«КӨКЖАЛ ДӘУІРІ» АҚШ-ТА ЖАРЫҚ КӨРДІ

Көрнекті ақын, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрлан Оразалиннің «Көкжал дәуірі» поэзия жинағы «The Wolf Epoch» атауымен Америка Құрама Штаттарында жарық көрді.
Әлемдегі сөйлеушісі ең көп тілдердің бірінде жарық көрген бұл кітап – белгілі публицист Бигелді Ғабдуллин жетекшілік ететін «Аudarma» баспасының алғашқы өнімі.
Сүйінші жаңалықты алғаш болып жеткізген Б.Ғабдуллин «Көкжал дәуіріне» қатысты тағы бір маңызды жайтты атап өтті:
– Оразалиннің бұл кітабы Amazon платформасында лайықты орын алып, бірден №1 белгісін иеленді. Мұндай белгі кітап жарияланған алғашқы 90 күн ішінде өз категориясында жоғары сатылым көрсеткен туындыларға беріледі. Бұл – жаңа шыққан, бірақ тез танымал болған кітаптар үшін өзіндік бір «медаль» іспетті. Бұл жаңалық авторғада, осы шедеврді шығару үшін жанын салған Данияр Сүгірәлінов екеумізге де үлкен қуаныш.