ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ КӨШПЕЛІ ПЛЕНУМЫ ӨТТІ
06.12.2024
86
0

Түркістандағы «Фараб» кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен «Әділетті Қазақстан: Ғасырлар ғұламалары мен Қазақстан қаламгерлері» атты көшпелі пленум өтті. Жиынға еліміздің белгілі ақын-жазушылары, әдебиеттанушылар мен ғалымдар қатысты.

Жиынды Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Мереке Құлкенов ашып, шығармашылық одақтың атқарған қызметі, көшпелі мәжілістің мақсаты жайлы айтып өтті. Келесі кезекте сөз алған Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі Шерхан Талап қатысушыларға министр Аида Балаеваның құттықтауын жеткізіп, пленум жұмысына табыс тіледі. Сонымен қатар Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қаламгерлерге деген ыстық сәлемін жеткізді.
Көшпелі жиын барысында спикерлердің баяндамалары тыңдалды. Атап айтқанда, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Қойшығара Салғараұлы өз сөзінде тарихи шежірелерге үңіліп, тың деректер ұсынса, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, «Қазақ газеттері» серіктестігі бас директорының кеңесшісі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жүсіпбек Қорғасбек «Қазақ әдебиетін әлемге танытудың алтын қақпасы», Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орын­басары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қасымхан Бегманов «Ғұламалар, заманалар, жылдар: ақын-жазушылардың  қоғамдағы рөлі», Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облысындағы өкілі, филология ғылымының докторы Серік Елікбай «Әділетті Қазақстан: Әулие Мәшһүр феномені», Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан мен Орталық Азия тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымының кандидаты Зікірия Жандарбек «Қазақ халқының рухани-мәдени болмысының қалыптасуына Қожа Ахмет Ясауи ілімінің ықпалы» деген тақырыптарда баяндама жасап, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Өтеген Оралбаев Түркістан руханиятына қатысты келелі ой қозғады. 
Қазақ ғұламаларының идеялары мен бүгінгі қаламгерлердің шығармашылығы арасындағы сабақтастық, ұлттық рухани жаңғыру және әділетті Қазақстан құру жолындағы әдебиеттің маңызы туралы пікір алмасулар өтіп, кітап көрмесі, шығармашылық жобалар таныстырылған бұл шара ұлттық әдебиеттің тарихи және заманауи аспектілерін зерделеуге арналған маңызды диалог алаңына айналмақ. 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір