Құнды кітап жарық көрді
Ақын Рафаэль Ниязбектің (1943–2021) «Библиографиялық көрсеткіш» атты кітабы ҚР Ұлттық кітапханасының қолдауымен жарыққа шықты. 1961–2024 жылдар арасындағы барлық баспасөз беттерінде жарық көрген мақалаларының шежіресі, интернет ресурстары қолданылған.
Құрастырушыдан деген тақырыппен басталған. Онда Рафаэль Ниязбектің алған атақтары туралы жазылған. Кітаптың алғысөзін «Ақ семсер ақын» деп жазған Жазушылар одағының басқарма хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы ақын Бауыржан Жақып ақынның өлеңдеріне терең тоқталып, мысалдар келтіріп, дәлелмен жазған. Бұған дейін де Рафаэльдің шығармасына мақалалары жарық көрген. «Тыңда мені, замана!» деп ақынның поэзия кітабының атын тақырып етіп мақала жазған М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты Тәуелсіздік дәуірдегі әдебиет және көркем публистика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының докторы Гүлжаhан Орда өршіл рухты қазақтың ақыны, шешеннің батыры, белгілі жазушының проза жанрындағы әңгімелері, повестері мен романдарына жіті тоқталып, тамаша жазған. Ширек ғасырдан аса Рафаэльдің шығармашылығы туралы зерттеп, мақалалар жазып жүрген ғалым Гүлжаһан қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазыпты. Көрсеткіш көмекші құрал ретінде есімдер және басылым атауларының деректерімен жабдықталған. Библиографиялық көрсеткіш әдебиетшілерге, оқытушыларға, кітапханашыларға, студенттер мен жалпы оқырман қауымға арналған.