ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ – ӘЛЕМ ТІЛДЕРІНДЕ
10.07.2023
357
0

Қазақтың көрнекті жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековтің туындылары шет тілдеріне аударылып, дүниежүзі оқырмандарының назарына ұсынылды.
«Қарғын» романы, юмористік туындылары топтастырылған «Конфронтация» жинағы, «Бонапарттың үйленуі» пьесасы ағылшын тілінде жарық көрсе, «Гауһартас», «Дермене», «Сүйекші», «Тіршілік», «Біз соғысты көрген жоқпыз» сынды повестері енген «Біз соғысты көрген жоқпыз» кітабы түрік тілінде көпшілікке жол тартты. Жазушы үшін шығармашылық бақыттың орны бөлек. Ал әлем тілдеріне аударылу – қалам иесінің ғана емес, тұтас қазақ әдебиетінің де қуанышы.


Осы орайлы сәтпен құттықтап, жазушының өзіне хабарластық. «Швед тіліне Нобель сыйлығының иегері, жазушы, тарихшы аударып отыр. Ол кісінің керемет аударғанын рецензиялардан оқып, біліп отырмын. Ал ағылшын тіліндегі аударманың қандай деңгейде екені өзіме әзірге беймәлім. Өзім ағылшынша білмеймін. Немерелерім ағылшынша жақсы сөйлейді, жазады. Дегенмен әдеби тілдің жөні бөлек қой. Жақында ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне аударма жасап жүрген бір жігітпен таныстым. Соған, ең болмаса, кітаптың бір бетін оқытып көрсем деп отырмын, – деген қаламгер, – Бұл кітаптардан бөлек, пьесаларым он бір елде сахналанып жатыр. Мұндай сәттегі сезімнің қандай болу керектігін тіпті білмеймін, – деп жалғастырды сөзін. Ағылшын тіліне аударылған кітаптың 15 данасын ағылшын баспасынан арнайы өкілдер келіп, жазушының келісімін алып, қол қойдырып кеткен екен. Алда «Қарғын» романы да швед тіліне аударылады деп жоспарланып отыр. 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір