Қос кітабы қатар жарық көрді
Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы кітапханада белгілі қаламгер Болат Шарахымбайдың «Қайшылықтар дилеммасы» және «Желтоқсан: Рух дауылы» атты қос кітабының таныстырылымы болып өтті.
«Қайшылықтар дилеммасы» – сын жанрына арналған жазушының кезекті кітабы. Мұнда автордың қазақ әдебиеті туралы әр жылдарда жазған тебіреніс-толғаныстары топтастырылған. Жазбалардың қай-қайсысы да ой жаңашылдығымен, пікір алуандығымен ерекшеленеді. «Желтоқсан: Рух дауылы» кітабында 1986 жылғы Желтоқсандағы жас қазақтардың ерлік күресі, лайықты бағасын ала алмай жүрген көтерілістің тарихи-саяси-құқықтық мәселелері жан-жақты сөз болады. Автор әр мақаласында қазақ халқының тарихынан мәңгілік орын алатын ұлы ерлікті дәріптейді, ақтарыла сыр шертеді, ой түйерлік мәліметтерді алға тартады.
Іс-шараның алғашқы құттықтау сөзі Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, белгілі жазушы Нұржан Қуантайұлына берілді. Ал кеш тізгінін сыншы, филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы алды.
Шара барысында «Қазақстан дәуірі» газетінің Бас редакторы Ертай Айғалиұлы, «Жыл – он екі ай» журналының Бас редакторы Талғат Айтбайұлы, «Үш қоңыр» газетінің Бас редакторы Болат Батыр, тарихшы, ҚР мемлекеттік архивінің директоры Сәбит Шілдебай, публицист, философ-профессор Әбдірашит Бәкірұлы, филолог-ғалымдар Ерлан Қасен, Дәурен Мұхамадиев, тағы басқа белгілі ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысып, сөз сөйледі.
Сазгер-күйші Талап Қараш кеш иесіне арнаған «Қазығұрт толғауы» күйін орындаса, айтыс өнерінің жас жүйрігі Санжар Даярбек жырдан шашу шашты. Ал шәкірттері Айбын Ахмадиев, Ақсұңқар Алмахан ақын өлеңдерінен үзінділер оқып, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
Кеш барысында Халықаралық «Махамбет» қорының төрағасы Б. Батыр кеш иесі, қаламы жүйрік қаламгер Болат Шарахымбайды Халықаралық Махамбет атындағы сыйлықпен марапаттап, қазақы ырыммен үстіне оқалы шапан жапты.