Ақын кейіпкерлері арамызда
01.08.2025
189
0

     

Қараңғылық пен надандық «көлеңкесі», өкінішке қарай, адам баласын өкшелеп, артынан қалмайтын көрінеді. Одан қара үзіп кетудің қиындығына Абайдың сөзіне ден қойып, бүгінгі күнмен салыстырған сайын көзіміз жете түседі. Ақын сынының «нысанасына» ілінген кейіпкерлер қазір де арамызда жүр. Жастық шағында ол замандасының олақ сөзі мен орашолақ ісінен күлкіге кенелер еді. Есейе келе, өзгенің «сүрінгеніне» масайраудың әбестік екенін ұғып, іштей қысылатын әдет табады. Алайда «жақсы адамның жақсылық тапқанына рақат­танып» күлудің жөні басқа.
        Осылай қатарынан ерте оянған Хакім күлкінің де түр-түрі барын жадына тоқып, төңірегіне түсіндіруге тырысады. Тіпті «уайым-қайғысыздықты азайтатын да орынсыз күлкі емес, орынды қарекет» екен. Сондықтан «жаман кісінің қылығына ыза болғаннан күледі… ызалы күлкінің өзі қайғы». Ашудан булыққан ақынды ерте «қартайтатын» – елінің малдан басқаны ойламай, қараңғылық «қорасына» қамалған тірлігі. Ой теңізіне «сүңгіген» сайын өзін күлкіге жеңдірмей, «мастыққа жібермей, уақытымен тоқтататын ғибрат» табады.
         Мұның да пайдасын өмір жолында әрбір адам талай түйсінсе керек. Сөйтіп енді біз де жақсының ғана алаңғасар мінез-құлқына Хакіммен қоса жадыраймыз. «Іштен, көкіректен, жүректен келмейтін» күлкіден аулақ болғанның қадірін сезіне білгенге не жетсін! Кейбіреу секілді «қолдан жасап, сыртыменен бет-аузын түзеп, әдемілік үшін күлетін бояма күлкіні» мойынға шығармаған ләзім. Асыл мұра алдамшы күлкіні айнадағыдай көрсетіп, бұлтартпай әшкерелейді. Жалған қарқыл-жырқылдың сырына көзіміз бірте-бірте ашылады.
       «Бояма күлкіге» тегінде біреулер көңіл үшін ғана қосылса, екіншілерінің шын сырын қарқылмен «қалқалайтынын» да көріп жүрміз. Хакім орынсыз күлкіден азар да безер болады: «Әрбір байқаған адам білсе керек: күлкі өзі бір мастық екенін, әрбір мас кісіден ғафил көп өтетұғынын да, әрбір мастың сөйлеген кезінде бас ауыртатұғынын. Бұлай болғанда, күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек. Осындай ғафилдік көп өткізіп, өлмеген кісінің не дүниеде, не ахирет­те басы бір ауырмай қалмаса керек».
Қабырғасына батқан жайға ақын бей-жай қарап, бейтарап бола алмайды. Өзінің тұрғыласы «Абыралыға» арнаған өлеңін оқи отырып, езу тартпау мүмкін емес. Әлгінің құран аятын түсінбей, қарадүрсінге салғанына қынжылған ол ашуын қағаздан алады. Өз басы талай «мұсылманды көріп жүрсе» де тап мынадай «намаз білмес пақырды» жолықтырмапты. Бұл шіркіннің міндет­ті бес уақ намазын келістіре алмай жүріп, жайнамазға алтыншы рет «жығылғаны» қай сасқаны! «Көз алдымыздағы» шала намазханның әрекетіне біз де қосыла күлеміз.
      Өйтпегенде ше, өзіңіз қараңыз: «Намазшамның артынан / Құржаң-құржаң етеді. Жер ұшық берген кісідей / Тоңқаңдай ма, не етеді…» Ең масқарасы сол, әлгі намазхан тоңқаңдап жүріп, ұятқа қалады: «Нәпіл түгіл, намазы – Бәрі желге кетеді». Әт­тең, пендең жаратушыға шын құрметін білдіре алса, оның бұл «сыйы кәусар суындай» емес пе! Құран аят­тарын шала-шарпы қайырған Абыралының даңғойлығын елемей, ұмыта салу Абайдың қолынан келмейді. Жабыққан ақынның жүзін елестете отырып, қабағымыз тұнжырайды.
       Біздің де, әлгі Абыралының көлеңкесіндей, кейбір замандастарымыз көз алдымызда нашар елестей, көлбең қағады. Солардың бірі – қасиет­ті кітап сөздерін «жұтып қойып», шала-пұла, яки сақауланып оқыса, екіншісі – әйел дауыспен сұңқылдай жөнеліп, көңілді одан бетер құлазытады. Ең өкініштісі сол, ондайлар «құлшылығым Құдайға лайық болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды біз де қылып, жығылып, тұрып жүрсек болғаны дейді…» Сонда мұндай намазда қандай сауап бар?
       Бұл сауалға Хакімнің жауабы да да­йын: «Тегін ойлап байқасаң, Мұнда ми жоқ, құлақ бар». Ақиқат жолына азды-көпті «иілген» пендең мұндай ой кірмеген тәкаппардан, әлбет­те, қайтсе де артығырақ.
        Әділет пен адамдық талабын ұмытқан ондай нысапсыздарды ақын, тіпті маңайынан жүргізбек емес. Әкесі Құнанбайдың жасаған көп қамқорлығын тез ұмытып, «жау жағадан алғанда» қарсы жаққа шығып кеткендер де ойында. Бірақ өзі білетін кейбіреудің «тайғанақ» болмысына таңғалмайтын болғалы қашан?! «Досым деп ат беріп жүрсең, дұшпаның келіп тай берсе, бұзыла қалатындарға» ашулануды да қояды. Соның бірі – Көжекбай, оның әкесі Құнанбайға өкіл ата болып, Ұлжанды өкіл қыз еткен Жамантай деген кісі екені Тұрағұлдың естелігінен мәлім.
       Кезінде қажы жерге талас үстінде өлген Жамантайдың құнын жақсылап төлет­тіріп, марқұмның Көжекбай, Тезекбай, Мақаш деген ұлдарынан қамқорлығын аямапты. Бірақ ел арасы бұзылғанда осы Көжекбай жау жағының намысын жыртады. Тіпті Құнанбай қайтыс болғанда, Абайға бауырларын шағыстырмақ болады. Сондағысы «қажының басқа балалары жабдық әкелмепті, болыспапты-мыс». Ақын «Жамантайдың баласы Көжек деген, Әркімге өсек тасып безектеген», – деп, оған «қамшысын» үйіреді.
        Міне, сол сәт­тегі дір-дір қаққан «қоянның» кейпі арамыздағы өз кінәсін мойнымен көтере алмайтын кейбіреу­ді еріксіз еске түсіреді. Ақынның ащы әжуасы Көжекбайларды ұят­тан «өртесе» керек: «Досын келіп досына жамандайды, Шіркінде ес болсайшы сезед деген». Хакім «сабырсыз, арсыз, еріншек, көрсеқызар мен жалмауызды» сынаған өлеңінің бірінде Құсайын деген жолдасының ызасынан оған да Көжектің «тұлыбын» кигізеді. Көп уақыт сырлас болып, басыңа іс түскенде «іздесең таптырмайтындар» қай заманда да табылады.
        Құдайдан қорықпай, «өзі көрген қоймасын жауыңа ашып беретін» антұрғандардың «сыбағасын» Хакім оңдырмай береді: «Келіп-кетіп көп жүріп, Мен досыңмын деп жүріп, Дұспандығын оздырар». Яки «кеселді боп біткен жақындар», тіпті «Жау жағадан алған күн / Өздері ит­тей тақымдар». Бұлардан не қайыр: «Жау көп болса басыңда, Бірі қалмас қасыңданың» кебі.
      Хакім жанын сыздатқан қоғамның «сырқат­тарын» қандастарына «тұспалдап емес, туралап айтып, көрсеткенді» (М. Әуезов) жөн санайды. Ол, әсілі жеке адамға, тіпті «қайран қазағына» қарата сөйлегенімен, «Бір кісі емес, жазғаным, жалпақ жұрт қой» деп, барша адам баласына тән кемшіліктерді жайып салады. Сол себепті оның қайғы-шерінен әркім өз қайғы-шерін ұғынады».
      Адам баласының түр-түсі мен тілі өзгеше болғанымен, мінезінде айырмашылықтың аз екені белгілі. Жалқау мен жағымпазға, арам мен арсызға, сабырсыз бен санасызға қай халық болса да кенде емес. Ондайлар қазір де ар-ұятқа пысқырмай, «шайқап өтуді» көздеп, шалқайып күн кешкеніне масат­танады. Бірақ солай екен деп, замандасқа бірден теріс айналып, күдер үзудің жөні қайсы? Ақын жоқ жерден сылтау іздеп, жаңылыс басқан замандастарын жұрт­тың күлкісіне қалдырудан әсте аулақ. Сондықтан бастапқыда оларды жеңіл әзілмен сипай «қамшылайды».
     Абай «сырты күміспен» қапталып, «іші алтынмен» апталғандай өлең сөзбен бірге тыңдаушысының да түзелуінен үміт­ті. Бұлбұлдың «есек» сынампазға кеткен есесін қаптал қайтарады. Сондай-ақ әлін білмей, күлкіге қалатын қарға мен шегірткенің, бақа мен қанденнің мысалынан да талай жанның тәлім аларынан үміт­ті. Бірін-бірі аңдып, менменсіген тәкаппар, ақылсыз, даңғой мен ойсыз замандастарын орыс сатиригіне қосыла «құрықпен» аударып, «шаңға» аунатады. Бірақ өзі мысал жазбайды, яки «жамандықтың жайын жалтарып айт­қанды» місе тұтпайды.
       Хакім надандық пен қараулықтың «түңлігін ұшыра соғып» (М.Әуезов) айтуды қалайды. Еріншектік, арамтамақтық пен мансапқорлыққа, өсекшілік пен мақтанқұмарлыққа жақын айналасын жеңіл әзілмен «шымшылайды». Ал әділет пен адамдық туралы ойларымен бөліскенде «әбілет басқырларды» аямайды. Алайда оқырманы мен тыңдаушысын күлдіре отырып та ащы әжуасының тартымды әрі пайдалы болғанын қалайды. Әсіресе шен мен шекпен үшін таласып, елдің ауызбірлігін «ірітіп», аңдысқан атқамінерлерді «сойылға» жығады.
      Бетке ұстар азамат­тар мансап үшін бірін-бірі «орға» құлатуға құлшынса, елдің берекесі қашпағанда қайтсін! «Атаны бала аңдиды, ағаны – іні, Ит қорлық немене екен сүйткен күні?» – деп, қабырғасы қайысады. Алыс-жақын қазақтың бәрі қаңғып, Аямай, бірін-бірі жүр ғой аңдып…» Ең өкініштісі, әлгілер өзара тобықтан қағып, аяқтан шалысуды әлі де қоймауда. Жоқ, жақсыға жанашыр азамат­тар қай кез­де де баршылық: «Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап…» Бірақ кейбіреу бұрын да, бүгін де қолынан іс келмейтін «қарғасы мен күйкентайын» үкілеп әлекке түседі.
       Ондай ел-жұртына елжірей алмайтындар өздеріне де, өзгеге де опа бермейді. Сонда қалай, «жақсы менен жаманды айырмаған күйі» адамзат «көшінің» соңында салпақтап жүре береміз бе?! Пайдақұмарлық пен малжандылық «көзін» байлағандар адал достықтың да қадірін қашырады. Тірлік майданында әлгілер қоян-қолтық күреспек түгілі, «бастан жыға қисайғанда» ізім-ғайым жоғалады. Адамшылық арзандағанда жұрт сөз ұғудан қалатын секілді. Бай мен саудагер, құда-тамыр мен дос-жаран «құбылған» кезең тым созылып бара жатқандай-ау!
       Олай болса, «тайғанақ», екіжүзді мінезден, тым құрыса, жастарды арашалап алғаннан басқа не қалады? Өз қатарластарынан көңілі айныған Хакім елінің келешегімен кеңеседі. Дә­йім өскелең ұрпақтың жастық шақтың бағасын білгеніне тілектес: «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық, Қартаймастай көрмелік, ойланалық», – деп ақыл қосады. Адал еңбектің орнына босқа қол қусырып, қысыр сөз бен сән қуудан сақтандырады. Білім мен өнер іздеп, талапты болуды меңзейді: «Керек іс бозбалаға – талаптылық, Әртүрлі өнер, мінез, жақсы қылық…»
      Хакім әсіресе Семейде оқып жатқан жастармен кез­дескенде оларға бірін-бірі «ғиззат, құрмет етуді» қайталап айтуды парыз санайды. «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге. Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге…» Жастардың әскери қызметке бармай, оқалы қиім кимей, оязға қызмет етпеуін өсиет етеді.
Олай болса, қып-қызыл диктатураның содыр саясаты «миға құйып», кейбіреулер ойлайтындай, хакімнің сыны қазаққа ғана арналмаған еді. Абай, әлбет­те барша адам баласының басына түскен қараңғылық пен надандыққа ашынады. Соның ішінде әсіресе «қайран қазағының» кенжелеп қалғанына жаны күйзеледі.
Ауыртпашылығы зілбатпан ағартушылық жолда, өкінішке қарай, өзіне қолғабыс жасап, ұрпақ тәрбиесіне атсалысар-ау деген жақсының теріс қылығынан Абай түңілгендей халде. Болыстыққа таласамын деп, шығынға белшесінен батып, жағымпаздықпен «шыбындаған» бишігештердің ешкімге опа бермейтіні даусыз. «Сүйегі жасық, буыны бос» әлгі байғұстар елге сүйеніш болудың орнына, керісінше, оның зықысын алады. Ұлық арқаларынан қағып, «шенді шекпен жапқанға күлмең қағады». Қазір де «қақпанға» түсіп жатса да «қақалмайтындар» азаймауда.
       Семейге сол жолы барон Таубе деген генерал-губернатор келеді. Ұлықтың қолынан сыйға шекпен, қылыш алған болыстар мен билер естері шыға далақтайды. Көздері «елбіреп, ғылымнан басқаның кеселі көп» екенін, «асқанға тосқан боларын» ойлап жатпайды. «Басында ми жоқ, Өзінде ой жоқ / Күлкішіл кердең наданға» не шара?! Осыны көрген ақынның қабағы түйіледі. Өйтпегенде ше, кейбір қандасы қолы билікке жеткен күні-ақ түксиіп, тырсиып, құбылып шыға келеді. Ондай «жылмаң пішін» қазір де кеудесін соғып, өңмең қағады.
      Шынында да, «Бір көрмеге тәп-тәт­ті / Қазаны мен қалбаңы. Дөң айналмай ант ат­ты, Бүксіп, бықсып ар жағы» деген осы. Көз алдыңда неше құбылған мұндай замандастан іргені аулақ салған абзал. Бүгін жалбаң қағып, ертең бұзылып, «тұрлауы жоқ құбылған» Дүтбай сияқтылар ол заманда да, қазіргі кез­де де аяқтан шалады. Уақытша пайдасы үшін «құрдай» жорғалап, мақсатына жеткен соң, айнып шыға келетіндерге жүрегі суынады. Елдегі бас көтерер адамдардың түрі осы болса, жан сырын кімге айтып, кіммен бөліспек?
       Қандастарының арасындағы нәсіп болмас «орынсыз ыржаң, болымсыз қылжаңды» ақын сөзбен «тұсауға» тырысады. Еңбегін «сауғанның» ғана ешкімге тіленбей, дәулетке жететінін айтудан талмайды. Алайда «көңілсіз құлақ – ойға олақ» екен. Көп наданмен алысып, көмекке зар ақынның «адасқан күшік секілді ұлып жұртқа қайт­қан ойдан» көңілін уайым басып, тіпті тірліктен қажи бастағаны сезіледі. Сондықтан «бойы бұлғаң, сөзі жылмаң» қулар» жолыға қалса, олардан қашып құтылғанша асығады.
        Апырау, тіпті тыныш жатқанға барып тиісетінін қайтерсің! Жоқ жерден пәле іздеп, бос сөзбен ел арасын бұзатынның бірі – Қыздар деген құрдасы. Ол болыстық съезге барғанда асық сөйлеп, ақын еріксіз «қорамсаққа» қол салады: «Сөзіңнің басы ыржаң, соңы қылжаң, Жүгенсіз жүре бермек – сенің ырзаң. Сенен күшті кісілер не боп жатыр, Заманыңның тарлығын ойла, мырзам». Ойланатындар, әсілі қазір де баршылық. Ақын «көзінен басқа ойы жоқ» наданның бірталайын біледі. Ақылының «көзі» бітеу жан ақиқат­тың қадірін қайдан ұқсын!?
      Ұлық пен ояздың қабағын баққан бай мен биге, көршінің ошағының түтінін аңдыған қыдырмашы мен жалқауға «дырау» сөзбен «дүре» салады. Қоғамның «дертіне» ем таба алмай, қайрат­ты жасының «айғаймен» өтіп бара жатқанына өкінеді: «Қайғы шығар ілімнен, Ыза шығар білімнен. Қайғы мен ыза қысқан соң, Зар шығады тілімнен». Сауыққұмар, меңіреу жандарға Хакімнің қаны «қайнайды». Осында «түсі суық бір жан отыр, Алысты тұманданған ол ойлайды, Өзге жұрт ойды нетсін, өңкей соқыр». Құлағымызға күңіренген дауыс алыстан талып жететіндей.
       Шынында да, меңіреу жандарда «не жұмыс бар тағдырменен, Ойнай бер де, күле де бер күні-түні… Елемесең, елетер, бір танытар, Қайда айдаса, барасың, кім тартынар?» Бұған ойлы пендең тоқтаса керек, ал қулық пен құбылудан түзелмеген жаннан жақсылық күту әбес. Олай болса, көкірегі ояу замандастың парызы – «жол нұсқап, жоба көрсетіп, жиһан кезіп» білім жинау. Хакім ниеті түзу, көңілі таза қандастарына, әсіресе келешек ұрпағына сыбыр мен өсектен қашып, жұртқа ілім-біліммен, озық өнермен, адал еңбекпен жағуды үлгі тұтады.
          Ақынның татар Ғабитқан молданың мал тапқанына мастанған Ғабидолла деген ұлына арнаған әжуа өлеңі бірқатар мақтаншақтың пысын басып, айналасын күлкіге қарқ қылады. Абай осылай «тәуекел мен батыр ой, өткір тілді найза етіп», сайысып-ақ бағады. Енді жалғыз да емес, айт­қан сөзі бірден-бірге тарап, қазақ даласында «қоңыраулатып», ел-жұртын ұйқыдан оятады. Бірақ ақынның жадырайтын кезі де азайып бара жат­ты. Ол заманда да «опыр-топыр», дарақы бас қосулар, «ішкен жеген, таласқан, кезексіз сөйлей берген… асау той, тентек жиын» асқынып тұрған болатын.

 

Болат Жүнісбеков,
жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір