ASSYLTAS стипендиясының иегерлері анықталды
Күні кеше еліміздің мәдени орталығы – ару қала Алматының төрінде ASSYLTAS қоғамдық қорының жылдық қорытынды кеші өтті. Аталмыш қордың құрылғанына бес жыл толып отыр. Қорытынды кеште зиялы қауым өкілдері бас қосып, қор ұйымдастырған жобалардағы жеңімпаздар марапатталды.
«Аssyltas» қоры – инновацияға ден қойып, қазақ тілін қалың бұқара, іскерлік ортаның тіліне айналдыру, қайырымдылық жасау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және өнер, спорт саласына, талантты азаматтарға қолдау көрсету бағытында түрлі іргелі жобаларды іске асырып келеді. Қоғамдық қордың биылғы басты жаңалығы ASSYLTAS театрының ашылуы болды. Бұл театр өзінің алғашқы жұмысын «Арена» қойылымымен бастады. Қоайылым режиссеры – Ерік Нұрсұлтан, пьеса авторы – белгілі ақын, драматург Бақыт Беделхан. Тұсаукесер шараға Асанәлі Әшімов, Жүрсін Ерман, Сәт Тоқпақбаев, Орынша Қарабалина сынды белгілі тұлғалар қатысып, жас театрдың жұмысына сәт-сапар тіледі.
Сондай-ақ қоғамдық қор атқарған жобалардың қатарында ASSYLTAS стипендиясының да маңызы зор. Стипендия жыл сайын ғылым, спорт, әдебиет және журналистика салалары бойынша үздік еңбек еткен тұлғаларға беріледі. Биыл әдебиет аталымы бойынша 1,5 млндық стипендияны белгілі ақын, «Ана тілі» ұлт апталығының Бас редакторы Ерлан Жүніс иеленді. Әріптесімізді жеңісімен құттықтап, толайым табыстар тілейміз.
ASSYLTAS қоғамдық қоры белгілі меценат, TAS Group компаниясының басшысы Дулат Тұрсынұлы Тастекеевтің бастамасымен 2018 жылы құрылған. Қорды TAS Group компаниясының құрамына кіретін мекемелер қаржыландырады. Қоғамдық қор әдебиет пен мәдениетті қолдау мақсатында болашақта да зор жобаларды іске асырмақ.