«Айбоз» жүлдегерлері анықталды
21.12.2023
1143
0

Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматы қаласының Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық оркестрінің залында «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау жиыны салтанатты түрде ашылды. Кеште ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев биыл екінші рет өтетін «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының алғашқы жеңімпазына «Үздік балалар әдебиеті» сыйлығын «Концерт» шығармасының авторы Серік Асылбекұлына тапсырды. Балалардың балалығында, даналығында көркем әдебиет арқылы жеткізіп жүрген балалар жазушысының құрметіне республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты Асхат Үрпековтің орындауында «Келші, келші, балапаным» әнін тарту етті. Әр аталым бойынша жеңімпаздарға 5 млн теңгеден сыйлық тағайындалыпты.
Ендігі кезекте «Үздік драматургия» атауы бойынша «Адам ата, Хауа ана» шығармасының авторы Исраил Сапарбайға Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек ері Асанәлі Әшімұлы тапсырды. Ұлттық сыйлықтың жеңімпаздарына және қатысушылардың құрметіне марқұм Батырхан Шүкеновтің өлеңіне жазылған «Отан Ана» ұлт-аспаптар композициясын тарту етті. Сахнада Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің қобызшылар ансамблі өнер көрсетті. 2023 жылғы «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы «Үздік әдеби аударма» номинациясының жеңімпазы – «Қасқырлар құпиясы» шығармасының авторы Абай Мауқараұлына бұйырды. Осыған орай «Қазақстанның халық артисі» Айгүл Үлкенбаева мен Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Сәтжан Сәменов күйден шашу шашты. Осы жылғы «Айбоз» Ұлттық әдеби сыйлығының «Үздік әдеби сын» номинациясының жеңімпазы – «Абай һәм Ницше іліміндегі Құдай, адам және автор мәселесі: үш суперменнің күйреуі» шығармасының авторы Дидар Амантай иеленді. Көрермендерге тарту ретінде Ардақ Исатаева орындауында халық әнін шырқады. Балаларға арналған әдебиеттің қазіргі уақыт сұранысы мен талабына ие болған түрі – комикс. Комикс – жалғыз қаламгердің ғана еңбегі емес. Суретші мен қаламгердің коллабароциясынан туатын, ойларын бір ортаға тоғыстыратын – үйлесімділік алаңы. Мысалы, ең демократиялы сыйлық аталатын В.Гюго сыйлығына «Үздік кәсіби суретші» бар екенін ескерсек, суретшінің де кітап ісіндегі ерен еңбегі қолдау тапқаны дұрыс-ау.
Сондықтан да елімізде кейінгі кезде жұртшылық қызығып көре бастаған комикс саласына серпін беріп, өскелең ұрпаққа төл құндылықтарымызды жаңаша форматта ұсыну үшін биылғы республикалық «Айбоз» сыйлығына «Үздік комикс» аталымы енгізіліпті. Енді сол ұлттық әдеби сыйлығының иегері ретінде «Үздік комикс» номинациясының жеңімпазы – «Бейбарыс» комиксінің авторы Сләмғали Мырзашовтің есімі аталды. Қазақ елінің осындай әдеби сыйлығының биыл екінші рет ұйымдастырылуы, салтанатты кештің өтуі көпшіліктің көңілінен шыққан болар. Әрине, мұның өзі министрліктің Ұлт әдебиетіне деген құрметін көрсетеді. Өз Отанында атамекенінде мәртебесі биік болған қаламгердің, өзге елде де еңсесі жоғары болатыны сөзсіз. Кеш соңында ақын Қадыр Мырза- Әли ағамыздың өлеңіне жазылған композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін IL CFNTO тобы орындады. Кешке жиналған көпшілік ән басталғаннан-ақ орындарынан тұрып, әншілерге қосыла шырқады. Сонымен биыл екінші рет ұйымдастырылған «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығын тапсыру рәсімі өз мәресіне жетті. Байқау жеңімпаздарына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің гүл шоқтары тарту етілді. Бұл сыйлық қазақ жазушыларының көкжиегін кеңейтіп, әлемдік әдеби байқауларға қатысып, жүлделі орындарды еншілейтіндеріне сеніміміз мол.

Төлеухан БІДІРӘЛІ
Алматы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір