Мөңке бидің зираты қайда?
28.10.2025
186
0

Кеңес дәуірінде атақты билеріміз бен батырларымыздың қай жерде жерленгені көпшілікке белгісіз болып келді. Ат төбеліндей аз ғана туыстары, руластары болмаса, тарихи қайраткерлердің молалары мен мазарлары, құлпытастары халық барып тәу ететіндей нысандарға айнала алмады. Атақты адамдардың жатқан жерін тауып, бейітін, зираттарын жөндеу, ескерткіш қою 1985 жылы, жариялылық кезеңнен басталды. Аңыз-ертегілердің бас кейіпкері болып келген үш биіміздің де мәңгілік жай тапқан жерлері халықтың қасиетті зиратханаларына айналғаны күні кеше ғана. 1978 жылы Қазыбек бидің Қожа Ахмет Ясауи ғимаратындағы сағанасы жөндеуден өтті, арнаулы тақтайшада аты-жөні жазылған тақта қойылды. Төле бидің мавзолейі 1982 жылдан, Әйтеке бидікі 1990 жылдан бастап белгілі болып қазақтар бара бастады.
1987 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз селосына барған сапарымда: «Елде шежіре, ауызша тарихты жақсы білетін қарттар бар ма?» – дегенімде, аудандық музейдің меңгерушісі Бекарыстан Мырзабаев: «Ауданымыздың ең үлкені – 101-ге келген Есенгелді Қаймақов деген ақсақал бар, совхозда тұрады, арғы-бергіні көп біледі», – деп жауап қатты. Сол кісіге арнайы барып кездестім. Көзі нашарлағаны болмаса, патша заманындағы тарихты жақсы білетін сұңғыла адам екен. Асан қайғы, Абылай хан туралы, Кенесарының кіші жүзге келуі т.б. мәселелерді қозғағанда, күні кеше болғандай қылып әңгімеледі. Кейбір оқиғаларды бүге-шүгесіне дейін біледі. Кенесары Адырқорған бекінісін алғанда екі зеңбірекке ие болыпты. Наурызбай шашына маржан сап өріпті… Осындай тың деректерге толы әңгіме шертті. Тағы бір сөзінде: «Атақты адамдардың бейіт-құлпытастарын іздеп жүрсеңдер, кіші жүз Мөңке бидің моласы Бесқалада деп естиміз», – дегенде, «Бардыңыз ба, көрдіңіз бе?» – деп сұрадым. Мөңкенің ғақлия сөздерін жатқа айтқан ақсақал «Көрген емеспін. Естіген құлақта жазық жоқ қой», – деді. Сөйтсем, қария тек қана анық білетінін айтады екен.
Ойыл селосының тұрғыны 80-нен асқан қария Сұлтанғали Сарин: «Мөңке би Хорезмде қоңырат Нағанай бимен қатар жатыр», – деп еді. Қазақта Қоңырат шежіресінің қай-қайсысы да әлқисса сөзін Нағанай биден бастайды. Оның 30 баласы болыпты… Осындай тәмсіл қарақалпақтарда да бар, айырмашылығы Нағанайды Нағадай деп атауында ғана.
Қарақалпақтың ұлы ақыны Бердақ (руы қоңырат) «Шежіре» атты толғауында:
«Нағадай биі йурт ағасы,
Жүмлә Қоңыраттың бабасы,
Отыз ұғлының атасы,
Ұғлы отыз болған екен», –
деп жырлайды.
Академик В.В.Бартольд 1929 жылы жазған «Хорезм тарихы бойынша жаңа дерек» атты еңбегінде: «…Хиуаның қоңырат хандарының бабасы Өзбек ханның замандасы Нұғдай хан (Мунистің жазуынша Нағадай би) болған. Ол көне Қият қаласында дүниеден озып, өзі салдырған кесенеде жерленген деп көрсеткен. Қарақалпақстанның Бируни ауданындағы Шейх Аббас Уәлидің мазары қазір мемлекет қарауында, жақсы реставрация жүргізілген, бірақ маңа­йындағы біраз зиратты күреп жіберіпті. Қарақалпақстанда жүргенде байқағаным, үлкен ақсақалдардан естігенім, кіші жүз Мөңке би Шейхтың жанына жерленген», –­ деп жазылған. Бір кісі (ұлты – қарақалпақ-қоңырат, аты-жөнін жаза алмадым): «Нағадай би Шейх Аббас Уәлидің алдында жатыр, артына таман Кіші жүз Мөңке би жерленген», – деген соң, артқы тұстағы топырақтың арасындағы көне квадрат кірпішті (25х25х4 см) суретке түсіріп алдым.
Жалпы, Қазақстанның Батыс өңірінде марқұм болған адамдарға құлпытас қою, XVIII ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басына дейін жеткен дәстүр. Мысалы, Құрманғазы, Махамбет, Қашаған жырау т.б. тұлғалардың құлпытасы – асыл мұраларымыздың қатарында. Егер де Мөңке би Ақтөбе өңірінде, Жем бойында дүние­ден өтсе, құлпытасы қайда? Тағы бір деректерде: «Жем бойынан сүйегі алынып, басқа жерге қойылған», – деп келтіріледі. Мен бұл туралы Нағанай би, Шейх Аббас Уәли, Мөңке би туралы монографиямда да жаздым (А.Тоқтабай «Орта Азия қазақтарының киелі жерлері» – Алматы: 2022. 113–114-бб, 71–72- суреттер).
Мөңке бидің өмір сүрген жылдары да нақтылауды қажет етеді. «Мөңке Әбілқайыр ханның жанында жүрді» дейді қазіргі зерттеушілер. Олай болса, бидің есімі хан туралы қалың құжаттарға неге түспеген? Сырым батыр мен Мөңке туралы әңгімелерде олардың замандас, әріптес, тілектес болғаны аңғарылады. Мұрат Мөңкеұлы, Дулат Бабатайұлы сияқты зар заман ақындарының жырлары да мағыналас, сарындас.
Біз бұл мақаламызда да Мөңке бидің нақты қай жерге жерленгенін айта алмаймыз, сондықтан осы жайды мақсатты түрде арнайы зерттеу қажет.

Ахмет ТОҚТАБАЙ,
тарих ғылымдарының
докторы,профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір