АДАМНЫҢ БОЛМЫСЫН ТАНЫП БОЛДЫҚ ПА?
03.04.2024
179
0

(Абай, Шәкәрімнің адамтану іліміне талдама)

Жан және рух деген не, ақыл қайдан? Көңіл жайында білеміз бе? Бұлар жайлы білетініміз шала-пұла, адам болмысын, яки өзіңді жіті біле­йін десең, оған мүмкіндік те шамалы. Рухани ілім дүниеауи ғылымдар шаңына көмілді, босағада сығалап қалды. Бұл – шындық. Сондықтан жантану ілімін ұлылар танымы бойынша жаңғырту қажет­ деген ойға келдім.

Жан – Жаратқан құдірет­тің бір бөлшегі (қуаты, нұры), ал тән – оның тұрағы. Қарапайым түрде айт­қанда, жан деген – Күн сәулесі сияқты баршаға (шөпке, малға, құсқа, адамға, т.б. тіршілікке) ортақ қуат. Ұғып аларға керегі мынау: осынау бастапқы қуатпен бірге, оның киген киімі оранған қабығы сияқты екінші қуат та бар (әйтпесе, тіршілік иелері сан алуан түрге бөліне алмас еді). Міне, адамда бар осы екінші қуат «рух» делінеді. Рух – адамның мәні. Рухты түгесіп айту мүмкін емес. Адам болмысы делінетін барша категориялар: сана, ақыл (білім), ес, түйсік, ар, ұят, намыс, сезім (хауас), қайрат, жігер – бәрі-бәрі рухтан пайда болады. Ол – адамгершілік қасиет­тердің қайнар көзі. Саналы, есті, ақылды, арлы, намысты, жігерлі сөздері – рухы күшті адамның сипаты. Сөйтіп, тән – он екі мүшелді, ал жан одан бетер күрделі құбылыс екен.
Адамда қуат екеу (жан және рух) дедік. Бірақ мағына жағы бүркеулі. Дін, мейлі, философия өкілдері дейік, көп адасты. Жан мен рухты бір нәрсе – бір қуат деп, «жаралыс басы – қозғалыс» өлеңінде Шәкәрім былай дейді:
Мағынасын анық біле алмай,
«Рух» – деген сөзді жан дейді.
Осыдан жаман әуре жоқ.

Сонымен, жан мен рух екі бөлек қуат (бұл бүгінгі таңда ғылым бойынша расталған ақиқат). Жасанды интеллект (жасанды сана) қанша жетілсе де, адамды алмастыру мүмкін еместігінің сыры осы арада екенін айта отырайық.
Енді ақыл ұғымын тектейік. «Көк тұман – алдыңдағы келер заман» (1896) өлеңінде Абай:
Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,
«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі.
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менікі» өлсе, өлсін, оған бекі, –
демей ме. Ақыл мен жан қосақталған, неге? Себебі, ақыл да – өзгелер сияқты рухтың баласы. «Ақыл мен жан» немесе «рух пен жан» деңіз, принципті өзгешелік жоқ. Абайдың, міне, осыны жақсы біліп айт­қаны сөзсіз.
Ақыл дегеніміз не? Ол – жан мен тәнді жалғайтын алтын көпір, оларды байланыстырушы құрал. Адамның, аңның да, жақсының, жаманның да сүйенгені – ақыл. Ақыл жан құмарын құптаса нұрлы, егер зат­тық әлемге бас ұрса, онда суық (кемелдік пен пенделіктің айырмасы осы арада). «Ғылым» – кең мағынасында бүкіл ғаламның көріністері деген сөз. Сол ғылымды ұғып үйрететін құрал да – ақыл.
Ақыл жан мен тәнді қайтіп байланыстырады? Бұл мәселеге Шәкәрім «Тура жолда қайғы тұрмас», «Адамның еркі қайда?», «Ақылдың жауабы», «Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр» өлеңдерін арнаған. Соңғысында:
Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр,
Сол нұрды тән қамы үшін жан жұмсап жүр.
Тағдырдың қиын, сырлы сиқырымен
Жан – тәнге, ақыл жанға матаулы тұр, –
дейді. Өзі айт­қандай, сырға толы сөздер. Ойшылдың ақыл сипатын «өлшеусіз бір жарық нұр» дегені – біле білсек, жаңалық! Япыр-ай, өлшеусіз тек жан мен рух, мінсіз де осы екеуі еді ғой. Бұл қатарға ақыл қосылып, өлшеусіз делінсе, онда адамға хақиқат­ты тану мүмкіндігі берілген деген тың түсінік тумақшы. Ғұлама: «Шын таза ақылдың тап­пас заты жоқ», – дейді («Тіршілік, жан туралы» өлеңі). Осылайша, ақыл мен рухтың тегі, заты бір екені анықталып отыр! Нағыз сенсациялық ой-пайым!
Бұл пайымын «Жаралыс басы – қозғалыс» өлеңінде тиянақтай түседі:
Рух деген мінсіз таза ақыл,
Мінсіздің ісі шын мақұл.
Айуандағы ақыл ол емес,
Аз ғана сезім, аз тақыл.
Құраныңды оқы нанбасаң.
Кант, Гегель, Шопенгауэр сынды әйгілі философтар «рух» деген мінсіз таза ақыл екенін білді, хақиқат түбіне жет­ті дей алмаймыз. Бұл да – Шәкәрім жаңалығы.
Сөйтіп, айуанда, тіпті шөпте де ақыл, сезім бар, бірақ ол «рух» емес екен. Неге? Себебі ол – өте әлсіз, аз ғана қуат. Бұдан аты адамның бәрі рухты деген ой тумайды. Кімде кім ақылын тек тәнге (тойымсыз нәпсіге) жұмсаса, мал, мақтанға бола жаны ескерусіз қалса, сол рухсыз. Шәкәрім былай айтады:
Нәпсі дер рухсыз жандарды,
Мейлі – адам, мейлі – аңдарды.
Үстіртін қарап ұқпайды,
Қай молда мұны аңғарды?
Мәнісін білмей шатасқан.
Айта өтері, 1924-1926 жж. сан ғасырлық адамзат тарихында алғаш рет жап­пай құдайсыздық орын алды. Дәстүрлі қоғам толық күйреді. Оның соңы сан алуан катастрофаға ұласары заңдылық. Шәкәрімнің «жан мен рух бір деп күңкілдеген» дінші мен «жан жоқ» деп жар салған пәншіні (атеист ғалым) қат­ты сілкілеуі, жаңағы «Жаралыс басы – қозғалыс» деген тамаша туындысын:
Таза ақыл ақты барлайды,
Дәлелсіз сөзді алмайды.
Танитын жанға кез болса,
Хақиқат жерде қалмайды,
Жалғанға сатпас шыныңды, – деп түйін­деуі адасқандықты көре білгенінің куәсі болып табылады. Дәлелсіз сөзге сенген, көзін шел басқан ақыл рух емес. Ол – рухқа қарсы күш. Ол – шынға да антипод. Оған алданба! Ғұламаның жан­айғайы, жеткізбек сабағы да, міне, осы.
«Құдай жазалағысы келсе, ес-ақылдан айырады» демекші, қазір де тура жолды таптық, рухымыз күшті деп мақтана алмаймыз. Бәріміз де білімдіміз, бірақ, бірақ… Шәкәрім:
Адал еңбек, ақ пейіл, мейірім жоқ –
Осы болар таза ақыл өлді демек, – деп ескерткен ахуалды өзгерте алмадық. Өздеріңіз де байқап отырсыздар, Шәкәрімнің өсиет сөздері бір ғасыр өтсе де, өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ол – бүгінгі қоғам дертінің де дәлді диагнозы.
Рухсыздық дертінің дауасы қайсы? Данышпандар білуінше, әуелгі анық – жан (рух) қуаты ақыл, ғылыммен зорая­ды. «Бұл қуат­тар әуелде кішкене ғана болады. Ескеріп баққан адам үлкейтіп, ұлғайтып, ол қуат­тардың қуатын зорайтады, – дейді Абай. – Ескерусіз қалса, ол қуат­тың қайсысы болса да жоғалады» (43-сөз). Демек, ес-ақыл «денені қуан­дырмақ» деңге­йінде қалмасын, жеке адам, бүкіл қоғам да ме­йірім, махаббатпен өмір сүруге ұмтылсын деген идея, тұжырым туады!
Келесі анық, ұлт­тық құндылықтар (тарих, әдебиет, мәдениет, т.б.) – сананы, сана рухты көтеретіні. Рухты, еңселі елдерді көріп-біліп отырмыз. Өз тілінде сөйлемейтін ұлт­ты рухты деу – жалғандық. Оның болашағы да бұлыңғыр.
Жан, рух және ақыл жайлы айт­пағым – міне, осылар. Енді «көңіл» түсінігі қалып барады. Қазақта көңіл айту, көңіл бөлу, көңілге алу, көңілді ашу, көңіл қалу, көңіл көтеру, көңілшек, қамкөңіл, ақкөңіл және т.б. тіркестер көп-ақ. Абай, Шәкәрім де жиі қолданған. Абайдың «Көңілім қайт­ты достан да, дұшпаннан да», «Жарқ етпес, қара көңілім, не қылса да», «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа», «Өзгеге, көңілім, тоярсың», «Кейде есер көңіл құрғырың», «Көзімнің қарасы, көңлімнің санасы», «Ұяламын дегені көңіл үшін» өлеңдері – соның айғағы.
Шәкәрімнің «Жан менен тән һәм көңіл» жырынан бір үзінді:
Ал енді сипат­талық көңілді біз,
Ескеріп бұл сөзімді жақсы ұғыңыз.
Жан мен дене – қосылған ерлі-қатын,
Екеуінен туады көңіліміз.
Табиғат бірде – былай, бірде – олай,
Кетері мәлім емес әлдеқалай.
Әкесі – жан, шешесі дене болып,
Көңіліміз сол себептен екіталай.
Мінеки, көңіл – жан мен тәннің баласы екені нақты анықталған (бұл да – Шәкәрім жаңалығы). Екеуін де қуандырғысы келеді. Бірде – былай, бірде – олай, бір атым насыбайдан қалатын көңіл шындаса ғарыш биігіне шарықтауы мүмкін. Абайша Хақты тануға керегі – «ынталы жүрек, шын көңіл».
Көңіл ерекшелігін екшеуден бұрын Абай, Шәкәрімнің шығармашылық өміріне көз салайық. Ағартушылық кезеңінде (1896-1890 жж.) Абай көңілі қаламаған бағыт пен тақырып (өсиет өлеңдері, махаббат лирикасы, табиғат­ты жырлау, аударма жасау, ән шығару және т.б.) жоқтың қасы. «Қара сөздерін» қызудың көбі (билік, мәнсап, т.б.) кетіп, фәни өмірден көңілі қалған 1891 жылы қолға алған-ды. «Енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ», – деп. Рух зорайғанда оған ілесе көңіл күй өзгермек, төзім, сабырлы мінез пайда болмақ дегеннің мысалы бұл.
Келесі 1892 жылғы белгілі өлеңінде ақынның:
Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?
Босқа әуре қылмай, шыныңды айт.
Шарқ ұрып, тыныштық бермейсің,
Сырласалық, бермен қайт, –дейтін себебі көңілі шарқ ұрып, жан әлемін іздеген еді. Расы, 1898 жылдан Абай дара бағыт – адам мен Алланың болмысын танып-білуден еш айныған емес. Көңілі хәкім биігіне жеткен соң ғана байыз тапты, жүрекпен бірге соқты. Бұл мысалды көңілдің ортадан, қалыптасқан жағдайдан гөрі, ес-ақыл деңге­йіне көбірек тәуелді екенін аңғарту үшін келтіріп отырмын. Енді шәкірті Шәкәрімнің:
Басында жас бала едің сен,
Ойың бұзылмаған, көңіл!
Періштедей таза едің сен,
Қиянат қылмаған, көңіл! – деп басталатын «Көңіл» ат­ты ұзақ (17 шумақ) өлеңін талдауға көшейік.
Мән-мазмұны автобиографиялық өлеңнің әр шумағында шайыр көңілдің хәліне тоқталған. Мәселен, балалықты ұрлаған, асығыс зырлаған көңіл, одан соң атақ, мақтан, құмар, пайда қуып, боялып, сырланған көңіл. Қызудың көбі кетіп, ес кіргенде «келдім қайдан, барам қайда» деп ой тырнаған көңіл, жас алпысқа жеткенде «өлімнің шын түбі – бейіс» деп ымдаған, «тазалыққа жет­тің» деп растаған (шындаған) да көңіл екен.
Тағдыры, жетілу жолы саты-сатылап баяндалған жыр:
Тазалыққа тағы кет­тім,
Балалықты қуып жет­тім.
Жоғары ғаршыдан өт­тім,
Осыны шындаған, көңіл! –деп қорытылған. Пенделіктен босануды қарапайым адамға, ғалымға да жазбаған. Ғаршыдан өтіп, тазалыққа жету – әулие мен хәкімнің сыбағасы.
Хәкім дегеннен шығады, әкесі Абай туралы белгілі естелігінде Тұрағұл: «Жалпы ғадетінде ақылынан гөрі махаббатын ардақтап, ақылдың суық сынынан қашып, көңіліне билетіңкіреп отыратын еді», – дей келе, дәлелге мынадай оқиғаны алады: «Менің балам Жәбіреиілді әкемнің өлеріндегі науқасы басталғанында менің шешем алып барып еді, әкем шақырды. Туғалы көргені сол, жас бала шақырғанда лапылдап ұмтылып еді: «Қаны тартып, жүрегі сезіп тұр», – деп қат­ты рахат­танып қалды. Мен: «Жоқ, аға, нені біліп отыр дейсіз, әнше­йін ақымақтығынан ұмтылады ғой», – деп едім. «Сен білмейсің», – деп мені тыйып тастап, аузындағы шайнаған өрігінің етін баланың аузына салды». Кішкене оқиғада тағылымды астар бар. Әлемді тұтас көріп Алланың хикметін сезу, сол себепті не нәрсеге де мейірім, махаббатпен қарау – хакімнің еншісі, оған тән мінез, ғадет. Тағы Тұраш: «Ұлғайған сайын әкемнің ашуы азайып, жұмсақ тарта берді, бұл жұмсатуды өзі еңбек қылып тапты»,– дейді. Демек, таза ақылдың иесі болу әлемге мейірім, махаббатпен қарауға саяды.
Сонымен, көңіл – жанның құралы емес, бар болғаны психологиялық хәл, бір мәнде ұстатпайтын абстрактілі, ауыспалы субстанция (адам баласы дәйім көңілдің бір күйіне түседі). Жаңа заманда көңіл көтеру (той-думан, ойын-сауық) қарқыны керемет, бірақ ілгерілеу кәне, адамгершілік тәрбие түзеліп отыр ма? Әрине, жоқ. Оған себеп: көңіл – рухты көтеруге, жан қуатын ұлғайтуға жарамсыз. Абай: «Мақсұтым – …наданның көңілін қойып (қоя тұрып), көзін (ес-ақылдың) ашпақ», – деп білмесе, айтпас еді. Рух ес-ақыл, ғылым, салт-сана, дәстүрмен зораймақ. Тақырыпты осымен сабақтамақпын.
Сөз соңы, Абай, Шәкәрім адам болмысын ашуды жаңа деңгейге көтеруге лайықты үлесін қосты. Оған жан, рух, ақыл, көңіл жайлы ілім-танымдары бұлтартпас дәлел. Алланың әмірі – мейірім, махаббатпен өмір сүру. Бұл – формула! Бақыт­ты болудың өзге амалы жоқ. Бірақ адамзат жан керегін ұмытып, әлі күнге соқыр түйедей өркениет көшін денеге бұрып әуре. «Дене жеңген, таза ақыл өлген» (Шәкәрім) жұрт­тың бірі – біздің қазақ халқы. Қалай рухты болу керегін тәптіштеп түсіндіруге тырысқан жайымыз да сол.

Асан ОМАРОВ,
зерт­теуші.
Абай облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір