МЕНІҢ ФАРИЗАМ
Қыстың ызғары кеткенмен, күн әлі жыли қойған жоқ. Көненің көзі – Әбу Сәрсенбаев атамыз үйіне көп адам шақырып, қысқы соғым сыбағасын бермек боп қонақ күтсін. Мінезіне де, мейіріміне де таң қаламыз. Үлкен басымен әдебиеттегі жастарды жинап жүретініне қайран қаламыз. Бәріміздің де басымыздан сипап, құшағына қысады. Бұл жолы шақырылғандар да ылғи ақын-жазушылар. Үлкені – өзімен көп жыл көрші тұратын (қазір де ұрпақтары бір үйде) Сағынғали Сейітов ағамыз бен Ғайни жеңешеміз, өзі ерекше көретін Жұмекен Нәжімеденов Нәсіп апайымызбен, Сайын Мұратбеков пен Зейнолла Серікқалиев жеке-дара, Меңдекеш Сатыбалдиев Рузиясымен, Қабиболла Сыдиқов Гүлшатымен, біз Фариза екеуміз, тағы бір ағайындары шағын залға екі столды қосып қойған дастарқанға әзер сыйып отырдық десем, өтірік емес.
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА
Ол кезде сол үйлердің залы бізге кең сарайдай көрінетін. Ол кезде төрт бөлмелі үй кез келгеннің қолы жете бермейтін байлық болатын.
Бәрі шуылдасып Фариза екеумізді төрге шығарды. Бұл жолы біздің ортаға бір әдемі әйел қосылды. Ол Қасым Аманжоловтың аңызға айналған жары Сәпен (Сақыпжамал) екен. Соғыстан кейін Алматының бұрышынан пана таппаған Қасым ақынның «Бермесең, бермей-ақ қой баспанаңды, Сонда да тастамаймын Астанамды, Өлеңнің отыменен жылытамын Жарымды жанымдағы, жас баламды» деген жолдарды жазғанда пәтер жалдаудың қиындығын бірге көрген, Қасым мен Дариғаның денсаулығына алаңдап, жастай шаршаған Сәпен осы кісі екен. Қасым ақын ғашық болған келіншек әлі де өңін бермеген әдемі, түре байлаған ақ орамалы өзіне қатты жарасып тұрды.
Соғысты бастан кешкен аға ұрпақтың өмірге көзқарасы басқаша еді. Жан-дүниелері де ерекше болатын. Олар дүниеге қызықпайды да. Барын дастарқанға қояды, адамға мейірім төгеді, сыйластықты қастерлейтін. Әбу аға мен Ләзиза апай бір-біріне сыпайы сөйлейтін ерекше тәрбиелі, мәдениетті жандар болды.
Қашан, қай кезде жиналсақ та, жазушылар ортасында әңгіме әдебиет жайлы басталатын. Бір шәй ішкенде бір роман оқып қайтқандай болатынбыз. Жаңа шыққан кітап, жаңа жарияланған повесть, әңгіме, әлем әдебиетінен кімнің не оқығаны да сол дастарқанда айтылатын. Шәйдің өзін ұзақ отырып ішетініміз сондықтан. Ол кезде алтындалған, күмістелген кесе-қасықтар бәсекесі жоқ еді. Бізде кітап бәсекесі ғана болатын. Әңгіме арасында Қадыр Мырзалиев ақынның кітапханасы үлкен деген қызығушылық әңгіме де айтылып қалатын. Ал орталық дүкенде ұзақ тұрған алтындалған шәй ішетін қымбат сервизді сол кезгі Қонаевтың көмекшісі Дүйсетайдың әйелі сатып алғанын естіп, таңданатынбыз. Әбу ағаның үйінен біз ұлылық пен мейірімге тойып тарқайтынбыз.
Жазушылар әйелдерінің арасынан әдемі ыдыстарды сәндеп жинайтын мен көрген әйел – Жұбан Молдағалиевтің жары София апам, екіншісі – Сағынғали Сейітовтың жары Ғайни жеңешем еді. Өзі де көрікті, әдемілікке құштар Ғайни жеңешем бізбен осы жолы екінші рет дастарқандас болды. Неге екенін білмеймін, Фаризаға Ғайни жеңешем бірден ұнай қойған жоқ. Ол да ерке келіншек, Фаризаға онша елпеңдей қойған жоқ.
Шынымды айтсам, мен осы кештен аман кетуді тілеп отырдым. Дегендей-ақ, менің Фаризам өзі еркелеп бастаған дастарқаннан өзі тұрып кетті. Бірақ Ғайни жеңешем ештеңе деген жоқ еді. Фариза Меңдекешпен пікірталасқа түсіп кетіп, қаттылау сөз айтты, ал Меңдекеш Сатыбалдиев «Сен қыз маған бұлай сөйлегенді қысқарт!» деп айқайлап жіберді. Фариза да атып тұрып, кетем деп, дастарқаннан жылжып шыға бастады. Амал жоқ, мен де бірге тұрдым. Береке қашты, Әбу аға мен Ләзиза апай бәйек болып, жуып-шайып жатыр. Меңдекеш үшін келіншектер шыр-пыр болып кешірім сұрады, Меңдекештің өзі міз бақпай отырып алды. Жұмекен жұмған аузын ашпады. Етігімізді тез тауып киіп, шыға жөнелдік.
Интернационал көшесі тым-тырыс, сонымен Абайға көтеріліп келеміз. Фариза алда, жеткізер емес. «Осының дұрыс болған жоқ» деген менің сөзіме «Қал солармен!» деп айқай салды. Соңымыздан Зейнолла Серікқалиев қана ере шығыпты. Менен кейін ол келеді үнсіз. Абай көшесіне шыққасын әзер деп бір такси тоқтатып, бізді отырғызып жіберді. Ол да ләм-мим деген жоқ. Ол кезде Алматы көшесінде машина көп емес.
Ленин даңғылына Фаризаның үйіне келдік. Тіл қатып сөйлеспедік. Мен залдағы диванға, ол өз төсегіне құладық. Таңғы шәйді ішпестен, мен сол үнсіздікпен үйіме кеттім. Әбу аға мен Ләзиза апайды аядым, ұялдым. Меңдекештен де, Фаризадан да көңілім қалды. Бармадым. Телефон да шалмадым. Бір күні ол жоқта барып, киімдерімді жинап алып, менде жүрген үйінің кілтін столына қойып кеттім. Осындай үнсіздікпен біраз күн зулап өтті.
Бір күні Фариза үйге келді. «Жүрші, бізге барып шәй ішейік! Мен бір жұма тамақ ішкем жоқ», – деді. Мен сендім. Жалғыздық деген оңай нәрсе емес-ау. Өкінгені мұңды жүзінен көрініп тұрды. Столымның үстіне екі бет қағаз тастады. Қолмен жазылған екі өлең екен.
* * *
Мен бір қызық адаммын:
Қатал тағдыр сілкілеп, мың сынаған,
Құлап тұрып, сонда да тыншымаған.
Жұртқа деген ызадан булыққанда
Сені орынсыз азаптап ұрсып алам.
Сен асқақсың – білемін.
Маған ғана иіліп, кішіресің,
(Иілу де бұл күнде кісіге сын)
Қуаныштың мен үшін не екенін
Бұл жалғанда сен ғана түсінесің.
Жыр жазбасам, жабығам,
Онсыз маған дүние жел өтіндей.
Жұрт ұқпайды жүрем мен неге күлмей,
Ал сен болсаң, қайрайсың, құлшынтасың,
Одан саған бір пайда келетіндей.
Жандар көп қой,
Жанашырсып жүретін көтермелеп…
Жанымдасың, болғанмен мекен бөлек.
О, мен кейде қорқамын көп ішінде
Жалғыздықтан жарылып кетем бе деп…
Мен өзгенің көзіне
асқақтаған адуын, мұңсыздаймын,
Ұқпайды олар – көзімде тұрсын қайғым.
Жыласам да, күлсем де мен, әйтеуір,
Сенің ғана алдыңда қымсынбаймын.
Сен жақынсың жаныма,
Мейлің, тіпті, менімен күн-түн егес,
Өзгелермен күлгенім – күлкі де емес.
Дос көп болсын деседі-ау. Сендей достың
көп болуы адамда мүмкін емес…
* * *
Кеттің. Енді жаныма жанашыр кім?
(Мен сорлы да өрліктен шарасызбын).
Содан бері жанарым мұңға толы,
Содан бері, әйтеуір, мазасызбын.
Сен кеткелі тау жақтан жел еспеді,
гүл де солып қалғандай белестегі.
Екеумізді бір арман матастырып,
Екеумізде мұң да бір емес пе еді?!
Жиіркендім-ау өмірдің бақ-тағынан,
Жанарымды сен келер жаққа бұрам.
Енді кіммен қосылып ән саламын,
Енді кімге сонда мен ақтарылам?!
Менің жаным секілді аспан көшкен,
Біліп жүрсің – жайттар ғой бастан кешкен;
Маған деген реніш ұйқы бермей,
сенің көңіл күйің де астаң-кестең.
Мен де қалай жарқылдап жүре аламын,
жүрегімді жылатса кінәларым.
…Болғаны да жақсы екен дүниеде
өкпелеуге тұратын бір адамың.
Мен екі өлеңді де келесі күні «Жазушы» баспасында қол қоюды күтіп жатқан «Мазасыз шақ» кітабына қосуды өтіндім. Редакторы Сағи Жиенбаев аға өте сыпайы адам болатын. Ештеңе айтпастан, машинкаға басуға беріп, қолжазбаға қосатынын айтты. Столының үстінде ақ папкада байлаулы тұрған шағын жинақ теруге кетпей, қол қоюды күтіп жатқан. Фариза екеуміз бір ай бұрын келгенде де «Әлі қол қойылған жоқ» деп, қайтарған еді. Ал біз екеуміз ол жинақтың шығуын тағатсыз күтіп жүрдік. Фаризаның Алматыға келгелі шыққалы тұрған бірінші жинағы еді бұл. Оның үстіне, қолжазбаны жыртып, өртеген кезде кейбір өлеңдерді қайта қалпына келтіре алмағанбыз. Көлемі аз сияқты, соған екі өлең болса да қосылсын деген ойым еді. Менің түсінуімше, ақын түгілі, өзгелер де өлең деген құдіретке қиянат жасамауы керек.
Сиректеу хабарласып жүріп жатқанбыз. Бір күні менің Жәңгерей ағам келіншегін ертіп, тұңғышы Динарасын алып, Алматыға келе қалсын. Келген бойда «Құрдасым қайда? Фариза аман ба?», – деп сұрады. Мен Фаризаға звондадым, ол да әзер отыр екен, қуанып кетті. Кешікпей жұмысынан газетінің фотографын алып, үйге келді. «Жәңгерейдің қызы – енді менің қызым», – деп, үшеуміз суретке түстік. «Сендей тракториспен мен суретке түспеймін», – деп қалжыңдап отырып, Жәңгерей құрдасы: «Ендеше, сендей қара қызбен мен де түспеймін», – деп, өкінішке қарай, фотоға бірге түсілмей қалды. Фотограф бала олардың қалжыңы бітіп, шәй ішкенді күтпей, асығыс шығып кетті.
Елден Жәңгерейдің келу құрметіне сенбі күні Әбіш Кекілбаев бастаған жас әдебиетшілер тобы Фаризаның үйіне жиналдық. Кеш көңілді болуы үшін күй тартуға ауылдас інісі Ғабдрахимді алғызды. Көп сөзге жоқ, адам бетіне тіке қарамайтын ұялшақ ақсары жігіттің домбыра қағысы, расында да, ерекше жұмсақ естілді маған…