ОҚЫРМАНҒА АРНАУ СӨЗ
14.01.2025
517
0

Қадірменді оқырман! Жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде Алаштың ардақтысы: «Баспасөзі күшті елдің өзі де күшті», – деген еді. Сол қанат­ты сөз бір ғасыр өтсе де күн тәртібінен түскен жоқ. «Қазақ әдебиеті» газеті – ұлт руханиятының алтын қазығы.

Кезінде Ғабит Мүсірепов, Сырбай Мәуленов, Әнуар Әлімжанов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей сияқты асылдарымыз басқарған жылдары басылымның таралымы күрт өсіп, елдегі ең көп оқылатын газет болғанын білеміз. Қазір де әдеби-мәдени өміріміздегі жаңалықтармен, нағыз талант­ты қаламгерлер туғызған сиясы кеппеген жаңа шығармалармен танысқыңыз келсе, руханият, ғылым-білім, өнер саласындағы көкейкесті ойлармен қауышқыңыз келсе, поэзия, проза, балалар әдебиеті, детектив, әдеби сын жанрларындағы тың дүниелерді оқып, жан сарайыңызды жадыратқыңыз келсе, 2025 жылға «Қазақ әдебиетіне» жазылыңыз! «Жылашар» нөмірімізден байқағандарыңыздай, газет қайта түлеп, Сіздерге барынша жақындай түсудің қамында.
Биыл Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл, ұлы Абай бабамыздың туғанына 180 жыл толып отыр. Бұдан бөлек, Міржақып Дулатұлының – 140, Сапарғали Бегалин, Жиенғали Тілепбергеновтің – 130, Қуандық Шаңғытбаев, Әбдікәрім Ахметов, Әбу Сәрсенбаев, Тоқаш Бердияров, Әдіхам Шілтерханов, Жұмабай Тәшенов, Сапабек Әсіпұлының мерейлі 100 жылдық торқалы тойлары аталып өтпек. Қазақ поэзиясының классиктері Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 90 жыл толады. Қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан жоғарыда аты аталғандар және басқалардың шығармаларын жас ұрпақ, жаңа буынның санасына сіңіру – біздің парызымыз.
Газет­те жаңа айдарлар ашылып, «Қазақ әдебиетінің» бетінде жарияланған үздік шығарма авторларына «Қазақ әдебиетінің» лауреаты» атағын беруді қайта жаңғыртып отырмыз. 2025 жыл баршамызға құт-береке ала келсін! Тәуелсіздіктің тұғыры биік, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Бауыржан ЖАҚЫП

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір