Таиландтың Бангкок пен Пат­тайя қалаларында өтеді деп жоспарланған әлемдік жыр тойына қатысу үшін 12 желтоқсан күні Таиланд астанасы Бангкок қаласына ат басын тіредік. Әлемдік поэзия мерекесіне жер шарының түкпір-түкпірінен, жүзшақты мемлекет­тен 200-дей ақын шақырылған екен. 12 және 13 желтоқсан күндері шақырылған ақындардың бәрі Бангкок қаласынан табылды.

Әрине, қатысушылардың бәрі де – әрісі әлемге, берісі өз елдерінде кеңінен танымал ақындар. Олардың бәрінің аты-жөнін атап немесе шығармашылық лабораториясын таныстырып жатсақ, әңгімеміз мүлде ұзап кетер. Дегенмен әлемге әйдік ақындар ретінде Аустралия ақыны Лес Уиксті (Les Wicks) алып айтатын болсақ, 15 жыр жинағы жарық көрген ол жарты ғасырға таяу уақыт­тан бері аустралиялық әдеби ортада шығармашылықтағы белсенділігімен көзге түскен. Ол өз елінің басты әдеби сыйлықтарымен бірге көптеген халықаралық сыйлықтардың да иегері атанған. Шығармалары 39 елдегі 17 тілде жарық көретін 400-ден астам түрлі газет­терде, антологияларда және журналдарда жарияланған. Арабтекті аустриялық ақын Тарек Елтайеб 1959 жылы Каирде (Мысыр) судандық отбасында дүниеге келген және ол 1984 жылдан бері Венада (Аустрия) тұрады. 1985 жылдан бастап қолына қалам алған оның үш романы, екі әңгімелер жинағы, бес өлеңдер жинағы, пьесалары мен көлемді өмірбаяндық хамсасы және эсселер жинағы бар. 2008 жылы ол Еуропалық мәдениетаралық диалог жылында «Аустриядағы елші» атағына ие болған. Сол жылы Аустрия Республикасына сіңірген еңбегі үшін Тарекке Құрмет ордені берілген. Оның екі романы ағылшын тілінде «American University of Cairo Press» баспасынан жарық көрген. Ал АҚШ-тан келген ақын, композитор Александр Селимов (Alexander Selimov) – оншақты жыр жинағының авторы. Оның шығармалары АҚШ, Испания, Канада, Ресей және Әзербайжан қатарлы елдерде жарық көрген. Ол сондай-ақ Латын Америкасында, Еуропада және Азияда өткен теледидар мен радио фестивальдарында өнер көрсеткен. Оның поэзиясы 2018 жылы Виктория Урбано жазба ақындар байқауында (Чикаго, АҚШ) жоғары бағаға ие болған.

Үндістандық ақын қыз Решма Рамеш (Reshma Ramesh) – ағылшын және каннада тілдерінде жазатын екі тілді ақын. Көптеген жыр жинақтарының авторы. Оның жыр жинағы «Елестер жаңғырығы» (Reflection of Illusions) 2017 жылғы сәуірде Малайзияда Азия елдері ақындары қатысқан «Оқу және бөлісу» халықаралық конференциясында және PULARA 8-ге, сонымен бірге Моңғолияда өткен дүниежүзілік ақындар құрылтайына қатысты. Решма бұл күнде дүниежүзілік ақындар конгресінің мүшесі. Мизуки Мисуми – қазіргі жапон поэзиясындағы жарқын есімдердің бірі. 1981 жылы Жапонияның Кагосима деген жерінде дүниеге келген. Ол өз елінде қазіргі поэзия дәптері сыйлығын алған. Оның «Overkill» ат­ты алғашқы поэзиялық кітабы 10-Цюя Накахара сыйлығымен марапат­талған. 2008 жылдан бастап ол сахналық шығармалар жазуға ден қойған. Екі музыкалық альбомы жарық көрген. Бүгінге де­йін Словения, Литва, Корея, Италия елдерінің халықаралық поэзия фестиваліне және Ванкуверде, Нью-Йоркте, Бельгияда, Германияда, Парижде өткен поэзиялық іс-шараларға арнайы шақырумен қатысқан. Бұдан өзге осы жолғы Таиландта өткен әлемдік поэзия фестиваліне Никарагуа ақыны Аминар Рахман, грекиялық ақын Кристос Коукис, нигериялық ақын Ханну Афере, украиналық ақын Люба Якимчук, Голландия ақыны Артуро Десимоне, аустралиялық ақын Ма Шицзюй, қытайлық әлемге әйгілі ақындар Хуаң Ячжоу, Сюй Цзиңя, Хань Чиңчэнь, Бэй Та, таиландтық ақындар Най Тива, Наоварат Поңпайбун, Супорн Ит­тифут, малайзиялық ақындар Тиң Мэйсең, Лю Ахким, Ся Паксоу, сингапурлық ақындар Чин Чуңчам, Куэк Юңсю, Лимпэкхуң қатарлы әлемге танымал ақындардың қатысқанын атап айтуымыз керек.

