Ғашық болу – жүректегі көзіңмен…
30.08.2023
550
0

Айтбай СӘУЛЕБЕК

Сен
Сен,
Сен ғана жүрегімдесің,
Бағыштар дұға-тілегімдесің,
Сүйікті басты кейіпкерімсің –
Махаббат ат­ты тірегімдесің.

Сен,
Сен ғана аппақ нұрымсың,
Жүректен туған жырымсың.
Қара түнекке қамалған сәтімде,
Жарқырап шыққан Күнімсің.

Сен,
Сен ғана шырқар әнімсің,
Өмірлік мәңгі сәнімсің.
Осынау жарық дүниеде,
Шынайы сүйген жанымсың.

Сен,
Сен ғана сөнбес алауым,
Ұнатқан жүрек қалауым.
Жүрейік бірге көтеріп,
Махаббат­тың ақ жалауын.

Сен – әдемісің

Сен – әдемі,
Әдемі,
Әдемісің,
Сұлулықтың жеке бір әлемісің.
Алла сені жаратқан шығар, бәлкім,
Әдемі ән,
Тәт­ті күй,
Өлең үшін.
Сен – гүлімсің,
Гүлімсің,
Ғажап гүлсің,
Бұлақтай сыңғырлайды ғажап күлкің.
Бақ-гүліне айналған сәт­теріңде,
Жаныңда шат боп күллі қазақ тұрсын.

Сен – жырсың,
Жүрегімнен туған жырсың,
Шабыт­ты көңіліме құйған нұрсың.
Түнімде – сәуле шашқан Айым болсаң,
Күндізде – жарқыраған алып Күнсің!

Сен – әнсің,
Әсем әнсің,
Лағыл әнсің,
Тілерім: бұл дүниеде бағың жансын!
Арнадым осы өлеңді бір өзіңе,
Кім білер, оқығанда сағынарсың…
Лағыл әнсің!

Жанымның жарты бөлшегі

Өзіңсіз бақыт жоқ маған,
Өзіңсіз күшім, жоқ шамам.
Өзіңсіз өткен өмірден,
Кетіп қалуға оқталам.

Жанымның жарты бөлшегі,
Жанымдай сүйем мен сені!
Қасымда өзің болғанда,
Өмірім – мәнді, еңселі.

Өзіңсіз өтпес күндерім,
Өзіңсіз азап – түндерім.
Өзіңсіз қалай күлуді,
Қуануды да білмедім.
Жанымның жарты бөлшегі,
Жанымдай сүйем мен сені!
Қасымда өзің болғанда,
Өмірім – мәнді, еңселі.

Өзіңсіз сүйе білмес ем,
Өзіңсіз шат боп жүрмес ем.
Осынау жалған дүниеде,
Өзіңсіз өмір сүрмес ем.

Жанымның жарты бөлшегі,
Жанымдай сүйем мен сені!
Қасымда өзің болғанда,
Өмірім – мәнді, еңселі.
Жүрегімнің көзімен көрем сені
Қызғанады бел-белес, белең сені,
Тау ғып көкке көтерер өлең сені.
Маңдайдағы қос көзге сенбей-ақ қой,
Жүрегімнің көзімен көрем сені.

Көкірегімде бір күй бар тартылмаған,
Құмар емен мүсінге жалтылдаған.
«Соқыр» десін біреулер, ренжімеймін,
Сенен басқа көрмедім –
Алтын адам!

Текке өткендей осы өмірді сүргенім,
Жалған екен қуанғаным, күлгенім.
Ғашықтықтың қыр мен
сырын білсем де,
Сұлулықтың құдірет күшін білмедім.

Ләззат алдым жүректегі сезімнен,
Шабыт алдым жүректегі сөзіңнен.
Сүю деген,
Бақыт деген,
Досым-ай,
Ғашық болу – жүректегі көзіңмен…

Махаббат — жалғыз

«Махаббатқа кез болдым деп жасымнан,
Талай сезім өткердім деп басымнан».
Ойлаушы едім, ал Махаббат расында
Өткен екен қолын бұлғап қасымнан.

Тағдырыма жүрген кез­де өкпелеп,
Махаббатпен жолықтырды бетпе-бет.
Махаббат, ол – аямайтын қатал сын,
Сезіміңе қарсы шығу – жекпе-жек!

Махаббат, ол – алау екен сөнбейтін,
Сүйген жүрек асау екен көнбейтін.
Құштар сезім бұлақтайын тап-таза,
Көңіл адал, еш күдікке сенбейтін.

Махаббат, ол – аяқасты шоқ болу,
Сүю-күю, лапылдаған от болу!
Көзің көрмей, одан басқа ешкімді
Қажет болса, сол жан үшін жоқ болу!

Мүмкін емес, сүйгеніңсіз көз ілу,
Мүмкін емес онсыз бақыт сезіну.
Махаббат, ол – естен танып құмарту,
Қажет болса, бұл жалғаннан безіну!

Шын ғашыққа махаббат­тың таңы атқан,
Ынтыға сүй, беріле сүй, ләззат­тан!
Құдірет­ті Құдай өзі секілді,
Махабат­ты жалғыз етіп жаратқан.

Іздет­ті өлең
элегия

Ғұмыр бойы өзіңді іздеп келем,
Сағындырды,
Сабылт­ты,
Іздет­ті Өлең.
Қаншама рет жүрегім ұнатса да,
Дәл өзіңдей ешкімді іздетпеген.
Ғұмыр бойы өзіңді аңсап келем,
Өр кеудемнен тумайды жаңсақ өлең.
Мән бермедім сөзіңе! «Болашаққа
Қол ұстасып екеуміз барсақ», – деген.

Жастық шақта жоғалтқан қазынамсың,
Шырқалмаған әдемі, лағыл әнсің.
Албырт шақта сезімді түсінбесең,
Сен де мендей Аллаға жалынарсың.

Бар байлығым,
асылым,
қазынамсың,
Бәлкім, басқа біреуге табынарсың.
Сен сүймессің, ол саған ғашық болса,
Іштей жылап, амал не, бағынарсың.

Ғұмыр бойы өзіңді іздеп келем,
Сағындырды,
Сабылт­ты,
Іздет­ті Өлең.
Саған ғашық жүрегім дүрсіл соғып,
Дәл өзіңдей ешкімді іздетпеген.

Жүрегім бүгін жаралы

Күдік-у билеп сананы,
Жүрегім бүгін жаралы.
Махаббат-сезім бұрылып,
Артына мың-сан қарады.

Қайтейін, толмай көңілің,
Ұнамас бәлкім өмірім.
Қайда да жүрсең аман бол,
Еркін де ерке елігім!

Қауіптің бұлты төбеден
Төнсе де іздеп келер ем.
Сүйгендігімнен мен сені –
Бәйшешек гүлге теңегем.

Қалмады төзім, қауқар да,
Жарқ етсең, мұңым тарқар ма?
Аймаңдай, ару аққу ең –
Сыңарсыз қалған шалқарда.

Күдік-у бойға тарады,
Жүрегім бүгін жаралы.
Өзіңді сүйген сал-сезім –
Қол бұлғап кетіп барады…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір