Оқырманға жол тартты
И.А. Крылов атындағы қалалық балалар кітапханасында балалар әдебиетінің белгілі жазушысы, ҚР мәдениет қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Жазушылар одағының мүшесі, ШҚО Аягөз ауданының Құрметті азаматы, «Астана ұстазы» журналының редакторы Толымбек Әбдірайымның «Құс ұясы» кітабының таныстырылымы өтті.

Әдеби кештің жүргізушісі Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Құрметті жазушысы, ақын, қоғам қайраткері Жұмаш Кенебай жазушының өнегелі өмірінен, өрелі өнерінен сыр шертіп, балалар әдебиетіне қосқан сүбелі еңбегі жайлы ақпарат берді.
Кешімізге арнайы ат басын бұрып келген танымал жазушы Нұрдәулет Ақыш, «Мұқағали» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов, ф.ғ.к., доцент Раушан Әбдіқұлова, ақын Құл-Керім Елемес, жас жазушы Елдос Тоқтарбай Толымбек Әбдірайымның шығармашылығы жөнінде кеңінен сөз қозғады.
Нұрдәулет Ақыш қаламгерлердің қазақ әдебиетіне қосқан сүбелі үлесіне тоқталып, «Тұнжыр» повесінің адам психологиясына аса әсер ететін шығарма екенін айтып өтті.
Дүйсен Мағлұмов: «Балалар әдебиеті – екінің бірі бара бермейтін ұлы жол, бұл сапарға тек нәзік те сыршыл, пәк көңілін жоғалтпаған, қиялға қанат қақтырып, сол арқылы баланы баурап алатын, балдырғанның жанын түсінетін жазушы ғана бара алады, – дей келе, – Толымбектей ағамыз барда қазақтың балалар әдебиеті жоқ деуге болмайды, керісінше, өз биігінде қалықтай бермек», – деп ой қорытты.
Кеш барысында жас жазушы Елдос Тоқтарбай, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушысы Раушан Әбдіқұлова, ақын Керім Елемес жазушыға деген ыстық ықыластарын білдірді.
Кеш барысында Ш.Смағұлов атындағы мамандандырылған физика- математика лицей-интернатының 7 «А» сынып оқушысы Айғаным Асылханова Н.Тілендиевтің «Аққу» күйін шертсе, 7 «Б» сынып оқушылары «Бірлігіміз жарасқандай» әнін шырқап кеш көркін аша түсті. Сондай-ақ кітапхана қызметкері Айгүл Тазабекқызы жазушыға жүрекжарды арнау өлеңін оқып, көпшілікке «Ағажан» әнін тарту етті.
Халық жазушысы Толымбек Әбдірайым «Құс ұясы» кітабын таныстырып, келген қонақтарға тарту етті.
Кеш соңында И.А. Крылов атындағы Қалалық балалар кітапханасының меңгерушісі Қаракөз Исаханқызы кітапхана ұжымы атынан алғыс білдіріп, естелік сый тарту етті.
Арызбек Аружан,
И.А. Крылов атындағы ҚБК қызметкері
ПІКІРЛЕР1