– Поэзия фестивалін кімдер ұйымдастырған? «Поэзия фестивалі» болған соң ақындардың өлең оқитыны белгілі. Одан өзге қандай іс-шаралар болды? Нендей мәселелер қаралды?

– Іс-шараны ұйымдастырушылар – Boao International Poetry Festival, World Poetry Movement (WPM), International poetry award, International poetry Forum, The Herald publisher қатарлы халықаралық ұйым­дар және Таиланд үкіметі мен Таиланд Жазушылар одағы.
Жалпы, поэзия мейрамы 14 желтоқсан күні ресми түрде басталды. Фестивальдың ашылуына Таиланд Мәдениет министрлігінің өкілі, Таиланд Жазушылар ордағының төрағасы, Таиланд Парламентінің депутат­тары, Тай елінің әйгілі мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.

Әрине, өзің айт­қандай, 14 желтоқсан күнгі Бангкоктегі «Бангкок түні» ат­ты поэзиялық-музыкалық кеш, 17 желтоқсан күнгі Пат­тайядағы «Поэзия және арман» ат­ты кеш тұтастай әлем ақындарының өлең оқуына арналды. Бұл екі кешті де Тай елінің өнерпаздары ән-күймен әдіптеп отырды. Жалпы, осы жолғы поэзия фестивалі аясында Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия ақындары ПЕН клубының құрылтайы; Әлем ақындарының жаңа халықаралық ПЕН клубын құру жөніндегі ынталы топ өкілінің баяндамасын тыңдап, талқылау; ақындарының халықаралық ПЕН клубының бірінші құрылтайы және оның жарғысын бекіту; Сонымен бірге халық­аралық ақындар ПЕН клубының басшылары мен басқарма мүшелерін сайлау; 2024 жылдың қорытындысы бойынша халықаралық поэзия сыйлығына ие болған ақындарды марапат­тау; ақындардың халықаралық ПЕН клубының ашылу салтанаты секілді шаралар алдын ала белгіленген күн тәртібі бойынша сәтімен өтіп жат­ты. Бұдан өзге жер шарының түкпір-түкпірінен келген ақындарға Бангкок және Пат­тайя қалаларындағы Тай елінің мұражайларын, тарихи орындары мен ұлт­тық дәстүрлерін тамашалату, пілге мінгізу, жүрдек моторлы қайықтармен теңіз айдынын саяхат­тату секілді құрмет­тер көрсетілді.

– Ал «Халықаралық ақындар ПЕН клубы» немен айналысады? Ұйымның алдына қойып отырған мақсат-міндет­тері туралы қазақ оқырмандарына айтып берсеңіз?

– Жалпы, кез келген мемлекет­тегі діни емес, саяси емес, әскери емес һәм зайырлы һәм әдеби-мәдени ұйымдар болсын немесе тура сондай халықаралық деңгейдегі діни емес, саяси емес, әскери емес һәм зайырлы һәм әдеби-мәдени ұйымдар болсын, бәрінің күллі адам баласына, қала берді, ұлт­тар мен ұлыстарға пайдасынан басқа зияны жоқ. Өйткені әдебиет пен өнердің өзегі – ізгілік, рухы – бостандық, ұраны – әділет­тілік. Осы ұғымдар қай халыққа жат болуы мүмкін?! Осы жолғы әлемдік деңгейдегі әдеби басқосуға ресейлік қаламгерлер шақырылмапты. Түсінген, білген адамға осының өзі-ақ біраз жайдың астарын аңдатпай ма?!

Өз басым бұл жолғы әлем ақындарының кез­десуі өте жемісті болды деп есептеймін. Себебі әлемнің әр түкпірінен келген ақындар бір-бірімен жақын танысып, сырласып, пікір алмасып, бір-бірінің шығармашылығынан бастап, бір-бірінің елінің әлеумет­тік, рухани салаларына да барынша ден қойды.
Әсіресе бұл жолғы басқосудың ең үлкен жеңісі мен жемісі «Халықаралық ақындар ПЕН клубының» (POETS INTERNATIONAL PEN CLUB, қысқаша PIPC) құрылуы болды десем, еш асырып айт­қандық болмас еді. Жергілікті БАҚ өкілдері мен фестивальға қатысушылар бұл ұйымның құрылуын адамзат баласының рухани өміріндегі елеу­лі оқиға деп сипат­тады.

Айтып-айтпай, аталған ұйым, егер алдағы уақыт­та өзінің жарғысы мен алдына қойған мақсат-міндет­теріне сай өнімді жұмыс істейтін болса, онда бұл PIPC болашақта адамзат баласын бір-біріне жақындатып, адами рухани туыстық қатынасты тереңдетуге игі ықпал ететін ұйым болады деп сенуге толық негіз бар. Өйткені белсенді топ өкілдері мен сөйлеуші шешендердің бәрі бір ауыздан мына мәселелерге баса назар аударды: адамзат­тың бір ғана ортақ Отаны бар, ол – Жер шары. Ал адам баласының ең басты адами тілі (күлу, жылау, қуану, мұңаю…) қай құрлықта, қандай этнос екеніне қарамастан бірдей. Сондай-ақ адами құндылықтар (атап айт­қанда, шап­қыншылықты, қатыгездікті, алаяқтық, ұрлық, зорлық-зомбылық, әділетсіздік, алдамкөстік, надандық, парақорлықты… т.б. жексұрын қылықтарды жек көруі; Ізгілікті, тазалықты, әділет­тілікті, теңдікті, мейірімділікті, бейбітшілікті, теңдікті сүюі) жер бетіндегі барлық халықтарда өте ұқсас. Сондықтан адамзат­тың рухани көгершіні саналатын ақындар осы құрылған PIPC арқылы адамзат­ты рухани жақындастыруға, жер шарының тағдыры мен болашағына араша түсуге лайықты үлес қосумен бірге, жер бетіндегі соғыстар мен бей-берекетсіздікке, әділетсіздікке тосқауыл қоюға атсалысады деп ойлайлаймын. Менің бұлай ойлауыма негіз болып отырған жиналыстағы шешендердің сөздері ғана емес, бұл ойлар PIPC-тің жарғысында да анық көрініс тапты. Атап айт­қанда, PIPC-тің «Жарғысының» 3-бабында «Пен клубтың миссиясы «Бейбітшілік, Бостандық және Еркін ой» қағидат­тарын басшылыққа алады. Халықаралық поэзиялық іс-шараларды ұйымдастыру арқылы Пен клубы дүниежүзіндегі ақындар арасындағы пікір алмасу мен ынтымақтастықты дамытуға, жаһандық поэзияның өркендеуін арт­тыруға және поэзияның ықпалы арқылы жаһанда жайлы әлем құруға ұмтылады» деп көрсетілді. Демек, PIPC Халықаралық поэзия симпозиумдарын ұйымдастырады және әр елдің әйгілі ақындарын, олардың үздік шығармаларын әлемдік әдеби сыйлықтарға ұсынады. Сондай-ақ клуб бүкіл әлем ақындарының әртүрлі поэзиялық іс-шараларын ұйымдастыратын болады. Әлем ақындарының поэзиялық шығармаларын өзара аударуға және ой-пікір алмасуға байланысты іс-шараларды жүзеге асыру; әлемнің барлық елдеріндегі поэзия фестивальдарымен, әдеби мекемелерімен және шығармашылық ұйымдарымен бірлесе отырып, ақындарға бүкіл әлемдік саяхат­тар мен гастрольдік сапарлар ұйымдастыру; клубтың органы ретінде ағылшын және қытай тілдерінде, қажет болған жағдайда әлемнің басқа да негізгі тілдерін қосу мүмкіндігімен «Әлемдік поэзия» («World Poetry») журналын шығару; жыл сайын клуб мүшелерінің және клуб мүшелері ұсынған әлем ақындарының таңдамалы шығармаларынан ағылшын және қытай тілдерінде жеке-жеке «Поэзиялық жылнама» шығару; бүкіл әлемдегі ақындарға өз шығармаларын жариялау әрі пікір алмасу үшін халықаралық интернет-платформа ұсыну; әртүрлі елдердегі баспа және медиа мекемелерімен бірлесе отырып, клуб мүшелерінің шығармаларын әлем елдерінің баспасөздерінде жариялау және насихат­тау секілді аса қажет­ті һәм маңызды шаруаларды да PIPC өз мойнына алып отыр.

– Жоғарыдағы сөзіңізге қарағанда, аталған Халықаралық ақындар Пен клубының құрылуы, әрине, адамзат­тың рухани өміріндегі елеулі оқиға ғана емес, адамзат­тың рухани жақындай түсуіне игі ықпал ететін маңызды қадам екен. Алдағы уақыт­та бұл ұйымның дүниежүзінің түкпір-түкпірінен филиалдары ашылуы мүмкін бе?

– Дүниежүзіндегі 200-ден астам мемлекет­тің бәрінен жаппай филиалдар ашыла қоймас. Дегенмен географиялық, тілдік, этникалық ерекшеліктеріне қарай жер шарының әр аймағынан филиалдар ашылуы мүмкін. Мәселен, PIPC-тің осы жолғы Бангкокта өткен тұңғыш құрылтайын­да ашық дауыс беру арқылы Клубтың төрағасы, төрағаның орынбасарлары, атқарушы директоры және оның орынбасарлары сайланды. Сонымен бірге «клубтың» ең жоғарғы органы болып есептелетін басқармасының мүшелігіне әлемнің әр елінен келген 15 ақын сайланды. Осы басшылық құрамын сайлау кезінде жоғарыда айт­қан мемлекет­тер мен халықтардың географиялық, тілдік, этникалық ерекшеліктеріне баса назар аударылды.

Осы арада сүйін­шілей кетуге болады, клуб мүшелері бір ауыздан Қазақ елінің, Түркітілдес елдер мен Орталық Азия елдерінің өкілі ретінде бізді PIPC-тің басқарма мүшелігіне сайлады. Демек алдағы уақыт­та Қазақ­станда PIPC-тің филиалын құруға толық мүмкіндік бар деген сөз. Ол туралы «клубтың» биыл күзде Аустралияның Сидней қаласында өтетін ІІ құрылтайында нақтыланады.

– Қуанышты әрі өте маңызды жаңалық екен. Құт­тықтаймын, аға! Енді бір сұрақ, егер құпия болмаса, осы жолғы «Әлем ақындарының поэзия фестиваліне» арнайы шақырылуыңыздың барысын, сырын, себебін әңгімелеп өтсеңіз.

– Жарайды. Оның ешқандай құпиясы да, сыры да жоқ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Әлем ақындарының фестиваліне» шақыру үшін біріншіден, өз елінде ашық, жаппай мойындалған ақын болуы; екіншіден, ақынның шығармашылық белсенділігі (өнімді жұмыс істеу); үшіншіден, ақын шығармаларының шет тілдеріне аударылған болуы; төртіншіден, шетелдік әдебиет сыншысының назарына ілінуі; бесіншіден, өз шығармашылығымен ғана шектелмей, шетел ақындарының өлеңдерін тәржімалап өз елінің оқырмандарына ұсынып жүрген болуы секілді басты-басты бес талабы бар екен. Біздің кандидатурамыз осы талаптарға сай келген болу керек. Қазақтың халық өлеңінде: «Танысым жоқ бұл тойда, тамырым жоқ…» – деп әндетілетініндей, әлемнің мүйізі қарағайдай ақындары мен мәдениет қайраткерлері ұйымдастырып отырған халықаралық жиынға қазақы «әке-көкенің» жүрмейтіні бесенеден белгілі.

Ал енді, өзім туралы айтсам, ең әуелі Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесімін. Ақын ретінде әр жылдары «Жүрекке саяхат», «Семсер суы», «Көкпар», «Алтынның буы», «Алкүрең арман», «Сап, сап, көңілім», «Жүрегімнің жұмбағы» қатарлы жеке жыр жинақтарым жарық көрген. Өлеңдерім бүгінге де­йін ағылшын, француз, қытай, орыс, жапон, түрік, қырғыз, өзбек, ұйғыр тілдеріне аударылды. Қазақ­стан Жазушылар одағының «Алаш» әдеби сыйлығының, «Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері» атағының, Парасат орденінің иегерімін.

Түркияның Елазығ қаласында өткен түркітілдес халықтар ақындарының «Хазар шеир ахшамлари» фестивалінің екі мәрте дипломантымын. Одан бөлек, ел ішінде өткен көптеген жабық мүшәйраларда бірнеше мәрте жеңімпаз атандым. Түркия Республикасы Кастамону университетінің профессоры, әдебиет­танушы ғалым Өмер Фарук Атеш мырза менің поэзиям туралы ағылшын тілінде «The Poetics of Kazakh Poet Duken Masimkhanuly» (Қазақ ақыны Дүкен Мәсімханұлының поэтикасы) деген тақырыпта көлемді зерт­теу мақала жазып, халықаралық іргелі ғылыми басылым бетінде жариялады. Бұдан өзге әр жылдары қытай тілінен неше ондаған әлемнің әйгілі ақындарының (оның ішінде, қытай ақындары да, өзге елдер ақындары да бар) таңдаулы шығармаларын қазақ тіліне аударып, қазақ оқырмандарының назарына тұрақты түрде ұсынып келемін.

Ең бастысы, «Әлем ақындарының фестиваліне» барып, қатысқандағы бір түйген ойым, біздің ақын-жазушылар «қазақ әдебиеті әлемнің озық әдебиетінен еш кем емес» деп өз қазанымызда өзіміз қайнап, өз буымызға өзіміз пісіп жата бермей, әлемдік әдеби өмірге белсенді араласуымыз ауадай қажет екен. Әрине, қазақ әдебиеті қай жанрда болмасын, дүниежүзіндегі мен-мен деген әдебиет­тердің ешқайсысынан кем емес. Ол – ақиқат! Бірақ шығармаларымызды мемлекет арнайы бағдарлама жасап іргелі елдердердің тілдеріне аудартып шығармаса немесе ақын-жазушыларымыз өз шығармаларын шет тілдеріне өздері жүгіріп жүріп аудартып, шығармаса, сонда біздің «ешкімнен кем емес шедеврімізді» әлем оқырмандары иіскеп біле ме?!

Қысқасы, бұндай әлемдік деңгейдегі әдеби-мәдени жиындарға, рухани басқосуларға егер, мемлекет қолдау көрсетіп өкілдер жіберіп қатыстырып отыратын болса, бұл олимпиядалық спорт ойындарына спортшылар жіберуден әлдеқайда ұтымды да мағыналы, тиімді де пайдалы болар еді. Мәселен, осы жолы Тай елінде өткен алты- күндік әдеби жиынның әр күнінде, маған қатысты «Қазақ­стан», «Қазақ» деген сөздер, кемінде, 10-20 рет айтылып жат­ты. Тіпті менің есімімді жат­тап үлгермегендер мені «Қазақ­стан» деп шақырып жүрді. Бұдан тыс, әлемнің әр түкпірінен келген жүздеген ақындар мен Қазақ­стан, қазақ әдебиеті, қазақ тілі туралы шұқшия сұрау­мен болды. Ал Бангкоктегі «Бангкок түні» ат­ты поэзиялық-музыкалық кештегі үлкен залда, Пат­тайядағы «Поэзия және арман» ат­ты кеште ашық аспан астында қазақ тілінде оқыған өлеңдерім тыңдаған жұрт­тың жүрегіне қазақ дейтін халықтың есімін ғана емес, белгілі деңгейде оның тілінің әуезін, поэзиясының мәнерін сіңіргені анық. Дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келіп, Тай еліндегі поэзия мейрамына қатысқан ақындардың бәрі де, өзіңе сұхбат беріп отырған мына мен секілді өз елдерінің БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп немесе жолжазбаларын жариялап жатқан болуы әбден мүмкін. Солардың бәрі болмаса да, біразының «Қазақ­станнан бір ақын қатысты» деп жазатынына еш күмән жоқ. Әрине, халық спортпен айналысуы, азамат­тарымыз сау денелі болуы керек-ақ. Оны жоққа шығармаймыз. Алайда елімізді әлемге тек спортпен танытамыз деп тыраштану – сыпайылап айт­қанда, даңғазалық. Сондықтан мемлекет әдебиетіміз бен мәдениетімізді әлем жұртына таныстыру, таныту бағытында жүйелі жұмыс істеу керек. Мәселен, дүниежүзінің көптеген елінің үкімет­терінде өз елінің үздік қаламгерлерінің таңдаулы шығармаларын жыл сайын жоспарлы түрде шет тілдеріне аудартып, шетелдерде шығару туралы іргелі бағдарламалары бар екенін білеміз. Ал біз болсақ, миллиардтап ақша шығындап шетелдерден спорт­тық жат­тықтырушылар шақырамыз.

– Иә, дұрыс айтасыз, аға. Тай еліндегі поэзия фестивалінде өлең оқығаныңыз туралы айтып қалдыңыз. Қанша өлең және қандай өлеңдер оқыдыңыз?

– Ұйымдастырушылар фестивальда оқитын өлеңдерімізді түпнұсқа және ағылшынша аудармасымен алдын ала жинап алған болатын. Мен Таиландтың Бангкок пен Пат­тайяда өткен жыр кештерінде «Ормандар көші», «Қыс» және «Өз аспаным өзімде» ат­ты үш өлеңімді оқыдым.

– Соның бірін «Қазақ әдебиеті» газетінің оқырмандарына оқып берсеңізші!

– «Қыс» деген өлеңімді оқып бере­йін.

Сары аяз, қара жел, үскірік,
Ақ сүңгі, боз қырау… бәрі бар.
Аспан тұр бозарып, түшкіріп,
Қалбақтап ұшады кәрі қар.

Күнгейлер есінеп, буланып,
Мұземшек бұлақтар қызарған.
Қолтығы сәл тершіп, суланып,
Таулардың бойлары ұзарған…

Ақ жорға тайпалып даламен,
Тізгінін ойпаңға іркеді.
Бүрісіп, құрысып бар әлем,
Күн көзін тұманмен сүртеді.

Аяз да өзінше күш қылып,
Өмірді өкпеден қысады.
Шақырар қайың-тал ысқырып,
Жарқырап жалаңаш құшағы.

Ескі жұрт секілді қысқы бақ,
Тірліктен, үміт­тен жоқ белгі.
Мен келем, қолымды ысқылап,
Қиялмен қызықтап көктемді…

– Әңгіме соңында дәстүрлі бір сұрақ, қазір не жазып жүрсіз?

– Дұрыс-бұрыс деп айта алмаймын, менің шығармашылығым сан-салалы. Ондайға мені уақыт­тың талабы мәжбүрлеп алып келді. Мәселен, Пекиннен университет бітіргеннен ке­йін, жолдамамен Үрімжі қаласындағы Шыңжаң Гуманитарлық ғылым академиясының әдебиет институтына ғылыми қызметкер болып жұмысқа тұрдым. Ол жерден нан жеймін десең, ғылыммен айналысу керек. Елге оралғаннан ке­йін ҚазҰУ, ЕҰУ секілді жоғары оқу орындарында ұстаздық ете жүріп, ғылым кандидат­тығын және докторлық қорғадым. Қазір бір ғылыми институт­тың басшысымын. Демек, ғылыми зерт­теу –менің негізгі жұмысым. Ал ақындыққа келсек, ол – «жаралғанда жабысқан» Құдайдың ерекше сыйы. Сондай-ақ мен – біршама күрделі тағдырдың иесімін. Аталарымның да, өзімнің де бастан өткергеніміз аз емес. Ара-тұра қолға қалам алғанда, олардың дені поэзияға сыймайтын тақырыптар болып шығады. Сонымен, прозаға да кетіп қалатын кез­дерім аз емес. Ал қытай тілінен жасалатын көркем аудармалар кейде тапсырыспен (мен үшін жанбағыс қамы), кейде «осыны халқым оқысыншы» деген оймен де жасалады. «Ақын болу еркіңде, азамат болу парызың» дейді емес пе, мойында азамат­тық парыз деген тағы бар. Оның қамшылауымен, елде, қоғамда болып жатқан мәселелерге қатысты азамат­тық позицияңды білдірмей тағы тұра алмайсың. Публицистикамыздың өзі бірнеше томға жүк болыпты.
Ал қазір жазылып жатқаны бар, жоспарда кезек күтіп тұрғаны бар. Қысқасы, бізде қарап отыру жоқ. Жан ұяда болса, бұйырғаны болады.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбат­тасқан
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІРЛЕР7
Қонақ 27.01.2025 | 17:20

Жақсы әңгіме өлеңмен өріле өрбіпті!

Қонақ 27.01.2025 | 18:11

Сұқбатты оқып отырып, қазіргі әлем әдебиетінен әдемі дәріс алдым. Еліміздің атынан жырдан шашу шашып келген екенсіз, Сізге көп рахмет. «Ормандар көші» және «Өз аспаным өзімде» атты өлеңдеріңізді қайдан оқи аламыз?

Қонақ 27.01.2025 | 22:20

Керемет. Шабытыңыз шалқып, жазарыңыз көбейіп, қаламыңыз ұшқырлығынан таймасын. Сәттілік тілеймін.

Қонақ 28.01.2025 | 00:07

Дүкең туралы өз сұхбатынан көп нәрсеге қанықтым. Елде көп айтыла бермейді. Себебі не екен..

Қонақ 29.01.2025 | 08:24

Сұхбатта біраз деректер айтылыпты. Біздің елді әлемге әйгілейтін тек спорт қана емес қой, мәдени байланыс одан да маңызды деп ойлаймын. Мәдени байланыс елдің рухани деңгейін көрсетеді, мәдениет минстрлігі осыны білсе жөн болар еді.

Қонақ 29.01.2025 | 18:25

Тамаша сұхбат болпты,Дукен мырза,
Еңбегіңіз жемсті болсын,

Қонақ 04.02.2025 | 04:42

Керемет. Елдің атынан үлкен додаға қатысқаныңызға тұщындым. Шабытыңыз шарықтап, қаламыңыз мұқалмай елдің рухани байлығына үлесіңізді қоса беріңіз. Әрқашан биіктен көріне беріңіз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір