САНАЛЫ АТА-АНА БОЛУ – ЖАУАПТЫ ІС
Жаһандану үрдісіне қадам басқан жаңа ғасырда ата-ананың дұрыс тәрбиесі баланың болашақ ой-санасының қалыптасуына тікелей әсер етеді. Уақыт ағымының осы кезеңін ескерген «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалы Әуезов ауданына қарасты №175 гимназиясында семинар өткізді. «Саналы ата-ана – саналы ұрпақ» тақырыбында өткен іс-шара мектептің өнерпаз оқушыларының орындауындағы ән шашудан басталды. Әсем әннен соң бірлестіктің ұстанған бағытына лайықталып жасалған бейнеролик көрсетіліп, оның құрылтайшысы, мақсаты, атқарған іс-шаралары туралы ақпарат берілді. Бірлестіктің ұйытқы болуымен жарыққа шыққан алаш арыстарының кітаптары таныстырылып, оның қолжетімді электронды нұсқасы жайлы баяндалды. Тақырыпқа сай баяндама жасаған бірлестік психологы Қ.Күнболатова отбасы – қоғамның, мемлекеттің құрамдас бөлігі, іргетасы ретінде қарастырылатын жеткізіп, құрал және құндылық ұғымдарының ара жігін ашып берді. Бала қуыс кеуде болмауы үшін рухани құндылыққа мән беретін уақыт келгенін жеткізді. Және де ата-ана идеологиясының бала функциясында алатын рөлі мен маңыздылығына тоқталып, кез келген ата-ана заман талабына сай дамып отыру керектігін тілге тиек етті. Мектеп психологы А.Нұрсапаева болса буллинг мәселесіне кеңінен тоқталып, баланы қалай қорғау керектігін түсіндіріп берді. Жиналысқа қатысқан ата-аналар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікірлерін, ұсыныстарын айтты. Шара соңында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Тұрсынова ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, ата-ана үшін құнды ақпарат берілгенін жеткізді. Жиынға қатысқан ата-аналар тәрбие жұмысының табысты болуы бала мен ата-ана арасындағы өзара ынтымақтастықта екенін түсініп тарқасты.
Меруерт Мәулет