Қайдасыңдар, газет оқырмандары!
19.12.2023
147
0

Бүгінгі күнде ешкім газет оқымайды дегенге өз басым сенбеймін. Тіпті сенгім де келмейді. Оны күнделікті өмірде көріп те жүрмін. Газет оқитындар көп. Өкінішке қарай, соларға уақытында жеткізілмейді. Бұйыртса, 90 жылдық мерейтойы таяп қалған зиялы қауымның төл газеті «Қазақ әдебиеті» газетіне оқырман болғаныма да қырық жылдан асыпты.
Өзіме ұнаған басылымды оқырман­дарына жеткізумен де ерінбей-жалықпай айналысып келемін. Қаланың кіреберіс қақпасы саналатын Алматыдағы ІІ-теміржол вокзалында газеттер сататын арнайы орын бар. Әр апта сайын соған газеттің жаңа санынан апарамын. Тоқтамай өтеді. Бірде сол жердегі апайым: «Өткенде Астанадан 2-3 адам келіпті. Солар мұнда газеттің бағасы 200 теңге екен деп соңғы сандарының біразын алып кетті», – деді. Астанада «Қазақ әдебиетін» 500 теңгеден сатады екен деп еді. Мұны естігенде таңғалмасқа амалым қалмады. Біз алыстағы оқырман­дарымызға газетті қайтсек тез жеткіземіз деп жүрсек, енді біреулер осылай қолдан қымбатшылық жасайды екен ғой.
Қазіргі уақытта Ресейден келетін газет-журналдар қала дүңгіршіктерінде сыймай тұрғанда басылымның таралуына қолдан кедергі жасап, жолдан жеңіл пайда көрудің керегі қанша? Жолымыз түсіп, Астанаға барғанда «Қазақ әдебиеті» газетін таба алмағаным да шындық, жасырмаймын. Ақтөбеден де қазақ газеттерін тауып оқу қиын-ақ. Солтүстік облыстардан итпен іздесең де таба алмайсың. Ал енді, міне осындай немқұрайдылық пен салғырттық болса қазақ газетті қалай тарайды? Анығын айтсақ, келесі жылға газет-журналдарға жазылу уақыты да аяқталып келеді. Олай болса, алыстағы оқырмандарымызға мерзімді басылымдардың уақытында д жеткізілуіне жете көңіл бөлейікші дегім келеді.

Төлеухан БІДІРӘЛІ
Алматы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір