Балалар үйінің тәрбиеленушілері жазушылар одағында

31 қаңтар күні қиын өмір жағдайындағы балаларды қолдау орталығы КММ-нің тәрбиешісі Әсел Сыдықова бастаған әртүрлі сыныптағы балалар Қазақстан Жазушылар одағына келіп, Одақтың тыныс-тіршілігімен танысты.
Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов балаларды қабылдап, оларға батасын беріп, ақ жол тіледі. Сондай-ақ балаларға арналған кітаптарды сыйға тарту етті.
«Осы отырған сіздердің араларыңыздан ақын-жазушы, ғалым, әлемге әйгілі тұлғалар шығарына сенемін. Алдағы уақытта тек сәттілік, жарқын болашақ, терең білім иесі болуларыңызды тілеймін. Қазақстан Жазушылар одағының есігі өздеріңізге әрдайым ашық», — деді М.Құлкенов балаларға жүрекжарды лебізін білдіріп.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы балаларды Жазушылар одағының арғы-бергі тарихымен таныстырып, одаққа қарасты басылымдар мен әдебиетшілер үйін аралатты.
Кездесу соңында, кішкентай қонақтар одақтың кішігірім дастарханынан дәм татып, ризашылықтарын білдірді.