Жас қаламгерлер шеберлік мектебінде шыңдалды
03.09.2024
312
0

Қазақстан Жазушылар одағы мен Мәдениет және ақпарат министрлігі арасында стратегиялық әріптестік негізінде үш ірі жобаның басталғанын бұған дейін де жазған болатынбыз.

Атап айтқанда, «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі», «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» және «ТМД елдері архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» атты жобалар сәтімен жүзеге асып, өз жемісін бере бастады.
Осы ауқымды үш жобаның арасынан кең қолдауға ие болған «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» өз жұмысын қорытындылады. Осыған орай, Қазақстан Жазушылар одағында салтанатты жиын өтіп, әдеби шеберлік мектебінен дәріс алған 20 жас қаламгерге арнайы сертификат табысталды.
Жиынды Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып ашып, жүргізіп отырды. «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» жобасының аяқталуына орай, мектептің маңызына тоқталған ол, келесі сөздің кезегін Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы, жазушы Мереке Құлкеновке берді. Шығармашылық ұйым басшысы аймақтардан келген жас ақын-жазушыларды құттықтады.
– «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» жас қаламгерлер арасында қызығушылық туғызды. Біз мұны жобаға қатысуға ниетті жастардың берген өтініштеріне қарап, бағамдадық. Алғаш рет ашылған әдеби мектептен 20 жас тәлім алды, яғни бұл жоба елге керек, жастарға қажет жоба екенін және дер кезінде қолға алынған іс-шара екенін айтуымыз керек. Бұл – мемлекеттің жас жазушыларға деген қаморлығының айқын көрінісі. Біздің алдымызда білімді, талантты жастарды қолдау, олардың әдебиеттегі қадамын нықтап, әлемдік деңгейге көтеру міндеті тұр. Жүзеге асып жатқан жобалар осының айғағы, – деген Мереке Әбдешұлы жас қаламгерлерге «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебін» бітіргені туралы арнайы сертификат табыстады.
Сондай-ақ жиынға қаламгерлерге дәріс берген аға буын жазушылар мен ғалымдар қатысып, сөз сөйледі. Жас тәлімгерлерді жазушы, әдебиет­танушы, академик-ғалым Жанғара Дәдебайұлы, көрнекті жазушы Жүсіпбек Қорғасбек құттықтап, «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебінің» маңызына тоқталды. Ал әдеби мектептің тыңдаушылары, жас ақындар Мұхтар Күмісбек пен Еділбек Дүйсенов өлең оқып, жырдан шашу шашты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір