«Құлагер» жеңімпаздары анықталды
04.02.2025
108
0

Апта басында Алматыда Қазақстан Жазушылар одағында «Құлагер» республикалық әдеби байқауының жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне арналған шара өтті. Жиналған жұртшылық алдында Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы әдеби байқаудың мән-жайын мәлімдеді.

– Былтыр 2024 жылы Астана қаласында 5–14 қыркүйек аралығында V Дүние­жүзілік көшпенділер ойындары өткенін, оған 89 елден 2500 спортшы қатысып біздің елімізді әлемге танытып, мәртебесін көтергенін тілге тиек етті. Сол көшпенділер ойынының алдында ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен және Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен қаламгерлерге арналған «Құлагер» республикалық байқауының тұсауы кесілген болатын. Бұл ұсынысты әдебиет пен өнер жанашыры Ұлттық Спорт қауымдастығының президенті Исламбек Төлегенұлы құп көріп, қаржылай көмектесуге келісімін берген еді. Енді, міне, жыл бойы өткізілген байқаудың қорытындысы шығарылды. Жеңімпаздар да анықталды, – деді ол.
Жүлде иелерін жариялап марапат­тау үшін Қазақстан Жазушылар одағы басқар­масының төрағасы белгілі жазу­шы, «Құлагер» байқауы Қазылар алқасы­ның төрағасы Мереке Құлкеновке сөз берілді. Одақ төрағасы: «Құлагер» әдеби байқауының басты мақсаты – ұлттық ойын түрлерін насихаттау. Жалпы, қазақ деген халық бәйгені, жеңгенді, жарыс­қанды, ешкімге билікті бермегенді жақсы көретін халық қой. Сондықтан кешегі
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдында Исламбек ініміздің демеу­шілігімен, талапты авторларды қолдауға бағытталған бұл бәйге жеті номинация бойынша беріледі», – деп әр номинацияның
2 000 000 теңге көлемінде сыйақысы бар екенін, байқауға 205 үміткердің шығармасы қатысқанын атап өтті.
Жеңімпаздарды анықтауда әділқазы­лар алқасының мүшелері: Ғалым Қалибекұлы, Әділғазы Қайырбеков, Сәуле Досжанова, Думан Рамазанов, Тұрсынбай Жандәулет, Нәзипа Шанәли сияқты азаматтардың еңбектері елеулі екені айтылды.
Төраға сондай-ақ марапаттау рәсіміне келіп, қатысып отырған ҚР Ұлттық Спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжановқа ризашылығын білдірді. Оның Жазушылар одағы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің 90 жылдығында, кешегі дүниеден өткен Әбдіжәміл Нұрпейісовке, ортамызда жүрген Дулат Исабекке, Смағұл Елубайға, Мұхтар Шахановқа, Асанәлі Әшімовке үнемі көмек қолын созып, олардың алаң­сыз шығармашылықпен айналысуына жағ­дай жасап жүргенін мақтанышпен еске салды.
Өткен жылдың соңында Жазушылар одағының 90 жылдығында «Атымтай жомарт» деген үлкен медаль тағайындалған еді. Игіліктің ерте кеші жоқ демекші, бүгін сол медаль көпшіліктің көзінше Исламбекке табыс етілді.
Әділқазылар алқасының әр мүшесінің ұсыныс пікірі мен сараптамалары негізінде ең үздік деген шығарма іріктеліп жеті номинация бойынша «Құлагер» әдеби байқауының жеңімпаздарына Жазу­шылар одағы басқармасының төрағасы мен Ұлттық Спорт қауымдастығының президенті әр жеңімпазға 2 000 000 теңге қаржылай сыйақыны құрайтын сертификатпен қоса, арнайы «Құлагер» республикалық байқауының белгісі мен дипломын табыстады.

«Құлагер» республикалық әдеби байқауының жүлдегерлері:
1. Проза – Тұрысбек Сәукетаев, «Ай қанатты арғымақ» (хикаят);
2. Драма – Жолтай Алмашұлы, «Күш атасы» (пьеса);
3. Поэзия – Алмас Ахметбекұлы, «От шығармас ойын» (дастан);
4. Фантастика / мифология – Пернебай Дүйсенбин, «Ақбоз, көкжал, Жансая апа және төрт ноян» (мифофантастикалық хикаят);
5. Деректі проза – Мұхтар Анарбек, «Дүлдүлдің дүбірі» (повесть);
6. Балалар әдебиеті – Аут Масимов, «Айқасқа» (хикаят);
7. Комикс – Сәлімғали Мырзашев, «Көксерек» (М.Әуезовтің «Көксерек» әңгімесі желісімен салынған).

Жүніс ОМАР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір