Абайдың Байкөкесінің зираты анықталды
24.12.2024
491
1

Иә, жуырда жергілікті бір топ азаматтың көп жылғы ізденісінің нәтижесінде хакім Абай еркелетіп «Байкөке» атандырған ұстазы, ақын Байкөкше Балғынбайұлының қарт Шыңғыстаудың ішінде жүз отыз жылдан астам уақыт белгісіз болып келген зираты табылып, анықталды. Солай дегенде, өкінішке қарай, бұл күнде Байкөкше ақынның зираты тұрмақ, оның есімі ұмытыла бастағаны рас. Сол себептен де жоғары мәртебелі оқырман қауым назарына, ең алдымен, Абайдың ұстазы туралы бірер керек деректі ұсынсам деймін.
Байкөкше Арғын-Тобықты ішінде өспей, өніңкіремей қалған Қабас тайпасының бір ұрпағы болып табылады. Ал Қабас бабаның ұрпағының өспей, өніңкіремей қалған себебі сол, ғасырдан ғасырға созылған кешегі қазақ-қалмақ соғысында оның бес бірдей ұлы шейіт болған. Тегінде Боранай-Қабас деп аталып кеткен екі азамат бір туысады. Ал Боранайдың Жұмағұлының ұлы, қазақ ғаскерінің бас қолбасшысы атанған Қаракерей Қабанбайдың сенімді серігі болып, ке­йінде халқымыздың ұлы ханы дәрежесіне көтерілген Абылайдың назарына іліккен, атақты Көканай батырдан кейін Орта жүздің туын қолында ұстаған Мамай батыр есімін көзі қарақты оқырман жақсы білсе керек. Осылайша Боранайдан тарайтын бір тармақ Мамай есімімен аталған.
Он тоғызыншы ғасырдың басында, нақтылап айтқанда, 1813 жылы өмірге келген Байкөкше 1892 жылы өмірден өткен. Біз Байкөкше бабамыз туралы әңгімені отбасы, ошақ қасында, ең алдымен, Әлі атамыз мен Сейсен әкемізден естісек, ал оның шығармаларын құлағымызға құйған Ши өңірі, Саржал ауылында есімі зор құрметпен Абай мұғалім атанып кеткен есті ақсақал болатын. Бірде сақал-мұрты ақ күмістей сол ақсақал: «Сендердің Байкөкше бабаларың Абайдай данышпанға ұстаз болған адам» дегенде, бұл сөз маған ертегі секілді көрініп, сеніңкіремей қалғаным рас. Себебі, ол заманда тасқа басылған сөзге ғана бас ұру дағдыға айналған. Сөйтіп жүргенде, алпысыншы жылдардың басында Алматыдағы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан жарық көрген Абайдың толық шығармалар жинағы қолға тиген. Ал осы құнды кітаптың жарық көруіне мұрындық болған Әбіш Жиреншин деген ағамыз оған жазған түсініктемесінде Байкөкшені Абайдың қатты жақсы көріп еркелетіп, ұстаз тұтқанын айғақтайды.
Ал 1988 жылы ұзақ жасаған өмірінде ел аузындағы есті сөзді кейінгі ұрпақққа жеткізуден қажымай, талмай өткен
Сейітқали Қарамендин деген атамыздың «Сөз тапқанға қолқа жоқ» көлемді кітабы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан әжептәуір таралыммен жарық көрген-ді. Сонда Байкөкше мұрасына біршама орын берілген. Ал ақын баба шығармаларын жинақтап, жарыққа шығару мақсатымен екі мыңыншы жылдардың алғашқы онжылдығының соңына қарай Алматыдағы Ғылым академиясының кітапханасы мен
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорларын бір шолып қайтқанымызда, Байкөкше мұрасының бүгінгі күнге жетуіне Шәкір Әбенов, Садық Қасиманов сынды шыңғыстаулық көне көз, құйма құлақ шежіре қарттардың ерекше қамқорлық танытқанын аңғардық. Бірақ өкінішке қарай, олардың ішінен ақынның оқырманға бұрыннан таныс «Тобышақ торы» атты дастанынан басқа тың дүниелері табылмады. Болмаса белгілі, әдебиетші Бейбіт Сапаралы бауырымыздың айтуынша («Қазақ әдебиеті» энциклопедиясы, «Білік» баспасы, Алматы, 1999 жыл), Байкөкше ақынның «Әнет баба», «Мамай батыр», «Тоқтамыс батыр», «Кеңгірбай би», «Қараменде би», «Көбей би» деп аталатын ұзақ жыр-дастандары болыпты. Ал соған Абайдай дана шәкірті түрткі болған секілді. Оған дәлел керек болса айтайық.
Бір жолғы отырыста Абай: «Байкөке, сіз ел қорғаған ерді айтып, кейінгі ұрпаққа із қалдырсаңызшы», – депті дейді. Сонда Байкөкше: «Абайжан-ай, сен сияқты сауатты болсам, бір түнде бір кітап өлең жасар едім, амал қанша, қолым қалам, тілім қағаз бола алмайды-ау!» – депті. Бірақ ақын шәкірті: «Байкөке, Тоқтамыс батырды өзіңше қалай сипаттар едіңіз?» – деп тақымдап болмаған соң алдымен екі шумақ өлең, тағы ойланып барып бір шумақ өлең айтыпты. Сонда Абай тебіреніп, көзіне жас алыпты деседі.
Абайдың ұстазы Байкөкшені еркелетіп «Байкөке» атандырғанын айтып жатырмыз. Оның сыртында орынды сәттерде қатты қалжыңдаса да береді екен. Айталық, Абай Бақанас деген жайлауда төбе би болып, Керей, Найман елінің жесір дауына билік айтып жатқанда, Байкөкше ішке енеді. Сонда Абай мұны сөйлету үшін: «Тақыр жерге қауындап шөп бітеді, Кей адамға мал мен бас көп бітеді» дей келіп: «Ал ақын болсаңыз осыны әрі қарай жалғастырыңыз», – депті. Бұған ұстазы тосылып қалмастан: «Пысықсынған жігітті болыс қойсаң, Қашан түсіп қалғанша жеп бітеді», – деп шәкіртінің сөзін іле кетіп, қасына барып отырады. Жиылыста отырған би-болыстар «мына Байкөкше Абаймен келісіп қойғандай қалай-қалай сөйлейді» дескенде, енді оларға қаратып және бір шумақ өлең айтыпты.
Жиылыста отырғандардың ішінен Рақыш деген болыс қызараңдап: «Абай-ау, мынау ақының кім еді, бәрімізді масқаралады ғой, жөн сөйлесе болмай ма?» – дегенде Абай:
«Қазақ десін-десін деп жүріп «демесінді» ұмытып кетеді емес пе! Ақын бәрімізге ой салып ескерткені шығар», – деген екен.
Байкөкшенің ащы тілді бет қаратпайтын турашылдығын есіне алған Абай бірде ұстазына: «Байкөке-ай, тоқпақпен ұрып жығатын қылығың бар-ау» дегенде, ол еш бөгеліп тұрмастан: «Көкеңді ұрам дейсің тоқпақпен, Жүрсің бе атаң салған соқпақпен. Тура сөзді айтсам да кінәлайсың, Жасыңда жолдас боп па едің ақымақпен», – депті. Сонда Абай:
«Байкөке-ай, көбіне тілің ащы, жасыңда жетім болып жәбірді көп көргенсің-ау», – дегенде, ұстазы тағы да бөгелместен: «Аз ғана ауыл Қабаспын – туысым ол, Мырза мен Мамайдың зорлығы мол. Екі өкпемнен қысқан соң шаян болып, Тілімнің ащы болатын себебі сол», – депті.
Байкөкше бірде шәкіртіне оны түсінде екі рет көргенін өлеңмен баяндап береді.
Оның алғашқысы: «Абайжан, бір түс көрдім бүгін түнде, Көкке ұшып, шарықтап шықтың мүлде. Ақ киімің үстіңде, боз атың бар, Аспанда шағылыстың барып күнге» деп басталады.
Ұстазының қиғаш, қисық сөздерден ада лебізіне риза болған шәкірті енді одан сол екі түсін өзі жорып беруін өтінеді. Сонда Байкөкше түсінің соңын: «Бұл жолы артылады тағы басың, Күннен күнге болады бағың басым. Ақсақалдар батаны бос бермейді, Мұратыңа жетесің не ғыласың!» – деп түйіндеген екен.
Шәкіртіне арнаған тағы бір өлеңінде: «Көсем едің ауыр қол бастай-тұғын, Қарындасқа дау келсе саспай-тұғын. Арыстан боп жаралған асылым-ай, Алысқанды алысқа тастай-тұғын. Туғаныңнан біліндің Орта жүзге, Тайыңда жарыс салдың жапан түзге.
Құнаныңда үш жүзге бәйге бермей, Құнанбай боп көріндің сонда көзге» дей келіп, сөз соңын: «Құнан сөзі Құранның тақтасындай, Бұхардың бұжыралы қақпасындай. Құнан кетті алдынан жарылқасын, Артында алтын қалды ат басындай», – дейтінін қайтерсіз!
Қанымен ғана емес, жанымен ұғысып табысқан адамдар ғана қатты қалжыңдаса отырып, бірінің бағасын бірі бере білген-ау!
Байкөкшенің оязға өлеңмен айтқан көлемді өлең арызы да бүгінгі күнге жеткен құнды дүние болып табылады. Бірде Абай бір топ адамдармен оязды ортаға ала отырып келелі бір істі талқылап отырса керек. Сонда Байкөкше әдеттегісінше шәкірті отырған үйге баса көктей кіріпті деседі. Абай ұстазының мұнысын ұнатыңқырамай: «Жайша келдіңіз бе?» – десе, бұл оязға айтатын арызы бар екенін айтады. Шәкірті болса оязбен кеңесіп алып: «Ал онда оязға арызыңызды өлеңмен айтыңыз», – депті. Мұның өлеңінің қысқаша мазмұнын оязға оқып, тоқыған Көкбай ақын аударып жеткізіп тұрған көрінеді. Өлең-арыз жетесіне жеткен ояз соған орай оған оңды шешімін айтқан екен деседі.
Байкөкшенің бүгінгі күнге жеткен «Тобышақ торы» атты дастанын экзотикалық, этнографиялық дүние десе де болады. Онда ат жарысы, балуандар күресі, сүйіспеншілік тақырыбы жеріне жеткізіліп жырланған. Сонымен бірге әйел затының жалаңаш ортаға шығып, байлаулы түйенің бұйдасын тісімен шешетін ежелгі заманнан жеткен дәстүрлі қойылымын сын тезіне алады. Бұл арада Байкөкше оқып тоқымаса да, заманынан озып туғанын айғақтайды.
Жоғарыда Байкөкше ақынның артында қалған әдеби мұрасын жинастыру мақсатымен Семейден Алматыға арнайы келіп кеткенімді айттым. Содан көп ұзамай, нақтылап айтқанда, ел басылымы «Егемен Қазақстанның» 2010 жылдың 10 шілдедегі санында сол шақта жас болса да біліктілігімен көзге түсіп үлгерген ғылым докторы Бауыржан Ердембеков екеуміздің «Абайдың Байкөкесін білеміз бе?» деген тақырыппен көлемді мақаламыз жарық көрген еді. Ал келер 2011 жылы менің құрастыруыммен Байкөкше Балғынбайұлының «Тәбәрік» деп аталатын баспа бетін алғаш көрген жинағы Семейдегі Шәкәрім атындағы Мемлекеттік университетінің баспасынан басылып шықты.
Бұл өзі сол шақта «Абайдың ұстазы кім?» деген мазмұнда өршіңкіреп бара жатқан жел сөзге тоқтау болды ма деймін. Болмаса бұдан сәл ертеректе Семейдегі, тек мұндағы ғана емес, еліміздегі білікті абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтан «Осы мәселенің төрелігін сіз айтпайсыз ба?» – дегенімде: «Әркім өзіне тартқан заман болып тұр ғой. Абайдың алдындағы айтулы ақындардың бәрі оның ұстазы деп білемін. Бірақ Мұхаңның «Абай жолы» эпопеясында жазылғандай, ең алғаш жас Абайды «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жырымен таныстыратын да осы Байкөкше ғой. Сондықтан Абай еркелетіп Байкөке атандырған оның есімі ұмытылуға тиіс емес», – деп ұзын сөзді қысқа қайырғаны және бар.
Енді біз, кезінде Абай елінің тізгінін ұстаған, іспен бірге сөзге де мығым және Байкөкшеге аталас жақын Орал Арғынбеков ағамыздың ерте үзілген ғұмырында үлгере алмай кеткен арманын жеріне жеткізу мақсатымен Абайдың ұстазының зиратын іздестіруді мақсат етіп қойған едік. Бірақ өкінішке қарай, Семейдегі үйімізді Алматыға ауыстырудың сәті түсе қалып, бұл шаруа менің тарапымнан аяқсыз қалған.
Бірақ халқымыз «алмас кездік қап түбінде жатпайды» дейді ғой. Осыдан бір-екі ай бұрын ел жақтан азаматтар хабарласып, Байкөкшенің зиратын тап­қандарын, енді соны қоршап басына белгі орнатқалы жатқандарын жеткізген. Сөйтіп, Байкөкше зираты бабасы Қабас көлінің, сол маңайдағы әкесі Балғынбай қорасы маңында жатқаны бұрыннан айтылып, бүгінгі күнге жеткен және қазіргі көзі тірі куәгерлердің сөзімен бекітіліп, анықталды. «Қабас аша деп аталатын жер де, Балғынбай бұлағы да осы маңда», – дейді бүгінде жасы сексенге жуықтап қалған Серікқазы Амангелдин деген ақсақал.
Менің осы сұрағыма орай, Болатхан Рахымбаев деген осы өңірдің тумасы былай дейді: «Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында қазақ кеңес әдебиетінің айтулы тұлғаларының бірі ақын Әбділда Тәжібаев бастаған қабырғалы қаламгерлердің бір тобы Сарықорықтағы біздің үйге келді. Менің жасым он-он бірдегі кезім. Олар әкем Баймұсадан:
«Сіздер Абайдың ұстазы Байкөкшеге жақын туыс көрінесіздер, ол кісінің зираты қайда жатыр?» – деп сұрастыра бастағаны есімде. Олардың бұл сұрағына әкем жақ ашып, үндей қоймады. Алыстан келген ақын-жазушылар аттанып кеткен соң әкемізден мұның себебін сұрастырғанда, кезіндегі заман сұрқынан әбден қорқып қалған ол: «Ой, мұның арты пәле бола ма деп айтпадым», – дейтін көрінеді. Ал жоғарыда есімі аталған Серікқазы болса, «сол шақта ауылда болмаған едім» дейді.
Енді, міне, Көкбай ауылында бас қосқан азаматтар Байкөкше атындағы қорды құрып, оның есепшотын ашып іске кірісеміз деп отыр. Осы мәселеде әсіре сақ кейбіреулер «әйгілі Әуезов, қайсар Қайым Байкөкшенің зираты қайда жатқаны туралы айтпапты ғой», – деп шегіншектеп отырғаны да рас. Ал біз болсақ «өмір бойы қуғын-сүргіннен көз ашпаған оларды бұл мәселеде жазғырудың еш реті жоқ. Енді бір бес-он жылдан кейін қазіргі құйма құлақ, көнекөздерге де зар боламыз. Сондықтан осы жиынға қатысқан отызшақты кісінің бір ауызды шешіміне басқаларымыз да тоқталайық!» – деймін. Мұнда өткен жиынға арнайы барып қатысқан қарауылдық ақын, Құрмет ордені мен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Төлеген Жанғалиев: «Келер жылы хакім Абайдың туғанына – 180 жыл. Абайдың Байкөкесіне қатысты барлық рәсім осы мерейтойдың бір басты шарасы ретінде өткізілгені ләзім», – дейді.
Осы жөн сөзге біздің де алып қосарымыз жоқ!

Дәулет Сейсенұлы
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

ПІКІРЛЕР1
Аноним 25.12.2024 | 00:21

редакция алқасы мақаланы толық оқып шықты ма екен? Абайдың ұстазы деп барлық Абайдан жасы үлкендерді айта береміз бе? Қазақ әдебиетінде шықты ғой деп, оқушылар солай қабылдап қалады емес пе? Әуезов, Қайым, Ахат, Кәмен сияқты адамдар заманында белгісіз болған зираттың қазір табыла қалуы да күманді

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір