Халықаралық «Ертөстік» әдеби сыйлығына шығармалар ұсыну мен шешім қабылдау жөніндегі ЕРЕЖЕ

Қазақстан Республикасының балалар әдебиетін дамыту, жас буынның рухани өсуін, оларды ұлттық құндылықтар мен мәдениетке баулу, балаларға арналған шығармаларды насихаттау, сол арқылы жалпы әдебиеттің дамуына үлес қосу мақсатында Жазушылар одағы балалар әдебиетіне арналған Халықаралық «Ертөстік» әдеби сыйлығын тағайындайды.
Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Ертөстік» әдеби сыйлығы лайық деп табылған Қазақстан Жазушылар одағы мүшелері мен шет ел жазушыларының озық шығармаларына және әдебиетті насихаттаудағы, өркендетудегі еңбектері үшін белгілі қаламгерлерге беріледі.
Әдебиетті насихаттаудағы, өркендетудегі еңбектері үшін сыйлық берілетін қаламгерлердің кандидатуралары хатшылықта қаралып, (хатшылық мүшелерінің үштен екі дауысымен) бекітеді.
Сондай-ақ қоғамдық ұйымның қазіргі кезеңдегі жұмыс жүргізу тәртібіне орай, лайықты тұлғаларға (республикалық әрі халықаралық деңгейде ұлттық әдебиетімізді насихаттаудағы еңбегі үшін) арнайы сыйлық тағайындау құқы Қазақстан Жазушылар одағының төрағасына беріледі. Төрағаның ұйғарымымен сыйлыққа ұсынылған тұлғалар хатшылыққа хабарланып, бекітіледі.
«Ертөстік» әдеби сыйлығына лайық деген туындыларды мемлекеттік және қоғамдық мекемелер, сол сияқты баспасөз ұжымдары Жазушылар одағының жанрлық кеңестері арқылы ұсына алады. Жанрлық кеңестер өз шешімін хатшылыққа тапсырады.
Бәйгеге түсетін туындылар соңғы 3 жылдың ішінде жарияланған болуы тиіс. Жанрлық кеңестер талқылауынан өткен, сыйлыққа лайық деген шығармаларды хатшылыққа тапсырады. Жанрлық кеңестер өз шешімін жабық, ашық дауыспен шешеді. Ұсынылған шығарма хатшылықтың қарауына жіберілу үшін жанрлық кеңес мүшелерінің жалпы санының үштен екі бөлігінің дауысын жинауға тиіс.
Сұрыптаудан өткен үміткер туындыларды жанрлық кеңестер өз ұйғарымымен сыйлыққа лайық деп ұсынған соң, ол шешімді Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының хатшылығы жабық, ашық дауыс беру арқылы бекітеді. Шешім хатшылық мүшелерінің үштен екі дауысын жинағанда ғана қабылданады.
Жанрлық кеңестердің ұйғарымына келіспей, дау тудырған кейбір жеке шығармаларға, қажет болған жағдайда, қайта оралып қарау, талқылау, шешім қабылдау құқығы хатшылыққа беріледі.
Сыйлыққа лайық шығармалар жеткіліксіз болған жағдайда, сыйлықтың түгелдей берілуі міндетті емес.
Үміткер шығармалар көп болып, көр-кемдік деңгейі тең түсіп жатқан жағдайда, бір сыйлықты екі автордың туындыларына бөліп беру мүмкіндігі (хатшылық шешімімен) қарастырылады.
Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Ертөстік» әдеби сыйлығы әр жыл сайын 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында беріледі.
Қазақстан Жазушылар одағының балалар әдебиетіне арналған Халықаралық «Ертөстік» әдеби сыйлығы бір авторға екі рет берілмейді.
Сыйлық иегеріне лауреаттық белгі мен куәлік, сондай-ақ сыйақы тапсырылады.