«Мархабат» журналы оқырманға жол тартты
Бұған дейін «Тұран-Түркістан» аталып келген журналдың аты «Мархабат» болып өзгеріп, жаңа жылдан бастап оқырманға жол тартты. Атының өзгергені – заңдылық.
Өйткені Әзірет қонған Түркістанның тұғырын биіктетуге күш салған, қаламымен де қайраткерлігімен де кешегі Тұранның, бүгінгі Түркістанның атын ұлықтаған, «Түркілер төрі – Түркістан» деп кітап жазған, шығармалары түркі тілдеріне тәржімаланған, бауырлас елдердің қаламгерлерінің басын қосып, достық дәнекеріне айналған Мархабат Байғұт ағамыз Тұран-Түркістанның тұғырлы тұлғасы еді. Журналдың аты үйлесімді өзгергенімен, заты, мазмұны өзгермейтініне сенімдіміз. Басылымның оқырманы көп, ғұмыры ұзақ болсын!
Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Мархабат Байғұт – қазақ әдебиетінде өз өрнегімен, әсемдік әлемімен танылған, соқпағы соны, сонары олжалы, ішкі мәдениеті жоғары, Қаратаудың шертпе күйіндей күмбірлеген нәзік үнімен оқырманның жан дүниесін баураған бекзат жазушы, сырбаз да дегдар қаламгер шебер суреткер. Мақамы бөлек Махаңның берісі қазақтың қадірлісі, арысы Алты алаштың ардақтысы, түгел түркіге танымал тұлға – Мархабат ағаның мәңгілік өмірі басталды деген осы. Сексен жылдығы қарсаңында журналға аты беріліп жатыр екен, қалай қуанбассың!..Жаңа жылдан бастап «Мархабат» деп айқара ашылатын журналдың жаңа атауымен құттықтай отырып, осы игілікті іске ұйытқы болғандарға алғыс айтамын!