«Айбоздың» ақтаңгерлері анықталды
06.12.2024
93
0

Апта басында Алматыдағы Республикалық «Достық үйі» ғимаратында «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болып өтті. Ұлттық байқау үздіктерін марапаттау шарасына Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, белгілі қоғам және өнер қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер қатысты.

– Бүгін біз қазақ әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан шығармашыл тұлғаларды марапаттауға арналған ерекше жиында бас қосып отырмыз. «Айбоз» әдеби сыйлығы – сөз өнерінің майталмандарын дәріптейтін, олардың шығармашылығын елге танытатын ерекше сыйлық, – деді Аида Ғалымқызы өзінің құттықтау сөзінде. – Қоғамның даму жолында әдебиеттің рөлі ерекше. Әдебиет – ұлттың жаны, халықтың рухы. Әдебиет арқылы біз өткенімізді танып, бүгінімізді саралап, болашағымызға бағдар жасаймыз. Сондықтан әдебиеттің адамның жан дүниесін кемелдендіріп, құндылықтарды қалыптастырудағы маңызы зор деп білеміз.
Мемлекет тарапынан руханият саласына ерекше мән беріліп, ұдайы қолдау көрсетіліп келеді. Осы орайда, биыл Қазақ­стан Жазушылар одағымен «Стратегиялық әріптeстік» орнату бойынша үш жаңа жоба жүзге асырылды. Атап айтқанда, жас қаламгерлер «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы негізінде кең байтақ еліміздің әр қиырын шарлап, жаңа шығармалар жазды. Жоба нәтижесінде, жыл соңына дейін қазақ әдебиетіне жиырма жаңа туынды қосылып, әр жас қаламгер 4 миллион теңге көлемінде қаламақы алады.
Екіншіден, жас қаламгерлерге арналған «Жазушылардың шеберлік мектебі» ұйымдастырылып, отандық және шетелдік беделді қаламгерлердің дәрістері мен шеберлік сыныптары өтті.
Үшіншіден, «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» жобасы ұйымдастырылды.
Сондай-ақ Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығы, Әбіш Кекілбаев пен Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығы, Герольд Бельгердің 80 жылдығы секілді бірқатар қаламгерлердің мерейтойлары кең көлемде аталып өтті.
Сонымен қатар жыл сайын Жазушылар одағы Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп, алматылық 400 қаламгерге, Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп, астаналық 80 қаламгерге қала әкімдерінің гранттары табысталуда.
Қаламгерлердің шығармашылығына бағытталған «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз», «Простор» журналдарына Үкімет тарапынан тұрақты қаржылай көмек көрсетіліп тұрады.
Министрлік кітап саласында да жүйелі жұмысты жалғастырып келеді. Мәселен, биыл қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді сатып алу бағдарламасы бойынша 52 авторға қаламақы төленді. Жаңа кітаптар алдағы жылы көпшілік оқырманға жол тартады.
Ал қайта басып шығару бағдарламасы бойынша, 2023 жылы 134 кітап жарық көрсе, биыл жыл соңына дейін 189 жаңа кітап ел кітапханаларына таратылмақ.
Президенттің Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сай, Үкімет қаулысымен 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып белгіленді. Ұлттық кітап күніне орай, үздік кітаптарға арналған «Ұлттық кітап» байқауы жарияланды.
Бүгінгі «Айбоз» сыйлығынан бөлек, жас қаламгерлерге арналған Президенттік арнау­лы әдеби сыйлық, мәдениетаралық және этносаралық бірлікті нығайтуға арналған әдебиет саласындағы сыйлық, «Дарын» секілді бірқатар сыйлықтар мен байқаулар ұйымдастырылып келеді. Осы жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан жас қаламгерлерге арналған «Алқа» әдеби клубы құрылды. Қазақ әдебиетінің бүгінгі тенденциялары, авторлар мен шығармаларды насихаттау мақсатында клубтың көшпелі отырыстары мен әдеби подкаст ұйымдастырылуда. Жас қаламгерлер Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдығы мен Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай, әдеби тур өткізді.
Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны белгілі. Осы орайда, дарынды авторларға қолдау көрсетіп, қоғамдағы еңбек мамандықтарының маңызын ашу мақсатында жас қаламгерлерге арналған «Ерлік пен еңбек дастаны» байқауы жарияланғанын да айта кеткім келеді. Мұның бәрі ұлт әдебиетін, қаламгерлер қауымын қолдауға бағытталған кешенді жұмыстардың айқын көрінісі деп білеміз.
Құрметті жиналған қауым!
Үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған «Айбоз» сыйлығы төл әдебиетімізді тың дүниелермен толықтырып, жаңа есімдер ашатын беделі биік бірегей байқауға айналды.
Биыл ұлттық байқау аламанына бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған екі жүзге жуық шығарма келіп түсті. Байқауға жас дарындардан бөлек, есімі елге белгілі аға буын өкілдері де қатысып, бақ сынады. Бұл байқаудың бағасын арттырып, әдеби өмірдегі маңызы зор екенін көрсетеді.
Осы орайда, жүзден жүйрік шыққан шығармаларды іріктеуде ауқымды жұмыс атқарған қазылар алқасына алғыс білдіремін. Барша жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын!
Ұлттық әдебиетіміздің бай қоры құнды туындылармен толыға берсін. Шығармаларыңыз оқырманның жүрегіне жол тауып, қазақ әдебиетінің мәртебесін асқақтата берсін! Өмірлеріңіз шуақты, қаламдарыңыз қуатты болсын!
«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған бірегей жоба екенін айта кету керек. Елімізде үшінші мәрте беріліп отырған бұл сыйлықтың мақсаты – қаламгерлер мен баспагерлерге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсету, қазақ әдебиетінің тұғырын нықтап, жаңа белеске көтерілуіне жағдай жасау, қаламгерлердің еңбегін насихаттап, бағыт беру және олардың шығармашылық жұмыстарының жарық көруіне ықпал ету.
Жылдағыдай, биыл «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына үміткерлерден өтінім ағымдағы жылдың 1 наурызы мен 1 қыркүйегі аралығында қабылданған болатын. Осы уақыт ішінде барлық жанр бойынша 176 өтінім келіп түскен екен. Атап айтқанда: «Үздік проза» бойынша – 57, «Үздік поэзия» – 37, «Үздік драматургия» – 16, «Үздік әдеби сын» – 13, «Үздік әдеби аударма» – 14, «Үздік балалар әдебиеті» – 31 және «Үздік комикс» бойынша – 8 үміткер өз шығармаларын ұсынған. Бұл жерде қазылар алқасы мен байқауға қатысушылардың есімдері жұртшылық үшін жұмбақ болуы қатаң сақталғанын айта кету керек. Осылайша, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан қаламгерлер ортаға шақырылып, марапаттар табыс етілген.
Нәтижесінде, «Үздік проза» номинациясында – «Махамбеттің өлім жазасы» романымен Бекет Қарашин, «Үздік поэзия» байқауында – «Айкөркем» балладасымен Маралтай Райымбекұлы, «Үздік драматургия» номинациясында – «Әзірет Сұлтан» пьесасымен Думан Рамазан, «Үздік аударма» номинациясында – «Таң жұлдызы» аудармасымен Рауза Мұсабаева, «Үздік балалар әдебиеті» байқауында – «Қызықтың бәрі ауылда» шығармасымен Төкен Әлжантегі, «Үздік әдеби сын» номинациясында – «Сайтанның ойыны» әдеби эссесімен Жүсіпбек Қорғасбек, «Үздік комикс» номинациясында – қазақ тілінде шығарылған «Жошы хан» комиксімен Жақсылық Сәбитовтер 2024 жылғы «Айбоз» ұлттық байқауының жеңімпаздары атанды. Әр аталымнан үздік деп танылған жеңімпазға 5 миллион теңге көлеміндегі сыйақы мен арнайы статуетка қоса табысталды.

Қуат Әбіл

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір