ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ ТЕКТІЛІК
Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Еліміздің инженерлік саласының көшбасшысы болып саналатын. Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп «Еңбек адамы 2025» республикалық байқауының тұсауын кесті. Бұл байқау әдебиеттегі жұмысшы инженерлер бейнесі, қалың өндірістің ортасында табанақы, маңдай термен ел игілігіне ерен еңбегімен олжа салып жүрген мыңдаған еңбек адамының тыныс-тіршілігі бейнеленген шығармалардың байқауы болатыны хақ. Бұл жолы «Қазақ әдебиеті» газеті «Еңбек адамы 2025» байқауына арналған кезекті материалды оқырман назарына ұсынады.
Ғасырдан астам уақыт ішінде
ұлттық төл ұғымымызға айналып үлгерген
мұнай деген сөз ойға оралса,
алдымен, еске түсетін санаулы шаңырақтың бірі – Балғымбаевтар әулеті.
Әбіш КЕКІЛБАЕВ

Қазақтың шежіресі – ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан рухани арқау. Әрбір ұрпақ – сол арқаудың өрнегі, нақтырақ кестелесек, «тарих-тағдыр-тектілік-тәрбие» төрттағанының тоғысы. Шежіре – өткенді жадыда сақтайтын, бүгінгіні құрметтейтін, болашақты бағдарлайтын ілім. Ол уақытты кеңістікте үшке бөліп, адам деген ардақты атты бір арнаға тоғыстырады: өткені – тағылым, бүгіні – жауапкершілік, ертеңі – үміт. «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» деген сөздің мәні де осында жатыр. Өз тегін білген адам тамырына су құйған бәйтерек секілді дауылға да, қуаңшылыққа да төтеп береді. Ата-бабаның есімі мен ерлігін есте сақтау – құрмет қана емес, сонымен бірге ұрпаққа аманат. Себебі, шежіре – адамдар тізімі емес, әрбір атаның бойындағы мінез, өнеге, тағдыр жолы. Бірінің батырлығы, бірінің білімі, бірінің әділдігі, бірінің еңбекқорлығы – бәрі-бәрі келесі буынға ықпал ететіні – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.
Біз дәрілбақиға аттанғанша жарық дүниенің бүкіл болмысын түсініп үлгереміз бе?! Жаратылысты былай қойғанда, адамның өзін-өзі тануы үшін жалғыз өмір жете ме? Дау жоқ, арши түскен сайын жұмбағы жұмыртқалай беретін бес күн жалғанның тылсым тұңғиығына жету мүмкін емес. Адамды, болмыс атаулыны жүрегімен зерттеуге ынты-шынтысымен шын берілген ұрпақ қана жаратылыс құпиясы құпиялардың құпиясы екеніне анық көз жеткізеді. Аталы сөзін айтып, ұрпағын соған ұйытып, бекзаттыққа тәрбиелеген алдыңғы толқын өкілдері парасаттылық пайымынан бір жаңылмай, құпия құлпының кодын табудан күдерін үзбей күн кешкені де – ақиқат. Сондықтан болар, ұрпақтар сабақтастығына адал келесі буын да көнеден жеткен мол мұраны төрт қырынан түгел қопарып, жаратылыс атаулының қалған сырына барынша қанығуға құлшынып, қамшының сабындай қысқа өмірін шексіздікке тартылған негенама беттерін қысқартуға арнайды. Не үшін? Келер ұрпақтың алдында ұятқа қалмауы үшін. Келешектің алдында абыройлы қалпын сақтап қалуы үшін.
Сонымен… Тарихтан бастайық. Кіші жүздің он екі ата Байұлының үлкен бір тармағы Ысық руының ұранына айналған Бәйтерек батыр – өмірде болған адам. Қазақ даласын жоңғарлардан қорғап, ел шетіне жау тигенде қол бастаған Бәйтерек батыр оншақты жігітімен қонтайшы ордасына барған жерінде қапияда қаза тапқанын қазақтың аса талантты жазушысы Рахымжан Отарбаев Ысық шежіресіне арналған «Бәйтерек» кітабында әдемі келтіреді. Әрі-бері шабысып, соңынан бітімге келгенімен, жоңғар жағы қазақтарға қыр көрсетуін қоймай, жағдай әбден ушыққан соң Бәйтерек бастаған топ келісімге барған. Алдыңғы айқаста үш батырын жер жастандырған жігітті жоңғарлар жазбай таниды. Қазақтарды қорламақ болған олар батырдың алдына арам өлген малдың етін қояды. Намысқа булыққан Бәйтерек жігіттерін ертіп дастарқаннан тұрып кетеді. Әттең, жоңғарлардың да жымысқы ойы бар екен. Жүз шақтысы соңынан қуады. Қазақтар найзасын ойнатып қарсы тұрады. Жаудың көздегені бәрі емес, ішіндегі біреуі болып шықты. Ысқырып жеткен садақ оғы топ ішінен Бәйтеректі табады.
Талықсып кетіп, есін жиған сәтінде жанындағы жолдастарына өзін демі үзілген жерге жерлеуді тапсырады. Жау қорламас үшін қабірінің үстін тегістеп кетуді де қоса айтады. «Ау, артынан қалай табамыз?» деп сасқандарға «Оң уысымды жазбаңдар, кейін тал өсер, бәйтерек болар» деген екен, жарықтық. Содан араға үш жыл салып ағайындары іздеп келсе, қабір үстіне жас шыбық бой түзепті. Кейін ол алып бәйтерекке айналады. Ысық батырының шын есімі аталмай, кейінгі ұрпаққа осылай Бәйтерек болып жеткен. Қайткенде де, Бәйтерек батырдың Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбаймен тұстас ғұмыр кешкені кәміл. Батыр Баянмен замандас болғаны да анық. Әттең, ертерек қаза тауып кетсе керек, үш жүздің басы қосылып, жоңғарды жапыра жеңген ұрыста қазақ қолын басқарған батырлар қатарында есімі аталмайды.
Бірде Нұрберген Балғымбаевтың бай кітапханасынан «Казахско-русские отношения в XVI–XVIII веках» атты антиквар көргенім бар. Көне кітаптағы ресми құжаттардан бұл әулет өз бастауын XVIII ғасырдан алатынын білдім. Бұрынырақ Балғымбаевтардың Қаратау батырдың тікелей ұрпағы екенін Фариза Оңғарсынова апамнан естігенмін. Әлгі кітапта Қаратау бидің әкесі Өмірзақтың аты аталады. 1748 жылы 12 тамызда Әбілқайыр хан қастандықпен өлтірілгеннен кейін Бопай ханым ұлы Нұрәліні хан тағына отырғызуды сұрап төрт айдан кейін патшайым Елизавета Петровнаға елшілік тобын аттандырады. Оның құрамында 20 төре мен 7 қарадан шыққан старшын барған. Соның бірі – Өмірзақ атамыз. Делегация алдымен Мәскеуге жетеді. Онда оларды белгілі тарихшы-шығыстанушы Владимир Вельяминов-Зернов қарсы алады. Ол қазақ тобының жетекшісі, Әбілқайыр ханның күйеу баласы Жәнібек сұлтанның тамыры болғандықтан ба, әлде Орынбордың генерал-губернаторы И.И. Неплюевтің сұрауымен бе, өзінің Мәскеудегі Никитский көшесіндегі №14 үйінде алыс жолдан шаршап келген қазақтарды қолды-аяққа тұрмай бір апта күтеді. Патшайымның қабылдауына баратындарға сәнді киім тігу үшін аршын-аршын жақсы мата сатып алуға жағдай жасайды. Одан соң делегация Санкт-Петербургке жол тартады. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Ресей империясының астанасына ат басын тіреген аталарымыз Елизавета І патшайымның қабылдауына сол күткеннен 1749 жылдың 6 наурызында бір-ақ кіреді. Осындай ұзақ сапар. Осындай қысқа тарих.
Аталмыш кітапта Өмірзақтың баласы Қаратау би туралы да жазылыпты. Көне басылымда 1787 жылдың 23 қазанында Екатерина ІІ патшайымның оған ру старшыны атағын беру туралы грамотасы жарияланған. Жалақысына дейін көрсетілген: ай сайын күміспен 100 рубль және жылына 627 келі ұн. Ұлт тәуелсіздігі үшін күресіп, қазақ елінде демократияның негізін салған Сырым Датұлының оң қолы болған Қаратау Өмірзақұлын халық батыр деп те, би деп те ардақтаған. Мұның бәрі қарадан шыққан Сырым Датұлы мен Қаратау Өмірзақұлының екеуі де мемлекеттік үлкен көлемде ойлай алатын ірі қайраткер болғанын дәлелдейді. Олар өздеріне дейінгі жұрт естімеген ел билеудің жаңа формасы – Халық кеңесі институтын өмірге әкелді. Оның үстіне, бұл тек қазақ халқының тарихында ғана емес, бақ-дәулеті кемеліне келіп тұрған сол тұстағы өркениетті елдердің өзінде де жүзеге аса қоймаған демократиялық ел басқару идеясының өмірге енуі еді. Тіпті Париждегі қалалық өзін-өзі басқару органы – Париж коммунасын құрған 1789–1794 жылдардағы Ұлы француз революциясынан төрт жыл бұрын қазақ даласында дүниеге келген аталмыш ел басқару әдісі шынында да әлемдік масштабтағы ірі бетбұрыс еді. Иә, Ысық руының Сарысық тармағынан тарайтын осы Өмірзақ би мен Қаратау батырдың тікелей ұрпағы – Балғымбаевтар әулеті.
Әулет демекші, бір әулет бар: ғасырлар бойы пештің жалынына қарап, иленген қамырдың иісін сезіп өседі. Ауылдағы ең атақты наубайшы атанған атасы таң бозынан пеш жағып, күлдің қызуын қолымен тексерген. Оның баласы сол пештің жанына бала күнінен жүгіріп келіп, ұнға толы қаптарды көтерісіп, нан илеуді үйренген. Ал немересі сол отбасылық наубайханада бабасының рецептімен нан пісіреді. Наубайшылар династиясы осылай қалыптасады. Олар басқа мамандық таңдамайды. Тек әулеттің мамандығын ары қарай жалғап, сол әулеттің дәстүрін жалғастырудан ғана ләззат алады. Содан да болар, олардың қолынан шыққан нанды жеген адам тек нанның дәмін ғана емес, әулеттің тарихын да сезеді. Кез келген еңбек династиясының құндылығы да осында жатыр. Балықшылар әулеті теңізді өз үйіндей көреді. Атасы қайыққа мініп, жылым тартудан жалықпайды. Балалары су ағысының бағытын, балықтың қайда шоғырланатынын әкесінен үйренеді. Ал немерелері бүгінде «суға құрметпен қара» деген сол баяғы ескі ережеге бағынады. Балықшылардың ғажап династиясы осылай қалыптасады. Егіншілер әулеті – жердің иісін сезгіш жандар. Бір ұрпақ бидай ексе, келесі ұрпақ сол жерге арпа, жүгері, тіпті бау-бақша егіп, жаңа тәсілдер енгізеді. Бірақ бәрінің жүрегінде бір түсінік бар: жер – тіршіліктің анасы. Малшылар династиясы да – кең даланы мекендеген, жылқының дүбірімен өскен әулет. Атасы асыл тұқымды жылқы баптаған, әкесі қой шаруашылығын дамытқан, ал немересі жаңа заманның ветеринарлық білімін қолданып, сол дәстүрді жалғастырып келеді. Мұндай әулеттер – бір ғана мамандықтың емес, тұтас өмір салтының шырақшылары. Олар тек кәсібін ғана емес, бабадан қалған рухты, өмірлік қағиданы, дүниетанымды ұрпаққа аманат етеді. Дала төсіндегі қара алтын – біреулер үшін тек байлықтың көзі, ал Балғымбаевтар әулеті үшін өмірдің мәні, атадан балаға жалғасқан үлкен жауапкершілік.
Қазақ мұнайы дегенде көз алдымызға, ең алдымен, жүзін жел қағып, күн қақтаған, табиғаттың кез келген қатал мінезіне қайыспай қарсы тұратын шар болаттай шыңдалған еңбек адамының бейнесі келе қалатыны бар. Боз інгені боздаған, боз даласы талай құқайды көрсе де тозбаған киелі өңірдің базары мен ажарын ашқан байлықты игеру сом білекті, от жүректі ата-бабаның кәсіби еңбегінен басталғанын ешқашан ұмытпауымыз керек. Қазақстанның батысында ата кәсіпке айналған мамандық иелерінің талай династиясы өмірге келді. Солардың ішінде Балғымбаевтар әулеті ең алдымен аталады.
Бұл мұнайшылар әулетінің тарихы өткен ғасырдың басынан басталады. Әулеттен шыққан алғашқы мұнайшы Балғымбай иен далада мұнара орнатып, аптап ыстық пен аязға қарамай, жер астындағы қазынаны жарыққа шығарды. 1911 жылы «Ағайынды Нобельдердің мұнай өндірісі серіктестігі» Қазақстанда ең алғаш көмірсутегін алуды өндірістік масштабта бастағаны тарихтан белгілі. Балғымбай атамыз осы кәсіпорынның мұнара монтаждау цехында еңбек еткен. Оның балалары кеңестік кезеңде де, тәуелсіздіктің алғашқы қиын жылдарында да шеттерінен менмұндалаған мұнай мұнаралары мен бұрғылау алаңдарында тыным таппай жүрді. Жаңа технологиямен танысып, шетелдік әріптестерден үйреніп, өздері басқарған ұжымның ынтымағын сақтай білді. «Мұнайшы жалғыз болмайды, мұнай – команданың ісі» деген ұстаным оларды да, жанындағы серіктерін де алға жетеледі. Ал бүгінде олардың балалары заманауи басқару пультінен ұңғымалар көрсеткішін бақылап тұр. Олар әр вахтаға шыққан сайын атасы мен әкелерінің мұнай кеніштерінде жүрген кезін міндетті түрде еске алады. Бұл – әулеттің қасиетті жәдігері, өткен мен бүгінді жалғап тұрған белгі.
Балғымбай әулетінен тарайтын тұқым-жұрағаттан қалың қазақ құлағдар және бұл әулеттің көпшілігі мұнайшы мамандығын таңдап алғаны да ел аузынан түскен емес. Атакәсіп дегенді біз кейде жеңіл-желпілеу айта саламыз, кез келген жерге сыналай саламыз. Ал түсінген адамға бұл киелі ұғым екені даусыз. Сол Балғымбай атамыздан бастау алған ізгі ниеттің орта жолда шорт үзілмей, дәстүр сабақтастығын саналылықпен әрі қарай жалғастырып әкеткен әулеттің ауызбірлігін, түсіністігін, туыстық-адалдығын, ең алдымен, астын сызып айтып кету – парыз.
Балғымбайдың бес ұлының үшеуі Ұлы Отан соғысына қатысып, елге аман есен оралды. Ұлдары Қойшығара, Өтеп, Өтәлі, Салтанат, Мақаш – мұнайшы әулетінің екінші буыны. Бесеуі де – Атырау өңірінде кәсіби мұнайшылықтың қыр-сырын меңгерген тарландар. Тұңғышы Қойшығара ағамыз мұнай кәсіпшілігінде қарапайым моторист болып жүрген жерінен соғысқа аттанған. Өтеп – осы әулеттен шыққан алғашқы дипломды мұнайшы. Екінші дүниежүзілік соғыстан елге аман-есен оралған соң Гурьев облыстық партия комитетінде қызмет етіп, одан Алматы Жоғары партия мектебін бітіргеннен кейін Жылыой ауданын басқарды, Атырау қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды. «Қазақстан» мұнай бірлестігі басшыларының бірі болып жүргенінде 49 жасында кеніш басында өмірден озды. Үшінші ұлы Өтәлі жетпісінші жылдары Қазақстан азаматтық авиация басқармасының басшысы болған, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Николай Кузнецовпен бірге екінші дүниежүзілік соғыста санитарлық авиацияда ұшқыш болып, талай ерлік көрсеткен. Соғыстан соң «КазНИПИнефть» институтында бас инженер болып, мұнай кәсіпшіліктерінің инфрақұрылымдарын салып, көз тартар тұрғын үйлерден бастап, сән-салтанаты мен сәулеті жарасқан әкімшілік-тұрмыстық ғимараттардың небір озық жобаларын өмірге әкелді. КСРО-ның еңбек сіңірген геолог-барлаушысы Салтанат Балғымбаев 1977–1981 жылдары Ауғанстандағы кеңестік мамандар тобының жетекшісі және сол елдің табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі болды. «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты кеніштің бірі қазір осы кісінің атымен аталады. Балғымбай атамыздың кенже ұлы Мақаш та – атақты Теңіз кенішін ашқан мұнайшы-геолог, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Мұнайшы әулетінің үшінші ұрпағының басында Нұрлан Өтепұлы тұр. Талай рет халықаралық кездесулерде шетелдіктердің оған сүйсіне де тамсана қарағанын көргенде, ұлтым үшін қуанатынмын. Бой десең, бой бар. Ой десең, ой бар. Келбеті келіскен оның көзінен жанының сұлулығы да атой салып тұратын. Нәзік сұлулық емес. Сұңғыла сұлулық. Болмыс-бітім тұтас табиғи ақықтықпен көмкерілген оның бойындағы қуатты гармония Жайықтың толқындарындай асқақ көрінетін. Ең бастысы, адамға тән асыл қасиеттері еркіндік пен кеңдіктің символына айналып кеткен дала мен шексіздіктен бастау алып жатқанын жазбай танисың.
Бұрғылаушының көмекшісі ретінде 17 жасында қара жұмысқа араласып, ауыр еңбектің отын көсеген ол өзінің кәсіби жолында түрлі сатылардан өтті: бұрғылау бригадасында жөндеуші, токарьдың көмекшісі, күрделі және жерасты ұңғымаларын жөндеу шебері, одан кейін Жайық-Еділ сағасында басшы қызметтерде жұмыс істеді. «Ақтөбемұнай» бірлестігінде бас инженер қызметін атқарды. 1986 жылдан 1992 жылға дейінгі кезеңде КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігі газ өндіру Бас басқармасы бастығының орынбасары қызметін абыроймен атқарған Нұрлан Өтепұлы – одақтық ведомствода жұмыс істеген үшінші және соңғы қазақ. АҚШ көрген. Атақты «Шеврон» компаниясында тәжірибеден өткен. 1994 жылы Мұнай және газ министрлігіне басшы болып келген Нұрлан Балғымбаев басты-басты бағыттарды анықтап берді: біріншіден, өнімділігі азая бастаған Өзен кен орнын Дүниежүзілік даму банкінің көмегімен сауықтыру мәселесін алға қойды және ол жүзеге асырылып, «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының екінші тынысы ашылған болатын. Екіншіден, Ақтөбедегі Жаңажол газ өңдеу зауытын кеңейту қолға алынды. Үшіншіден, Атырау мұнай өңдеу зауытын толық қайта жаңартудан өткізуді жоспарлады. Бұл жоба да кезең-кезеңімен толықтай жүзеге асырылды. Төртіншіден, Шымкент мұнай өңдеу зауытында жаңа құрылғылар орнатылды. Бесіншіден, «Батыс Қазақстан – Батыс Қытай» мұнай құбырының құрылысын жүргізуді ұсынған еді. Бұл үлкен жоба да өмірге келді. Алтыншыдан, Құмкөл кен орнын кеңейту мен Қызылордаға дейін газ құбырын жүргізу ісін мықтап қолға алуға кіріскен болатын. Бұл да жүзеге асты. Нұрлан Балғымбаевтың бастамасымен Үкімет мұнай өндіретін кәсіпорындарда өндірген мұнайының 30 пайызын өздігінен сату құқығын беретін қаулы қабылдады. Міне, осыдан 31 жыл бұрын қабылданған осы тарихи шешім үшін қазақ мұнайшыларының Нұрлан Өтепұлына айтар алғысы шексіз.
Ол билік Олимпіне әдемі келді. Әдемі кетті. Бас-аяғы бес жылдың ішінде алмас қылыштай топ-менеджерлік талантымен жарқырай көрінді. Маған Нұрлан Өтепұлы өмірді де тез сүріп, мына бес күн жалған тіршілікті де аяқ астынан тастап кеткендей көрінеді. Әр нәрсенің өлшемін жақсы білетін адам ғана қадір-қасиетінің құнын түсірмейтін секілді. Артында өшпес із қалдырып, егеменді елінің етек-жеңін жинауда ұлан-ғайыр істерге астар бола білген азамат көзінің тірісінде ел үшін атқарған жұмысын жаһанға жар салып, жарнамалаған жоқ. Мұнай әлемі мен билік дәлізіне сырбаз басып, сыпайы есік қағып кірген ол «менімен» емес, еңбегімен, іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен дараланды. Осы қасиеті талай биіктерге көтергені өз алдына, туған халқының құрметіне бөледі.
Нұрлан ағамыздан тура екі жас кіші інісі Нұрбергеннің есімі де ірі кен орындарымен, геологиялық экспедициялармен, халықаралық жобалармен қатар аталады. Нұрберген Өтепұлы Балғымбаев – сексенінші жылдардың ортасында Пәкістанда кеңестік мамандар тобын басқарған майталман мұнайшы-барлаушы. 1986–1991 жылдары «Атыраумұнайгазгеология» өндірістік бірлестігінің Солтүстік Ембі мұнай барлау экспедициясының бас инженері болған Нұрберген Өтепұлының ізі Қотыртас, Молдабек, Кенбай, Орысқазған, Дәулетөлі, Мәтенқожа секілді кен орындарының жиегінде сайрап жатыр. Екі мыңға жуық адам еңбек ететін Солтүстік Ембі экспедициясын басқару оңай шаруа емес-ті. Бірақ Нұрберген Өтепұлы үшін адамға сену басты қағида болды. 1993 жылдан бастап Нұрберген Өтепұлы Канададағы «СНС-Лавалин Интернешнл» компаниясының Қазақстан мен Орталық Азиядағы өкілдігінің директоры болды.
Олар үшін ауызбіршілік – кәсібінің де, өмірінің де берекесі. Осы орайда Қойшығара ағамыздың ұлы, мұнайшы Мұрат інімізбен әулеттің бірлігі мен ынтымағы туралы ұзақ әңгімелескеніміз бар. Сол жолғы оның айтқандары жүрегімізге жылы тиіп, әлі күнге естен кетпейді: «Балғымбай атамыздан тараған бауырларымыздың бәрі жазда Теңдіктегі біздің үйге жиналып, ойнап-күліп, шат-шадыман уақыт өткізетінбіз. Ол күндер балалықтың ең қымбат, ең тәтті сәттері еді. Жас күнімізде үйде балалар жинала қалса, бәріміз Балғымбай атамыздың маңайынан шықпай, айналасында асыр салып ойнаушы едік. Өзім үнемі бірінші болып атамның қасына ұмтылатынмын. Кейде бауырларымыз түгел жиналып, бір үйден екінші үйге қыдырып, күліп-ойнап жүретінбіз. Бір жазғы каникулда атам мені Биікжалға ертіп барды. Ол кезде Мақаш ағам жұмыс бабымен сонда тұратын. Ауылында шағын ғана клуб бар екен, соған барып, кино көріп, мәз болдық. Қайтарда Мақаш ағам өзінің «Волга» машинасымен бізді темір жол бойымен алып келе жатты. Жолда кенет көлік бұзылып қалды. Неден екенін қазір есіме түсіре алмаймын. Ағам көліктің ақауын жөндеп болған соң, маған қарап «Қолыма су құйшы», – деді. Қарасам, алақаны қап-қара май болып қалыпты. Сол сәтте ағам жымиып: «Мына майды қалай кетіруге болатынын білесің бе деп сұрады да, жерден бір уыс топырақ алып, алақанына уқалап-уқалап, – міне, осылай кетіреді. Ал енді су құй», – деді. Сол қарапайым қимылдың өзі маған өмір тәжірибесі мен еңбекқорлық жайлы сабақ болып қалды.
Көкем жиі айтып отыратын: «Өтеп ағаң (біз оны «папа» дейтінбіз) өте жақсы адам болған. Қашан келсе де, жайдары жүзбен әңгімесін айтып, шайын ішуші еді. Кейде қасына әріптестерін ертіп келетін. Өтеп ағаң балаларды ерекше жақсы көретін. Танымайтын бала болса да, көтеріп алып бетінен сүйетін. Мейлі үсті-басы шаң болып жүрсін, оған қарамайтын». Сол сөздерді естіген сайын менің де көз алдыма Өтеп папамның мейірімді, балажан бейнесі елестейтін. Біздің әулеттің берекесі, өзара құрметі мен жылылығы дәл осы папамның жүрегінен тараған нұр еді. Бала кезімізде ата-анамызбен Ақтауға (ол кезде Шевченко деп аталатын) барып, Өтеп папамыздың үйінде қонақ болу біз үшін мереке еді. Теңіз жағасына барып, асыр салып ойнайтынбыз. Үйге оралғанда, папамызда бір ескі кинокамера бар еді, қолмен айналдырасың, ішіне салынған плёнкасы суреттерді көрсетеді. Біз қызыға қарап, әр кадрдың қалай қозғалғанына таңырқап, ұзақ отыратынбыз.
Атамыздың қамқор көзқарасы мен ағамыздың жылы күлкісі әлі күнге дейін жүрегімнің бір түкпірінде сақтаулы. Салтанат ағам бірде Төлеп, Ләйлә, Гүлнәзия төртеуімізді Железноводскідегі лагерьге жіберді. Ол жақтың табиғаты бір бөлек, ауасы тап-таза, жері көркем екен. Демалыс көңілді өтті. Таңертең және кешке, ұйықтар алдында тәрбиешілер барлық балалардың аты-жөнін атап тексеретін. Сол кезде біздің фамилиямызды атағанда, өзгелер бір-біріне қарап, таңырқай күлісетін. Біз үшін бұл да бір қызық сәт, балалық шақтың өзіндік тәтті естелігі еді.
Өмірдің бергі жағында, есейген соң да қуанышты күндеріміз көп болды. Бауырларымызбен бірге өткізген әр сәт қазір қымбат қазына сияқты. Әке-шешеміз, аға-жеңгелеріміз әрдайым бірліктің, татулық пен мейірімнің дәнін сеуіп, бізге өнеге көрсетті. Сол себепті арамыздағы қарым-қатынас әрдайым жылы, сыйластыққа толы болды. Бұл асыл ағаларымыздың әрдайым жастарға бағыт-бағдар беріп, ақылын аямай айтқанынан, дұрыс жол сілтегенінен туған береке еді.
Нұрлан ағамыз да бүкіл ағайын-туысын бауырым деп білетін, жүрегі кең, ақ жарқын жан еді. Өмірін елге, халыққа адал қызмет етуге арнады. Бірде ауырып жатып «Қазір үлкендеріміз азайып бара жатыр. Иә, бұл да өмірдің заңы» деген сөзі есімнен кетпейді. Өзінің бақилық болатынын білсе де, қасқайып өмір сүрген ағамды ешқашан есімнен шығармаймын. Жарқын бейнесі, жайдары жүзі жадымыздан өшпейді. Ол кісіден қалған өнеге біздің әулетіміздің рухани тірегі болып қала береді.
Қазір әулетіміздің үлкені – Нұрберген мен Нұрман ағаларымыз. Екеуі де әлі күнге дейін қамқорлығын аямай, інілері мен қарындастарына тірек болып келеді. Құрғақ әңгіме болмасын, дәлел айтып берейін. Бір күні Нұрберген ағам телефон шалды: «Мені Атыраудың әуежайынан күтіп ал». Іштей таңғалдым. Өйткені ол кісіні әуежайдан күтіп алатын достары, таныстары жетерлік еді. «Не шаруамен күтіп ал деп тұр екен?» деп ойлап қоямын. Сөйтсем, ағам маған Алматыдан әртүрлі жеміс ағашының көшеттерін алып келіпті. Соңғы жылдары Атыраудан отыз шақырым жердегі Жайықтың жағасынан, тоғайдың қалың жерінен үй салып алған едім. Сол жерге бақ отырғызсам, бау-бақша өсірсем деген арманым бар болатын. Нұрберген ағам соны ойлап жүр екен. Ол әкелген көшеттер қазір бой түзеп, жапырағын жайып, мол жеміс беріп тұр. Ағаның аялы алақаны, қамқор көңілі деген осы шығар. Алдымызда асқар тау болып, бәйтеректей сая бола білген ағаларымыздың амандығын тілеймін.
Болашаққа деген тілегім де осы: артынан еріп келе жатқан іні-қарындастар, жас бауырлар, немере-шөберелер аман-есен өсіп-өніп, елге абыройлы болсын. Аталарымыз бен ағаларымыздың сара жолын жалғап, «Бәйтерек» деген ұранымызды биік ұстап, әулетіміздің береке-бірлігін, адамгершілік дәстүрін әрі қарай жалғастыра берейік деп тілеймін әулетімізге».
Иә, Мұраттың сөзінен жалғандық таппайсың. Мұнда әр буын – бір белес. Әр тағдыр – бір арна. Ал бәрінің тоғысар тұсы – тағдырдың терең тамыры. Бұрғы мен ұңғыға бауыр басқан қалың қауымның арасында абыройы асқақтаған Балғымбаевтар әулетінің тарихы – елге үлгі. Қарап отырсақ, қазір Балғымбаевтардың төртінші ұрпағы республика мұнай-газ кешенінің көркеюіне күш-қайраты мен білімін жұмсап жүр. Біз Балғымбай әулетінің Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібіне сіңірген еңбек жылнамасын есептеп шығаруға ерінбедік. Артық-кемі жоқ – 1457 жыл! 114 жыл ішінде Балғымбай атамыздың 5 ұлы, 25 немересі және 50-ден астам шөбересі Қазақстанның қара алтынын өндірумен айналысқаны Гиннестің рекордтар кітабынан орын алуға әбден лайық. Қайталап айтайын, тіл-аузымыз тасқа, бұл аңыз сияқты естіледі. Бірақ аңыз емес, ақиқат.
Шархан ҚАЗЫҒҰЛ
ПІКІРЛЕР6