МӘҢГІ ӨЛМЕУ, БАҚЫТТЫ БОЛУ, ҚҰДАЙҒА АЙНАЛУ: Адамзаттың міндетін Харари батыл болжаған
29.07.2023
1474
0

Адамзат тарихы түрлі кезеңді өткеріп келеді. Әр дәуір, мыңжылдықтар мен ғасырларды жалғаған оқиғалар бір-бір көркем шығармаға айналып, түрлі болжамдарды тудырғаны бар. «Талғам-таразы» айдарының бұл шығарылымында ақын, геосаясат сарапшысы ретінде танылып жүрген журналист Естай Божан өзі оқыған кітаптарға тоқталып, өткен мен болашақ туралы пайымдарға ой жүгіртеді.

 Санаңды сілкіп аларлық жақсы кітапқа жолығуды өз басым жолым болдыға балаймын. Бір тамаша кітап өмір бойы мені сәттілікке жетелейтіндей боп тұрады. Сонымен, соңғы кезде не оқыдым? Әрине, кітап оқу қалыпты дағдым болса да, соңғы жылдары әдеби шығармалардан алыстап қалдым. Көбінше танымдық, салалық немесе теориялық еңбектерге көбірек уақыт бердім. Ол да болса өмір мен өзім еңбек ететін саланың сұранысынан. Соның өзінде әдеби шығармалармен әредік сағынысып ұшырасып тұрам.
Әдетте, халықаралық тақырыптарды көбірек қаузайтындығымнан, жаһандық геосаяси процестерді ұдайы бақылап отыруға тырысам. Алып әлемнің бәрін қамтып қарап отыру, әлбетте, мүмкін емес, ол тек қазіргі жасанды интеллектілердің қолынан келетін болар. Жасанды интеллект демекші, қазіргі әлем күрделі құбылыстардың тоғысқан тұсында тұрғандай. Бұл кейде маған кереғар құбылыстардың түйіскені сынды көрінеді. Бір жақта ентелеп технологиялардың жаңа буыны адамзат өміріне енгелі тұрса, енді бір жағында қақтығыстар мен терең шиеленістер қалыптаған регреске ұқсас сүреңсіз бояулар баттасқан. Әлемнің осы картинасы адамзаттың өткені мен бүгініне қайталай көз жіберуге итермелейді. Сондықтан да болар, осы бір құбылыстарға жауап іздегендей, цивилизацияның бүгіні мен болашақ тағдыры жайындағы тұшымды бірдеңе тауып оқуды жандүнием қалап жүрді. Әрі, мана айтып өткенімдей жолым болды да.
Қолыма ғайыптан тайып Юваль Ной Хараридің «Болашақтың қысқаша тарихы» атты кітабы түсті. Бұл өзі бір Батыстың ой әлемін сілкіген еңбектердің бірі-тін. Өзінің сонау жылдары жарық көрген, көпшілікке таныс «Адамзаттың қысқаша тарихы» атты еңбегінің жалғасы іспетті шығарма. Оның аталмыш кітабы мені болашаққа деген оптимизмге қайтарғандай болды. Бұл жайында сәл кейінірек тоқталайын.
Украинадағы соғыстың қызып тұрған шағында Эрих Мария Ремарктың «Батыс майданда өзгеріс жоқ» атты еңбегін қайта бір байыппен парақтап шықтым. Бұл бұрын оқып өткен және еліміздегі әдеби ортаға таңсық кітап емес еді. Бірақ мен оны қайталай оқуды тарихи сәйкестік ретінде қарадым. Себебі бұдан бір ғасырдай бұрын Ремарк қынжыла айтып өткен қасіретке бүгінгі ғаламның қайта тап болуы саналы адамды цивилизация жетістіктеріне қайта баға беруге шақырғандай сезіледі. Ремарктың баяндау тәсілі өткір ғой, бұны әдебиетсүйер қауым жақсы білсе керек. Сізге ешбір ойды зорлап таңбайды, сөйте тұра сіз оның ойларын қабылдап үлгересіз. Өз ойын жеткізуде детальдарды тым сәтті қолданып шығады. Айталық, Пауль мен оның достары бір қыстақты күзетуге баратын тұсында, соғыстан қажыған солдаттардың тыныштықты қаншалық аңсайтынын қалай ұтымды бейнелеген. Пауль мен оның досы артиллерия соққысынан аман қалған бір әдемі әрі жұмсақ төсекті масаханасымен бірге өздерінің берік бетоннан салынған бекіністеріне алып келетіні бар емес пе ?.. Мамық төсекте құс жастықты жастанып ұйықтау деген бір ғана нәрсені армандаған жауынгерлер оған қолы жеткенде соғыстың болып жатқанын ұмытып кетеді. Онымен қоса, Ремарк қанды қасап ортасында қауқарсыз адам баласының ажалмен бетпе-бет келгендегі шарасыздығын тамаша бейнелеген ғой. Екінші рет байыптап оқып шыққан кезімде маған керегі соғысқа деген автордың бағасы еді. «Осы бір жабайы зорлық-зомбылық сахнасы соған дейін адамзат қол жеткізген барлық өркениет жетістіктерін мазаққа айналдырып жатыр», – дейтін еді ғой Ремарк.
Соғыс, соғыс… түгеусіз кісі өлтіру… толассыз зорлық-зомбылық. Өз жауыңды (анығында ол да – бір адам) сапыңды суырып алып бауыздағанда қабақ қақпау… Сірә, соғыстың адамзатқа үйреткен нәрсесі көп. Екі реткі жаһан соғысы адамзат есін бір жидырған еді. Содан кейін халықаралық қауымдастық құрып, ең маңыздысы, «Адам құқығының жалпыға бірдей декларациясын» қабылдаған болатынбыз. Бірақ, мінекей, Ремарк кешкен қан кешуге бір ғасыр тола бере адамзат қайтадан қаруға жүгінді. Соның алдында ғана әлем жаһандық ауқымдағы індеттен күйзеліп шыққан. Оған қоса экономикалық дағдарыс қаупі тербеп тұрған. Әлемде аштыққа ұшырағандар саны былтыр 780 миллион адамға жеткен. Бұның бәрі нені білдіреді? Регресс пе?
Аштық, індет және соғыс… Осы арада Юваль Харариге қайта оралайын. Ол «Адамзаттың қысқаша тарихы» атты еңбегінде аштық, індет және соғыспен адамзат мыңдаған жылдар бойы күресіп келе жатқанын, қазірге дейінгі өркениет тарихы осы «жаулармен» күрес үстінде құрылғанын баяндаған еді. Ал оның жалғасы іспетті «Болашақтың қысқаша тарихында» ХХІ ғасырды аттаған тұста адамзат бұл үш жауын жеңіп шықты деп көрсеткен. Расында, біз өткен ұзақ тарихқа қарайтын болсақ, адамзат қоғамы бұл үш жаумен толассыз күрескенін көреміз. Өйткені адамзат осы құбылыстардан зардап шегіп келді. Ерте заманғы дүниетанымда бұларды адамзатпен мәңгі бірге жасайтын, жаратушының арнайы жіберген сынағы ретінде қарастырған. Өз әлінше зерттеген әр дәуір ойшылдары оны жеңіп шығу мүмкін емес құбылыстар деп танығаны да бар.
Алайда Харари болса «біз үшінші мыңжылдықты аттаған тұста өркениет жетістіктерінің әлеуетін пайдалана отырып, осы үлкен жауларымыздан алғаш рет басым түсе алдық» деген ойды алға шығарады. Ол статистикалық мәліметтерді келтіре отырып, қазіргі кезде аштан өлетіндер санынан мешкейліктен, тамақты артық жеуден пайда болатын аурулардан өлетіндер саны көп; індеттен көз жұматындарға қарағанда қартайып көз жұматындар саны басым және қақтығыс, соғыс, террорлық актілерден қаза болатындарға қарағанда өз-өзіне қол жұмсайтындар санының асып түскенін алға тартады. Әрине, бұл статистикалар адамның түбегейлі жеңісін айқындай алмасы анық. Бір аймақтар мен мемлекеттерде бұл көрсеткіштер Хараридің көзқарасына жақын болғанымен, қазіргі Украина мен Ресейді, Либия, Ауғанстан, Оңтүстік Судан, Йемен және басқа елдердегі аштық пен індеттен, соғыстан көз жұмып жатқандарды қайда қоямыз?..
Дегенмен мені Хараридің адамзат болашағын болжаудағы батылдығы тәнті етті. Ол бұның бәрін жоққа шығармайды, соған қарамастан сенімді деректерді келтіре отырып: «Көп ұзамай бұл «жауларды» адамзат тізгіндей алады», – дегенді бытылдықпен айтады. Ол, аталған еңбегінде соғыс, аштық және індетті емес, керісінше болашақта адамзаттың алдында қандай маңызды міндеттер тұрғанын талқылауға арнаған. Жалпы, тарихта вакуумға орын болмайтыны белгілі. Былайша айтқанда, тарих ешқашан бос кеңістікте тұрмайды. Аштық, індет пен соғыс сынды мыңдаған жылдық күресте түбегейлі жеңіске жеткен күннің ертеңінде адамзаттың алдында жаңа сынақтар күтіп тұрады. «Әрине, негізгі міндеттің бірі – Жер шарын өзіміз тудыратын қауіптерден қорғау», – деп көрсетеді Харари. Десе де оның пікірінше бұл дағды да – алдынғылары секілді шешімін табатын мәселе. Ал тұтас ғасырда, тіпті одан да ұзақ болашақта адамзат не нәрсеге жетуге ұмтылады? Соғыс пен аштықты, індетті тізгіндеп, климат өзгерісін реттей алған адамзат тыныш отыра ала ма? Саясаткерлер, экономистер не істейді, барлық әлеуметтік мәселелер шешім тапқандықтан ендігі жерде олар көркемөнермен айналысып, өлең жазып кете ме?
Жоқ, әрине. Харари болса: «Адамзат бұлай етуі екіталай. Ол барды қанағат тұтып әдеттенбеген. Адамзат жеңіске жеткен кезде ол соны қанағат қылуды емес, дереу жаңа биіктерді бағындыруды ойлайды… Табысқа жеткен кезде адамның амбициясы күшейе түсетіні белгілі. Ендеше соңғы жетістіктері қанаттандырған адамзат бұрынғыдан да ғаламат жоспарлар құрады. Әл-ауқат, денсаулық сақтау және бейбітшілік турасында бұрын-соңды болмаған жоғары жетістікке, бұрын бастан кешкендерімізге және қазіргі құндылықтарға қарап, адамзаттың мәңгі өлмеуге, рахатқа бөленуге (немесе бақытты болу) және құдай болуға ұмтылатынын аңғаруға болады. Аштық, ауру және зорлық-зомбылықтан болатын өлімді азайтқаннан соң біз кәрілікті, тіпті өлімнің өзін жеңгіміз келеді. Адамдарды кедейлік қорлығынан құтқарғаннан кейін оларды шынымен бақытты етсек дейміз. Аман қалу жолындағы хайуани күрестен жоғары деңгейге шыққан соң, біз адамдарды құдай дәрежесіне көтеруді армандаймыз», – дейді.
Сонымен, қалай ойлайсыз, Хараридің болжамында негіз бар ма? Менің ойымша, ол барлық сәуегейлерден гөрі шындыққа жақын болжамды айтып отыр. Сіз қазіргі бір ғана медицина саласын алып қараңыз, адамзаттың ұзақ жылдар бойы індетке қарсы күресі медицинаны дамытты. Біз әдетте табиғи тағамдарды тұтынуды дәріптейміз, барынша дәрі-дәрмекке тәуелді болмауға тырысамыз. Бірақ, ойлап қараңызшы, дәрі-дәрмексіз және ең натурал тағамдар тұтынған тас дәуірі адамдарының өмір сүру ұзақтығы – 20-30 жас аралығында. Орта ғасырларда бұл көрсеткіш 40 жастың айналасында болды. (Әрине, Бұхар жырау, Асан қайғы секілді тұлғалардың ғасырдан аса жас жасағаны туралы деректерді еміс-еміс білеміз. Десе де бұл жалпы сол дәуір адамдарының ортақ статистикасына жатпайды). Медицина мен өзге ғылым салалары дамыған қазіргі кезде адам баласының өмір сүру ұзақтығы 70 жасқа жетті. Кей дамыған елдерде (Жапония, Корея, Нидерланд) бұл көрсеткіш 78-79 жасқа дейін жетіп барды. Осы процестің қарқынымен қарасақ, алдағы 50 жылда қаншаға жетуі мүмкін? Одан арғы бірнеше ғасырды елестетіп көріңіз. Және оған қазіргі үрдістердің тездігін қосыңыз. Сонда 300 жыл өмір сүру немесе 500 жыл жасау дегендер тым алыста тұрған болашақ емес секілді.
Әне соған ұқсас, аштыққа қарсы күрес ауылшаруашылығын, өзге де салаларды қазіргі деңгейге жеткізді. Соғысқа қарсы наразылық адам құқығының, адам өмірінің құнын жоғарылатты. Осы үрдістердің алдында не күтіп тұр? Нанотехнология, биоинженерия, кибер-инженерия барған сайын бірігуге бет алды. Олар қазір жасанды қолдарды, жасанды жүректерді жасауға қабілетті. Алдағы уақытта, тұтас жасушаларды жаңарту технологиясына ие болуы да мүмкін. Бұл – жастықты ұдайы қайтарып отыру деген сөз. 40 жастағы адам өзінің 25 жасындағы биологиялық сапасына қайта алады дегендей. Ал тап сол дәуірге барғанда қазіргі құндылықтар қалай өзгереді, әңгіме, міне, сонда. Егер адам 200 жыл өмір сүруді қамтамасыз ете алса, бұл отбасы құндылықтарынан бастап көптеген құндылықтарды күйретеді. Тіпті, байлыққа деген адам көзқарасы жаңарады. 200 жыл бір жұбаймен өмір сүру қиын болатыны секілді, тіпті 200 жыл бір балаға әке болу да қиынға соғады. Демек, адамзаттың өсімі де осыған байланысты қысқаруы мүмкін.
Мен әрине Юваль Хараридің барлық көзқарасы, ұсынған болжамдары шындыққа айналады деуден аулақпын. Бірақ қазіргі дағдарыстар өркениеттің ендігі бір жаңа сапаға көтерілуінің бастамасы болуы кәдік. Бұны Г.А.Киссинджер, З.Бжезинский немесе Ф.Фукуяма секілді саңлақ ойлы саясаттанушылар өз еңбектерінде көбірек алға тартқан. Олар әрбір дағдарыстың соңы жаңа даму кезеңдеріне өткел болғанын адамзат тарихынан жанды мысалдармен түсіндірген. Меніңше, біздің қоғам да адамзаттық мәселелерді талқылайтын есейген қоғамға ертерек жетуі керек. Ол үшін санаңды сілкіп, көзқарасыңды жетілдіретін, қиялыңды қырық кез аспанға ұшыратын ақыл-ой еңбектерімен, үздік шығармалармен ұдайы жолдас болу керек.

 

 

Естай БОЖАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір