шеберлік пен шешім
Күні кеше премьерасы өткен Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрының «Қасым хан» спектаклі – қазақ тарихының күрделі де маңызды кезеңдерін, әсіресе Қасым ханның билігі тұсындағы ішкі-сыртқы саяси тартыстарды, қоғамдағы әлеуметтік өзгерістерді көркем түрде көрсетуге тырысқан ерекше қойылым. Ұлттық тарихымызды бейнелейтін бай тілмен жазылған пьесаның авторы – белгілі драматург Асылбек Ихсан. Қойылымның ерекше әсерлілігіне Алматыдан арнайы шақырылған
М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театрының режиссері Елік Нүрсұлтанның шығармашылық ізденістері мен инновациялық сахналық шешімдері үлкен үлес қосты. Визуалдық эффектілер мен жарық пайдалану әдістері көркемдік тұтастықты арттырып, тарихи оқиғалардың атмосферасын шынайы жеткізді. Режиссер шығарманы заманауи театр заңдылықтарына сай ықшамдап, қырықтан астам кейіпкердің санын қысқартып, бар оқиға желісін Қасым ханның тұлғалық болмысына шоғырландыруы өте ұтымды шешім болды.
Режиссер Елік Нұрсұлтан қойылымда жарық пен музыканың мүмкіндіктерін шебер пайдаланып, мизансценаларды графикалық дәлдікпен құру арқылы соғыс кезеңінің ауыр әрі күрделі атмосферасын айқын жеткізген. Оқиғалардың бір сахнадан екінші сахнаға жылдам ауысуы режиссердің оқиға желісін шеберлікпен жинақтап, сахналық динамиканы сақтаудағы кәсіби деңгейін көрсетеді. Әсіресе көпшілік қатысатын сахналарда тарихи дәуірдің атмосферасы мен халықтық сипат айқын сезіледі.
Спектакльдегі сахналық қаһармандықтың монументалдық формаларын құруда композитор Бақытжан Бердешұлы арнайы жазған музыканың орны айрықша. Бірде асқақ қаһармандық, бірде нәзік лирикалық әуендер сахна оқиғаларына эпикалық масштаб пен эмоционалдық тереңдік беріп отырды.
М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театрының суретшісі Мұрат Сапаров Сарайшықтың архитектуралық келбетін тарихи шындықпен үндестіре отырып, режиссерлік идеяның үйлесімді жалғасын тапқан көркемдік шешімдер ұсынған. Қақпа қасбетінде көрсетілген арабша бейнежазбалар, сондай-ақ кадр артынан естілген деректі фильмдер стиліндегі баяндау спектакльді заманауи мультимедиялық элементтермен байытып, тарихи деректерге сүйенгендігін айшықтай түскен. Бұл шешім көрерменге өткен дәуірдің терең мәнін жеткізумен қатар, спектакльдің бейнелеу өнері мен сахналық драматургияның шегінде тұрған үлкен полотно ретіндегі ауқымдылығын танытады.
Спектакльдегі соғыс сахналары режиссердің тапқырлығымен және креативті шешімдерімен ерекшеленді. Бұл эпизодтардың шынайылығы мен әсерлілігінде арнайы шақырылған кәсіби кинокаскадер Еркін Мекебаевтың еңбегі зор. Голливудтық экшн фильмдерінен кем түспейтін ширақ әрі дәл қимылдар, сахна алаңының кең мүмкіндіктерін пайдалану арқылы динамикаға толы көріністер жасалған.
Би көріністерін қоюда «Самұрық» би театрының хореографы Мөлдір Қасым киіктердің бейнесі мен шығыстық билерді нәзік пластикалық шешімдер арқылы шығарып, қойылымның көркемдік стилін толықтырған.
Қасым хан туралы спектакльдің көркемдік құндылығы, ең алдымен, басты рөлді сомдаған актердің шеберлігімен анықталады. Артист Ғ.Сураппаев Қасым ханның жастық шағындағы албырттықтан ел тағдырына алаңдаған күрделі кезеңдердегі сабырлы ойшылдыққа дейінгі психологиялық трансформацияны жеткізуге тырысқан. Дегенмен кейіпкердің саяси-әлеуметтік келбеті мен тарихи көзқарастарындағы тереңдік толық қамтылмай, кей тұстарда ішкі жан дүниесінің байлығы көлеңкеде қалғандай әсер қалдырады.
Бұл ретте, актер М.Макулов билік жолында ештеңеден тайынбайтын, жарты әлемді бағындыруды мұрат еткен Шыңғыс ханның ұрпағы, қайсар мінезді Мұхаммед Шайбанидің бейнесін терең шынайылықпен сомдаған. Оның әрбір сөзі эмоционалдық қуатқа ие болып, кейіпкердің психофизикалық жағдайын әрекетпен де, ым-ишара арқылы да шебер жеткізді.
Қасым ханның өз ортасымен қарым-қатынасын суреттеуде С. Қожабеков Жәнібек ханның байыпты мінезі мен саяси көрегендігін нанымды жеткізді. Актердің сабырлы қимыл-қозғалысы, терең ойды асықпай жеткізетін баяу да сенімді үні оның кейіпкерінің тұлғалық бейнесін ашуға сеп болды. Алайда кей тұстарда сөз бен әрекеттің арасындағы драмалық байланысқа көбірек назар аударылса, Жәнібек бейнесінің тұңғиық мағынасы одан әрі айшықтала түсер еді.
Қойылымдағы махаббат сахналары режиссерлік шешімдер тұрғысынан визуалдық және семиотикалық жаңашылдыққа толы байламдармен ерекшеленеді. Қасым хан мен Шәпи Банудың әрбір кездесу сахнасы мазмұны мен эстетикалық құрылымы бойынша қайталанбайды, бұл олардың қарым-қатынасы мен ішкі драмасын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Дегенмен эмоционалдық тұрғыдан әлеуеті зор сахналарда басты мәселе – кейіпкерлер арасындағы сезім динамикасының жеткілікті дәрежеде ашылмауы. Қасым хан рөліндегі Ғ.Сұраппаев пен Шәпи Бану рөліндегі Ш.Күзембайдың ойындарында махаббаттың шынайы оты, көрерменді баурап әкететін ішкі толқыныс толық сезілмейді. Осы себептен, сахналар көркемдік бейнелеу деңгейінен аса алмай, көрерменді эмоционалды тереңдікке жетелеу жағынан әлсіздеу болып қалған. Әсіресе Ш.Күзембайдың жас қыздың ішкі жан дүниесін, оның Қасымға деген алғашқы сүйіспеншілігін неғұрлым нәзік әрі табиғи бейнелеуге назар аударса, қойылымның эмоционалдық әсерін күшейте түсер еді.
Болашақта актерлер жеке ізденістері мен бейнелеу әдістерін жетілдіре түссе, қойылымның ұлттық театр тарихына ізін қалдырады. Өйткені спектакль қазақ халқының тарихи болмысын, ұлттық ерлік дәстүрлерін және мәдени құндылықтарын бүгінгі заманның көзімен қайта жаңғыртуға ұмтылған өнер туындысы. Режиссерлік шешімдердің жаңашылдығы, сахналық атмосфераны күшейтудегі техникалық құралдарын үйлесімді қолданылуы, сондай-ақ актерлер мен хореографтардың ортақ еңбегі спектакльдің көркемдік деңгейін биікке көтеріп, көрерменді тарих тереңіне жетелейтін ерекше дүние болып шыққанына атсалысты.
Қойылымның сахналық өмірі алдағы уақытта да жалғасып, шығармашылық топтың ізденісі арқасында көркемдік мазмұны байи түсері сөзсіз. «Қасым хан» спектаклі – тарихи мұраны сақтап, оны бүгінгі ұрпаққа эстетикалық және идеялық тұрғыдан жеткізуге бағытталған маңызды қойылым болды.
Анар Еркебай,
театртанушы, өнертану ғылымының кандидаты,
Темірбек Жүргенов атындағы
Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры