ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНДА ЖАНРЛЫҚ КЕҢЕСТЕР ЖИЫНЫ ӨТТІ
14.01.2025
64
0

9 қаңтар күні Қазақстан Жазушылар одағында Жанрлық кеңестердің жиыны өтті. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов басқарып, жүргізген алқалы басқосуға Сын кеңесінің төрағасы Жанғара Дәдебаев, Поэзия кеңесінің төрағасы Әділғазы Қайырбеков, Проза кеңесінің төрағасы Қуандық Түменбаев, Сатира кеңесінің төрағасы Еркін Жаппасұлы, Шет елдегі қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы Әрмиябек Сағындық, Орыс әдебиеті кеңесінің төрағасы Аслан Жақсылықов, Балалар әдебиеті кеңесі төрағасының орынбасары Қанат Қайымов, Проза кеңесі төрағасының орын­басары Әбділдабек Салықбай, Детектив, фантастика жанры кеңесі төрағасының орынбасары Айнагүл Садықова, Драматургия кеңесі төрағасының орынбасары Амангелді Мұқан, Ұйғыр әдебиеті кеңесінің мүшесі Шавкат Назаров, Шетел әдебиеті кеңесінің мүшесі Сламхат Сейітханза қатысып, алдағы жоспарлары жайлы баяндады.
«Бүгін сіздерді жинап отырғанымыздың себебі – жанрлық кеңестердің жұмысын жақсарту, сол мақсат жолында жұмыла жұмыс істеу. Төрағаның ұсынысы бойынша, биылғы Жыл қорытындысын әдеттегідей бір күн емес, екі күн өткізіп, жанрлар бойынша жетістіктер мен өткір мәселелерді, қолжазбаларды кеңінен талқыласақ, Жанрлық кеңестердің жұмысын жандандырсақ деп отырмыз. Баяндамашыларға былтыр шыққан кітаптарды алдын ала ертерек алып, толық оқып шығуына мүмкіндік туғызып, баяндаманың мазмұнды жасалуына мән беруіміз керек. Осы негізде қандай ұсыныстарыңыз бар? Бүгін талап-тілектеріңізді айтып өтіп, жазбаша тапсырсаңыздар, осында қозғалған барлық ойларыңызды алдағы Хатшылық отырысында баяндайтын боламын, – деп келелі кеңесті бастаған ақын Қасымхан Бегманов Одақтың жобалары жайлы тарқата сөйледі.
Сондай-ақ жиын барысында әдебиеттанушы, ғалым Жанғара Дәдебаев: «Әдеби сын және әдебиеттану кеңесінің алдына қойған басты мақсаты әдеби сынның сын-сипатын танытатын мақалалар, сөздер, сұхбаттар дайындап, жинақталып, ұдайы жарияланып тұратын арнайы сериялық е-басылым шығаруға қол жеткізу еді. Сын және әдебиеттану кеңесі бұл мақсатына жетті. Әдеби сын және әдебиеттану кеңесінің ұймдастыруымен және тікелей қатысуымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Абай ғылыми-зерт­теу институтының Веб-порталында «Әдеби сын» бөлімі ашылды, онда әдеби сын мақалалар жариялана бастады. 2023 жылы осы бөлім бойынша «Әдеби сын» деген атпен әдеби сын мақалалардың бірінші және екінші кітаптары жарық көрсе, 2024 жылы үшінші кітабы жарияланды, төртінші кітабы сын кеңесінің қолдауымен баспадан шықты.
Әдеби сын және әдебиеттану кеңесі 2024 жылы әдеби сын және әдебиеттану саласында жарық көрген кітаптарды эфирде насихаттау мақсатында «Ғылым таппай мақтанба» деген айдармен бейнеталдаулар жүргізіп, оны Абай институтының вебпорталында орналастырып, YouTube арнасынан көрсете бастады. 2024 жылы осындай 3 бейнехабар жасалып, жарияланды. Әдеби сын сыншылардың шығармашылық белсенділігінің деңгейіне қарай өз дамуында жаңа серпін табады деп үміт етеміз. Бүгінде 17 қаламгерден тұратын кеңестің 5 мүшесі шығады. Төраға мен орынбасары, хатшысы өзгермейді. Жыл қорытындысында баяндаманы Гүлжахан Орда жасайды. Министрлікке бағытталған төрағаның ұсынысы өте дұрыс. Қазір сапасы нашар кітаптар қаптап кетті. Егер бұл ұсыныс қабылданса, жанрлық кеңестердің де, Одақтың да абыройы артып, сапасыз кітаптардан арылатын едік», – десе, жазушы Қуандық Түменбаев кеңестің құрамында үлкен өзгеріс жоқтығын, баяндаманы Нұрлыбек Саматұлы жасайтынын жеткізді. Ал детектив, фантастика кеңесі төрағасының орынбасары Айнагүл Садықова: «Одақ тарапынан Ішкі істер органдарына, Қауіпсіздік комитетіне ұсыныс хаттар әзірлегенбіз, соларды дайындап берсеңіздер. Әр мекемеге жеке-жеке хат жазып, сол ұйымдармен жұмыс жасасақ, олар біздің кітап шығаруымызға, түрлі детектив жанрында өтетін жобаларға демеушілік жасап отырса», – деген пікірін білдірсе, Қанат Қайымов: «Балалар әдебиеті кеңесінің баяндамасын поэзия, проза жанрларынан бұрын берсеңіздер, себебі біздің баяндама залда отырғандардың көбі кетіп қалғанда оқылады. Жан-жақта өтетін жиындарға балалар әдебиетінің бір өкілі қатыстырылмайды. Балалар әдебиетінің өкілдері шетқақпай қалмаса екен», – деп өтінішін айтып қалды.
Өзге Жанрлық кеңес төрағалары да кеңес құрамындағы өзгерістермен таныстырып, Жыл қорытындысында баяндаманы кім жасайтынын атады, әдебиетті дамытуға бағытталған ұсыныстарын білдірді.
Жиын тізгінін ұстаған Қасымхан Бегманов қаламгерлердің ұсыныс-пікірі ескерілетінін айта келе, әр жанр бойынша Одақ мүшелігіне қабылдануға лайықты жас таланттардың барын да ұмыт қалдырмады. Сонымен қатар әдебиет төңірегіндегі өзге де жайлар хақында толғамды ойын айтып, бірқатар жұмыстарды дұрыс үйлестіру қажеттігін нақтылады. Жалпы, жиында қордаланған мәселелер талқыланып қана қоймай, алда атқарылатын жұмыстар жүйеленді.

Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір