Қазақ әдебиеті: тану мен танылу
29.07.2023
531
0

Университет қабырғасында оқып жүргенде қолыма Әмірхан Балқыбектің «Қасқыр Құдай болған кез» кітабы түсті. Сол кітаптың ішіндегі «Қазақ жазушылары Нобель сыйлығын қашан алады?» деген мақаласы ерекше әсер етті. Сол әсердің күшімен жүріп «қазақ қаламгерлері шынымен Нобель сыйлығын қашан алады?» деген сауалды бірнеше жыл бойы өз әлімше зерттеп, жауап іздеп көрген едім. Сауалға жауап бермес бұрын, әуелі Нобель сыйлығының тарихына үңіліп көрсек.

«Өлім саудагері қайтыс болды»

Әйгілі өнертапқыш, динамиттің атасы саналатын Альфред Нобель атындағы бұл беделді сыйлықтың шығу тарихы қызық. Тіпті күтпеген жерден пайда болды десе де болады.
Альфред Нобель 1833 жылы 21 қазан күні Стокгольмде инжинерлер отбасында дүниеге келді. Ол химик, инжинер әрі өнертапқыш болатын. 1894 жылы Нобель металлургиялық Бофрос концерніне иелік етеді де, қару өндірісіндегі аса ірі тұлғалардың біріне айналады. Сөйтіп, ол өмірінің соңына дейін жететін байлық жинап алады. Табысының көбін өзінің 355 өнертабысынан, соның ішінде динамиттен табады.
1888 жылы мынадай бір қызық оқи­ға болды. Еуропаның басылым бет­­терінде «Өлім саудагері қайтыс бол­ды» деген тақырыппен Альфред Но­бельдің қазанамасы жарияланады. Бұл асығыс хабар еді. Себебі қайтыс болған Альфредтің өзі емес, туған бауыры Людвиг Нобель болатын. Қазанаманың тақырыбы өнертапқышты үлкен ойға қалдырады. Өлімінен соң артынан осындай ауыр сөз қалуын қаламаған Нобель бар байлығын жиып, қор ашып, адамзат дамуына зор үлес қосқан жандарға өз атындағы сыйлық табыстап, қорынан ірі көлемде сыйақы берілуін өсиет етеді. Нобельдің өсиеті бойынша өз атындағы сыйлық бес бағыт бойынша – физика, химия, физиология және медицина, әдебиет және әлемдегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтап қалуға ықпал еткен тұлғаларға беріледі.
Осылайша атауы ауыр кішкентай қа­занама, өнертапқышты үлкен ойға қалдырып, халықаралық беделге ие сый­лықтың дүниеге келуіне жол ашты. Швед академиясы мен Нобель комитеті 1901 жылдан бастап дәстүрлі түрде жыл сайын сыйлықты табыстап отырады.
Жыл сайын өнертапқыш дүниеге келген – 21 қазан күні Нобель сыйлығы­ның лауреаттары анықталып, өмірден өткен – 10 желтоқсан күні Стокгольмде лауреат атанған жанға Нобель дипломы мен медалі және қомақты қаржылай сыйлықтың чегі швед королінің қатысуымен салтанатты жағдайда табыс етіледі.

Әдебиет саласы

Беделді сыйлықтың марапатына лайықты саланың бірі – әдебиет. Бұл сала бойынша сыйлықтың алғашқы иегері 1901 жылы француз ақыны Сюлли-Прюдом атанады. Осынау сыйлықтың болашағына сенбеді ме, әлде сол кездегі ортаның талғамы солай болды ма, әлде басқалай да себептері болды ма белгісіз, Эмиль Золя, Гастон Парис, Фредерик Мистраль сынды қаламы қуатты, атағы дардай жазушылар емес, еңбекқор, бірақ үлкен жаңалығы жоқ Сюлли-Прюдом жеңімпаз болды.
Нобель сыйлығының лауреаты атан­ған қаламгерлері көп елдердің көшін­де Фрнция, Германия, АҚШ секілді алпауыт елдер тұр. Тіпті, көрші Ресейдің өзі әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының бақандай бес лауреатымен мақтана алады. Жапондарда үш лауреат. Жапон демекші, Жапондықтардың бұл сыйлыққа таласуының өзіндік заңдылығы бар секілді.
Жапон әдебиетіне алғаш Нобельді алып берген Ясанури Кавабата болатын. Оған «Жапондық сананың мәнін ашатын жазу шеберлігі үшін» берілді. Кавабатамен қатар бұл сыйлыққа жапонның талантты жазушылары Дзюндзабуро Нисиваки, Юкио Мисима және Дзюнъитиро Танидза­ки түсті. Құдды бір жапон халқы­ның ұлттық премиясына таласып жатқандай.
Кавабатадан кейін араға 26 жыл салып Кендзабуро Оэ алды. Оның не­гізгі қарсыласы өз отандасы Кобо Абэ бола­тын. Араға тағыда 23 жыл салып Нобель сыйлығының әзірге соңғы жапон текті иегері Кадзуо Исигуроның да қарсыласы жапондық Харуки Мураками еді. Міне, осылайша әр 20 жылдан астам уақыт са­йын жапондық қаламгерлер Нобель­ді өзара бөліске салатын үрдіс жасап алғандай.
Нобель сыйлығын үлкен цензураға қарамастан Кеңес үкіметінің қаламгер­лері де қанжығалап жүрді. Алғаш лау­рет атанған Иван Бунин Францияда эмиг­рацияда жүрген кезінде алды. Ал одан кейінгі лауреат Борис Пастернактың жағдайы адам қызығатындай емес еді. Халықаралық сыйлықты алғаннан кейін билік тарапынан қысым көбейді. Ақынды амалсыз сыйлықтан бас тартуға мәжбүр етті. Шолохов керісінше бақытты еді. Жарты ғұмырын арнаған «Тынық Дон» романы оған әлемдік мараппатты алып берді. Оған Кеңес үкіметі қарсы болмады, керісінше осы марапатты алуына барынша жағдай жасады. Александр Солженицынге де оңай соқпады. Ол да қудалау көрді. Тек елден кетіп қана марапатына қол жеткізді. Иосиф Бродский елден қуылған соң лауреат атанды.
Өткен жылғы Нобель сыйлығын француз жазушысы Анни Эрно алды. Оған да бұл марапат оңайлықпен келмеді. Себебі лауреат болуға кандидаттар тізімінде осал жазушы жоқ еді. Әсіресе оқырман қауым Харуки Муракамидің жұлдызы жанатынына сенді. Әйтсе де, сыйлық таланты Муркамиден кем түс­пей­тін француз прозасының көрнекті өкіліне бұйырды.

Қазақ қаламгерлері қашан алады?

Нобель, әрине, әдебиеттің өлшемі бола алмайды. Алайда жылдар бойы төккен теріңнің жемісін көрсең және ол жеміс халықаралық дәрежеде дәріптеліп жатса, несі жаман? Бұл жеке адамның ғана шығармашылығын насихаттап қа­на қоймай, сол ұлттың тұтас әдебиетін дәріптеу болатыны айтпаса да түсінікті жай. Ал біздің әдебиетіміз – түбі сонау Орхон ескерткіштеріндегі жазулардан бастау алатын іргелі әдебиет.
Сонымен «қазақ қаламгерлері Нобель сыйлығын қашан алады?» деген сауалға жауап бермес бұрын мына мәселелерді шешіп алғанымыз дұрыс секілді. Қазақ қаламгерлері Нобель сый­лығын алу үшін біз ең әуелі аударма сала­сын бір ізге түсіруіміз керек. Сүйекті шығармаларымызды ағылшын, неміс немесе норвег тілдеріне сапалы аударуымыз қажет. Сонда ғана беделді әдеби институттардың немесе әдебиет саласы бойынша Нобель иегері атанған қаламгерлердің назарын аударта аламыз. Өз қазанымызда өзіміз қайнай берсек ешкім бізді қолымыздан тартып әлемдік аренаға сүйремейді.
Және, тағы да бір айта кетерлік мәселе – аударманың сапалы болуын жіті қадағалау. Қазақ тілінің құнарлы сөзін, ойын, оқиғасын бұзбай дәл жеткізе алуын бақылау қажет. Өзіміз үшін теңдесі жоқ туынды болғанымен, аудармасы нашар болса ешкімнің назары аумасы анық.
Үшінші мәселе – жақсы аудармашыларды дайындау. Өз шығармамызды өзге емес өзіміздің қазақ баласы аударса дұрыс болмақ. Себебі өз ұлтының ауасын, суын жұтып, өз халқының дәстүрін, психологиясын бойына сіңірген қазақ баласы шет тілге шығармадағы ұлттың дәмін бұзбай жеткізе алар еді.
Ал енді осы мәселенің бәрін еңсердік делік. Енді «осынау сыйлыққа ұсынар кімің бар?» деген сауал туындауы заңды. Құдайға шүкір, төл әдебиетіміз таланттарға кенде емес. Абай дәуірінен бастап жазба әдебиетіміз қалыптасқалы бері нешеме талант өтті өмірден. Әттең, тек қисық жүйе, қыңыр биліктің қолдан жасаған қастандығы мен социалистік реализмнің 70 жылдық шеңбері талай дарынның талантын тұншықтырып тастады. Әйтпесе, бір ғана Әуезов неге тұрады? Мүсіреповтің сұлудың қолына таққан күміс өрнекті жүзігіндей туындылары ше? 1957 жылғы Нобель сыйлығының иегері Альбер Камю негізін қалаған адам мінезіндегі экзистенциялық құбылыстарды зерттеген шығарманы қазақтың қоңыр ақыны Жұмекен Нәжімеденов те жазды. «Даңқ пен дақпырт» романындағы өзін іздеп аласұрған Идаят бейнесі Камюдің мың-миллион кейіпкерінен артық десем асылық болар, десе де шамаласары анық.
Хош, Нобельге тек көзі тірі қаламгерлер ұсынылады ғой. «Егемен Қазақстан» газетінде Дүйсенәлі Әлімақынның «қазақ әдебиетінде Нобельге лайық екі жазушы – Төлен Әбдік пен Тынымбай Нұрмағанбетов» деген пайымдағы мақаласын оқыдым. Шынымен де, бүгінде көзі тірі классиктеріміз Төлен Әбдік пен Тынымбай Нұрмағанбетовке қоса бұл сыйлыққа лайық деп Мұхтар Мағауинді де қосар едім. Осы үш алыбымыздың шығармаларын шет тіліне құнарын өзгертпей аудара алсақ Нобель комитеті мен Швед академиясының қырдан қызыл түлкі көрген бүркіттей шүйлігіп келіп, «шеңгелінен» шығармастан дүниежүзіне ұлықтары хақ еді.
Төлен Әбдіктің «Тозақ оттары жымыңдайды», «Оң қол», «Парасат майданы» шығармаларында әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелер қозғалады. Тынымбай Нұрмағамбетовтың шығармашылығындағы ауыл тақырыбы әлем оқырмандары үшін тың тақырып болар еді. Ал Мұхтар Мағауиннің шығармалары арқылы Орта Азиядағы көшпелі халықтың ерлігі арқасында ұлттық болмыстың қалыптасқанын көріп-ақ сыйлықты бере салар ма еді. Тұтас бір ұлттың қалыптасу жолын көрсету – әлем оқырмандары үшін тың тақырып.
Кеңес үкіметі тұсында кеңестік жазушылардың біршамасы осы сыйлықты алды. Соның ішінде қазақ жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов те кандидат болғанын бірі білсе, бірі білмейді. Классик жазушы Кеңес үкіметі тұсында да, кейінгі тәуелсіздік алғаннан кейін де бірнеше рет ұсынылды. Көзі тірі болғанда кезекті талпыныстан кейін беделді сыйлықты алып қалуы бек мүмкін еді. Себебі «Қан мен тер» романындағы көтерілген Арал теңізінің мәселесі – бір ғана қазақтың емес, тұтас адамзаттың бас ауруы еді. Әр шығармасына аса ұқыптылықпен қарайтын классик жазушыны қазақ оқырмандары «әдеби азапкер» атап кеткен. Өмір бойғы «әдеби азабы» Нобель сыйлығы арқылы жемісін берсе дұрыс болар ма еді, кім білсін?!
Қазақ қаламгерлерінің аталған сыйлықты алуға әлеуеті жететіні анық. Қаламгерлердің төрт аяғын тең басқан сүйекті туынды жазуына барынша жағдай жасалып, шығармалары сапалы аударылса, Нобель алар күн де туар еді. Қайсы бір жылы Тоқтарәлі Таңжарық «жас қаламгерлерді эмиграцияға жіберу қажет» деп Нобельге жетер төте жолды нұсқағандай болып еді. Мұның қаншалықты дұрыстығын білмедік, алайда қазіргі жас қаламгерлердің әдебиеттегі аяқ алысы көңіл қуантатынын аға буын өкілдері де айтып жүр. Демек қазірден бастап жас қаламгерлерге шығармашылықпен еркін айналысып, оқып, жазуына мүмкіндік жасалса, алдағы күндері қазақ әдебиетін әлемдік әдебиеттің бір биігіне айналдыра аларына сенімдіміз. Сондай жастардың бірі деп талантты жас ақын Марлен Ғилымханды айта алар едік. Марлен шығармашылығында адамзаттың, жалпы өркениеттің басынан өткеріп жатқан көңіл күйін терең қозғай алатын қауқары барын аңғара аламыз. Енді тек қолдау болса дейсің.
Жоғарыда айтқанымыздай Нобель сыйлығы әдебиеттің өлшемі бола алмайды. Оның үстіне бұл мәселе тек бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Әмірхан Балқыбектен бастап Дүйсенәлі Әлімақынға дейін бірнеше әдебиетші ағаларымыз да осы сұраққа жауап беруге тырысты. Дегенмен «тоқпағы келіссе, киіз қазық жерге кіреді» демекші бұл мәселеге де өз үнімізді қосуды жөн санадық. Әдебиетімізді, руханиятымызды одан әрі дамытуға өз ұсынысымызды айттық. Төл әдебиетіміздің бір орында тұралап қалмауын қаласақ, ұлттық болмысымызды, руханиятымызды, тарихымызды әлем алдында толық ашып көрсеткіміз келсе, онда осындай салмақты марапаттың керегі анық.

Әнуар АМАНЖОЛ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір