Бішкекте Педагогикалық шеберлік орталығының филиалын ашу жоспарлануда
30.01.2024
638
0

Бішкекте «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Педагогикалық шеберлік орталығының мұғалімдерді кәсіби дамыту бойынша халықаралық жобасының бірінші кезеңі аяқталды. Ауқымды ынтымақтастықтың басты қорытындысы Қырғызстан тарапынан Орталықтың бөлімшесін ашу туралы ұсынысы болды.

ПШО партасына Жалал-Абад, Шу, Талас, Ош, Баткен, Ыстықкөл облыстарынан және ел астанасынан келген ұстаздар отырды. «Сапат» халықаралық желісінің, Шыңғыс Айтматов атындағы және «Айчүрөк» лицейлері, United World және басқа да танымал мектептердің өкілдері жаңа білімді меңгерді. Шолпан атадан «Ақылман» президенттік лицейінің ұстаздары толық құраммен келді.

Қырғызстандық әріптестерге арналған сабақ кестесінде бүгінгі таңда заманауи білім берудегі ең өзекті деп атауға болатын жаңа тақырыптар енгізілген. Олардың көпшілігі педагогикалық тәжірибеде сұранысқа ие зерттеу тақырыбына арналған – Lesson Study және Action Research.

– Қырғыз мұғалімдерінің үлкен тобы үшін жаңа жыл жаңа біліммен және жаңа достармен басталды, біз өзіміз үшін Lesson Study және Action Research әдісін жаңадан аштық, оны енді Қырғызстанда міндетті түрде жүзеге асырамыз, – дейді «Сапат» халықаралық білім беру желісінің вице-президенті Раина Асакеева.

ПШО халықаралық жобасының бірінші кезеңінің логикалық қорытындысын «Мұғалімнің зерттеу қызметі: Lesson Study және Action Research» тақырыптық конференциясы деп атауға болады. Шараға WALS президенті және құрметті бас хатшысы Кэтрин Льюис пен Питер Дадли АҚШ пен Ұлыбританиядан онлайн қосылды. Постер сессиясы табысты оқу және перспективалар туралы шығармашылық есеп іспетті болды.

– Біздің сенімді досымыз саналатын  Педагогикалық шеберлік орталығының арқасында посткеңестік кеңістікте алғаш рет WALS конференциясы өтетіні – біз үшін үлкен мақтаныш, –  деп мойындады «Ақылман» Президенттік лицейінің директоры Эмиль Рысқұлов.

Орталық тарихында алғаш рет мұғалімдерге арналған сабақтар ағылшын, қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде өтті. Оқудың алғашқы күнінен бастап ПШО-ның жұлдызды тренерлері Раушан Әбішева, Эльвира Рахмаил, Қызжібек Абдраманова қырғыз әріптестерінің кәсіби шыңдалуына жоғары талаптар қойды.

– Әр топта олар WALS қауымдастығының стратегиялық басымдықтары мен 2024 жылдың қыркүйегінде Астанада өтетін халықаралық конференцияның өту барысымен таныстырды, – деп атап өтті Педагогикалық шеберлік орталығының жоба жетекшісі Ардақ Закарьянова.

Халықаралық жобаның негізгі нәтижелері қырғыз мұғалімдерінің жаһандық тенденциялар, әлемдік білім берудің құралдары мен тәжірибесін зерттеуге деген үлкен сұранысын растады.

– Бүгінде қырғызстандық педагогтер ғылыми-зерттеу қызметін кеңейтуге және кәсіби біліктілігін жүйелі арттыруға бағытталған ауқымды оқытуды жалғастыруға мүдделі, – деп атап өтті Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Жанбота Кабдыкаримова.

Педагогикалық шеберлік орталығы қырғызстандық әріптестермен бірнеше жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Астанаға оқуға бірінші болып «Білімкана» халықаралық жүйесінің ең табысты мұғалімдері келді. Өткен жылдың желтоқсан айында Қырғызстанның үлкен делегациясы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жүйесімен егжей-тегжейлі танысу және бірінші халықаралық  «Білім берудегі көшбасшы бағдары» басқару интенсивіне қатысу үшін Қазақстанға арнайы ұшып келді: олардың қатарында атақты «Сапат», «Креатив – Таалим», «Global school» мектептерінің, «Айчүрөк» әйелдер лицейінің, сондай-ақ Сәлімбеков университетінің өкілдері бар. Қаңтар айында мұғалімдерді ғылыми-зерттеу іс-әрекетіне, оның ішінде Lesson Study және Action Research бойынша оқытудың халықаралық жобаның бірінші кезеңі сәтті аяқталды. Бүгінде қырғызстандық тараптың ұсынысымен Педагогикалық шеберлік орталығы Бішкекте филалын ашуды жоспарлап отыр.

Мира АЛИПИНОВА,
Бішкек

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір