Жастарға бағытталған ұтымды шешім
14.10.2025
262
0

Фатима БАЙМҰҚА, ҚазХҚжӘТУ журналистика факультеті, 1-курс студенті

Адамзат игілігіне калькуляторды ойлап шығарудан бастап, ғаламтордың ғаламатымен талай дүниелер жұмыр басты пенденің тіршілігіне енді. Америка мен Еуропа, Азия елдерінде ғылым мен технологияның дамуынан ақылды қалалар, ақылды үйлер мен жылжымалы орындар пайда болды.

Әуелгіде беймәлім болып көрінген смарт қалалар идеясы шындыққа айналды. Кезінде тек қиял ғана болып келген инновациялық идеялар уақыт өте ақиқатқа айналды. Киборг-әскерлер мен ақылды әскери-дрондардан бөлек, роботтар адамдарға қызмет көрсете бастады. Әлемде 3 жарым мыңнан астам мекеме жасанды интеллектіні түрлі салаға бейімдеп, қолданысқа енгізгені туралы да мәлімет бар.

Ғылыми прогрестің қарыштаған уақытында келешектің жолы қалай болады деген мәселе биылғы Президент жолдауында да ашық көтерілді. Ел дамуына қатысты жаңа міндеттер айқындалған құжатта басты назар цифрландыруға, жасанды интеллектіні енгізу мен экономиканы тұрақты дамытуға бағытталды. Президент Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды ұсынды.

Осы өзекті жайт Алматы Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты №20 бөлімшесі ұйымдастырған кездесуде кең көлемде талқыланды.

Алматы қаласы Спорт басқармасы «Спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің» базасында өткен іс-шараға өз студенттерінен бөлек ЕТЭК колледж студенттері де қатысты. «Сенімен болашақ» РҚБ Алматы филиалы бойынша жетекшісі М.Мәулетқызы басты спикер болып, ЖИ уақыт талабы екенін жеткізді. «Бұл еліміздегі цифрлық трансформация үдерісінің жаңа кезеңге аяқ басқанын білдіреді.

Әлемдік тәжірибе ЖИ-дің қаупінен бұрын, берер мүмкіндігі мол. Бірақ бұл технология адамзат игілігіне жұмыс істеуі үшін этикалық, құқықтық және адами бақылау маңызды екенін сарапшылар да айтып жатыр. Жалпы Президенттің министрлік құру туралы ұсынысы – осы үдерісті бақылау­да ұстап, ұлттық мүдде тұрғысынан дамытуға бағытталған ұтымды шешім екені даусыз» деген спикердің сөзі жастардың ойларын білдіруге қозға салды.

Сонымен қатар кітапхана меңгерушісі Лаура Мәулітшәріпқызы, СДБАММИК директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әйгерім Дәлелқызы мен кітапханашысы Айгүл Исаева, ЕТЭК колледжінің мұғалімі Шынар Құстайқызы сөз алып, ЖИ пайдасы мен зияны туралы ойларын ортаға салды.

Студенттер Токберген Әлнұрарман Хасанұлы мен Ахатаев Нұрасыл Қуатұлы пікірі замандастарын ойландырды. Кездесуге қатысушылар Жолдау тек тапсырмалар жиынтығы емес, ел үміті мен болашағының бағдары екенін түсініп тарқасты. 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір