Жаңартылған оқу бағдарламасы: Қазақ әдебиеті пәнінде жұтаңдық басым
Қазақ әдебиеті пәні – оқушының рухани болмысын қалыптастыратын, өмірге деген көзқарасын жетілдіріп, сатылы сабақтасатын тағылымы мол, тиянақты білімді қажет ететін пән. Мектеп қабырғасындағы қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша білім алатын оқушыларға арналған оқу бағдарламасында қазақ әдебиетін оқытуға бөлінген сағат мөлшері жеткілікті. Алайда бүгінгі білім беру жүйесіндегі қазақ әдебиеті пәні бойынша құрылған бағдарламада қазақ ауыз әдебиетінің үлгісі мен оқу жүйесіне енгізілген қазақ ақын-жазушыларының шығармалары сирек кездеседі әрі кезеңдік, жанрлық ерекшеліктерге сәйкес емесін аңғару қиын емес. Ең сорақысы, бүгінде әдебиет шолу түрінде ғана оқытылып, бағдарламаға кіріктірілген санаулы ақын-жазушылардың туындыларының үзіндісі ғана оқушыға ұсынылады.
Тәуелсіздіктің таңы арайлап атқаннан кейін 1999 жылы Қазақстан Республикасының министрлігі мақұлдаған қазақ әдебиеті пәнінің бағдарламасы бойынша әдебиет түгел қамтылады деп, пән тек шолу түрінде оқытыла бастады. Ал бертін келе 5–11 сыныптардың бағдарламасына сәйкес 600-ге жуық сағатқа 100-ден сәл ғана асатын шығармалар енгізілген. Бұл оқу бағдарламасындағы жаңа бағыт қаншалықты дұрыс?
Әдебиеттің рухани құндылық екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Психолог мамандардың айтуына қарағанда, 5–9-сынып оқушылары шығармадағы кейіпкердің характеріне, өмірдегі адамдарға ұқсастықтарына ерекше назар аударады екен, яғни кейіпкердің тұлғалық болмысына еліктеп, шынайы құндылықтарды ұғына бастайды. Ал бүгінде оң-солын енді танып жүрген оқушы қатыгездікті, зұлымдықпен кісі өлтіруге дейін баратын кейіпкерлерді әлеуметтік желілерден көріп жүр. Оқушылардың назары осындай дүниелерге ауып, қазақ әдебиетінен бірітіндеп алыстап бара жатқандай. Бұған қазіргі оқу бағдарламаларындағы олқылықтардың да тікелей қатысы бар. Жасөспірімнің көркем әдебиетке деген қызығушылығы орта буын шағында оянатынын ескерсек, 5–9-сыныптарға қазақ әдебиетінің таңдаулы туындыларын оқытудың маңызы жоғары екеніне көз жеткіземіз. Бір өкініштісі, қазақ әдебиетінің классиктері саналатын М.Жұмабаевтың өршіл өлеңдері, С.Сейфулиннің «Ақсақ киік» пен көркем-эстетикалық бағасы жоғары болған «Көкшетау» шығармалары, мұзбалақ М.Мақатаевтың лирикасы, балалар жазушысы С.Бегалиннің «Бала Шоқан» әңгімесі, Ш.Мұртазаның «Тұтқын бала» М.Мағауиннің «Бір атаның балалары» атты тарихи-танымдық туындылары, Д.Исабековтің «Ата үміті» әңгімесі сынды шығармалар жаңартылған оқу бағдарламасына негізделген қазақ әдебиеті пәні оқулықтарынан алынып тасталуының негізгі себептерін іздеп, шарқ ұрамыз.
Алматыдағы №41 жалпы білім беретін мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін Айнұр Назарова (есімі өзгертілді) қазіргі оқу бағдарламасына көңілінің толмайтынын жеткізіп, бұрынғы мектеп оқулықтарының әлдеқайда сапалы болғанын айтты.
«Бұрын қазақ әдебиеті пәнін ауыз әдебиеті үлгілерінен бастайтынбыз, содан кейін ғана қазақ әдебиетінің Ыбырай, Абай, Ілияс секілді көрнекті өкілдеріне көшетінбіз. Сөйтіп, төл әдебиетіміздегі классиктердің шығармалары арқылы оқушыларды білім нәрімен сусындататынбыз. Қазір мұндай үрдіс жоқтың қасы. Мәселен, 10-сыныптың екінші тоқсанын тек Қаныш Сәтбаев тақырыбына ғана арнадық. Бұрындары Ғабит Мүсіреповтің шығармасына 3 сағат, Сәбит Мұқановтың шығармашылығына
4 сағат бөлінетін. Қазіргі қазақ әдебиетінен бұрынғы мектеп бағдарламасы бойынша жасалған оқулықтардағы ақын-жазушыларды кездестірмейміз. Мұқият қарасақ, аса танымал емес ақын-жазушылардың шығармалары еніп кетті», – деп қапа болды.
Орыс мектептеріндегі қазақ әдебиеті пәнін оқыту – еліміздің ертеңгі болашағына алаңдаушылықтан туындаған қадам. Әдебиет пәні – орыстілді оқушыға қазақ халқының ұлттық мәдениетін, тарихын, салт-санасын, әдет-ғұрпын танытатын рөлі орасан пән. Орыс мектептеріндегі қазақ әдебиеті пәнінің жағдайына да көңілің толмайды. Мысалы, 6-сынып оқушыларына арналған қазақ әдебиеті оқулығының мазмұны мынадай төрт бөлімнен тұрады екен.
Оқулықтың алғашқы бөлімі «Қазақ халқының ауыз әдебиетіне» ертегілер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, аңыз-әңгімелер еніпті. «Қазақ халқының ежелгі дәуір әдебиеті» атты екінші бөлімде «Мәңгілік өмірді аңсаған Қорқыт» және «Қорқыт ата» кітабы, «Дерсеханұлы Бұқашжан туралы жыр» берілген. «ХІХ ғасыр әдебиетінің өкілдері» қатарына Ы.Алтынсарин, А.Құнанбайұлы, Ш.Уәлиханов енгізілсе, «ХХ ғасыр әдебиетінде» А.Байтұрсынұлы, Ж.Жабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, С.Мәуленов, Ш.Мұртаза секілді ақын-жазушылардың өмірі мен шығармалары кіріктіріліпті. Мұнымен кемшіліктер бітпейді. Кейбір ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығы оқу бағдарламасымен сәйкес келмейді екен. Оған дәлел – оқулыққа енгізілмеген М.Шаханов пен Қ.Аманжоловтың шығармаларының бағдарламада тұруы.
«2026 жылдан бастап пәндер саны қысқартылады деп жатыр. Мәселен, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті, алгебра мен геометрия, физика мен информатика пәндері бірігетін көрінеді. Әдебиет оқулығында оқушыларға ақын-жазушылардың шығармалары онсызда қысқа да, нұсқа шолу түрінде, таныстыру арқылы ғана ұсынылған. Ал екі пәнді біріктіріп, бір оқулық жасаса не болмақ? 7–10-сынып оқулықтарында бір тақырыптың өзіне 6–7 сағат бөлінген. Бұдан оқушы жалығатыны белгілі. Оқушыны жалықтырмау, қызығушылығын арттыру ұстазға байланысты. Десек те, біз әртүрлі әдіс-тәсілдермен сабақты қызықты етіп өткізген күннің өзінде, тақырып еш өзгеріссіз қалады», – дейді Алматы қаласындағы орта мектептің бірінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқаратын Ұлбосын Қырбайқызы.
Алатау қаласы Жетіген ауылындағы мемлекеттік №34 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлнұр Нұрланқызы: «Қазақ әдебиеті оқулықтарында ақын-жазушылардың шығармалары, негізінен тақырыптық және хронологиялық жүйеде беріледі. Дегенмен кейбір жағдайларда шығармалардың тек үзінділері ғана қамтылады. Бұл оқушыларға белгілі бір идеяны, көркемдік стильді түсіндіру үшін пайдалы болуы мүмкін, бірақ шығарманың толық мазмұнын оқытпау, оның тұтас құндылығын жоғалтуға әкелуі мүмкін. Жаңа оқу бағдарламасының мазмұны оқушылардың жас ерекшеліктері мен қазіргі заманғы қажеттіліктеріне толық сәйкес келмейді.
Кей шығармалар тым күрделі, кейде олардың тілі түсініксіз болуы мүмкін. Сонымен қатар қазіргі оқулықтарда заманауи авторлар мен олардың шығармалары жеткілікті түрде қамтылмаған. Бұл оқушыларға бүгінгі әдебиетті таныстыру мүмкіндігін шектейді. Бастауыш сыныптарда Абай шығармаларынан тек өлеңдері беріліп, қара сөздері ескерілмейді. Абайдың қара сөздері күрделі болғанымен, қарапайым ойларды бөліп алып, жас деңгейіне лайықтап түсіндіру маңызды деп есептеймін. Ал орта сыныптарда Мағжан Жұмабаевтың поэзиясы қамтылса да, оның прозалық шығармалары назардан тыс қалып жатады. Қазіргі заманғы қазақ ақын-жазушыларының шығармалары оқулықтарға енгізілгенімен, олардың үлесі өте аз. Мысалы, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Мұқағали Мақатаев сияқты классиктердің туындылары көптеп беріледі, бірақ қазіргі уақытта белсенді жазып жүрген жас буын ақын-жазушыларының шығармалары жеткіліксіз. Бұл қазіргі заманғы оқушыларға заманауи әдебиетпен танысуға кедергі келтіреді. Олар жаңа авторлардың шығармалары арқылы қазіргі қоғамның мәселелерін, құндылықтарын және ұлттық болмыстың заманауи бейнесін түсінуі қажет. Мысалы, Мұратбек Оспанов, Қалқаман Сарин, Ақберен Елгезек, Ұларбек Нұрғалымұлы сияқты қаламгерлердің шығармалары оқулықтарға енгізілсе, оқушылардың әдебиетке қызығушылығы арта түседі. Қазіргі ақын-жазушылардың тілі мен тақырыптары оқушыларға жақынырақ болғандықтан, олар әдебиет сабағын шынайы түсініп, ұлттық мәдениетпен тереңірек байланыс жасай алады», – дейді білікті ұстаз. Жаңартылған оқу бағдарламасының өзгергенін қос қолдап қолдайтын маман қазіргі ұрпақтың қазақ ақын-жазушыларының шығармалары түгілі, аты-жөнін айтуға қиналатынын да жеткізді.
Белгілі әдіскер Қанипа Бітібаева «Әдебиет – адамтану құралы» болса, әдебиет пәні – «адам тәрбиелеу құралы» деген пікір білдірген. Шынында, әдебиет пәні арқылы оқушы адам болмысымен астасуды үйреніп, сол арқылы өзін-өзі қалыптастыруға бейімделеді. Рухани дүниесі байып қана қоймай, туған тілі мен еліне деген сүйіспеншілігі артып, азаматтық рухы қалыптасады. Кеудені кернейтін бір өкініш – бүгінгі қазақ әдебиетін оқытуда көптеген қазақ ақын-жазушыларының құнды дүниелерінен қол үзіп, әр шығарманы салмақтау, мәнін түсініп, маңызын ұғыну арқылы өмірлік тәжірибе қалыптастыру сынды дүниелерден көз жазып барамыз.
Дана САДЫРҚАН