«TEKTURMAS» ЖУРНАЛЫ ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТ­тЫ
22.04.2025
85
0

Тараз қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында республикалық «Tekturmas» тарихи-танымдық, ғылыми, әдеби-мәдени журналдың тұсаукесері болды. Жалпы, облыстағы тарих, ғылым, білім, әдебиет, мәдениет, өнер, көне ескерткіштер тағылымы сияқты ұлт ұстыны болған руханият саласына қолдау көрсетуде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен оның идеология жөніндегі орынбасары Серік Сәлемовтің сөзі мен ісі, пікірі мен ойы бір жерден шығып жүр. Соның нәтижесінде көп іс атқарылуда.


Жыл басында облыс бойынша «Кітап оқу жылы» деп жарияланды. «Мәдениет­тің мәйегі – кітап» десек, бұл бастамаға бәрекелді деу керек. Арада екі ай өт­ті ме, өтпеді ме, әйел-аналар мерекесі қарсаңында «Менің анам» ат­ты және жас ақындардың сезім лирикасына толы «Мөп-мөлдір көздің қарасын…» деген сәні мен мәні келіскен екі кітап бірінші тоқсанның рухани жемісі болып, өз оқырманын тапты.
Енді, міне, «Tekturmas» журналы оқырмандарға жол тартып отыр. Бұл журнал – ойлы оқырман үшін үлкен олжа десе де болады. Өйткені олар бір журналдан жан дүниесіне керекті тарихты да, білім мен ғылымды да, әдебиет­ті де, мәдениет пен өнерді де, көне жәдігерлер туралы мақалаларды да тауып, оқи алады. Оны тұсаукесерде қолымызға тиген журналдың алғашқы нөміріне көз жүгіртіп шыққаннан-ақ байқадық.
Облыста қызмет­тік іссапармен жүрген ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы тұсаукесерге қатысып, журналға сәт сапар тіледі. Осы рухани игілікті істерді қолдап, жастар ұсынған жақсы жобаларды жүзеге асырып жүрген облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, сексеннің сеңгіріне шыққан жазушылар Пернебай Дүйсенбин, Елен Әлімжан редакция алқасын республиканың түкпір-түкпірінен автор тартуға, шығармашылық ізденіспен еңбек етуге шақырды.
«Tekturmas» журналының меншік иесі «Aulieata media» ЖШС-ның Бас директоры Данияр Асқарұлы тұсаукесерге жиналған зиялы қауыммен өзі басқарып отырған ақпарат саласы бойынша жағымды жаңалықтар туралы айт­ты. «Соның бірі – «Tekturmas» журналы. Ол ай сайын жарық көреді», – деді ол.

Көсемәлі СӘТ­тІБАЙҰЛЫ,
«Қазақ әдебиеті» газетінің Жамбыл
облысындағы меншікті тілшісі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір