«Алқа» грантының иегерлері анықталды
Alqa Publising баспасының заманауи қазақ әйелінің образын бейнелейтін повестке арнап тағайындаған «Алқа» грантының иегерлері анықталды.
Аудармашы, әдебиеттанушы, сыншы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Әлия Бөпежанова; әдебиеттанушы, сыншы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD Гүлмира Сәулембек; журналист, кинотанушы, Queen Mary University of London оқытушысы, докторанты, сыншы Әсия Бағдәулетқызы;
ақын, әдебиеттанушы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының докторанты Айнұр Төлеу;
аудармашы, Alqa Publising баспасының бас редакторы Баян Хасанова қазылық еткен «Алқа» грантына Гүлзейнеп Сәдірқызының «Айбибі», Қанағат Әбілқайырдың «Жүректің көз жасы» шығармалары үздік деп танылды. Сонымен қатар келіп түскен шығармалардың ішінен редакцияның таңдауы бойынша Айым Алтайқызының «Ақзер» шығармасы «Жаңа автор» номинациясын жеңіп алды. Алдағы уақытта осы үш автордың повесі Alqa Publising баспасынан жеке кітап болып жарық көреді.
Баспа директоры Бану Дәулетбаева бұл байқауды әдебиетіміздің төл туындысы көбейе түссін деген мақсатпен ұйымдастырғандарын айтса, бас редакторы Баян Хасанова: «Бұл дәстүрді келесі жылы да жалғастырамыз. Қазақ әйелі туралы үздік повесть жылда жазылып жатса, ғажап емес пе? Ал қаламгерлер соған сай қомақты қаламақы алып тұрады», – деді.