«Суперқаһармандар арамызда» оқырманға жол тарт­ты
14.01.2025
166
0

Жамбыл атындағы Алматы қалалық балалар кітапханасында «Атамұра» корпорациясы қазақ тіліне аударып, басып шығарған АҚШ вице-президенті Камала Харристің балаларға арналған «Суперқаһармандар арамызда» ат­ты кітабының тұсауы кесілді.

Тұсаукесер рәсіміне «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед, белгілі журналист, жазушы Қайнар Олжай, «Ақ желкен» журналының бас редакторы Есей Жеңісұлы, Оқу-ағарту министрлігі республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының директоры Әлия Сайдембаева, АҚШ Колумбия университетінің магистрі Жазира Мұхтарқызы және кітапхана оқырмандары қатысты.
«Атамұра» корпорация­сының президенті Рақымғали Абрарұлы өз сөзінде атап өткендей, баспа балалар әдебиетін дайындауға ерекше мән береді. «Ел ертеңі – жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін балалар кітаптарын шығару баспа өндірісінің басым бағытының бірі болып табылады. Шетелдік әріптестерімен бірлесе отырып, балаларға арналған кітаптарды қазақ тіліне аударып, сапалы басып шығаруды үрдіске айналдырған «Атамұра» корпорациясы, міне, бүгін АҚШ вице-президенті Камала Харристің балаларға арналған «Суперқаһармандар арамызда» ат­ты кітабын ана тілімізге аударып, оқырмандар назарына ұсынып отыр. Әлемнің испан, итальян, жапон, поляк, португал және француз тілдерінде жарық көрген бұл кітапты қазақ тіліне аударған Жазира Құл-Мұхаммед. Алғаш рет 2019 жылы жарық көрген бұл кітап өмірде кездесер қиындықтарға мойымай, биік белестерді бағындыру адамның өз қолында деген ұғымды уағыздайды», – деді баспа басшысы.
Суперқаһармандар өздігінен пайда болмайды, оларды тәрбиелейтін отбасы мен ортасы. Балалар ата-аналары, бауырлары, туыс-туғандары, достары және ұстаздарының қолдауымен қанат­танып, білімді, мейірімді, алғыр, батыл да батыр, отаншыл азамат болып өседі. Сондықтан суперқаһармандар арамызда. Кітап туралы тұсаукесерге қатысушылар білдірген ой-пікірлер түйіні осындай.
Айта кетейік, «Суперқаһармандар арамызда» ат­ты кітапты «Атамұра» корпорациясының облыс орталықтарындағы барлық кітап үйлерінен сатып ала аласыздар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір